Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Күндер бойынша реттелген элементтер: Бейсенбі, 17 Қаңтар 2019
Бейсенбі, 17 Қаңтар 2019 17:54

Әжібай батыр және оның ұрпақтары

Иә, «Әжібай тоғанының» суы – ел ырысы, жер нәрі. Бұл аймақ осы тоғанның суы арқылы тіршілікте. Ендеше арна неге «Әжібай тоғаны» аталған? Ал Әжібай деген кім?... Енді  мені осы сұрақтың жауабы мазалағаны... Білмекке бірер қариялармен жүздестім. Бәрінің жауабы бірдей. Солардан тау етегіндегі «Таутүрген» ауылының тұрғыны, ардагер ақсақал Бақыт Бөркеевтың тарихи әңгімесін тындағаным өзімше.

Әжібай Найманбайұлының тікелей ұрпағы, академик-тарихшы, медицина ғылымының докторы, «Қазфармация» акционерлік қоғамының президенті Кеңесбай Үшбайұлымен тілдестік. «Ер Әжібай» жырын кирилица қарпіне көші-ріп, оның түсініктемелерін жазған ауыз әдебиетін зерттеуші Тоқтар Әлібек, әде-биет зерттеушісі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің  журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы, ардагер журналист Асқанбай Ерғожаев, Кеген аудандық «Қарқара» газетінің қызметкері Келеке Құсайынов, сексен сегіз жастағы Райс Рысдәулетұлына, жетпіс алты жастағы Өмірқұл Майлыбаев, ауыл мен аудан ағасы дәрежесіне жеткен Дүйсебек Рақымжан бастап осы мәселенің төркінін шешуге талаптануға қатысқаным. Бұлар Әжібай ұрпақтары. Батыр бабалары жайлы білгендерін әңгімелеуде. Ертеде жазу болмаса да ауызша деректер ел аузында сақталған.

Әжібай ұрпақтарынан бір-бірінен ұқсастық іздеген суретші-педагог Қуандық Жігітекұлы Карбузов дулыға мен сауыт киген Әжібай суретін салған. Ол сурет 2018 жылы Суретшілер Одағының залында өткен республикалық көрмеде халықтан жоғары баға алған. Жоңғар шапқыншылығында ел мен жері үшін жанын құрбандыққа шалған халық батыры Әжібай есімін мәңгі есте сақтау үшін Алматы қаласынан оған бір көше атауын берген. Еңбекшіқазақ ауданы «Асысаға» ауылында халық қаражатымен «Әжібай мешіті» салынып, ол Алланың екінші үйі атанады.

Әжібай Найманбайұлының туған жері облысымыздың Еңбекшіқазақ ауданы Таутүрген ауылы. Батыр баба 1699-1777 жылдар аралығында өмір сүрген. Таутурген ауылы киелі, қасиетті жер. Республика тарихына алтын әріппен жазылған атамекен. Таутүрген айтыскер ақын Құланаян Құлмамбеттің кіндік қаны тамған тарихи мекен. Сол 1825-1915 жылдары тұлпар тұяғын дүбірлеткен батыр Медетбек Есебайұлының сүйегі жатқан киелі жер. Медетбек батырдың кесенесі де осында. Импровизатор ақындар Жамбыл Жабаев пен Құланаян Құлмамбеттің айтысы өткен, дүркіреген өңір.

Кешегі Кеңес Одағы кезінде Таутүрген ауылы ешкі малын өсірумен облыста үлгілі колхоз атанған. Колхозды Әбілда Бөркеев басқарған. Ұлы Отан соғысы жылдары майдандағы жауынгерлерге киім-кешек апарып, жеңіске жігерлендірген шаруашылық. Бертін Ленин атындағы колхоз бөлімшесі атанған. Жүгері дәнін жинауда республика және одақ көлемінде рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізген атақты колхоз. Колхоз бау-бақша өсірумен де айналысқан. Кейін мал шаруашылығы мықтап дамыды. Қазір кооперативтерге бөлініп, әркім өз тіршілігін өзі өркендетуде.

Таутүргенді батырлар ауылы десе де болады. 18 ғасырдың басында Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Жалайыр Ескелді, Шапырашты Наурызбай, Албан Ханкелді, Райымбек батыр бастаған батырлар ерлігі тарихтан халыққа мәлім. Біздің ұланғайыр жерімізді сақтап, ұрпаққа аманаттаған.

Шақшақ Жәнібек, Көкжал Барақ, Қарасай, Қасқары, Әжібай, Өтеген, Қаржау, Елтінді, Малай, Сатай, Аралбай, Есімбек, Шағаман, Қараш ерлігі халыққа енді дәріптеліп, олардың есімдері елді мекендерге берілуде.

Мәселен, «Асы» жайлауына Түрген өзенінің бойымен барарда Бас Қараш, Орта Қараш, Аяқ Қараш жайлауларын басып өтесің. Жазда жайлауға көшкен малшылар Асыға  жеткенше жол бойында түнемелеп, ертесі тау бөктерлеп жеткен.

Әжібай батыр туған Таутүргеннен шығысқа қарай созылатын ендігі бір жол Төрежайлауға апарады. Одан ары сабау қамшылы, салт атты ғана жүретін Құмбел асуы. Бұл асу «Асы» жайлауына жететін төте жол. Түрген өзені бойымен ертеңгі азанда шыққан салт аттылар Асыға кешкі ымыртта әрең жетеді. Ал төте жол Құмбел асуы арқылы бірер сағатта Алатауды асып Асыға барасың. Бұл қыя жолдар ертеде салт аттылардың, барымташылар мен ұрылардың, аңшы мен қарақшылардың ғана жүретін тың соқпағы, төте жолы болған.

«Төрежайлау», «Құмбел», «Белшабдар», «Қараш» секілді ежелден сақталған атаулар. Ат белінен түспеген құс ұйқылы батырлар жауға қарсы шапқанда қар, жел демей жүре берген. Археологтардың қазба зерттеуі бойынша жазба деректерден гөрі тұрмыстық заттар арқылы анықталуда. Соның бір айғағы – Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Иассауи кесенесіне кіретін, Әзірет Сұлтан кесенесін жөндеу және қалпына келтіру басталған 1992 жылдары қазбадан жерленген билер мен батырлардың сүйектері және қару-жарақтары шыққан. Соның бірінде «Мұнда Ер Әжібай батыр жерленген» деген жазу табылған. Демек, Алатаудан аттандап шыққан Әжібай батырдың сарбаздары Жоңғар шайқасында Түркістанға дейін барған.

Зона батыр жеңілген соң қалмақтар үдере қашады. Зонаның сүйегін де алмайды. Әжібай: «Зонаны батыр еді», -  деп арулап жерлейді. Басына тастан белгі қояды.

Содан бастап қазақтар жауға шапқанда: «Уа, әруақ! Уа, Әжібай!» деп ұрандайтын болған. Батыр аруағына сыйыну әлі де бар. Әжібай содан бері «Қызылбөрік» руының ұранына айналған. Әжібайдың батырлығы өз алдына, еңбекқорлығы, болашақтың қамын ойлайтын шаруақорлығы және бар. Оның сол кездегі бастамасының рахатын елі, жері әлі күнге дейін көруде.

Ол – «Әжібай тоғаны». Әжібай батыр ел жинап Таутүрген ауылының жанынан ағатын Түрген өзенінен жырып, үлкен арна қаздырған. Сол арна арқылы Қаракемер, Сатай, Талдыбұлақ, Ақши, Атамқұл ауылдары егістігін, көкөніс өнетін бау-бақшасын осы тоған суымен күні бүгінге дейін суғарады. Бұл арна әлі де жылдар, ғасырлар бойы «Әжібай тоғаны» деп аталады. Әжібай тоғанын салу да өзінше бір әңгіме. Таутүрген ауылының күншығыс жағынан, Түрген өзенінің бір қылта жерін бұрмалап, еңіске қарай су ағызу керек болды. Арна тартылған жерге үйдей тас кептелген. Оны халықтың итеріп жылжытуы мүмкін емес. Ол кезде казіргідей техника жоқ. Әжібай білектің жуандығындай қыл арқанды елден жинатып, тастың ортасынан орап байлайды. Соңғы күштерін салып жұрт «Уа, Алла! Уа, аруақ! Уа, Әжібай!» деген кезде тас аударылып түседі. Халық тоғанды қолмен қазып, төменгі елге су шығарады. Біртіндеп отырықшылыққа үйренген ел сол суды әлі пайдаланады.

Әжібайдың ұрпақтарын ел таниды, халқына танымал атақты азаматтар. Үлкен ұлы Құдагелдінің баласы Дәркенбай өз заманында шешендігімен танылған. Оның немересі Мейірман азулы ақын болса, шөбересі  Досжан көп жылдан бері Алматының басындағы тау ішіндегі «Аққайың» санаториясының директоры, республикаға белгілі азамат. Ортаншы ұлы Мәуке іскерлігімен және әділдігімен көп құрметтісі. Кіндігінен көп ұрпақ тараған бір рулы елдің басшысы. Одан кейінгі Жалбыдан шыққан Мақсұтты арғы бет пен бергі беттің бар қазағы таниды. Ол кезінде батыл да өжет би, болыс болған. Ал кіші ұлы Бердіқожадан тараған ұрпақ ішінен Әжібай аруағын қайта жаңғыртқандар Кеңесбай Үшбаев, Сол секілді Сағатбек Медеубекұлы, Әлібек Тохтарлар белгілі ғалымдар. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген осы.

 

Сөз түйіні

 Толағай сөзді түймедей түйінмен доғарар болсақ, Әжібай батыр тарихта белгілі тұлға. Еліміздің бүгінгі бейбіт тынысы, егемендігі үшін, ұлан ғайыр жеріміздің сүттей ұйыған берекесі үшін күрескен, ата-баба аманатын ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырған батыр. Батыр баба әруағын пір тұтқан, киесі бар қасиетін түсінген, бағалаған халқы және тікелей ұрпақтары «Әжібай» қорын ашпақ. «Әжібай тоғаны» басына есімі жазылған құлпытас орнатпақ. Тарихи деректермен жазылған «Ер Әжібай» кітабын және «Қызылбөрік Хан Тотас ұрпақтары» ғұмырнамалық шежіре жинақты жалғастырмақ. Әруағына ас беріп, құран бағыштамақ.

Бір сөзбен айтқанда, дарабоз батыр рухына бас ие отырып, халқымыздың рухын қайта жаңғырту, кейінгі ұрпаққа үлгі, өнеге қалдыру.

 

Нұрсадық Сарғожаев,

Еңбекшіқазақ және Талғар аудандарының Құрметті Азаматы,

журналист-жазушы.

Published in Тарих
Бейсенбі, 17 Қаңтар 2019 17:51

Тектінің тұқымы

Бұл күнде жасымыз жарты ғасырдан асып, алдымыз келін түсіріп, қыз ұзатып немерелі болып, ата-апа атанған достарымды кездестіргенде бала күнгі бал қылықтарым еске түседі. Біздің ауылда алдымыздағы аға буындардың үлгісі болар 6,7 класқа келгенде, жастары қатар құрдастар  он шақты, тіпті одан да көп балалар бірігіп, достық құратын дәстүрге айналған үрдіс бар еді. Шамасы 1982 жылдың көктем айы болса керек, 7 сыныпта оқимыз. Үзіліс кезі болатын, кластас достармен мектеп ауласында жүргенмін. кенет «В» сыныбында оқитын  аласа бойлы өзі бұзықтау Мақсат Мұсабеков келіп амандасты да, – кешке сағат 7-де  «Диірменнің» артына кел, жолығатын шаруа бар, өзің ғана – деді. Келсем, 10-15-тей әр кластан өзім қатарлы жігіттер жиналыпты. Ортада сөйлеп тұрған орта бойлы, тығыршықтай денелі жігіттің әңгімесін естуге алға ұмтылдым. Айтылып жатқан сөзінің түйіні. Бәріміз құрдаспыз, ауылдаспыз, бірігіп дос болсақ дегенді айтты. Ортаға «А» класында оқитын біздің көшеде тұратын Серік Боқаев бастаған  Аманжол Ибрагимов, Бекмұханбет Көркембаев, Ұлан Қайыпов т.б «Б» класының оқушылары Жұлдыз Тұяқов, Айболат Қабылбеков, Нұржан Малаев, Еркін Топашов сияқты азаматтарының сөзін қоштап, «В» класынан Бауыржан Мырзабеков, Әкімғазы Шорабаев, Мақсат Мусабеков, Ергелді Өмірәлиев, Бағдат  Қабылбеков, Нұрлан Түтімбаев секілді азаматтар бірігіп дос болып бір-бірімізге адал әрі жанашыр болайық деп мәнді де мағыналы сөздерін айтты.

Дегенмен, жалпы біздің Абай атындағы орта мектебі бойынша төрт сынып бар,  әрбірінде 10,15-тей ұл бала, бірақ «Г» класынан менен басқа ер бала жоқ болғасын, елдің соңында құрдастардың кәделі сөздерін қолдайтынымды,  өкінішке қарай,  менен басқа да жігіттерді қоссаңдар болмай ма деген едім, Мақсат Мусабеков елден бұрын әзілдей сөйлеп, сенен басқа класыңда «атаман» жоқ, қаласаң бізбен дос бол деп кесіп айтты. Сол күннен бастап қысқаша  «РАМАНС» деп ат қойып, бәріміз адал да ажырамас дос болдық.

Менің жаңағы тығыршықтай денелі жігіт дегенім  «Б» класында оқитын, мектепте  түрлі спорттық жарыстарға  қатысып, белдескенді жығатын, күрескер, белсенді әрі беделді  оқушылардың қатарындағы Бақберген Ұспанбеков еді, яғни сол күннен бастап, Бақбергенмен жақын дос болдым.

Бақберген Жұмақанұлы 1985 жылы 10 сыныпты жоғары деңгейде бітіріп, әскер қатарынан кейін 1989 жылы Әл-Фараби атындағы  ҚазҰУ-дің  құқықтану  факультетіне оқуға  түсіп, үздік тәмамдады. Өзіне сенімді еңбегінің, адал, ақжарқын азаматтықтың арқасында  22 жылдан аса  Еңбекшіқазақ ауданының орталығы Есік қаласында прокурордың аға көмекшісі, кіші әділет кеңесшісі болып қызмет атқарды.Өмір  ағысымен, табиғат заңдылығына сүйене отырып, Бәкең  өзімен қатарлас оқыған Қасен қызы Шырынмен қосылып отбасын құрды. Шырын ханым да жоғары білімді Алматы Сәулет-Құрылыс институтын тәмамдаған. Бақбергенмен Шырын  өмірдің түрлі қыспақтарына мойымай, бір-біріне деген шынайы махаббаттың арқасында 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірді.

Бақберген мырза  асқан сабырлық-пен ойланып  сөйлейтін, баяғының билері сияқты тура әрі әділ шешім шығаруға тырысатын. Мемлекеттік қызметте жүргенде алдына келген істің тек әділ шешімін шығаруға, түрлі бұрмалауға және ағайын-туыс, таныс-тамыр дегендерді ысырып қойып, заман талабына сай жемқорлық дегенді маңына жолатпаған нағыз адал азамат екендігін қызмет барысында дәлелдеді. Сол үшін Бақберген ауданның, облыстың әкімдігінің арнайы мақтау қағаздарымен марапатталған. Ата-бабалардың  «НЕГІЗІ ЖАРЫҒАН, ТЕКТІНІҢ ТҰҚЫМЫ» деген мағыналы да киелі сөзді осы ардақты досым Бақбергенге арнасам артық болмас. Әкесі Жұмақан ақсақал да ел-жұртына сыйлы, ауыл ақсақалдарының ардақтысы, зергер, ағаштан түйін түйген шебер болған деп ауылдастары да ауыз толтырып айтады. Демек, «Әкеге қарап ұл өсер» деген сөзді осы Бақберген досым да дәлелдеді.

Қызмет бабына сүйеніп шіренбей, қайта қарапайымдылықпен дүйім жұртқа танымал болған Бақберген ағымдағы жылы ердің жасы елуге толып отыр. Балғын балалық шақты еске ала отырып, барлық достар атынан ардақты досымыз Бақбергенді  еңселі елуің құтты болсын, отбасы бала-шағаң аман болып, халқыңа қалаулы азамат ретінде биіктерге өрлей бергін деген тілек айтып, мына шағын шумақты арнаймын.

 

Талпынып көшіне еріп замананың,

Бақытыңды барыңмен бағаладың.

Еңселі елу жасқа келген кезде,

Шаршамай жасыл бақты аралағын.

 

Ойлар толып тағатсыз санаңа мың,

Жайқалсын жасыл желек жаңа бағың.

Көрер күнің алдыңда ұзақ болып,

Аман болсын отбасы, балаларың!

 

Серік Көшкімбаев,

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің аға оқытушысы, «Микробиолог».

Published in Мақалалар
Бейсенбі, 17 Қаңтар 2019 17:39

Қуаныштар еселенген күн

Тарих таразысы қатал, сүзгісі тым майда. Сондықтан болар, уақыт желісімен талай «менменнің» мысы басылып, бастапқы биігінен көш кері қалатыны. Бұл тек ХХ ғасырдың Пайғамбары атанған Дінмұхаммед Қонаевқа тиесілі емес. Себебі, саф алтын су астында жатпайды. Адалдықтан аттамаған жанды Жаратушымыз да жақтайды. Елдігіміздің іргесін қалауда табанды еңбек еткен мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхаммед Ахметұлының туғанына 12 қаңтарда 107 жыл толып отыр. Осыған орай есімін адал арқалаған Түргендегі мектеп келелі ісін дәстүрлі жалғастырды. Бұл жолы ел басқарған жылдары қайраткердің хатшысы болған Бауыржан Сабырбаев демеуші болып мұражай ашты. Сондай-ақ, сол күні «КазИнтерСервис» компаниясының басшысы Төлебай Төлеповтың демеушілігімен заманауи мұғалімдер бөлмесі және ұстаздарға арналған психологиялық демалыс кабинетінің салтанатты ашылуы өтті. Оған ҚР Қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департамент басшысы Серікбай Нұрғисаев арнайы келді. Құрметті қонақ қызыл лентаны ардагер ұстаздармен бірге кесті.

Игі жақсылар алдымен Дінмұхаммед Ахметұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Кейіннен ел ағалары мұражайдың лентасын қиып, аналарымыз шашу шашты. Б.Сабырбаевтың қолдауымен ашылған Д.Қонаев атындағы мұражай 6 бағытқа бөлінген.  Бұл турасында: – Бірінші, екінші бағыттар Дінмұхаммед Қонаевтың жас кезі, отбасы туралы кеңінен мәліметтер топтастырылған. Үшінші, төртінші және бесінші бағыттарға Димаш атаның «Биікке көтерілдім, бірақ халықтан аласа екенімді ұмытқан емеспін» деген тақырыбын бойтұмар еттік. Онда ел басқарған жылдардағы тарихи жолы толық көрініс тапқан. Мұндағы құнды экспонаттарды біз Бауыржан Сабырбаев ағамыздың ықпалымен Алматыдағы орталық мұражайдан алып келдік. Ал алтыншы бағыт «Менің кіші Отаным» деп аталады. Онда табиғаты саф Түрген ауылының құндылықтары, мектебіміздің жетістіктері бейнеленген. Бұл мұражайдың басқа мұражайдан ерекше тұсы – Дінмұхаммед Қонаевтың өмірбаянын, жүріп өткен жолын бейнелейтін видеороликтер үлкен экран арқылы көрсетіліп тұрады, – дейді директор орынбасары Наргиза Сейдаметова. Алдағы уақытта түрлі танымдық кездесулер, оқушылар арасында пікірталастар осы мұражай ішінде өткізілетіндігін де айтты НаргизаТолыбайқызы. Ол үшін арнайы үстелдер мен орындықтар, ноутбуктар да қойылған.

Ал заманауи мұғалімдер бөлмесінде 8 компьютер тікелей жоғары жылдамдықтағы интернетке қосылған. Сондай-ақ, кіші конференция өткізуге арналған үстел де орналастырылыпты кабинет ішінде. Бұл турасында кеңінен әңгімелеген директор орынбасары Гүлжан Ақтамқұлова: – Мұндағы компьютерлер облыстық және министрлік тарапынан жылдам ақпарат тарайтын чаттарға толық қосылған. Сол арқылы ұстаздарымыз күнделікті жаңалықты күнде біліп отыруға мүмкіндік алды, – дейді.

Ұстаздар демалатын бөлменің маңыздылығы жайында да айтып берді директор орынбасары: – Бір ұстаздың өзі орташа алғанда күніне 100 балаға дәріс береді. Жүз баланың психологиясы да жүз түрлі. Бірі қағылез, енді бірі ақпаратты баяу қабылдайды. Одан өзге заман талабына сай электронды күнделіктерге әрбір баланың үлгерімін белгілеп шығады. Мұның бәрі ұстазға психологиялық қысым келтіретіні ақиқат. Осы ретте біз бір сәт болсын миын тынықтырып алсын деген мақсатта арнайы кабинет жасақтауды жөн көрдік. Директорымыз Римма Әуесханқызы – Бізге шаршаңқы ұстаз керек емес. Әр іске ынтасымен кірісетін мұғалімдер керек, – деп үнемі айтып отырады. Енді әрбір ұстаз бір сәт осы кабинетке келіп, газет-журналдар оқуына, кішігірім шай-кофе ішуіне мүмкіндік туғызылып отыр. Бұл өз кезегінде ұстаздарымыздың бой сергітіп, тың күш-қуатпен жұмыс істеуге мүмкіндік береді, – деді. Айтып өтейік, өткен жылдың басында Төлебай Төлепов демеуші болып, заманауи биология кабинеті де ашылған еді мектепте.

Жиылған көпшілік акт залда бас қосып, елі Димаш деп еркелеткен абзал ел ағасын еске алды. Көзін көрген, қызметтес болған Серікбай Өрікбайұлы, Бауыржан Сабырбаев есте-ліктерін тыңдады. Кейіннен әнші Гүлнұр Оразымбетова көпшілікке әннен шашу шашты.

Шара соңында округ әкімі Бота Елеусізова, мектеп директоры Римма Ахметова мектеп ұжымына, оқушылар мен ата-аналарға мол қуаныштар сыйлаған демеушілерге ыстық ықыласын білдіріп, естелік сыйлық пен Алғыс хаттар табыстады.

Кейіннен марқұмның әруағына құран оқылып, ас берілді.

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

 

Published in Тарих
Бейсенбі, 17 Қаңтар 2019 17:34

Қаңтардағы сынақ сәтті басталды

Түлектердің он бір жылдық білімін екшеп, тағдырын таразылайтын ұлттық бірыңғай тестілеу енді жылына төрт рет өтетін болды. Демек, үміткерлер төрт мәрте өзінің бағын сынауға мүмкіндік алды. Енді, қаңтар, наурыз, маусым-шілде және тамыз айларында мектеп бітірушілер ұлттық бірыңғай тест тапсыруға құқылы. Әлбетте, маусым-шілде айларындағы ҰБТ-да ғана мемлекеттік грант сарапқа салынады. Қалған үш тапсырылымда бағын сынаған үміткерлер шекті балдан жоғары алса, еліміздің кез келген оқу орнының ақылы бөліміне түсуге құқылы сондай-ақ, тесті де ақылы негізде тапсырады. Тест тапсыру құны – 2242 теңгені құрайды.

Міне, бүгін ауданымыздың орталығында Райымбек батыр атындағы орта мектепте 826 түлек сынақ алаңында бабы мен бағын сынауда. Оның тең жартысы ауданымыздың үміткерлері болса, қалғаны талғарлықтар. – Қазір 200-і тест тапсырып жатыр. 626-сы ертең яғни, 19 қаңтарда сынақ сәтіне келеді. Осы тестке қатысып, өзі ойлағандай балын жинаған түлек ақылы оқуға құжат тапсыруына болады. Ал өтпегендері наурыздағы тестке қатысуға құқылы. Тіпті, мектеп бітіретін оқушы қаңтар және наурыз айында өтетін ҰБТ-ға қатысқаннан кейін маусымдағы тестте бағын сынап, мемлекеттік гранттарды тағайындау конкурсына қатысу мүмкіндігінен айырылмайды» дейді аудандық тест тапсыру орталығының директоры Қарлыға Алтынғазықызы.

Ағымдағы жылдың басты жаңалықтарымен де бөлісті орталық директоры:

– Негізгі жаңалық – түлектердің енді ҰБТ-ны жылына төрт мәрте тапсыруына мүмкіндік беру. Екінші ағылшын тілін меңгергендігін растайтын халықаралық сертификаттары бар тұлғалар үшін «Шет тілі» пәні бойынша ҰБТ-дан босату туралы норма енгізілді. Ал тест тапсыру форматы еш өзгеріссіз» – деді.

Қазіргі уақытта балалардың қауіпсіздігі мен кедергісіз тест тапсыруы арнайы құрылған комиссияның қадағалауында. Дәстүрлі талап пен тәртіп шеңберінде сынақ өтуде. ҰБТ қорытындысы туралы газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.

Қайнар ЖҰМАҒОЖА,

комиссия мүшесі.

Published in Жастар
Бейсенбі, 17 Қаңтар 2019 17:25

Жер мәселесі - ел мәселесі

Жақында Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің мәжіліс залында сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін жер қатынастарына қатысты процедураларда артық бюрократизмді болдырмау мақсатында, сондай-ақ, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру үшін жер мәселесі бойынша семинар өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Мақсат Бекетаев, бөлім басшылары, округ әкімдері мен мамандары, шаруа қожалықтарының басшылары және ауыл тұрғындары қатысты. Жиынды жүргізген Мақсат Тоқбергенұлы сөз кезегін арнайы қонақ, ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанындағы республикалық арнайы мониторингтік тобының мүшесі, қоғам қайраткері, жер қатынастары мәселелері жөніндегі жетекші сарапшы Бақытжан Базарбекке ұсынды.

– Семинардың негізгі мақсаты – жер туралы сұрақтар бойынша қарапайым халыққа көмектесіп, проблемаларын шешуге қолұшын беру және жер кезегіндегі заңсыздықтарды болдырмау. Осы мақсатта еліміздегі 18 ірі қалада өткен семинарларда 890-ға жуық сұрақтар қойылды. Жақында Атырау қаласында осындай жиынды өткізу нәтижесінде 226 адам 10 сотық жердің тізімінен шығып қалған. Президент әкімшілігі, Бас прокуратура мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікті қосып, 226 адамның тізімін қалпына келтірдік. Ал жауапты мекемелер мен әкімдік қызметкерлері жауапқа тартылды – деп мысал келтіріп өткен Бақытжан Жұмабекұлы көптің көкейінде жүрген ақысыз 10 сотық жер алу туралы мәселені бірінші көтерді.

– ҚР кез-келген азаматы жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін бір рет ақысыз 10 сотық жерді алуға құқылы. Осы тұста «біздің отбасымызда 6 адам бар. Барлығымызға бір жер ме, әлде әрқайсымызға жеке-жеке алуға болады ма?» – деген сұрақ   туындайды. Бұл сауалға Ұлттық экономика министрлігінің 2015 жылғы Ақысыз жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер табыстаудың арнайы ережесі жауап береді. Мұнда ҚР кез-келген азаматына және оралмандарға ақысыз жер беріледі делінген. Яғни, бір отбасындағы әрбір адам тегін жер алуға мүмкіндігі бар – дейді Бақытжан Базарбек.

Сонымен қатар, бүгінде азаматтарымыз кезекке тұрғанның өзінде жердің жоқтығынан кезектің жылжымайтындығын айтып шағымданады. Бақытжан Жұмабекұлы осы мәселеге тоқталды. Сөзіне сүйенсек, Жер кодексінің 44 бабы 1 тармағына сәйкес жерлер инженерлік тұрғыда әзірленген алқаптардан беріледі. Қарапайым тілмен айтқанда, жерлер кемінде ауыз су және электр жүйесімен қамтылуы тиіс. Егер сол елді-мекеннің өзінде ауыз су жүйесі болмаса, электр жүйесінің жүргізілуі міндетті. Алайда, бюджеттік қаражаттың тапшылығына байланысты, Жер кодексінің 92 бабының 2 тармағында түсіндірме көрсетілген. Егер де жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін инженерлік әзірленбеген алқаптардан жер берілсе, ондай жағдайда игеру мерзімі инженерлік құрылыммен қамтамасыз етілген күннен басталады. Айталық, сіз тегін жерге қол жеткізсеңіз, жерді табыстау туралы шешім шыққан күннен бас-тап 3 жыл мерзім ішінде сол жерді игеруіңіз керек. Яғни, үйіңізді салып бітіруіңіз керек. Олай болмаған жағдайда, мемлекет жерді қайтарып алып, кезектегі азаматтарға үлестіреді. Демек, алғашқыда жер азаматқа 3 жылға жалға беріледі. Сол уақыт аралығында салынған үйдің құжаттарын заңдастырып, одан кейін ғана жерге жеке меншік құқығын ала алады. Әрине, шынымен мұқтаж кейбір азаматтардың 3 жылда үй салып, бітіруге шамасы жетпеуі мүмкін. Мұндай жағдайда, белгіленген уақыт аяқталмастан 3-4 ай бұрын жергілікті әкімдікке барып, мерзімді ұзарту жөнінде арыз жазасыз. Әкімдік өкілдері құрылыс алаңын көріп, көз жеткізгеннен кейін ғана мерзімді ұзартуы мүмкін.

Бүгінгі таңда ақысыз берілетін жерлерді толығымен инженерлік жүйемен қамту мүмкін болмай отыр. Тек Қызылорда қаласының маңындағы Бәйтерек ықшам ауданында ғана бұл мәселе толығымен оң шешімін тапқан. Яғни, ақысыз берілетін жерлерге су, электр, кәріз жүйесі, газ құбыры мен жол салынған. Ал территорияға кірсең, 3 жыл мерзімі өтіп кетсе де әлі күнге үйлердің құрылысы жүргізілмеген. Мұндай жағдайда, мемлекет заңды түрде жерді қайтарып алады.

Осыны жеткізген жер мәселесі жөніндегі сарапшы жер кезегінде әкімдік тарапынан кеткен кемшіліктерді айтып өтті. Айталық Орал қаласының жер кезегінде жер үшін күрескен Махамбет Өтемісұлы, Исатай Тайманұлы сынды батырлар бар. Ақмола облысы тарихқа тіпті, тереңдеп кеткен. Мұндағы жер кезегінде әлемге әйгілі Моцарт тұр. Аталған фактілер бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік тексеру жүргізіп, әкімдіктерді жауапқа тартқан.

Семинар барысында жобалау ұйымының директоры Ерік Абитов саяжайлықтардың құжат рәсімдеу проблемасымен бас қатырып жүргендігін айтып, көпшіліктің көкейіндегі сауалды ортаға салды. Естеріңізге сала кетсек, осыдан 2 жылдан астам уақыт бұрын елімізде жер мәселесі төңірегінде шу шығып, Президент ауылшаруашылығы жерлерін заңдастыруға мораторий жариялаған болатын. Ал бүгінгі азаматтарымыз тұрып жатқан саяжайлар ауылшаруашылығы жерлерінің құрамына кіреді. Сондықтан, мораторийдің бір ұшы саяжайлықтарға тиіп, құжаттарын рәсімдей алмай жүр. Осы сауалға жауап берген Бақытжан Жұмабекұлы:

– Баршамызға белгілі 2016 жылы Жер кодексінің кейбір заңдарына мораторий жарияланып, оның ішінде ауылшаруашылық жерлерін жеке меншікке аудару туралы бап та кірді. Өкінішке қарай, 103 бапта бақшалар мен саяжайлардың ауылшаруашылық жерлеріне жататындығы айқын көрсетілген. Мораторийдің саяжайлар емес, ірі ауылшаруашылық жерлеріне қатысты екендігін білеміз. Алайда, осы жерде түсінбестік туып, саяжайлықтар құжаттарын реттей алмай жүр. Біз қазіргі таңда осындай проблемаларды жинақтап, мамыр айында Парламентке ұсынамыз. Соның ішінде, мораторийді жеңілдетіп, саяжай мен бақшалардың құжаттарын заңдастыруда кедергілердің болмауына жұмыс жасаймыз. Бірақ саяжайлықтар мынаны ескеруі керек. Саяжайлар – елдімекеннің бас жоспарында ауылшаруашылық жерлері деп көрсетілген. Ал барып қарасаң, зәулім үйлер тұрғызылған қалаға айналып бара жатыр. Бұл дұрыс емес. Себебі, ондағы үйлердің барлығы заңсыз болып табылады немесе ол жерді тұрғын үй алаңына айналдыру үшін әкімдік мемлекетке қол жайып, қосымша қаржы сұрауға мәжбүр болады. Яғни, жоғарыда аталған инженерлік жүйені жүргізу керек. Ол ауылшаруашылық жерлеріне жүргізілмейді. Саяжайға ауыл атағын беру үшін, кеңестік саяжайлардың көшелері нормаға сай келмейді. Бүгінгі таңда барлық құзырлы органдар аталған проблеманы шешу үстінде – деп осы мәселемен бетпе-бет келген тұрғындар мен әкімдіктен арызды жазбаша түрде қабылдап алды.

Жиында Кеңестік кезең мен Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жекешелендіріліп, бүгінгі таңда игерілмей, бос жатқан жерлер жайы сөз болды. Мұндай жерлерді мемлекет теңгеріміне қайтару процесі елімізде басталып та кетіпті. Бұл бағытта құзырлы органдар жұмыс жүргізуде.

Сонымен қатар, Бақытжан Базарбектің айтуынша, еліміздің кез-келген азаматы жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін 10 сотық жерден бөлек, Жер кодексінің 50 бабы 2 тармағына сәйкес жеке қосалқы үй шаруашылығын жүргізу үшін құнарлы алқаптардан 15 сотық, құнарсыз алқаптардан 25 сотық жерді ақысыз алуға құқылы. Оның сыртында саяжай құрылысы және бағбандық жүргізу үшін де 12 сотық жер тегін беріледі. Және де, азамат өзінің тұратын жерінде ғана кезекке тұруы міндетті емес. Кез-келген ауылға немесе қалаға барып кезекке тұра алады. Сондай-ақ, бір уақытта бірнеше әкімдікке өтініш тастауға мүмкіндік бар. Алайда ақысыз жер бір-ақ рет қана беріледі де, басқа елдімекендегі кезегіңіз алынып тасталады.

Семинар соңында жиылған көпшілік жерге қатысты түрлі сауалдарын қойып, кеңес алды. Оған қоса, Бақытжан Жұмабекұлы алдағы уақытта кез-келген азаматқа әлеуметтік желі арқылы, телефон байланысы арқылы қолұшын беретіндігін жеткізді.

 

Сардарбек НҰРАДИН.

Published in Ресми
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама