Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Күндер бойынша реттелген элементтер: Бейсенбі, 13 Желтоқсан 2018
Бейсенбі, 13 Желтоқсан 2018 23:58

Балуандар үмітті ақтады

  Н.Островский атындағы орта мектебінде шылымқорлықтан бас тарту күніне арналған самбо күресінен аудандық ашық турнирі өткізілді. Турнирге Жамбыл облысы Қордай ауданы Гвардейск әскери қалашығы Отардан, Қарасай ауданынан, Есік қаласының «Болашақ» спорт клубы балуандары мен Еңбекшіқазақ ауданының барлық ауылдарынан 17 салмақ дәрежесінде самбистер күш сынасты. Самбо және Қазақ күресі үйірмесінің жетекшісі Әділхан Аяпов бастаған ауылымыздың самбистері аудан нымысы үшін барын салды.

 Жарыс нәтижесінде спортшыларымыз 6 алтын, 4 күміс, 3 қола медальға қол жеткізді. Ауылымыздың да,  үйірмеміздің  де  тарихында  тұңғыш рет орын алған мұндай жетістік баршамызды шабыттандырды. Жеңіске жету жолында тер төккен балуандарымыз 29кг салмақтағы 5 ә сынып оқушысы Бекарыс Мексетбай (1-орын), 32 кг салмақта 5 б сынып оқушысы Есболат Тоқтасын (1-орын), 38 кг  салмақта 5 а сынып оқушысы Саят Мерентай (1-орын), 26 кг  салмақта 5 ә сынып оқушысы  Талант  Әбдіқұл (1-орын). 2005-2006 жылы туылған балуандар  арасында белдескен үйірмеміздің   капитаны  Талант Әбдіқұл чемпион  атанды. Күміс медальға қол жеткізген болуандар:  3 б сынып оқушысы Ақыл Жақажан, 4 б сынып  оқушысы Жандос Шалқар, 6 а сынып оқушысы Асыл Жақажан, 5 б сынып оқушысы Бекзат Бейхұтбай болса, қола медальді мойындарына: 23 кг салмақта 3 а сынып оқушысы Аққұлан Әшімхан,  35 кг салмақта 5 а сынып оқушысы  Саят Қанат,   8 а сынып оқушысы Самғар Бектұрған тақты. Турнирде  үздік  әдіс-тәсілдер  көрсеткені  үшін Есболат Тоқтасын  арнайы марапатталды. Жарыстың  ең  жас  балуаны  23 кг  салмақта  1-сынып оқушысы  Еркебұлан Бекмұхамет  те марапатқа ие болды. Қолдау көрсеткен Бәйді-бек би ауылының  әкімі Ержан Әмірденовке, жеке  қожалық  басшылары мен кәсіпкерлер  және  Н.Островский атындағы  орта  мектебінің ұжымына ризашы-лық білдірді сайыскерлер мен жанкүйерлер.

 

Жайна Бекберген,

 Бәйдібек би ауылдық округ әкімінің аппаратының

жастар ісі жөніндегі әдіскер нұсқаушысы.

Published in Спорт
Бейсенбі, 13 Желтоқсан 2018 23:41

Ұлт келбеті – жастарға бағыт

«Мұғалім ісі – сырттай қарапайым болғанымен, тарихтағы ең ұлы істің бірі» деген орыс педагогы К.Ушинскийдің сөзі бар. Расында, ұстаздық ету екінің бірінің қолынан келмейді. Әрбір оқушының жүрегіне жол тауып, заман ағымына қарай өзгеріп, ата-анамен байланыс орнату – ұлы іс атқарушылардың міндеті. Осы орайда, №1 Шелек орта мектебінде «Рухани жаңғыру: ұлт келбеті – жастарға бағыт» тақырыбында аудандық семинар өтті. Тағылымды шараға аудандық білім бөлімінің басшысы Бәтес Аманова, Шелек округі әкімінің орынбасары Мәди Бектасов, мектеп директорлары, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, педагог-ұйымдастырушылар, психологтар мен тарих пәнінің ұстаздары қатысты.

Келген қонақтар ІТ-сыныбына бас сұғып, шәкірттердің құрастырған роботтарын тамашалады. Бірі шаңсорғыш жасаса, енді бірі кәдімгі танктің кішкентай макетін құрастырған. Басқа мектеп директорлары ІТ-сыныбына қызығушылық танытып, алдағы уақытта оқушыларына роботатехника кабинетін көрсету туралы ұсыныс білдірді.

Аудандағы ұлағат иелері бас қосқан семинар бірнеше бағытта өрбіді. Келген қонақтар алдымен «Ата көрген – оқ жонар, ана көрген – тон пішер» атты оқушылардың қолөнер көрмесін тамашалап, мектептің түрлі бағыттағы жетістіктерімен танысты. Кейіннен, мектеп ұжымы балалардың ата-аналарымен тығыз байланыста екендігін дәлелдеді. Яғни, ата-аналар қауымы мәжіліс залында «Өз балаңа үлгі бол!» тақырыбында конференция өткізді. Құттықтау сөз сөйлеген мектеп директоры Ардақ Қырықбай семинардың бағдарламасымен таныстырып, конференцияға белсене қатысқан ата-аналар қауымына ризашылығын білдірді. Өздері жүргізіп, өнерлерін ортаға салған ата-аналар қазіргі заманғы өзекті мәселелер бойынша көрініс қойды. Оқушылар да конференциядан сырт қалмай, қоғамның бейнесін сахналандырылған қойылым арқылы көпшілікке ұсынып, көздеріне жас үйірді. Ал қазақ халқының салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары мен тәрбиелік мәні зор тыйымдарды көрініс арқылы көпшілік назарына ұсынған оқушылар тарих қойнауынан сыр шертті.

Жас мамандар мен жоғары сыныптар арасында «Ұлт келбеті – жалынды жастар» тақырыбындағы дөңгелек үстел жас ұстаздардың көңілінен шығып, өзара тәжірибе алмасуға септігін тигізді. Сонымен қатар, «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», «Көшбасшы» сынып сағат-тары ұйымдастырылды. Мектеп ішіндегі ашық шараларға қатысқан қонақтар семинар соңында мәжіліс залына жиналып, мектеп оқушыларының «Ұлы дала елінің ұлттық рухы биік ұрпағымыз» әдеби-сазды кешінде көңіл көтерді. Күміс көмей әншілер көпшіліктің құлақ құрышын қандырып, жас ақындар өлеңдерін оқыды. Бүлдіршіндерден құралған бишілер тобы да кештің сәнін келтірді. Оқушылар мен жас ұстаздардан құралған «Атамұра» аспаптар оркестрі жиылған көпшіліктің қошеметіне бөленді. Семинар «Кәсіби іс-әрекеттегі күйзелістік жағдайлардың тұлғаға ықпал ету ерекшеліктері» тақырыбындағы психологиялық тренингпен қорытындыланды.

 

Сардарбек НҰРАДИН.

Published in Жастар
Бейсенбі, 13 Желтоқсан 2018 23:27

Жалынды күндер жаңғырығы

  Талай жанның жүрегін езгілеп, намысын жаншылап, сенімін күйреткен сол бір жылдың желтоқсанын, әсте, естен шығару мүмкін болмас.  «Елім-айлап» егілген ата-баба жолымен «Менің елім Қазақстанды» ұран етіп, бейбіт түрде Конституцияға сай «Әр халыққа өз ұлтынан басшы сайлануы керек» деген талаппен алаңға жиналған жастардың тілегінің күл-талқан болғаны намыс отын өршітпей қоймады. Оның үстіне, желтоқсан көтерілісіне КОКП ОК-нің қаулысымен «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деген баға беріліп, оған қатысқан азаматтар қуғын-сүргінге ұшырады. Шындығында, желтоқсан көтерілісі ұлттық рухтың қуатын, елдік пен ерліктің мұратын танытқан көтеріліс еді. Ол ызғарлы күндер біздер үшін тарих болғанымен, сол қанды қырғынды басынан өткерген аға-әпкелеріміз үшін қаралы, қайғылы күн. Бүгіндері желтоқсаншылардан құрылған «Желтоқсан ақиқаты» республикалық патриоттық қозғалысының ұйымы бар елімізде. 2007 жылдан бері құрылып, көтерілістің ақ-қарасын шынайы кейіпкерлер арқылы ажыратуға атсалысып жатқан ұйым құрамында 400-ге жуық адам тіркелген. Арасында ауданымыздағы желтоқсаншылар-бүгінгінің батырлары редакциямызға ат басын бұрған еді. Көздерімен көріп, бастарынан кешкен шынайы оқиғамен бөлісіп, Тәуелсіздік жолындағы құрбандарды еске алды. Тілге, елге, жерге деген шынайы сүйіспеншіліктің үлгісі – ағаларымыз бен аналарымыз желтоқсаншыларға тиісті құрмет көрсетілсе екен дейді...

  

Сағидолла Мергенбаев,

Қазақстан ауылының тұрғыны, бес баланың әкесі :

Әскерден жаңа келген кезім. Автобусқа мінгенім сол еді, гу-гу әңгіме, жастар алаңға жиналып жатыр деді. Пәтеріме келіп, құжаттарымды тастай сала, мен де алаңға бет алдым. Келсем 60-70 адамдай жиналып қалған екен. Үсті-үстіне жан-жақтан ағылып келіп, қосылып жатыр. Сол күні кешке қайтып, ертесі қайта жиналдық.  Қазақ жастарының арасында қолдап келген кәрістерді де, кейбір орыс азаматтарын да көрдім. Мысалы, милиция майоры да жүрді арамызда жанашырлықпен «Сіздердікі дұрыс талап қой» деп. Алаңнан бөлек, қаланың басқа көшелерінде де итпен, қарумен жүрген жендеттер расымен көздеріне түскен қазақтарды ұрып-соғып жатты. Үлкен кісілерді аяқтарынан шалып құлатып, мазақ қылғандарын да көрдік. Барып, әлгі кісілерді тұрғызып алып, әскермен төбелесіп қорғап қаламыз, бірақ біздің шамамыз жетсін бе, олар рациямен дереу бірнешеуін жинап алады. Оның үстіне қолдарында арматура, қарулары қоса бар. Ал, біз ешқандай қарусызбыз. Бейбіт шеруге шыққанбыз. Ұлт намысы үшін бойымызды ашу кернегенімен, ешқандай артық ойсыз, талабымызды естісе екен деген мақсатпен жиналған едік. Сол жерге сондай асқақ мақсатты арқалап бару үшін де қандай жүрек керек десеңізші. Қаншама «Мен» деген алып денелі, ұрсаң таяғың сынатын жігіттер алаңға емес, ауылдарына қашып кетіп қалды. «Сен тимесең, мен тиме» деп. Сонда олардың бойынан табылмаған намыс қаршадай қыздарымыздың жүрегінен көрінді. Алаңға барғанның әрқайсы жеке дара батыр деген атқа лайық, ойлап қарасақ. Дүрбелең басталғанда бір-бірімізді қорғаштап жүріп, құлап, аяқ астында жаншылғандар болды. Бір уақытта басымнан соққы тигенін сездім. Күректің басымен ұрғанда бас сүйегім екіге айырылып кеткен екен, тыртығы әлі бар. Бел-омыртқама зақым келген. Әлгі жерде құлаймын етпетімнен, жерде жатқандардың бәрін сүйреп отырып автобусқа тиейді. Мең-зең күйдемін, айнала шыр көбелек ұшып барады. Бір қарасам ауруханаға әкелген екен жағдайы ауыр деп. Орыстың медбикесі қолында ота жасауға арналған қайшысы бар. Өзі жарылып тұрған басымды  әлгімен сарт еткізгені, «өзіңе сол керек, қалай ғана әлі өлмей отырсың» деп. Екі-үш жерінен іліп тіккендей болған. Әрі қарай бізді қайта тиеп алып, түрмеге әкеледі. Сол жерде «Өй мынауың, өлік қой, қазір мына жерде жан тапсырар, одан да апарып сыртқа лақтырып кетіңдер» дейді. Сөйтіп, қоқысқа лақтырып кеткен екен мені. Ессіз жатқан жерімнен бір журналист кісі тауып алып, Ақсай жақтарда бос тұрған үйлердің біріне апарған екен. Үш күннен кейін ауылдағы бауырларымды шақыртып, үйіме қайттым жаралы күйде.

  

Ұлбосын Сейітқазиева,

«Желтоқсан ақиқаты» республикалық патриоттық қозғалысы ұйымының аудандық бөлімі төрағасының орынбасары:

Ол кезде он жеті жастағы ауылдан қалаға барған кезім. Байланыс техникумының студенті едім. Жатақханамыз дәл алаңның жанында болатын. 16 желтоқсанда шамамен сағат төрттерде Колбиннің сайланғанын хабарлайды барлық ақпарат құралдарынан. Ашу-ыза кернеген жастар бәріміз «неге қазаққа өзге ұлт өкілінен басшы сайлайды?» деген сұрақпен алаңға қарай ағылдық. Біздің салт-дәстүрімізден, менталитетімізден, таным-түсінігімізден мүлдем алшақ біреуді сайлағанына, орыстың теперішінен онсыз да жапа шегіп жүрген халықты мүлдем құрдымға кетірейін дегеніне намыстанып, елдің ертеңіне алаңдаған жастар жиналды. Себебі, сол кездерде балабақша, мектептердің бәрі тек орыс тілінде болды. Ауылдан қалаға жоғарғы оқу орнына түсем деп келетін балалардың орыс тілінде сауатты сөйлеп, білімін орыс тілінде дұрыс жеткізе алмағандықтарынан оқуға қабылданбайтын. Тауы шағылып, орысша білмейтін «топас» болып шыға келетін еді бір сәтте. Осының бәрі де қазақ жастарының ішіндегі ар-намыстың отын маздатып, ата-бабамыздан қалған өз жерімізде ана тілімізде сөйлей алмай қор болғанымызға күйініштің арнасынан асқандығының көрінісі болды. Тіпті, омыраудағы балаларын біреуге қалдырып, екі жасар бүлдіршіндерін ойыншыққа алдандырып өздері алаңға шыққан жас аналар да ұлт намысын бәрінен жоғары қоя білді сол сәттерде.  Біздің ешқандай да артық ой, іс-қимылымыз болған жоқ. Бейбіт шеруге шыққан түріміз. Он алтысында кешкісін жатақханаларымызға қайтып, он жетісі қайта жиналатын болдық. Алайда, ол күні бізге оқу орнынан шығуға мүлдем тыйым салды. Әйткенмен, қалай жәй қарап отырамыз. Бір топ болып, екінші қабаттан секіріп төмен түсіп, жол бойында алаңға қарай жол тартып бара жатқан жастарға қосылып кеттік. Алғашқыдағыдай емес, бұл күні қарулы әскер ешкімді жолатпай, аязды күні алаңдағы жастарға суық су шашып, сапер күректермен ұрып, қуып, жан-жағымыздан қаумалап алды. Бірнеше қыздармен бірге бізді көлікке салып алып, апарып қамап тастады. Сұраққа алып, жер-жебірімізге жетіп, тәуліктік жұмыстарға жегіп, оқу орындарына сөгіс жариялады. Менің жасым небәрі он жетіде болғандықтан, он бес күнге қаматты да, кейіннен босатты. Алайда, сол босап шығатын күні абақтыдағы бір кісінің өтінішімен хатын алып шығып, мекен-жайына салып жібергенім үшін қайта қамауға алды. Мен, тіпті, ол кісінің кім және не үшін хат бергенін де түсінбедім, біле алмадым. Екі жарым жылға жабық сотта бас бостандығымнан айыру туралы үкім шығарды. Сол жерде екі айдай жатқаннан кейін жүрегіме ота жасалып, дәрігер мені өмірден өтті деп хабарлап, өзі жанымды алып қалды. Артынан ауылдан әкемді шақыртып, түнделетіп ауылға аттандырғаны бар. Үйде болып, ес жиып, денсаулығымды қалпына келтіргенімше де біраз уақыт өтіп, у-шу басылғаннан кейін қайта қалаға келіп, оқуымды жалғастырғанмын. Ал, сол кездегі оқиға, мені өлдіге шығарғандары бәрі тағы басыма бәле болып жабысама деп алаңдап едім, ол жайлы ешкім ештеңе қазбаламай, жабулы қазан жабулы қалпында қалды. 2004 жылы ақталғандығым туралы құжатымды қолыма алдым.

 

Берденғали Жандосов,

Рахат ауылының тұрғыны:

1986 жылы мен 22 жастамын. Киров зауытында жұмыс жасап жүргенмін. Сол жердің жатақханасында тұрамыз. 17-желтоқсанда зауытта істейтін он-он бестей жігіттермен жиналып, алаңға бардық. Бізді барғаннан «қайтыңдар, жиналмаңдар мұнда, тұруға болмайды» деп қуды. Лозунгілермен, үндеу қағаздарымен  жүрген жастар тарай қоймады. Керісінше, аяқ басар орын қалмады адамның көптігінен. Трибунаға шығып та сөйлеп жатты. Бәрі бейбіт түрде өтіп жатқан. Сағат үштерге қарай арнайы топ келіп, сыртымыздан дубинкалармен соққылап, үйретілген иттері бар, көлікпен су шашып берекемізді қашырды. Жастар намыстан өртенердей болып, қазақтарды сонша қорлағанына ашуланып, төбелес басталып кетті. Алаңға кірген адам шыға алмайды. Айнала қан-жоса. Еске алудың өзі қорқынышты. Әйтеуір әбден соққы жеп, қашып қала шетіндегі ағамның үйіне жеткенімді білемін.

  

Жұмагүл  Байсеркенова, желтоқсаншы:

Мен ол кезде 21 жастамын, Алматыда жұмыс жасап жүрген кездерім. Тұрмыстамын, бір балам бар сол сәтте. Алаңға шығып жатқандарды көріп, жанымыздағы құрбыларымызбен, біз де қосылайық дедік. Тағайындалған жаңа басшыға қарсылығымызды білдірейік деп бардық. Екінші күні, яғни, 17 желтоқсанда сол жерде болдық. Көтерілістің қызған сәті. Су шашып, ұрып, қуалап жатқан жендеттер. Қашып бара жатып бір сәтте артымнан соққыны сездім, арғы жағын білмеймін. Бәрімізді бір жүк көлігіне тиеп алған екен. Еміс-еміс есімді жиғаным сол еді, менің қимылсыз жатқаныма «Әй, мынау өліп қалған ғой, тастап кетіңдер, лақтырып» деген сөздерді естідім сыртымнан. Одан кейін не болғаны да беймәлім. Білмеймін қалай, әйтеуір, бір уақыттарда оянсам күл-қоқыстың ортасында жатырмын айдалада. Үсті-басым қан-жоса. Сүйретіліп, әрең қаладағы пәтеріме жетіп, артынша бірден ауылға аттанып кеттік.

 

Жанат Атабаев,

«Желтоқсан ақиқаты» республикалық патриоттық қозғалысы ұйымының аудандық бөлімінің төрағасы:

Желтоқсанның ақиқаты әлі де түгел ашылған жоқ. Көп құжаттар қасақана жойылып, мәліметтер ғайып болған. Ең бастысы, бәрімізге белгілісі – сол кезде алаңға шыққан бойында намысы бар қазақтың ұлдары мен қыздары. Ал, Абай даңғылынан төмен қарай түссең бәрі тып-тыныш, күнделікті тіршілік. Ешкімнің ештеңемен шаруасы жоқ. Оларға кімнің сайланып, тағайындалып жатқаны бәрібір сияқты. Дәл солай қаланың жоғарғы жағына қарай жүрсең де күйкі тірліктен басқамен бастарын қатырғысы келмейтін адамдар. Алаңдағы жастардың ұлт намысы үшін қанға бөгіп жатқандығынан хабары да жоқ, тіпті, хабары болса да ісі жоқ. «Аш пәледен қаш пәленің» кебінде еді. Ал, орталықта болашақтың қамы үшін күрес жүріп жатқан-ды. Ол жерге тек жүрегінің түгі бар, қазағым деп намысты бәрінен жоғары қойып, жанын шүберекке байлаған жалынды жастар жиналған еді. Олардың қазақ тілі, елі, жері үшін күресіп жатқандығы ұлтшылдық деп бағаланып, жаншылды. Ал, сол кездерде, мысалы, қоғамдық көліктерде болсын, қазақ пен қазақ өз тілінде сөйлеп тұрса түртпектеп, «чего на своем разговариваете? Это не культурно. Говорите на русском» деп тыным бермегені, қарапайым ауылдың қазақ баласына жоғарғы оқу орнына түсу үшін орыс тілін білуге міндетті болғаны – бәрі жиналып, бір сәтте бір шешімнен кейін жарылған уағы еді. Желтоқсанға қатысқан кез-келген ұлдар мен қыздар мен үшін қаһарман. Олардың ішінде қаншамасы ақталмай жатыр әлі де. Көтеріліске қатысқандардың дені негізінен көкірек көздері ояу, жалындаған, сауатты студент жастар еді. Ал, оларды бұзақылар, маскүнемдер, ұлтшылдар деп шығарды. Неге ондай жағдайларда, мысалы, орыстар патриоттар болады да, ал байғұс қазаққа ұлтшыл, бірлікті бұзған деп айып тағылады. Керісінше, қазақ жастары патриоттықтың жоғарғы үлгісін көрсете білді сол қанды күнде. Қазақ жастарына жасалған әділетсіздік, шындықтың беті тұмшаланып, ақиқаттың әлі сыртқа шықпағаны – өкінішті. Қанша қыршынынан қиылған қазақтың бозбалалары мен бойжеткендері құрбан болды. Денсаулықтарынан, болашақтарынан айырылды. Арамызда жүрген желтоқсаншылар – ертеңгі тарих, бүгінгі күннің батырлары. Оларды көздері тірісінде қадірлеп, тиісті құрмет көрсетілуі керек. Біле білсеңіздер, көтерілісті жаншып, басқаннан кейін де қазақтарға қарсы сұмдық іс-әрекеттер жалғасып жатты. Орыс жұмысшыларының қолына арматуралар беріп, көшеден көрген кез келген қазақты соққыға жығуға рұқсат берілді. Мейлі, ол жас па, кәрі ме, ер ме, қыз ба, тіпті, балалы ана ма бәрібір. Көздеріне көрінгенін көшеде ұрып, соққыға жығып жатқандарына куә болдық. Сондай бұзақылықтары ескерусіз қалып, ел намысы үшін күрескен қазақ жастары бірнеше жылдарға сотталып кете барды.

 

P.S. Иә... Ағаларымның естеліктерінен жаным түршігіп, әпкелерімнің көз жасын сығып отырып баяндаған бастан кешкендерін жанарымнан жас құрғамай тыңдадым. Тәуелсіздіктің құрдасы бола тұра, осынау Ұлы күнге жетуге атсалысқан батыр адамдармен жүздесіп, сұхбаттасқаныма шүкірлік еттім. «Мың өліп, мың тірілген» батыр халықтың қызы болғанымды мақтан тұттым Тәуелсіздіктің тойына ғана куә болып жүрген, құрдастарымдостарым, қастерлі күннің артында қаншама құрбандықтың ізі жатқанын ұмытпайықшы!                                              

 

 Алмагүл НҰҒМАН.

Published in Тарих

   Азаматтық қоғамды дамыту – Елбасы Н.Назарбаевтың нақты тапсырмаларының алдаспаны. Сондықтан болар оны жүзеге асыруда қоғамдық қорларға қамқорлық көрсету мемлекет тарапынан жыл санап артып келеді. Бұл үлкен қуаныш. Қолдау қамалының алғашқы шегесі сонау 2002 жылы қағылған еді. Яғни, Үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдаудың тұжырымдамасы шыққан. 2003 жылы оны жүзеге асырудың арнайы бағдарламасы да әзірленді. Онда: «Еліміздегі қоғамдық қорлардың тұрақты дамуына жағдай туғызу және мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау мен өзара іс-қимыл негізінде олардың қоғамдық әлеуметтік мәселелерді шешудегі рөлін арттыру» деп мақсатын айқындаған. Кейіннен үкіметтік емес ұйымдар ұйытқы болған еліміздегі тұңғыш өткен азаматтық  форумға Елбасы арнайы қатысты. Сондай-ақ, 2005 жылы Көшбасшымыз отандық үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен кездесу өткізді. Дәл сол жылы республикалық бюджеттен маңызды мәселелерді шешуде ҮЕҰ қатысуының құқықтық негізін қамтамасыз ететін ҚР «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы» Заң қабылданды. Содан бері он екі жылдың жүзі болды қоғамдық қорлар құлашын кеңге сермеді. Яғни, біліктілігін байқатса, грант ұтып, әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік алады. Бұл игі дәстүр ауданымызда жоғары қарқынмен дамып келеді. Оған дәлел, соңғы бес жыл қатарынан аудан әкімінің тікелей қолдауымен арнайы лоттар бойынша гранттар ойнатылды. Үздік шыққандары тиісті жұмыстарын жүйелі жүргізді. Биыл да 11 жоба аудандық ішкі саясат бөлімі тарапынан жүзеге асты. Жыл басынан басталған жұмыс жуырда ғана тәмамдалды. Қорытындысын білу үшін аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Момунжан Исламовпен жолыққан едік.

  

– Құрметті Момунжан Акваржан-ұлы, азаматтық қоғамды дамыту – өркениетті елдердің өресіндегі серпіліс емес пе?

– Елбасымыздың тікелей тапсырмасымен жүзеге асып отырған азаматтық қоғамды дамыту қағидасы үкіметтік емес ұйымдарға жарқын жол ашты. Екінші жағынан бұл өзіңіз атағандай озық отыз елге қосылуға оң қадам. Өйткені, қазір әлемнің дамыған елдері АҚШ, Жапония сондай-ақ, Еуроодаққа мүше алпауыттар әлдеқашан азаматтық қоғам қағидасын қабылдап қойды. Соның аясында әлеуметтік мәселелерді шешуді қоғамдық қорлардың құзырына берген. Ондағы межені біліп отырған шығарсыз, әрбір азамат өз елінің шынайы патриоты болу керек. Мемлекетке қол жаймай, өз мәселесін шешуге өзі атсалысқаны абзал. Осы тұрғыдан қарағанда, қоғамдық қорлардың атқарар жұмыстарының ауқымы зор.

– Уақыт тынысымен үзеңгілес шапқан елімізде зор серпіліс орын алуда. Оның ішінде қоғамдық қорларға да айтарлықтай көңіл бөлініп отырғанын көріп жүрміз. Оң ықпал ауданымызда да бар ғой?

– Әрине, Еңбекшіқазақ аудан әкімдігінің жанынан азаматтық қоғам институттарымен өзара байланыс жөнінде кеңес жұмысын жүйелі жүргізуде. Бүгінде кезекті отырыстар жүйелі өткізіліп отырады. Онда өткен жылғы есептер тыңдалып, жаңа жылға жоспарлар жүйеленді, сатып алу-сату заңындағы өзгерістер айтылды, сондай-ақ, өз ісінде біліктілігін танытып жүрген бірлестіктердің есептері тыңдалды. Бұдан бөлек күн тәртібіндегі мәселелер де қаралып, өзара еркін пікір алмасулар болды.

– Пікір алмасулар аудандағы үкіметтік емес ұйымдардың дамуына нендей өзгеріс әкелді?

– Әлбетте, істелген жұмыстың нәтижесін көруіміз тиіс. Бұл ретте аудандағы бірқатар қоғамдық қорлар мемлекеттік тапсырысқа электронды өтініш білдірудің жолдарын түсінді. Сөйтіп, ашық конкурсқа қатысты. Ең маңыздысы, осыдан бірер жыл бұрын ауданымызда 47 ҮЕҰ болса, биыл оның саны 54-ке өсіп отырғаны. Бұл өз кезегінде қоғам белсенділігінің артқанын көрсетеді.

– «Аттың бәрі тұлпар емес, құстың бәрі сұңқар емес» дейді дана қазақ. Осы ретте өз ісінде біліктілік танытып жүрген қоғамдық қорларды атасаңыз...

– Әрбір қоғамдық қор өңіріміздің дамуына түймедей болсын үлесін қосып келе жатқаны айқын. Себебі, әрқайсы өз бағыты бойынша жұмыс жүргізуде. Сондықтан бөліп-жарудан аулақпын. Әйткенмен, өзіңіз айтқандай, белсенді ҮЕҰ-дар да бар. Олардың қатарына Еңбекшіқазақ аудандық жергілікті қауымдастықтар қоры, «Елім-ай» қоғамдық қоры, «Еңбекшіқазақ аудандық Әйелдер одағы» қоры, «Ақжүніс» қоғамдық бірлестігі, «Еңбекшіқазақ жастары» қоғамдық бірлестігі, «Інтізар» дағдарыс орталығы қоғамдық қорын қосуға болады.

– Биылғы жылы іске асқан жобалар және олардың жетістігі хақында не айтасыз?

– Биылғы жылы мемлекеттік саясатты жанжақты түсіндіру, елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформаларды насихаттау, тұрғындарға ұғындыру мақсатында жалпы сомасы 9 млн теңгеге 11 лот ілінген болатын. Мемлекеттік сатып алу-сату заңы аясында ауданымыздан «Елім-ай», «Еңбекшіқазақ ауданының жастары» қоғамдық қорлары, сондай-ақ, аймақтық қорлар да жеңімпаз атанып, жұмысын жүйелі жүргізді. Нәтижесінде, 50 мыңға жуық адам тікелей қамтылды. Барлық өткізілген іс-шаралар аудандық, облыстық мерзімді басылымдарда, аудан әкімдігінің ресми сайттарында, әлеуметтік желілерде жарияланды. Оны көпшілік оқып, біліп отыр. Бір қуантарлығы, тапсырыстан бөлек, бұл қоғамдық қорлар аудан тұрғындарына барынша қайырымдылық жасап жүрген, оны өзінің парызы санайды. Біз осындай азаматтарымызбен мақтанамыз.

– Халықаралық деңгейдегі тапсырыстардың жеңімпазы боп жүрген қоғамдық қорларды да білеміз. Бұл ауданға инвестиция тартудың бір жолы емес пе?

– Әрине, биылғы жылы «Шығыс әйелдерінің халықаралық экологиялық қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі Еуроодақтан ауданымыздағы экономика, ауылшаруашылығы кәсіпкерлікті қолдау мақсатында 572 358 евро ұтып алған. 2017 жылдың наурызынан бас-талған жұмыс 2020 жылдың маусымына дейін жалғасады. Сондай-ақ, Еңбекшіқазақ ауданының жергілікті қауымдастықтар қоры ауданымызда ауылшаруашылығына жасыл технологияны енгізу мақсатында БҰҰ даму бағдарламасы (ПРООН) арқылы 17 517414 млн теңге, ауыл әйелдерінің кәсіпкерлікпен айналысуына қолдау көрсету үшін 3 670231 млн теңге алып, жұмыс істеуде. Мұның өзі ауданымыз-дағы қоғамдық қорлардың кәсіби біліктілігінің жыл санап артып келе жатқандығының айғағы.

– Алдағы жоба-жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз...

– Жүйелі жұмысымызды келесі жылы да жалғастырмақ ниеттеміз. Қазіргі уақытта Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында және дәстүрлі Жолдауларының орындалуын насихаттау мақсатында ауқымды ойларымыз бар, нақты жоспарларымызды да құрып отырмыз. «Арық айтып, семіз шық» дейді ғой қазақ. Осы орайда жоспарымыздың іске асқанын жаңа жылдан кейін көре жатарсыздар. Ең бастысы, жыл басынан жұмысты жаңа серпінмен бастаймыз.

– Тәжірибесі, біліктілігі кемшіл түсіп жатқан қоғамдық қорларды ынталандыру ойларыңызда бар ма?

– Өте орынды сұрақ қойып отырсыз. Қазір заман ағысы желдей жүйрік. Заңдағы өзгерістер де қауырт. Осы ретте көшке ілесе алмай жатқан ҮЕҰ-дар да жетерлік. Ендігі жылы дәл осындай қоғамдық қорларды қолдау мақсатында премия енгізсек деген ниетте отырмыз. Оған өзіңіз атаған мемлекеттік тапсырыстан ұтылып қалған жәна қатыса алмаған ауданымыздағы кез келген қор қатыса алады. Өз жобасын ұсынады, арнайы комиссия шешімімен үздік шыққан үкіметтік емес ұйымға премия беріліп, жобасын жүзеге асыруға мүмкіндік туғызылады. Мұндағы мақсатымыз – кез келген қоғамдық қордың белсенділігін арттыру, оларға барынша қолдау көрсетіп, демеу болу. Екінші жағынан өзара бәсекелестікті арттыру. Себебі, бәсеке бар жерде даму бар.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

Published in Саясат
Бейсенбі, 13 Желтоқсан 2018 22:57

Қос ішектен күй күмбірлеткен күн

  Қайсыбір елде де өзінің атадан балаға жеткен көзінің қарашығындай сақтап, қымбат қазынасына айналдырған ұлттық дәстүрлі музыка өнері болады. Сол сияқты қазақ үшін күй өнері – ұрпақтан ұрпаққа берілген өшпес мұрасы. Осы жүйені  жалғастырып, құндылығын жоғалтпаған төл өнерімізді насихаттау мақсатында жуырда аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен, «Адам және қоғам» үкіметтік емес ұйымының ұйымдастыруымен «Бабамыздың үнісің сен – домбыра» атты аудандық жас күйшілер байқауы өтті.

  Қос ішектен күмбірлетіп күй төккен 50-ге жуық жас өрендер өнерлерін ортаға салып, бақ сынады. Жас дарындардың талантын ұштап әділ бағасын берген қазылар алқасының құрамында Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Бектұр Мұхаметалиев, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Думан Мырзақожа, ҚР мәдениет үздігі  Арайлым Мамырбекова, Қаракемер ауылдық округінің әкімінің орынбасары Ұлан Мәлікұлы болды.  «Қос ішектің бірін қатты, бірін сәл-сәл кем бұра, нағыз қазақ - қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра», – деп ақын Қадыр Мырза Әлі айтқандай қасиетті аспабымыздан шыққан әрбір үн көрерменнің бойын балқытып, жан сарайын ашты. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, ерекше өнерімен көрермен қошеметіне бөленген М. Әубәкіровтың «Талас» күйімен Есік гуманитарлық - экономикалық колледжінің студенті Жасүрпек Құдайбер-генов топ жарды. ІІ орынды Абылай хан атындағы орта мектептің оқушысы Ерболат Өтемісов пен Бекарыс Алламбергенов иеленсе, ІІІ орынды Нұрдос Оразхан мен Тұрғанбек Ерасыл қанжығасына байлады. Топтық өнер көрсеткен Райымбек орта мектебі мен Малыбай ауылдық округінің жас күйшілер ансамбліне және Ақши мен Қаракемерлік өнерпаздарға арнайы диплом мен бағалы сыйлықтар табысталды.

  

Жансая ЫСҚАҚ

Published in Жастар
Бейсенбі, 13 Желтоқсан 2018 10:52

Аграрлы ауданымыз үздіктер қатарында

Өңіріміздегі ауылшаруашылығы саласының биылғы жетістігі мақтауға тұрарлық. Атап айтсақ, соңғы бес жылдың ішінде ауылшаруашылық өнімі 2 есеге өсіп, 2017 жылдың қорытындысы бойынша 100 млрд теңгеге жетті. Өсімдік шаруашылығы 2,2 есеге, мал шаруашылығы 163 пайызға, агроөнеркәсіп кешеніне тартылған инвестиция көлемі 50 есе өсті. Мұның бәрі жүйелі жұмыс пен нәтижелі еңбектің өнбегі. Қуаныштысы сол, тынымсыз тер облыста еленді. Жуырда облыс әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен өткен ауылшаруашылығы саласының үздіктерін марапаттауда біздің де өңір биіктен көрінді, 2 дәрежелі дипломды аудан басшысына облыс әкімі салтанатты жағдайда табыстады.

Сондай-ақ, «Заңды тұлғалар» номинациясының жеңімпазы ретінде ауданымыздың «Адал» агроөнеркәсіптік компаниясы танылып, МТЗ-82 тракторын иеленді.

Салтанатты шара барысында жоғары кәсіби біліктілігі және облыстың ауылшаруашылығын дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар азаматтарға төсбелгілер табысталды. Арасында Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Бекетаев та бар. Ұзақ жылдар ауданымыздың ауылшаруашылығы саласын бағыттап келе жатқан Мақсат Тоқбергенұлы «Ауылшаруашылығының үздігі» төсбелгісіне лайық деп танылды.

Осылайша, толағай табыспен ауданымыздың ауылшаруашылығы саласы жылды қорытындылады. Ендеше, келесі жыл жаңа белестерді бағындыруға жол ашсын демекпіз.

«Еңбекшіқазақ».

Published in Мақалалар

  Алматинская область обладает большим потенциалом  в сфере туризма. По итогам года количество туристов достигнет 2 млн., из них 1 млн. приходится на озеро Алаколь. Об этом, в ходе пресс-конференции в Службе центральных коммуникаций рассказал аким Алматинской области Амандык Баталов.

- Это стало возможным благодаря целенаправленному развитию побережья озера Алаколь с обеспечением транспортной доступности и зонами отдыха, не уступающим зарубежным аналогам. В этом году Глава государства побывал на Алаколе,​дал конкретные поручения по дальнейшему развитию побережья озера, и туризма в целом, - сказал глава региона.

  Так, планируется реконструкция взлетно-посадочной полосы, берегоукрепительные работы, а также строительство сетей водоснабжения и канализации. На примере озера Алаколь принимаются меры по обеспечению транспортной доступности к местам туристких объектов для привлечения туристов.

  К слову, недавно построили дорогу до озера Кольсай, Чарынского каньона и начата реализация крупного проекта по реконструкции (140 км) дорог до озера Балхаш.

  Конкурентное преимущество жетысуского края заключается в богатой культуре, наличии живописной природы, и возможности заниматься практически всеми видами туризма.

 

Региональная служба коммуникаций Алматинской области

Published in Саясат

  Биыл, Алматы облысына 2 млн. турист келген, оның 1 миллионнын Алакөл жағалауында демалушылар құраған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-мәслихатында облыс әкімі Амандық Баталов мәлімдеді.

  Қазақстанда туристік ағымының үштен бірі Алматы облысына тиесілі.  Жетісу жері өзіне  туристтерді жетелейтін барлық байлыққа ие. Яғни, ұлттық паркттер, биік шыңдар, мөлдір таза көлдір мен өзендер және кенжелей, бірақ ерекше қарқынмен дамып келе жатқан агротуризм саласы. Және де облыста туризмнің барлық түрлерін қолдануға болады. Мәселен, сакралдық, экологиялық, мәдени-тарихи, кемпингтік, гастрономиялық, аңшылық, этнографиялық және әлеуметтік-экономикалық. Осы арқылы туризм өркендеп қана қоймай, облысқа түрлі инвестиция тартылып, жаңа жобалардың тууына себепші болмақ.

-Биыл біз туризм саласында бірнеше жұмыстар атқарды. Яғни туристтік орындарға жол салыну, инфрақұрылымын көтеру, жағалауға керекті жаблықттарды орнату және қызмет көрсету салсын көтеру. Бұл жұмыстар әле пысықталып, одан әрі жақсартыла бермек. Ол үшін Елбасы Н.Ә.Назарбаевта ерекше көңіл бөлуде - дейді Амандық Баталов.

  Айта кету керек, жақында Көлсай көлімен Шарын каньонына дейін жол салынып, Балқаш көліне дейінгі жолдарды қайта жаңарту бойынша ірі жоба (140 км) іске асырыла бастаған.

 

 Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі

Published in Саясат

  В Алматинской области успешно выполняется задача по 100-процентному охвату детей дошкольным образованием. В этом году уровень обеспечения образовательными учреждениями будет доведен до 98%. В целом в области 616 детских садов, из них 433 являются частными, что составляет 70,3 %.

  К слову, как поделился аким Алматинской области Амандык Баталов, на брифинге Службы центральных коммуникациий, в сфере образования важно ликвидировать трехсменное обучение.

 «На начало 2017 года было 49 трехсменных школ, в рамках программы «Нурлы Жол» построено 33 школы. Однако, с учетом высокого уровня рождаемости- 50 тысяч детей и внутренней миграцией, контингент учащихся ежегодно растет до 20 тысяч. За счет дополнительно выделяемых средств в регионе строятся новые школы»- отметил  он.

  В связи с ростом демографии, в прошлом году появилось 13 новых трехсменных школ, в этом году-11, сейчас их стало 34. Ведется строительство 8 школ, которые будут сданы в эксплуатацию в 2019 годуоду. Остальные будут построены поэтапно за счет дополнительно выделяемых, озвученных Главой государства в Послании.

  Необходимо отметить, что в Алматинской области особое внимание уделяется детской безопасности. На сегодня в 1092 или 72% организаций образования установлены камеры видеонаблюдения, в 2019 году охват будет доведен до 100%.

                                                                                    

Региональная служба коммуникаций Алматинской области

Published in Саясат

  Алматы облысы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткішін 100 пайызға жеткізу жолында бір қатар жұмыстар атқарған. Айтап айтқанда, биылғы жылы білім беру мекемелерімен қамтамасыз ету деңгейі 98% - ды құраған. Жалпы облыста 616 балабақша, оның ішінде 433 жеке меншік меншік.

  Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың айтуынша, білім беру саласында үш ауысымды оқытуды түбегейлі жою маңызды.

 "2017 жылдың басында 49 үш ауысымды мектеп бар балатын. Осы мәселе аясында облыста " Нұрлы Жол " бағдарламасы бойынша 33 мектеп салынды. Алайда, бала туудың жоғары деңгейін ескере отырып - 50 мың бала және ішкі көші-қон, оқушылар контингенті жыл сайын 20 мыңға дейін өседі. Қосымша бөлінген қаражат есебінен өңірде жаңа мектептер салынуда", - деді ол.

 Сонымен қатар, демографияның өсуіне байланысты өткен жылы 13 жаңа үш ауысымды мектеп пайдалануға берілсе, биыл 11 білім ордасы құрылды. 2019 жылы пайдалануға берілетін 8 мектептің құрылысы бітуге дайын. Және де, Мемлекет басшысының соңғы Жолдауында аталған қосымша бөлінетін қаражат есебінен кезең-кезеңмен жаңа мектептер салынатын болады.

  Алматы облысында балалар қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінетінін атап өту қажет.  Бүгінгі күні білім беру ұйымдарының 1092-сі, яғни 72% - на бейнебақылау камералары орнатылған, 2019 жылы қамту аумағы 100% - ға жеткізілмек.

 

Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі

Published in Саясат
Page 1 of 2

Күнтiзбе

« Желтоқсан 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жк
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама