Жексенбі, 22 Қазан 2017 12:14

Жадыңда тұрсам туған ел Одан артық бақыт жоқ... Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ.

 

«Абайдың даналығы,

Әуезовтың ғұламалығы,

Жамбылдың жырлары,

Құрманғазының күйлері,

ғасырлар қойнауына жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана» – деп жазған еді ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында.

Елбасының терең ойы тұрғысынан қарағанда жоғарыда аталған төрт алыптың айналасындағы айтулы ақын-жазушыларымыз, өнер адамдары ұлттық рухымыздың сақталуына, жаңғыруына өз үлестерін қосқан танымал тұлғалар. Бүгінгі жас өскіндер аға буын өкілдері Мұқағали мақатаев, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза-Әлі есімдерін танып-білуі күмәнсіз. Ән-жыр, музыкалық шығармалар арқылы да ұлттық кодты келер ұрпақтар жадында жаңғырта аламыз. Осы қатарда, жиырмасыншы ғасырдың елуінші, алпысыншы жылдары қазақтың ақындары қатарына өзінің «Студент дәптерімен» бұза-жара кіріп, ұлттық поэзиямыздың ортасынан ойып тұрып орын алған Тұманбай ақын Молдағалиев жерлесіміз еді. Көзі тірісінде Тұмағаң айтушы еді: «Абай ай болса біз айналасындағы жұдыздармыз», – деп. Міне сол жарық жұлдыз Тұманбай Молдағалиевтің құрметіне Мәдениет үйінің алдындағы алаң кеңейтіліп, абаттандырылып, алдына бюсті қойылатын және осы мәдени ошаққа ақынның аты берілетін күн бүгін.

Жыр сүйер жас пен кәрі де, қазақпын дегеннің бәрі де ақынын Тұмаш деп еркелететін еді. Тұмаш ақын Молдағалиевтің әр жылдары жазған жырларынан топтама  және көптомдығына жазған кіріспесін жариялап отырмыз.

Хайролла АХМЕТЖАНОВ.    

 

Жасым жетпіске қарай дөңге-лепті. Ұзақ жол жүрген жолау-шы өзінің отының басына кеп демалып, ойға шоматыны болады ғой. Сол ойға шомғанда ол не көрдім, не білдім, кімді таптым, нені таныдым, неден жирендім, нені үйрендім деп өзіне-өзі көп сұрақ беріп, соған өзі жауап беруге тырысатын болуы керек.

Сол жолаушының, жалғыз жолаушының жағдайы бүгін менің басымда бар. Ақындық жолда шексіз бақытқа да кезіктім. Сүрінген кезім де, кідірген кезім де аз болған жоқ. Дұшпанның өсегіне де құлағым үйреніп алды. Бар қолымнан келгені – көңілімді оятқан сөздерді қағазға түсіру болды. Өлең мені өзі қуалап жететін еді.Сонан соң соның айтқанымен кететін едім мен.

Көңілімде оянған аяулымды аяла-ғаным, оның айтқанын істегенім, тілін алғаным – менің ақындық өмірімнің жұмбағының шешімі осы ғана.

Адамдарды жақсы көруден жалық-қан емеспін. Айналамды туған бауырымдай сүйдім. Адал жарымдай аяладым. Ешкімнің бағына қызыққам да жоқ және біреудің бағын қызғану маған жат мінез.

Қолдарыңызға тиген көп томдық менің елу жыл жазғандарымның ең шұрайлылары. Жалпы менің еңбегімді білгілері келетін келесі ұрпақ мені әзірше осы томдардың ішінен іздесін. Басқа бұрын жариялаған дүниелерімнің әрі келмегендерін, шырайы шықпағандарын бұл томдарға кіргізбедім. Кейде әлім жетпеген тақырыптар болған екен. Ол дүниелерімді де бұнда кіргізбедім. Өмір бәрін көрсетер. Әзірге осы қолыңыздағы жарым мен сырымды қабылдай гөр, менің айнымас достарым, аға, інілерім, әпке-қарындастарым! Қатары сиреген ата мен аналарға да айтарым осы. Келер ұрпаққа, өмірім болса, әлі де жырдан сыбаға береріме сенемін біртүрлі.

Үміт үзілмесін, арман сені де, мені де аялай берсін, менің сүйікті оқырманым.

Өз Тұмаш – Тұманбайларыңыз.

28 қараша, 2001 жыл

ЕКІ ТҰМАН

 

Тұр, міне, алдыма кеп бала Тұман,

Мен оған осы сәтте аға туған.

Інісінің өлең деп жазғандарын,

Үлкен Тұман жасқанды жаратудан.

 

Үлкенінің баласы, әйелі бар,

Бұдан бұрын белгісіз қайда еді олар...

Кішісінің жанары – жанған оттай,

Үлкенінің көзінде әйнегі бар.

 

Үлкенінің болып жүр жолы құтты,

Көп достарын кешегі ол ұмытты.

Кіші Тұман сезімтал үлкенінен,

Ал, үлкені бақытпен жолығыпты.

 

Жылдар, жылдар, зымырап ақты

құйын,

Ақын Тұман жанының тапты күйін.

Кішісінің жаны адал, жүрегі пәк,

Ал, үлкенін олай деп айту қиын!

 

Үлкеніне қатты айтсаң ашуланар,

Кішісіне қатты айтсаң қашуға бар.

Кішісінің жанында көк тиын жоқ,

Үлкенінің астында машина бар!

 

Көрді өмірдің үлкені дау, талқысын,

Уақытқа жетті өзінің байқар күшін.

Кішісі қыз біткеннен ұялады,

Үлкенін ұялшақ деп айтармысың.

 

Келе бермес ақынның көңіл хошы,

Жетелейді тынымсыз өмір көші.

Үлкенінің жауы бар жер үстінде,

Кішісі кәптің бәрін көрді досы.

 

Жүрек соға береді тозбағасын,

Күндерменен сен бірге қозғаласың.

Мүсіркеймін кішісін, шыным осы,

Үлкеніне ел берер өз бағасын!

 

ТУҒАН ЖЕРГЕ

 

Ұлылықты саған бердім,

Кішілікті бер маған.

Сұлулықты саған бердім,

Кісілікті бер маған.

 

Нұрлы күнді саған бердім,

Жауар бұлтты бер маған.

Тұнығымды саған бердім,

Адалдықты бер маған.

 

Мендегінің бәрін ал да,

Өз барыңды маған бер.

Ұтылмаймыз біздер сонда,

Қасиетті туған жер!

 

 

ӨСИЕТ

 

Ұлым, сен маған тартпай-ақ қой,

еліңе тарт.

Сен маған тартпай-ақ қой, жеріңе тарт.

Анау ашық жұлдызды көгіңе тарт,

Анау мөлдір момақан көліңе тарт!

Сағыныш жүрегіңді дірілдетсе,

Мен құсап еліңе тарт!

 

Ұлым, ренжітпе біреуді мықтымын деп,

Жықпа туын басқаның, тік туым деп.

Әуре болма біреудің барын күндеп,

Арқалап өт өмірден ауыр міндет.

Сонда сен шаршауды да ұмытасың,

Иілмесін біреуге жігіт басың!

 

Ұлым, аналардың ақ шашын

піріңдей тұт,

Бақытыңды жандағы гүліңдей күт.

Түсе қалса егер де сәулең елге,

Мақтау күтіп ешқашан әуреленбе.

Елеусіз боп жүре бер, бәрі болар,

Еңбегіңді ел кейін танып алар!

КӨКТЕММЕН ҚОШТАСҚЫМ КЕЛМЕЙДІ

 

Кешіксем әйелім тергейді,

Кімдермен бөгелдің сен — дейді.

Мені ылғи шақырып тұратын,

Көктеммен қоштасқым келмейді.

 

Көңілім өткенге шөлдейді,

Өттіге, кеттіге сенбейді.

Аулаққа, тау жаққа шақырған

Көктеммен қоштасқым келмейді.

 

Үйімнен, достардан ұрланып

Көктемге қайтсам-ау бір барып!

Көңіл ғой, көңіл ғой бәрі де,     

Аяулым, қайтесің мұңданып!

 

ЕКІ ЖҰЛДЫЗ

 

Түннің қай уақ болғанын да кім білген,

Сөніп жатты жұлдыз біткен бір-бірден.

Сөніп жатты үмітімдей бәрі де

Жаным ысып, жалын құшып

тұрдым мен.

 

Үнсіз ғана бізге, сәулем, еленбей

Уақыт шіркін өте берді бөгелмей.

Екі жұлдыз қалды аспанның жүзінде

Екеуіңді қимай тұрмыз дегендей.

 

Екі жұлдыз – екі бақыт көктегі

Төбемізде тұрып алды, кетпеді.

Бар аспаннан екі-ақ жұлдыз көрдік біз

Біздер де екеу едік, сәулем, өйткені.

 

Өз жолынан жаңылмайтын мәңгілік,

Келе жатты көкжиектен таң күліп.

Екі жұлдыз сөне берді ақырын

Көкірегіме ақ сәулесін қалдырып.

Күндер өтер, жылдар өтер зымырап,

Маған арнап жазбай-ақ қой жылы хат.

Сол қос жұлдыз жұбын жазбай тұр ма

 екен,

Көк аспанға карап қой тек бір уақ.

 

 

АНА ТІЛІ ТУРАЛЫ ОЙ

 

Болғанымен өзім жерім, өз бағым,

Болғанымен көңіл – жүйрік,

көз – дарын.

Бәріне де жетемін деп жүргенде

Өз тілімнен айырылып қала жаздадым.

 

Тілде жатыр жүрегіңнің жарқылы,

Тілде жырдың күмісі мен алтыны.

«Абай жолын» оқиды ғой көп қазақ

Соболевтің аудармасы арқылы.

 

Деген ешкім болмаған соң мұның не,

Сола берді көкірегімнен гүлім де.

Бола берді дүмшелердің айтқаны,

Абырой, бедел азайған соң тілімде.

Тіл болмаса тірліктегі құным не,

Тіл болмаса кетпес көңіл кірім де.

Баласы мен басы жоқтау анасы

Сөйлеспесе сор ғой ана тілінде.

 

Итсің демей иттерге де кей үрген,

Жүре бердік үміт күтіп кейіннен.

Өз анаңды танымасаң өзге ана

Саған қалай құшақ жаяр мейірмен?

 

Соны неге ойламаған мына бас,

Жүз шайысып, жылдарменен кінәлас.

Өз еліне ұнамаған азамат

Ешқашан да, ешкімге де ұнамас.

 

Ұнамаса өз еліңнің жыр-әні,

Лайланса өз тіліңнің бұлағы.

Оған басқа кінәлі емес, достарым,

Ойсыз өскен тек өзіміз кінәлі.

 

Орысты да, татарды да туыс ет,

Жұрттың саған болмасыншы бірі шет.

Ұлы Абайдың нәр алмасаң жырынан,

Онда қазақ болмағаның, інішек.

 

 

Жақсы көрем

 

Жақсы көрем өзімнің қазағымды,

Көп беруге үйреткен, аз алуды.

Қуаныш пен күлкісін берген маған,

Өзіне алып дертім мен азабымды.

 

Жақсы көрем қазақты қандасымды,

Кеште айтқан шеткі үйде ән басылды.

Бір жақсылық етсем деп сол қазаққа,

Кезіп кетем аралап сан ғасырды.

 

Бала жастан ғашықпын сол еліме,

Әндеріне, жырына, өлеңіне.

Қазағыма бір пайда тигізбесем

Тірлік етіп, ойпыр-ау, керегі не.

 

Мен қазақтың баласын жақсы көрем,

Мен қазақтың данасын жақсы көрем.

Анасына бас ием ақ жаулықты,

Алматыдай қаласын жақсы көрем.

 

Даласын да сүйемін, тауын да әсем,

Ағылады ән-жырым ауыл десем.

Табылады бәрі де керегімнің,

Бір күнінде басымнан дәуір кешем.

 

Жан анамдай анау бір төс кей маған,

Жеңгем шайын сағынам кеш қайнаған.

Сол ауылға байланған кіндігімді,

Құдай өзі кеспесе, кеспейді адам.

 

Айтылады менің де тойда өлеңім,

Құрдастарға мен қайтіп бой беремін.

Ағамның да сағынам сәлемімді ап,

Жеңешеме «тоқтыңды сой» – дегенін.

 

Ақыншықты, шыққан жоқ менен бақсы,

Ыстық қаны халқымның денемде ақшы.

Қазағымның май, құртын, айранын да

Аңсап барып ішкенді көрем жақсы.

 

Көрем жақсы қартын да, жасын да оның,

Көкірегімнен беремін ғасырға орын.

Ағылады ағайын біздің үйге,

Табылады бәріне қасымда орын.

 

Еркіндеміз бәріміз бір Алланың,

Басқа жұрттың ішіне кіре алмадым.

Қазақ атын шығару дүниеге

Таңдап алған талайғы бір арманым.

 

Жаным сүйген жар да өзі, жарлық та өзі

Сол қазақтың өзінде байлық көзі.

Мен қазақтың тілінде өлең жаздым,

Тұрғаннан соң ұйқасып барлық сөзі.

 

АҚЫН ІНІЛЕР

 

Ақындардың кішісі ем кеше ғана,

Өтті өмірден қанша аға, неше дана.

Ұзағырақ жасатып, жаратушы

Кінәм үшін кім білсін өш ала ма.

 

Мен қайтейін от болып жанса

арманым,

Әркімдердің есінде ән салғаным.

Кінә болса, сол кінә шығар мүмкін

Әйелдердің ернінен бал сорғаным.

 

Одан басқа бар қандай тағы кінәм,

Қашқамын жоқ дүние жарығынан.

ұққаным жоқ у берер сұмның ойын

Шыққаным жоқ тағдырдың қалыбынан.

 

Ақындардың қазіргі үлкенімін,

Жүрем – десем ерттеулі тұр көлігім.

Үнемдесем өмірдің қуанышын

Өлі талай мүмкін-ау күн көруім.

 

Ақындардың жасы емес кәрісімін,

Жараспас-ау жастармен жарысуым.

Жарас та асау, Шөмішбай одан

да өткен

Асау ғой деп соларға кәні суын.

 

Біреуінен біреуі қымбат маған,

Бейнелерін сағынам күн қақтаған,

Ұлықбектен кем көрсем, кемшілігім

Бақыткерей інімді бұлғақтаған.

 

Сәкен менен Сабырхан, Несіпбегім,

Мен оларсыз бақ туын құшып па едім.

Мен оларсыз тойлап па ем бақытымды,

Мәре-сәре мәртебем өсіп менің.

 

Есенғали, Жүрсіндер ескі достай,

Кездескенде боламыз кешкі қостай.

Жыртығымыз жамалып ілездемде,

Ынтығымыз тұрады басылмастай.

 

Нұрланым мен Жәркенім, Иранбегім.

Інілерім секілді туған менің.

Исраил, Ибрагим, Серік серкем

Мүшәйрада озуға буған белін.

 

Рафаэл, Түтқабай ту көтерген,

Қыздарменен қырқада гүл де терген.

Шыңғыстауды бет алып бара жатыр

Аманханға жалғасып ұлы керуен.

 

Дәуітәлі, жас Нұрлан, Теміршені,

Көргенімде шығады көңіл шері.

Бәрі маған мұңдарын айтушы еді,

Бәрі маған жүрегін беруші еді.

 

Темірхандар, Айтақын, Серікбайлар,

Көңілімде жүретін көрікті ойлар.

Жеткіншектер емес пе соңымдағы

Жеңісімді үйіме келіп тойлар.

 

Мүмкін емес шығу да бәрін атап,

Мерейленді бәрі де менен бата ап.

Бәрінің де желеді құнандары

Бәріне де келеді абырой-атақ.

 

Осылардың өзіме бәрі қымбат,

Әрі сүйіп сүйеймін, әрі құндап.

Мен кеткенде дүниеден осылар ғой

Осылар ғой жылайтын бауырымдап.

 

Тұлпарларын олар да жүгіртеді,

Бірін мақтап, кемітпен бірін тегі.

Өлтірсе де осылар өлтіреді,

Тірілтсе де осылар тірілтеді.

 

Биікте арман, үміт орамалы,

Жеткені желге мініп соны алады.

Мен көрген қорлық, зорлық дегендерді

Бәрі де аман болса көреді әлі.

 

Биікте арман, үміт орамалы,

Сол жолда мендей олар тоналады,

Мен көрген жыр бақытын барлығы да,

Бәрі де аман болса көреді әлі. 

 

Оқылды 2410 рет

Соңғы жаңалықтар

Нау 29, 2024

Көктерек қашан «ауыл» болады?

Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт…
Нау 29, 2024

Аудан әкімі тағайындалды

Кеше аудандық мәслихаттың кезектен тыс ХІХ сессиясында аудан әкімі лауазымынаТалғат…
Нау 29, 2024

Межелер пысықталып, жоспарлар…

Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының отырысы…
Нау 18, 2024

Құрылтай

Кешегі Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомат Тоқаев күн…
Нау 14, 2024

Түйінді түйіткілдер оң шешімін…

Жуырда аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті. Отырыстың күн…
Нау 07, 2024

Аудан әкімінің міндетін атқарушы …

Ардақты ақ жаулықты аналар, аяулы арулар! Сіздерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні…
Ақп 22, 2024

Отбасы – тәрбие бастауы

Жақында Азат орталау мектебінде Рахат округінің аналар кеңесінің төрайымы Райхан…
Ақп 22, 2024

Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран

Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай Есік қаласында ауқымды…

Күнтiзбе

« Наурыз 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет