Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Сәрсенбі, 27 Ақпан 2019 21:04

Ауданның қос жұлдызы

Ауданның қос жұлдызы mezet.kz

Жақында Талдықорған қаласында жастар мен жасөспірім қыздар арасында бокстан Алматы облысының чемпионаты өтті. Дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өткен жарыста ауданымыздың қос аруы жүлделі оралды.

Байрақты бәсекеге облысымыздың түпкір-түпкірінен былғары шеберлері жиналып, өзара мықтыны анықтады. Ауданымыздың атынан барған бокстан халықаралық дәре-жедегі AIBA төрешісі Тілек Манаптың бабынан шыққан Мақпал Ерболатқызы мен Мина Жұмабай қарсыластарынан басым түсті. Нәтижесінде, Рахат орта мектебінің оқушысы Мина 48 кг дәрежесінде І орынды иеленді. 80 кг салмақта күш сынасқан Қ.Сәтпаев атын-дағы орта мектептің түлегі Мақпал да қарсыластарын оқ бойы озық шығып, І орынды қанжығасына байлады.

Сонымен қатар, ауданымыздың қос аруы республикалық сайыстан құралақан қайтпады. 11-17 ақпан аралығында Түркістан облысы Арыс қаласында бокстан 2001-2002 жылы туылған жас қыздар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Еліміздің кіл мықтылары бас қосқан жарыста да қыздарымыз өздерінің өнерлерін көрсете білді. Өз салмақ дәрежелерінде Мина Жұмабай ІІІ орынға табан тіреп, Мақпал Ерболатқызына жүлделі ІІ орын бұйырды.

– Облыстық, республикалық жарыстарда шеберлігімен талайды таңдандырған Мина мен Мақпал бүгінде бокстан Қазақстанның қыздар құрамасына мүше болды. Ендігі кезекте, қазан айында Біріккен Араб Әмірлігінде өтетін Азия чемпионатына бару үшін жаттығу үстіндеміз. Іріктеуден өтсек, халықаралық додада көк туымызды желбіретіп қайтамыз – дейді боксшы қыздардың бапкері Тілек Манап. 

С.НҰРАДИН.

Read 31 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама