Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Күндер бойынша реттелген элементтер: Дүйсенбі, 10 Желтоқсан 2018
Дүйсенбі, 10 Желтоқсан 2018 11:01

Өмірге құштарлық

   Өзен ағысымен өлі балық қана жүзеді

  Тіршіліктің әр күні ләззат, шаттық. Оны кей пенде сезінеді, кейбірі сезінбейді де. Айналаға қарасаң, күйкі тірлік пен шет-шегі жоқ қарбалас өмірге белшесінен батқан адамдар. Ал, өмірдің ала доп іспеттес ағы мен қарасы қатар екенін ұғына бермейміз. Өкініштісі де сол. Жақсы күндерде Жаратушыға алғыс айтуды естен шығарып, қаралы болғанда күйінеміз. Осы әрекеттерімізбен де пенде шығармыз, бәлкім?! Алдымызда не күтіп тұрғанын білсек, мүмкін, басқалай әрекет етер ме едік? Десек те, шарасызбыз. Өзен ағысымен өлі балық қана жүзеді. Тірі адам қалай да тіршілік етуге тырысары хақ. Мейлі, жанын жегідей жеп бара жатқан ауруы меңдесе де...

  Мақалаға арқау болған кейіпкеріміз Әсел Асылбекова 1979 жылы дүниеге келген. Бәйдібек би ауылының тұрғыны барлық адамдар сияқты күн көріп, екі қызын тәрбиелеп, жұрттан кем қылмау үшін тырмысып жүрген аналардың бірі еді. Тағдырдың қожасы тағдыр ғана, ал адам оның – құлы демекші, екі жарым жыл бұрын аты жаман рак ауыруына ұшырағанын біледі денсаулығы сыр беріп, емханаға барғаннан кейін. Төбесінен жәй түскендей есеңгіреп қалады сол сәтте. Алғашында ештеңеге түсінбей, сенбей де жүрген кездері болған-ды. Алайда, ауру аяқтан шалып, дегеніне жетеді. Айлап төсек тартып жатқан кездері де болған. Осы дертке шалдықпас бұрын Әсел базарда сауда-саттықпен айналысқан екен. Өзінің айтуы бойынша, сол кездерде «Шіркін, әйел заты болып үйде отырып, тігін тігіп, өзіңнің сүйікті істеріңмен айналысса ғой» деп ойлап, армандайтын көрінеді. Ой – жүйрік қой, бәлкім сол ойлардың осылай жүзеге асуы нәсіп болған да шығар... Дерттің кесірінен ешқандай жұмысқа, әсіресе, ауыр іске жарамай, жатып қалады. «Солай жатқан күндерімнің бірінде ақырындап қолыма кестелерімді алып, тігіп, құрастырып көрдім. Таңның атысы мен күннің батысына дейін төсекте жату адамды мезі етіп, шаршатады. Не болса да берілмей, қолөнер бұйымдарын жасауға бел будым. Әрі қарай қызығушылығым артып, түрлі дизайндармен танысып, құрастыра бастадым. Ғаламтордан іздендім. Бірнешеуін бітіріп, рамкаға салып, байқадым. Қарасам, өте әдемі сияқты. Туысқандарыма тарту жасадым, бәрі де асқан қызығушылықпен қабыл алды», – дейді кейіпкеріміз. «Қазір ешқайда жұмыс жасамаған соң табыс көзі де шектеулі. Өзімнің екі қызым бар. Үлкенім он тоғызда. Алланың жазуы болар, ол да мүгедек. ДЦП-мен ауырады, оның ерекше күтімі мен шығыны тағы бар. Босандыру барысында орталық жүйке жүйесі зақымданған екен, ауыруы неден десек. Соның кесірінен, мидың бір бөлігі мүлдем өспей қалған. Оның үстіне айы-күнінен бұрын, жеті айлық кезінде дүниеге келген. Арнайы мемлекеттен күтушісі мен жәрдемақысы бар, әйтеуір. Ал, кіші қызым тоғызда, төртінші сынып оқушысы. Күйеуіммен жолымыз екіге бөлініп кеткен», – дейді көзіне жас ала отырып Әсел Асылбекова. Білетініміздей, ракты химиотерапиямен ғана құрықтап тұруға болады бірнеше уақытқа. Дегенмен, оның зардаптары басқа ағзаларды улайды. Әселдің бауыры соның салдарынан келесі бір химиотерапия курсын алуға жарамай тұр екен. Алдымен бауырды біраз емдеп, қалпына келтіру қажет. Оған арналған дәрінің екі күндік дозасы 13000 тг тұрады екен, ал Әсел аталған дәріні 3 апта бойына үзіліссіз қабылдауы қажет көрінеді. Жалпы есептегенде 143 000 теңгені өзі де баласы да мүгедек, жұмысқа жарамсыз, қорғаны болар ер азаматы жоқ әйел-ана қайдан алмақ?! Өмір – теңіз, тағдыр – кеме, ал кемең суға батпас үшін өзің капитан болуың керек. Құр қарап отырып, қол жаюды өзіне ар санайтын Әсел ханым картиналарын бірінен соң бірін дайындап, кестелеп салған суреттері бар, бисермен өрнектеген бейнелері бар, арнайы ленталармен тіккен қолөнерін сатып, пұлға айналдырсам дейді. Онкологиялық дәрі-дәрмектерден бөлек (олар тегін) басқа ағзаларымды қалыптандырып отыратын дәрілерімді өзімнің қаражатыма алып отырсам картиналарымды сатып деген ниетін арқалап газет редакциясына ат басын бұрған екен. Екі мәрте пышаққа түскен кейіпкеріміз, алдағы уақытта тағы да ота жасатуға дайындалуда.

  Жер беті жақсы, қайырымды адамдар болмаса, опырылып астына түсер еді о баста-ақ. Адамгершілік деген асқақ сезім бар. Ол жүрегіне ұялаған жан аяушылық пен жанашырлықтың жарқын үлгісін көрсете алады. Ендеше, көп болып көмек қолын созып, жұдырық болып жұмылып Әселдей қазақтың қайсар қызына қолдау көрсетейік, ағайын. Еңбегін бағалап, он саусағынан шыққан өнер үлгісі – картиналарын сатуға, сатып алуға, бәлкім арнайы көрме ұйымдастырып, сол жерде барлық жұмыстарын паш етіп, саудалауға жәрдем етейік. Тым болмаса, өз еңбегінің өнбегін көрсін. Бір жағынан керемет өнердің әрі қарай дамуына үлес қосайық! Қызығушылық танытқандар үшін арнайы әлеуметтік желідегі (инстаграм парақшасы) мекен-жайы: ayana2009andanel1999 және asylbekovaasel79. Осы жерден картиналарға қатысты: көлемі, бағасы жайлы барлық мәліметтерді біле аласыздар. Ұялы телефоны: 87472674316.  Бәйдібек би ауылы, Жакупов көшесі 17 үй.

  Ал, іске сәт!     

 

Алмагүл НҰҒМАН.

Published in Мақалалар

  Еліміздің ел болу шежіресі сан түрлі белестерден тұрады. Соның біріншісі де бірегейі Тұңғыш Президентімізді сайлау болатын. 2012 жылдан бастап жалпыұлттық мереке етіп бекітіп, тойлап келе жатқан атаулы дата биыл да жалғасын тапты. Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінде «Елімнің бағы – Елбасым» атты салтанатты кеш өтті.

  Шараның шымылдығын Есік қаласының әкімі  Бауыржан Бименов құттықтау сөзімен ашып, Елбасымыздың ерен еңбектеріне тоқталып өтті. Мерекеге  орай мемлекетімізге сіңірген адал еңбегі мен қаламыздың қоғамдық-саяси және мәдени өміріне белсене ат салысқаны үшін бірқатар мемлекеттік қызметкерлер мен мекеме басшыларына алғыс хат тапсырды. Кеш соңы ауданымыздың өнерлі жастарының концерттік бағдарламасына ұласты.   

  Атаулы күнді «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы да ерекше атап өтті. Мерекеге орай, «Елбасы – ел тірегі» тақырыбында мектеп оқушылары арасында шығар-ма байқауын жариялап,  үздік шыққан туынды иелеріне алғыс хат табыстады. Жиын барысында аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Қ.Байғоджаев Елбасының соңғы жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын талдап, жас өрендерге түсіндірді. Шара соңында болашақтың тірегі жастар екеніне сенетіндігін айтып, партия қатарына қосылуға шақырды.

 

Жансая ЫСҚАҚ.

 

   ҚР Тұңғыш Президент күні жақында Шелек ауылындағы мәдениет үйінде «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» тақырыбымен аталып өтті. Округ әкімдігі қолдау білдірген шараны А.Розыбакиев атындағы орта мектеп пен мәдениет үйі ұйымдастырды. Шараға ауыл ақсақалдары, тұрғындар мен жастар қауымы қатысты.

  Мерекелік концерт барысында келген қонақтарды атаулы күнмен құттықтаған округ әкімінің орынбасары  Айбек Сәрсембек Елбасының ел үшін атқарған еңбегіне тоқталды:

– Өзінің мемлекеттік Рәміздері бар тәуелсіз еліміздің уығын қадап, шаңырағын көтеріп, іргесін бекітіп, күрмеуі көп қиын шақта өзіне сенім артқан жұртын ешқандай қантөгіссіз өркениетке жетелеген және дамыған әлеуетті мемлекеттердің алдыңғы қатарына қосқан тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың халық алдында еңбегі зор әрі орны ерекше. Елбасы қазақ халқының ынтымақтастығын жарастырып, бүкіләлемдік тыныштыққа, дүниежүзіндегі халықтар мен мемлекеттер арасындағы келісімге, дүниежүзілік мәдениетті, бейбітшілікті арттыруға сүбелі үлес қосып, жаңа мемлекеттің келбетін қалыптастырды. Елдің болаша-ғын айқындап, экономиканың өрлеуіне ерекше серпіліс берді – дей келе Қазақстанның әлем елдері арасындағы абыройын мақтанышпен айтып өтті. Кейіннен, жиылған жұртшылық назарына мектеп оқушылары мен округ өнерпаз-дарының ұйымдастырған концерттік бағдарламасы ұсынылды. Ән айтылып, би биленді. Жас ақындар Президентке арнауын оқып, көпшілік көңілді тарқасты.

                               Сардарбек НҰРАДИН.

Published in Жастар
Дүйсенбі, 10 Желтоқсан 2018 09:49

Бала денсаулығы – партия назарында

Бүгінгі бүлдіршіндеріміз – ертеңгі ел тізгінін қолға ұстар азаматтар, біздің болашағымыз. Олардың сауатты, дені сау болып өсуін қамтамасыз ету – негізгі мақсат. Осы орайда, саламатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысып қана қоймай, балалардың дұрыс таматақтануы да денсаулық үшін аса маңызды. Аталған мәселеге баса назар аударған «Нұр Отан» партиясы «Мектеп асханаларын жаңғырту» партиялық жобасы аясында мектеп асханаларын бақылауға алып, балалардың дұрыс тамақтануын қадағалауда. Ауданымыздағы партия филиалы да өткен аптада Шелек ауылындағы Шелек политехникалық колледжінде дөңгелек үстел өткізіп, асхана мәселесінің айналасында жүргендердің басын қосты. Жиынға аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қуат Байғоджаев, округ әкімдері, мектеп директорлары, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері мен мектеп асханаларының қожайындары қатысты. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда жалпы орта білім беретін оқу ордаларында бұл мәселе бір жүйеге келтірілмеген. Әр мекемеде оқушылар зиянды-зиянсызы бар түрлі тағамдарды ішуде. Осыны басшылыққа алған жиынды аудандық мәслихат депутаты Жұлдыз Әбдіқадырова жүргізді. – Партия төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев еліміздің бес бірдей облыстарында асханасы немесе буфеты жоқ мектептердің бар екенін тілге тиек еткені естеріңізде болар. Міне, соның салдарынан балалардың дұрыс тамақтануына жағдай жасалмай отыр. Бүгінде елімізде осындай 538 мектептің бар екені белгілі болды. Жыл басында «Нұр Отан» партиясы мектеп асханаларын жабдықтауға қатысты жаңа жоба ұсынған болатын. Яғни, онлайн-тамақтану жүйесін орнатуға болатынын көрсетіп берді. Сол арқылы ата-аналар балаларының не ішіп, не жегенін қадағалай алады. Міне, осындай жүйе Ақтөбе мен Астана қалаларында енгізілген – деген Жұлдыз Сейітжанқызы алғашқы сөз кезегін колледж директоры Қуат Дүйсебаевқа ұсынды. Мектептегі түскі ас дәмді ғана емес, құнары мол, ағзаға пайдалы болуы керектігін алға тартқан колледж директоры бүгінде колледж қабырғасында аспазшы мамандығында оқып жатқан студенттер аталған жайттарды ескере отырып тағам дайындайтындығын айтып өтті. Келесі болып өз ойын ортаға салған Қуат Байғоджаев: – Өздеріңізге мәлім, шағын және орта кәсіпкерлік дамып, тамақтану орындары жұмыс істеп жатыр. Кейде немқұрайлықтың кесірінен қайғылы жағдайлар орын алып, оны күнделікті ақпарат құралдарынан көріп-біліп жүрміз. Асханалардағы тамақтың дұрыс сақталмауынан немесе сақтау мерзімі өтіп кеткендіктен балалардың уланып жатқандығына куә болудамыз. Бүгінгі біздің тақырыбымыз да сол, мектеп асханаларын заман талабына сай жаңғыртып, балалардың сапалы әрі құнарлы тамақ ішуін қамтамасыз ету. Бүгінде осы мәселені партия төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев көтеріп отыр – деген Қуат Сұлтанұлы асханаларды жалға алушылардың арасында бәсекелік ортаны қалыптастыру туралы ұсынысын жеткізді. Айтуынша, бұл арқылы асханалардың материалдық-техникалық және кадрлық мәсе-лесін реттеуге болады. Сонымен қатар, балалардың ағзасына пайдалы қоспалардың бірыңғай ас мәзірін дайындап, барлық мектептерде сол мәзір арқылы оқушыларды тамақтандыру. Ал ас мәзірінде қандай тағамдардың болуы керектігін колледж оқыту-шысы, технолог Гүлнар Изамеденова айтып берді. – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйғарымынша, денсаулық – аурудың және тәндегі кемістіктің жоқтығына ғана емес, физикалық, рухани және әлеуметтік жағдайының жақсы болуына да байланыс-ты. Осы қорытындыға сәй-кес, денсаулықтың негізгі көрсеткіштерінің бірі – дұрыс тамақтану. Оның ішінде мектеп оқушыларының уақтылы тамақтануы маңызды мәселе. Өкінішке қарай, еліміздегі кейбір білім ошақтарындағы ас мәзірінде бала денсаулығына зиянды өнімдер кездесіп қалып жатады. Оған қоса, елімізде мектеп жасындағы балалар арасында ас қорыту жүйесі ауруларының көбейгеніне назар аударған жөн. 14 жасқа дейінгі жасөспірімдердің 21,5 пайызы, яғни әрбір бесінші жас жеткіншек артық салмақтың зардабын тартып отыр. Оның бәрі дұрыс тамақтанбағаннан туындап отырған мәселе екенін мамандар алға тартады – дей келе балалардың қандай тағамды қай мөлшерде жеу керектігін тарқатып айтып берді. Округ әкімі Есенғали Есенханов та бала денсаулығына бей-жай қарауға болмайтындығын ескертті. Кейіннен, дөңгелек үстелге қатысушылар колледж оқытушылары мен студентте-рінің аспаздар шеберханасында ұйымдастырылған мастер-классты тамашалады. Мұнда мектеп асханасына ар-налған ет, тауық еті, балық, сүт тағамдары, ұн тағамдары, жеміс-жидек пен көкөністерден жасалған түрлі ас көпшілікке ұсынылып, пайдалы сусындар көрсетілді. Бір ғана нәрседен неше түрлі тамақты дәмді әрі пайдалы етіп дайындауға болатындығын дәлелдеген бола-шақ аспазшыларға қонақтар ризашылығын білдіріп, алғыста-рын жеткізді. Дөңгелек үстелдің екінші бөлімінде аудандық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Қорлан Нұрбатырова мектеп асханасында болып жатқан заңсыздықтарды тізіп берді. Сөзіне сүйенсек, жоспарлы тексеру кезінде газдалған сусын, чипсы, кириешки сынды тыйым салынған заттарды тығып, тексеру біткеннен кейін саудалай беретін асханалар да жетерлік. Сондай-ақ, санитар маман балаларға тұтынуға болатын және тыйым салынған азық-түліктердің тізімін оқып, асхана меңгерушілеріне осы тізімді қатаң сақтауды тапсырды. Оған қоса, Шелек өңірінде 35 мектеп болса, оның 31-інде оқитын оқушылар ыстық тағаммен қамтамасыз етілген. Ал асханасы жоқ Ақтоған, Лавар, Диқан, Сарыбұлақ мектептерінің балалары ыстық тағамға жарымай отыр. Шара соңында асхана мең-герушілері де өздерін толған-дырып жүрген мәселелерін ортаға салды. Алғашқысы – мамандардың біліктілігін арттыру. Бұл сұрақ бойынша колледж басшылығы егер әкімдік немесе кәсіпкерлік палатасы қолдау білдірсе, аспаздарды үш айлық курстан өткізетіндігін мәлімдеді. Сонымен қатар, асхананы жыл сайын тендер арқылы ұтып алу тиімсіз екендігін алға тартты. Өйткені, материалдық базаны жаңартайын десе, келер жылы сол асхананы ұтып алу-алмауы екіталай. Ал бір жылда асхана ақтамайтын көрінеді. Осы мерзімді үш жылға созса деген ұсынысын жеткізді. Тек жыл сайын тиісті тексерулерін өткізіп, есебімізді беріп отырсақ дейді меңгерушілер. Сонымен қатар, әр оқу орнына бір диетолог маманның керектігін айтып дабыл қақты. Бұрындары бұл штат болған, қазір қысқартылып тасталған. Кемінде 500 бала білім алатын оқу ордасы ас мәзірін бекіту үшін диетологқа зәру. Оған қоса, қазіргі уақытта барлық асханаларға ортақ өзекті проблема көтерілді. Мектепте жоғарыда аталған тыйым салын-ған тағамдар сатылмағанымен, кез-келген мектеп жанында оларды сататын дүкен бар. Тіпті, қуырылған ұн тағамдары да сол дүкеннің сөресінен табылады. «Бізге тыйым салса да, оқушылар сол дүкеннен алып жейді. Кесірі бізге тиеді» – деп шырылдаған асхана меңгерушілеріне денсаулық сақтау басқармасының өкілдері жауап берді. Айтуларынша, аумағы 50 шаршы метрден аспайтын сауда орындарына жоспарлы тексеру жүргізілмейді. Алайда, дүкен иелеріне әрдайым түсіндіріліп отырады. Дөңгелек үстел барысында әр жақ өзінің шағымын жеткізіп, ұсыныстарын білдірді. Шара ұйымдастырушылары «Нұр Отан» партиясы мектеп асханаларын жаңғыртуда барлық пікірлер ескерілетіндігін жеткізді. Сардарбек НҰРАДИН.
Published in Мақалалар
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама