Күндер бойынша реттелген элементтер: Сейсенбі, 06 Тамыз 2019

Жаз шықса кейбір ауыл тұрғындары тіршілік нәрінен таршылық көріп, сығырайған су көзіне үңіліп отырады. Енді бірі, үйіндегі бар ыдысын арқалап, көрші елді мекеннен су тасуға мәжбүр. Айта кету керек, осындай келеңсіздіктер орын алмас үшін қаржы бөлініп, бірнеше ауылдарға ауыз су жүйесі тартылуда. Десек те, бұл жақсылықтың шарапатын биыл көрмейтін ауылдар да бар. Осы күнге дейін редакцияға түскен хаттар мен тұрғындардың көкейінде жүрген сауалдарын аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Дәурен Мәлібековке қойған болатынбыз.

– Дәурен Сайлаубайұлы, былтырдан бері ауданымызда ауыз су құбырларын жөндеуге көп көңіл бөлініп, бірнеше елді мекен тіршілік нәріне қанықты. Сол жайында қысқаша айтып өтсеңіз.

Иә, аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, соңғы жылдары ескірген құбырларды жаңартып, жаңа су құбырларын орнатуға ауқымды қаржы бөлініп, бүгінгі таңда игерілуде. Былтырғы жылдан биылғы жылға ауыспалы кезең ретінде Көлді, Қазатком, Екпінді,  Ащысай, Нұрлы ауылдарының ауыз су құбырлары күрделі жөндеуден өтіп, қайта жаңғыртылуда. Жұмыстар осы жылдың қараша айында аяқталуы тиіс.

–Жаз мезгілі басталса, Есік қаласы мен кейбір ауылдарда су тапшылығы туындап, тұрғындар әлекке түседі. Бұл мәселенің түйіні қашан шешіледі?

– Жаз мезгілінде күннің ысуына байланысты кейбір елді мекендерде ауыз су тапшылығы байқалады. Есік қаласымен қатар, Бөлек, Аймен, Қарасай ауылдары және саяжай тұрғындарына су жетіспей жатыр. Бұл мәселені шешу мақсатында 2014 жылы Есік топтық су жүйесінің жобалық-сметалық құжаттары әзірленген болатын. Жобаға сәйкес, 4 млрд теңгеден астам қаржыға аудан орталығы және айналасындағы 8 ауылдың ауыз су мәселесі шешіледі. Оның ішінде жоғарыда аталған елді-мекендер де бар. Бүгінде қаржының бөлінбеуіне байланысты сметалық жобаның мерзімі өтіп кетті. Жаңарту үшін қайта қаржы бөлуге сұраныс жіберіп қойдық. 

– Қаладағы судың сапасы өте төмен. Сумен келген қоқыстан үйдегі фильтрлер, тіпті, құбырлар бітеліп қалады. Ай сайын ауыз судың ақысын төлеп отырған тұтынушыға «Есік Су» мекемесінің сапалы тауар беруге мүмкіндігі бар ма?

Бізге осы күнге дейін судың сапасы таза еместігі жөнінде шағым түскен емес. «Есік Су» мемлекеттік мекемесіне қарайтын құбырмен берілетін ауыз су айына екі рет хлорланады. Біздегі сапасыз ауыз су Қызылжар (Көктөбе-2) мен Тауқаратұрық ауылдарынада ғана. Жаңбыр жауса ауыз су лайланып кетеді. Олқылықтың орнын толтыру мақсатында Қызылжар ауылының ауыз су жүйесінің жобалық-сметалық құжаттары әзірленген. Бүгінгі таңда мерзімі өтіп, жобаны қайта жаңарту керек. Десек те, қызыжарлықтарды сапалы тіршілік нәрімен қамтамасыз ету үшін 292 млн теңге көлемінде қаражат керек.

–Ақпараттық технология дамыған қазіргі заманда тұтынушыларға жақын болып, кері байланыс орнату үшін әлеуметтік желіде тіркелу керек. Қаладағы Инстаграм топтардағыарыз-шағымның көпшілігі сіздерге бағытталған. Оларға жауап бересіздер ме?

Шыны керек, өзім Инстаграм парақшасында тіркелмедім. Десек те, ауданда бізге бағытталған шағымдарға жауап қайтарып, мәселелерді шешу жолдарын қарастырамыз. Бүгінде бізге негізінен Бөлек пенсаяжай тұрғындары арызданып жатады. Жоғарыда айтқандай, Бөлектің мәселесін біз көтеріп, ауылды Есік топтық су жүйесіне кіргіздік.

