Бейсенбі, 04 Сәуір 2019 20:49

Ауыл жастары алаңда тартысты

Ауыл жастары алаңда тартысты mezet.kz

  Ұлттық ойындар – қазақ халқының баға жетпес байлығы. Осы құндылықтарды сақтап, болашақ ұрпаққа аманат ету – азаматтық парызымыз. Осы орайда, жақында Малыбай ауылдық округіне қарасты Қарабұлақ жазығында жаппай көкпардан аудандық жарыс өтті. Шараны Малыбай округі әкім аппараты мен жастар ұйымдастырды.

  Бәйдібек би, Ж.Қайыпов, Тескенсу, Қазақстан, Қаражота, Нұра, Асысаға, Жаңашаруа ауылдары көкпаршыларының қатысуымен өткен жарыстың ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген округ әкімінің міндетін атқарушы Бахытжан Аухадиев:

– Елбасы Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенетінін және өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу, болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі екенін атап өтті. Сондықтан, ұлттық спортымызға жастардың көптеп тартылуы бізді қуантады – дей келе, көкпар ойынының шығу тарихынан сыр шертті.

  Еңбекшіқазақ ауданының ат спорты құрама командасының жаттықтырушысы Төребай Жұматайұлы, ақалақшы (төреші) Айдар Мұқалиев жаппай көкпар ойынының ережесімен таныстырып,  ойынға қатысатын 56 палуанға сәттілік тіледі. Ауыл ақсақалдары Мекебай Құрманбаев, Тұрсынбек Дүйсебаев, Аянбек Жансерік, Әбдікерім Тәжібаев, Жұмабай Нұрбаев, Ораз Ибраимов сөз сөйлеп, осы іс-шараны ұйымдастырған  жастарға баталарын берді. Әр салымға 5 мың теңге көлемінде тігілді.

  Сайыста есеп ашып, алғашқы салымның авторы атанған Қазақстан ауылының палуаны Жасұлан болды. Осылайша жас палуандар қазан-дыққа салым салып, жеңіске ұмтылды. Әр салымның арасында ауыл азаматтары қатысушыларға бата беріп, ән де шырқалды.

  Доданың шешуші «Өгіз өрді» бәйгесіне тігілген қойды қазақстандық палуан Жасұлан қанжығалады.

Мықтыбек ШЫНЫБЕКОВ,

Малыбай ауылдық округі әкім аппаратының бас маманы.

Read 170 times

Image Gallery

Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет