Дүйсенбі, 08 Қаңтар 2018 23:43

Балалар театрында жаңа қойылым

Жаңа жыл қарсаңында қаракемерлік балаларға ерекше сый жасалды. Ауылдық мәдениет үйі жанындағы «Қаракемер» балалар театры М.Әлібектің «Алдар көсенің сиқырлы дүрбісі» ертегісінің желісімен қойылым жасады. Қоюшы режиссері Ж.Барақбаев.

Қызықты ертегіні тамашалауға округтің балалары түгелдей дерлік жиналды. Сондай-ақ, көрші ауылдың балалары да қалыс қалмады. Жеткіншектердің қуанышын бөлісуге аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Беспаева, округ әкімі Алтынбек Исаков та келді.

Бұл қойылым өзгелерден ерек. Себебі, мұнда Өрмекші адам (Человек-паук), әйгілі «Тачки» мультфильміндегі Маккуин, «Маша және аю» мультфильміндегі Маша өнер көрсетеді. Оқиға желісі бай мен кедейдің тауып алған дорбасынан өрбиді. Дорбаны қулықпен өзіне қалдырған Алдар ішіндегі дүрбі арқылы болашақты көре алады. Дүрбімен әр қараған сайын жаңадан кейіпкерлер пайда болады. Барлығының болашақтан келгендегі мақсаты бір – алып Диюдың көзін жою. Қойылым барысында болашақ кейіпкерлері қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татып, кейбірі өз мемлекетінен базарлық әкеліп жатады. Соңында барлығы бірігіп, Диюды түзу жолға салады. Сосын Алдар дорбаның өзінікі еместігін мойындап, дүрбіні иесіне қайтарады.

Зал толы балалар қойылымды ерекше ықыласпен қабылдады. Өздерінің сүйікті кейіпкер-лерін көргенде, тіпті, қуаныштарын жасыра алмады. Қойылым соңында ауыл әжелері шашу шашып, театр ұжымына алғыстарын жеткізді.

С.НҰРАДИН.

 

Бәрек

Қаралды 323 рет
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

Жарнама