Саяжайлықардың жайы қиын болып тұр. Себебі, саяжайлар ауылшаруашылық жері болып есептеледі. Оларға ауыл статусы берілмейінше, біз су құбырын жүргізіп, жолдарын жасап бере алмаймыз. Қателеспесем, 2007 жылдары саяжайдың жоғары жағындағы Бәйтерек шағын ауданына су құбырын тартқан болатынбыз. Саяжайлықтар өздері қаржы жинап, сол құбырдан үйлеріне дейін су тартып алған. Мектепке тартқан құбырға да жергілікті тұрғындар қосылған.

– Әлеуметтік желідегі бір хатта «Бір апта бойы үйімізде су жоқ. Себебі, орталық құбырлардың бірі тесілген. Оны реттеуге келген мамандар жөндеу жұмыстары үшін бізден ақша сұрап жатыр» – деп шағымданған. Бұл қаншалықты дұрыс?

–Біздің бөлімге немесе «Есік Су» мекемесіне осы тақырыптағы арыз түскен жоқ. Алайда, Есік қаласының төменгі жағындағы (Автопарк) көпқабатты үйлердің су құбыры «Есік Су» мекемесінің теңгерімінде емес. Демек, құбыр жарылып, су жүйесіне зақым келсе, тұрғындар өз есебінен жасауы керек. Біраз уақыт бұрын көпқабатты үйлердің бірінде құбыр зақымданып, суға жауапты мекеме жасауды тұрғындардың өздеріне қалдырған. Бірақ, біздің бөлім іске араласып, су жүйесін қалпына келтіріп берді. Нақты айтсақ, «Есік Су» мекемесіне қарасты магистральді құбырлардың барлығын жауапты мекеме өздері жасайды.

– Азаматтарымыз суды бақшаға жіберіп, егінін суарады. Зардабын басқа тұтынушылар тартады. Осы бассыздыққа тосқауыл бола ма?

Әрине, бүгінгі таңдағы ауыз су тапшылығының негізгі себептерінің бірі осы. Біздегі бар мамандармен үйлерді аралап, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Оларға судың өз мақсатымен пайдалануды тапсырып, кесірін қалалықтар көріп отырғандығын айтамыз. Алайда, Есік қаласындағы арық жүйелері жоқ болғандықтан, бірқатар азаматтар құлақ аспай, бақшасын суаруды жалғастыра береді. Аталған мәселені шешу үшін алдымен арықтарды жөнге келтіру керек.

– Рахаттықтардың бас ауруына айналған тіршілік нәрі жайлы не айтасыз?

– Қызылжар ауылы секілді Рахатқа да су жүйесін жүргізуге жобалық- сметалық құжаттары 2013 жылы жасалған. Алайда, оның да мерзімі өтіп, жобаны қайта есептеуге қаржы сұрап отырмыз. Оған қарамастан «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында қаражат қарастырылып, ауылдың жоғарғы жағындағы таудан су құбыры жүргізілуде.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Тілдескен Сардарбек НҰРАДИН.

Published in Мақалалар
Сейсенбі, 06 Тамыз 2019 17:18

Еңбеккердің ұйқысы аз

«Еңбегі көптің өнбегі көп» деген дана қазақтың айтқаны айдай келеді. Шындығында, еңбек адамның екінші анасы: ол сені асырайды, өсіреді, өндіреді. Асын адалдан тауып отырған кәсіпкер Демесінова Балжан Ерланқызының бұл өмірлік ұстанымы. Былтырдан бері іс қылып, Түрген шатқалының бойынан демалыс аймағын аймағын ашты. «Алтын .»  деп айдар тағып, демалушылардың бар жағдайын жасауда еңбектенуде.

«Ерінбесең жеңерсің» демей ме бұрынғылар. Жалпы көлемі жарты гектар жерді айналдыра қоршап, отызға жуық әртүрлі шатырларды көріктендіре тіккен кәсіпкер тазалыққа баса көңіл бөлетінін ашып айтты. – Ең бірінші, тазалық керек. Себебі, бұл көпшілік демалатын орын. Мұнда келушілерге бар жағдай жасау менің міндетім деп білемін. Ашылғалы бүгінгі күнге дейін 1000-ға жуық демалушылар келді. Әрбірімен жеке пікір алмастым. Ойын білдім. Әрқилы пікірлерін, ұсыныстарын жеткізді. Мен қуана қабыл алдым. Өйткені, біз демалушылар үшін жұмыс істейміз ғой, – деп ағынан жарылды Балжан Ерланқызы.

Қазіргі уақытқа дейін 40 млн теңгеге жуық инвестиция салып үлгерген кәсіпкер еңбек пен білімді қос қанатым деп түсінеді. Осы себепті, «Бастау Бизнес» жобасы арқылы білімін шыңдады. – Көбіне, онда білім алушылар  жеңілдетілген пайызбен несие алу мақсатында ғана оқиды емес пе? Алайда, мен ең бірінші кәсіпкерлік ілімімді толықтыруға баса көңіл бөлдім.

Себебі, бизнес – терең ізденісті талап етеді. Ал ол оқу-біліммен шыңдалмақ. Сондықтан курсты толық аяқтадым. Нәтижесінде, 6 млн теңге жеңілдетілген пайызбен несиеге де қол жеткіздім. Оны осы бастаған бизнесімді дамытуға салдым, – дейді. Бүгінде мемлекеттен алынған қаражатқа заманауи сәнді жасалған 3 қазақ үй орнатқан. Сегіз қанатты әр шаңырақтың әрбіріне 30 адамнан емін-еркін демалуына мүмкіндік жасалған. Бұдан өзге 28 шатыр демалушыларын күтуде. – Әлемдегі бірде-бір мемлекетте кәсіпкерлерге мұндай жағдай жасамайды. Бізде кәсіпке тегін оқытады, қажет қаражатыңды жеңілдетілген пайызбен қолыңа ұстатып, кәсібіңді бастауға мүмкіндік береді. Тіпті, салықтан да жеңілдіктер қарастырады. Қаражаттың қайтарымын өз ыңғайыңа қарап, күнтізбесін орнатуыңа да болады. Бұдан асқан қандай қамқорлық қажет? Тіпті, қазір жөнсіз тексерулерге де шектеу қойылған, – дейді Б.Демесінова.

Сонымен қатар мұнда келушілер форель балығын аулап, таза ауада демалуына бар жағдай жасалған. Ол үшін екі көлге 4000-нан астам бас форель балығын жіберген.  Мұның бәрі кәсіпкердің мұратқа жетуге жасалған қадамдары.

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

Published in Мақалалар
Сейсенбі, 06 Тамыз 2019 17:13

Әлеуметтік сала қатаң бақылауда

Әлеуметтік саланың дамуы – тұрғындардың тыныс-тіршілігін жеңілдетіп, олардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасайды. Сондықтан, осы саланы жетілдіруге баса назар аударылады. Осы орайда, Алматы облысы әкімінің орынбасары Ақан Абдуалиев, облыстық білім басқармасының басшысы Даурен Жүнісов, денсаулық сақтау басқармасының басшысының орынбасары Өмірзақ Ниязбеков ауданымызда болып, әлеуметтік сала, оның ішінде, мектеп пен денсаулық сақтау, оңалту мекемелерінде болып, көпбалалы аналармен кездесу өткізді.

Жол бастаған аудан әкімінің орынбасары Айбек Бидаев сапарды Саймасай ауылында күрделі жөндеу жұмыстары басталған А.Байтұрсынов атындағы орта мектептен бастады. 1973 жылы салынған білім ордасы осы күнге дейін жөндеу көрмеген. Мектеп директоры Шымберген Пірімбаевтың айтуынша, соңғы жылдары балалар қиын жағдайда білім алған. Қыста терезелерді екі жағынан полиэтиленмен қаптап, жарылған жылу жүйелерін жамаумен көктемге әрең жеткен. Қазіргі уақытта оқу ордасы күрделі жөндеуге жабылған, алайда жөндеу жұмыстары маусым айының аяғында басталған. Жаңа оқу жылына дейін құрылыс аяқталмайды. Бұл келеңсіздікке себеп – тендер мәселесі. Осылай деген Айбек Бидаев күрделі жөндеудің конкурсы ақпан айында жарияланса да, жүйедегі олқылықтардың салдарынан маусым айында жеңімпаз анықталғанын айтты. Қазіргі уақытта құрылысты аяқтауға белгіленген мерзім – желтоқсан айы. Жағдайға қаныққан Ақан Жылқышыбайұлы мердігер «Павлодарпромстрой» ЖШС-нің  басшылығына алдымен оқу корпусына күш салуды тапсырды:

– Ең бірінші, нысандағы құрылысшылардың санын арттырып, негізгі ғимаратты қыркүйек айына дейін бітіруге тырысыңыздар. Кез-келген кедергі бойынша округ немесе аудан әкімдігіне хабар беріңіздер. Жұмыстар 1 сағатқа да тоқтамай, ары кетсе қыркүйек айының аяғында оқушылар мектепке кіру керек – деп тапсырды облыс әкімінің орынбасары. Сонымен қатар, нысанды аралап, құрылыс барысымен танысты. 3 қабатты мектеп 3100 шаршы метрді құрайды. Қазіргі уақытта ғимараттың сейсмикалық апаттарға төзімділігін күшейту мақсатында бетон қою жұмыстары басталуда. Мердігер компания өкілінің айтуынша, құрылыс басында 80 адам жұмыс жасауда. Осы уақытқа дейін 2 ауысыммен күндіз түні құрылыс жұмыстары жүргізілген. Жақын маңдағы тұрғындар заң қадағалау органдарына шағымданып, қазір қайтадан 1 ауысымға көшкен. Жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржы көлемі 430 млн теңгені құрайды.

Ақан Жылқышыбайұлы бас сұққан Есік қаласындағы аудандық ауруханада да ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бас дәрігер Жамиля Абеуованың сөзінше, ауруханадағы 8 бөлімді қалпына келтіруге 104 млн теңге қаржы қарастырылған. Ауданның бас дәрігерінің айтуынша, биыл аудандық перзентхана ауруханаға қосылып, көшіріледі. Қаланың жоғарғы жағында орналасқан перзентхана ғимаратына жұқпалы аурулар бөлімі орналасуы мүмкін. Ал аурухананың жанында жеке ғимараттағы аталған бөлім оңтайландырылып, перзентханаға ауысады. Бұл – әзірге жоспар ғана.

Ауруханада бүгінде 2300-ге жуық адам еңбек етеді. Ауысымда 500-ге жуық науқасты қабылдайтын емханада мамандар тапшылығы жоқ. 1 дәрігерге 1700 тұрғыннан келеді. Тек жедел жәрдем көлігі жетіспейді. Тұрғындар саулығы үшін қызмет етіп жүрген 18 жедел жәрдем шақыруларға үлгермейді. Тағы 12 көлік қажет.

Алдымен қабылдау бөлімі, балалар мен жұқпалы аурулар бөліміне, емханаға бас сұққан Ақан Абдуалиев ақ халаттылардың еңбегіне оң баға беріп, проблемаларды шешуге атсалысатындығын айтты.

Аудан әкімдігіне жиналған көпбалалы аналар Ақан Жылқышыбайұлымен кездесіп, бірқатар мәселенің басын ашып алды. Жиынға басқарма, бөлім басшыларымен қатар округ әкімдері қатысты. Көпбалалы аналар көтерген негізгі мәселе – баспана жайы. Тұрғын-үйге кезектің жылжымауына бірден-бір себеп – ауданымызда көпқабатты үйлердің салынбауы. Тек биыл ғана бой көтерген 60 пәтерлік үйдің 2 пәтері көпбалалы аналарға тиді. Құрылыс бөлімінің мәліметінше Шелек пен Есік өңірінде көпқабатты үй салу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындауға қаржы бөлініп, конкурс жарияланған. Келер жылы кезекте тұрған 148 көпбалалы ана жаңа баспананың кілтін алады. Себебі, бой көтеретін үйлер көпбалалыларға арналған. Сонымен қатар, құзырлы мекемелердің мәліметіне сүйенсек, алтын құрсақты аналарға атаулы әлеуметтік көмек рәсімделіп, Елбасының Жарлығына сәйкес, банктегі қарыздан кешіру жұмыстары басталған.

Жиын барысында тағы бір мәселенің беті ашылды. Білім бөлімі арқылы әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы аналарға мектепте берілетін тегін тамақ сапасыз көрінеді. Бұл туралы ата-аналар қауымы айтып, шағымданды. Ақан Жылқышыбайұлы аудандық білім бөліміне мектеп асханаларын жалға алушы кәсіпкерлерге қатаң талап қоюды тапсырды:

– Біз балалардан ештеңе аямауымыз керек. Олардың білімді де білікті маман болуын қаласақ, барлық жағдайын жасауымыз керек. Оқушылардың дұрыс тамақтануын қадағалау да – біздің міндетіміз. Сондықтан, асхана меңгерушілеріне қатаң талап қойып, тағамның сапалы болуын қадағалаңыздар – деген облыс әкімінің орынбасары алдағы уақытта асханаларды ескертусіз тексеретіндігін жеткізді.

Былтыр ғана 67 млн теңгеге қайта жаңғырған №14 психологиялық-педогогикалық коррекциялық кабинет бүгінде қарқынды жұмыс істеуде. Есік өңірінде 354 бала аталған мекемеге тізімде тұр. Науқас балалар аптасына 2 рет, церебралды сал ауруына шалдыққан балалар 3 рет келіп, ем-дом алады. Меңгерушінің айтуынша,1 жылда сөйлеу қабілеті бұзылған 100 бала емделген. Басын ұстай алмайтын, еңбектеуге шамасы келмейтіндерге массаж жасалып, оң нәтиже байқалуда. Бір ауысымда 70-ке жуық бала қабылдайды коррекциялық кабинетте 13 адам жұмыс істейді. Есік өңіріндегі науқас балалардың барлығын қамту үшін штаттық кестені екі есе ұлғайту керек. Балалардың саулығын бірінші орынға қоятын Ақан Абдуалиев жыл соңына дейін маман тапшылығының мәселесін шешіп береді.

Ақан Жылқышыбайұлының Есік өңіріндегі сапары «Аманат» Есік арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында аяқталды. Психологиялық ауруға шалдыққандар мен ақыл-есі кем азаматтар мекен ететін арнайы орталықтың жұмыс барысымен танысқан облыс әкімінің орынбасары түрлі деңгейдегі науқастармен тілдесіп, олардың жасаған еңбектерін тамашалады. Орталықтағы саябақты, қолөнер, музыка, бөлмелерін жәнекітапхананы аралады. Сондай-ақ, науқастардың бос уақытында еңбек ететін алма бағы мен жылыжайына бас сұғып, жемісінен дәм татты. Жатын бөлмелері мен жуынатын жерлерінің санитарлық жағдайымен және асхана мәзірімен танысты.

Мекеме директоры Гүлсара Егенбаеваның айтуынша, арнайы орталықта 505 науқастұрады. Оларға 320-дан астам адам қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда жылу қазандықтарын табиғи газ жүйесіне ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.

***

Ауданымызда атқарылып жатқан қауырт жұмыстармен танысу барысында күрделі жөндеуден өткізіліп жатқан Шелек ауылындағы аудандық орталық аурухананы да көзден кешіріп, атқарылып жатқан жұмыстарға өз бағасын берді.

Жалпы аталған аурухана өткен ғасырдың жепісінші жылдарынан бастап ешқандай жөндеу көрмегені баршаға мәлім. Көнергенімен барша Шелек өңірі тұрғындарының денсаулығын күзетіп келген болатын. Бұл аурухананың жөнделуге тиіс корпусы 3 қабатты, ал көлемі 3828 шаршы метрді құрайды.

Аурухананың сыйымдылығы 180 төсекке есептелген. Бүгінде жөндеу жұмыстарын жүргізуге 483 миллион теңге көлемінде қаржы бөлініп, жұмыстың 40-45%-ы аяқталған. Бірақ график бойынша бірінші аударылған 70 миллион қаржы осы жылдың 30 шілдесінде түскен. Құрылыс жұмыстарын жүргізуге мердігер ретінде белгіленген «Капстройгрупп-Т» ЖШС-і келісімшарт бойынша қарашаның жиырмасына дейін бітіруі керек болған. Деседе қазанның жиырмасына дейін толықтай бітіріп беруге уәде беріп отыр.

Құрылыс жұмыстарымен танысуға арнайы түнделетіп келген А.Әбдуәлиев мырза атқарылған жұмыстардың аз еместігін, деседе мұны қанағат тұтуға болмайтындығын қатаң ескертті. Сонымен қатар, халықтың игілігі үшін жөнделіп жатқан аурухананы барынша сапалы жасауға және ол үшін барынша еңбек етуге шақырды. Әсіресе, бұрынғы қайғылы жағдай қайталанбас үшін кәріз жүйесі мен су құбырларына баса назар аударуды тапсырды.

 

С.НҰРАДИН

Н.ТІЛЕУҚАБЫЛ.

Published in Ресми
Сейсенбі, 06 Тамыз 2019 17:01

Тазалық – денсаулық кепілі

«Бірге – Таза Қазақстан» республикалық тазалық акциясы басталғалы қалалар мен ауылдар жаңарып, жасарып, бір ерекше күйге енуде.

Аталған экологиялық шараға Есік қаласының және 25 ауылдық округтің тұрғындары да белсене атсалысты. Атап айтсақ, 1500-дей адам, 20 түрлі техника жұмылдырылды берекелі іске. Күл-қоқыстан тазарған ауыл-аймақ, артық заттардан арылған көшелер, арықтар, мәдени орындар – бәрі-бәрі еркін «тыныстады». Жұдырықтай жұмылған тұрғындардың күшімен барлығы 13 гектар жер тазартылып, 150 тонна қоқыс шығарылды.

Алмагүл НҰҒМАН.

Published in Мақалалар

Күнтiзбе

« Тамыз 2019 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жк
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет