Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Күндер бойынша реттелген элементтер: Бейсенбі, 16 Мамыр 2019

Сұрапыл соғыс жолдарында ерліктің отын маздатып, қайтпас қайсарлықпен бүгінгі ұрпақтарына Жеңіс сыйлаған Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құрметіне Қаракемер кәсіптік колледжінде «Ардагерлерді ардақтау – ұрпақ парызы» тақырыбында мерекелік концерт өтті.

Шара барысында колледж басшылығы мен округ әкімдігінің өкілдері жиылған жұртшылықты мерекемен құттықтады. Соғыстың ащы дәмін татып, майдан үшін еңбек еткен тыл ардагерлері сөз сөйлеп, жастарды бейбіт күнді қадірлеуге шақырды. Бір минут үнсіздікпен батырларды еске алып, сахнада орналасқан мәңгілік алауға гүл шоқтары қойылды.

Мерекелік концертте ауылдық мәдениет үйінің қызметкері Ерқуат Оңашхан қазақтың қара домбырасымен Қаракемерден шыққан қос батыр Қашаған Жаманқараев пен Рақымжан Тоқатаевқа арналған «Қос батыр» әнін орындады. Ұлан Қали Есенқұл Жақыпбектің сөзіне жазылған «Біздің елдің жігіттері» әнімен жастарды жігерлендірді. Колледж студенттері де ән салып, би биледі. Ерлік тақырыбында өлеңдер оқып, көпшілік көтеріңкі көңіл-күймен тарады.

 

С.НҰРАДИН.

***        ***        ***

Жеңіс күніне орай Ақши ауылында мерекелік іс-шара өтті. Соғыс ардагерлерінің  есімдері жазылған ескерткіш алдына гүл шоқтары қойылып, Бөлек батыр атындағы орта мектебінің оқушылары әскери саптық шеру өткізді.

Мектеп ұтаздары мен оқушылары концерттік бағдарлама ұйымдстырып, патриоттық әндер шырқалды. «Отан үшін отқа түсіп, қан майданнан аман оралған қандастарымыздың алдында бас иеміз! Құрметті Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен тыл еңбеккерлері! Ауыр күндердегі адал еңбектеріңіз бен белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз үшін сіздерге мың тағзым!» – деп округ әкімі С.Айтбаев жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар, Чернобыль АЭС апатын залалсыздандыруға қатысқан ардагер аталарымызды ел есінде болсын деп ІІМ ұсынысымен арнайы есімдері жазылған тақтайшалармен және медальдармен марапаттады.

А.Асқарова,

Жастар ісі-жөніндегі әдіскер-нұсқаушы.

***        ***        ***

Тескенсу ауылдық округінде «Қан кешкен майдангер» атты мерекелік іс-шара өткізілді. Аталмыш жиынға 200-ден аса адам қатысты. Қазақстан Республикасының Гимнімен басталған шарада Тес-кенсу ауылдық округінің әкімі Бауыржан Доғаловқа және соғыс ардагерлерінің ұрпақтарына сөз берілді. Жамбыл атындағы, Толқын, Көлді мектептерінің оқушыларының арнайы дайындаған соғыс жылдарындағы патриоттық әндері айтылып, 10-11-ші сынып оқушыларының әскери шеруле-рі көрсетіліп, рейхстагқа ту тіккен батыр бабамыз Рақымжан Қошқарбаевтың соғыс кезеңінен қысқаша көрініс көрсетіліп, ардагерлерді еске алуға бір минут үнсіздік жарияланды. Округтің бас имамы Серік Сатов соғыста және соғыстан аман оралып елімізде көз жұмған ардагерлерімізге құран бағыштап, ескерткіш басына гүл шоқтары қойылды. Батыр бабаларымыздың ерлігі ешқашан ұмыт болған емес және жас ұрпаққа үлгі мен рух беретіні мәлім.

Жәнібек Болғамбай,

 Тескенсу ауылдық округінің

 жастар ісі жөніндегі 

әдіскер-нұсқаушысы.

Published in Тарих
Бейсенбі, 16 Мамыр 2019 11:50

Бүгінгі қыз – ертеңгі ана

Бір отбасының ғана емес, бір рулы елдің, қала берді, бүтіндей ұлттың тәрбиесіне жауапты тұлға ана екені даусыз. «Қызға қырық үйден тыйым» деп дана халқымыз қыз баласының тәрбиесіне о бастан үлкен мән берген. Себебі бүгінгі тұлымшағы желбіреген бүлдіршін – ертеңгі ибалы келін, абзал ана. Елдің батырын да, ақынын да, дүлділін де, бұлбұлын да дүниеге әкелер алтын құрсақ. «Есті етегін жабар» деп, тіпті, киім киісіне де мән беріп, шашына шашбауын тағып, жүріс-тұрысын да бақылаған. Үлкенге құр-мет, кішіге ізет көрсету керектігін құлағына құйып отырған. Осындай ұрпақтар сабақтастығын жалғауды мақсат тұтып, Есік медици-налық колледжінде аталмыш тақырыпта дөңгелек үстел өтті жуырда.

Шараға  аудандық аурухананың акушер-гинекологы Н.Благатворева, саламатты өмір салты дәрігері А.Нысанбаева мен колледж студенттері қатысты. Қыз баланың отбасындағы рөлі, ерте жастағы жыныстық қатынастың зияны туралы түсіндірілді. Түрлі әлеуметік роликтер көрсетіліп, болашақ ақ халаттылардың орындауында көрініс қойылды. Қыз бала – ұлт болашағы, елдің анасы екенін ұмытпау керек. Сондықтан, өз денсаулығына мұқият болып, арын сақтауы тиіс деген түйін жасалды.

 

Раушан ЖЕЛДІБАЕВА

Есік медициналық

колледжінің  тәрбие

 ісі жөніндегі орынбасары

Published in Мақалалар
Бейсенбі, 16 Мамыр 2019 11:48

Жеңіске бір ай қалған еді

 

«Өмірдің әрбір сәті таңғажайып» деп аударып едім еркіндеу түрде неміс классигі Гетенің «Остановись мгновенье – ты прекрасно» деген орысшаланған жолдарын. Мына суреттегі 20-25-тегі жас жігіттердің көңілді күйінен бірден ажыратуға болады соғыстың қай кезінде түсірілген фотосурет екенін. «Восточная Пруссия, г.Кёнигсберг, март 1945 г.» деген жазудан-ақ сұрапыл соғыстың аяқталуы да жақын екенін, қан майданнан аман өтіп, елдеріне оралғалы тұрған жауынгерлердің көңіл-күйін қалай ғана әдемі кадрмен жеткізген десеңші фотосуретші. Гимнастеркаларына гвардиялық белгі, медаль таққан алты жауынгердің алдыңғы қатардағы сол жағындағы жас қазақ ауданымыздың Талдыбұлақ ауылының азаматы Шоман Иманбаев соғыстан аман оралып, еңбек етті, отбасын құрып, балалы-шағалы болды. Немере сүю бақытына кенелді. Ұрпақтарының алдында бақилыққа аттанды. Ал ұлы Төлеген Шоманұлы осыдан бірнеше жыл бұрын Талдыбұлақ ауы-лына соғыс ардагерлеріне, оралмаған боздақтарға арнап ескерткіш қойды.

Осы суреттегі Шоман Иманбаев «Біз де жас болғанбыз. Қолға қару алып, елімізді жарақты жау-дан қорғап қалғанбыз. Бейбіт өмірді сақтаңдар!» деп тұрғандай ұрпақтарына.

 

Хайролла АХМЕТЖАНОВ.

Published in Тарих
Бейсенбі, 16 Мамыр 2019 11:37

Ерлікке тағзым

Ананы баласынан, баланы әкесінен, ер азаматты ет жақынынан айырған сұрапыл соғыстағы Ұлы Жеңіске 74 жыл толды. Бұл Жеңіс – қан майданда Отан үшін кеудесін оққа тосқан ардагерлердің, майдан үшін аянбай тер төгіп, жеңісті бір қадам жақындату үшін тылда еңбек еткен аналарымыз бен соғыс балаларының жеңісі. Бұл – фашизмге қарсы тұрған қазақ халқының жеңісі. Арада 74 жыл өтсе де, алапат соғыстың зардабы мен ұрыс алаңындағы аталарымыздың қайсарлығы еш ұмытылған емес. Осы ерлікті ұрпаққа үлгі ету мақсатында, 9 мамыр – Жеңіс күнінде Есік қаласындағы ҰОС боздақтары мен ардагерелеріне  арналған ескерткіш маңында мерекелік шара өтті.

Жылдағы дәстүр бойын-ша соғыста қаза болған боздақтардың ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, майдан даласында ерлікпен қаза тапқан батырлардың портретін ұстаған жақындары ескерткішке тағзым жасады, бір сәттік үнсіздікпен еске алды.

Мереке басында ортаға салтанатты түрде ҚР Туы енгізіліп, мемлекеттік Гимн орындалды. Ауданымыздың өнерпазы Алмас Мухаметәлиев жарты ғасыр бойы Ұлы Жеңістің әнұранына айналған «День Победы» әнін шырқап, жиылған көпшіліктің көзіне жас үйірді.

Мерекелік жиында сөз алып, қала тұрғындарын құттықтаған аудан әкімі Бинәлі Ысқақ ардагерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайтындығын жеткізді:

– «Арыстанның белгісі – артына қарап ақырмайды. Нар түйенің белгісі – қабырғасын сөксе де бақырмайды. Нағыз туған асыл ер, қанша қасірет көрсе де, қайғыланып аһ ұрмайды» – деген Қанжығалы Бөгенбай батырдың сөзі соғыс даласында иығына ауыр жүк түсіп, Отаны, елі үшін от болып жанған, оқ болып атылған, ұрыс даласынан қайтпаған боздақтарды, арын – байрақ, намысын – найза еткен, сіз бен бізге бейбіт аспан астында бірлігі бекем елде өмір сүруге мүмкіндік берген қаһармандарымызды бейнелейді. «Елің үшін жаныңды беру қиын емес. Өйткені, «Елсіз күн қызықсыз» деп жауынгер ақын Баубек Бұлқышев айтпақшы, бүгін даңқты әкелеріміз аналарымыздың қайтпас қайсарлығының шынайы үлгісін көр-сеткен биік рухы мен жалынды жігерлерінің, еселі еңбектерінің салтанат құрған күні. Бүгін – Жеңіс мерекесі. Бүгін – Ұлы күн! – деген Бинәлі Әбдіқапасұлы ардагерлерге ризашылығын білдіріп, алғысын жеткізді. Кейіннен, «Улыбка», «Бахар» би топтары мың бұрала би билеп, ауданымыздың әншілері әуелете ән салды. Мереке қонақтары от-шашуды тамашалады.

Мерекелік концерттен соң аудан басшысы Бинәлі Әбдіқапасұлы бастаған әкімдік қызметкерлері, мәслихат хатшысы Бекет Ахметов, аудан прокуроры Азамат Күренкей, полиция басқармасының басшысы Бағдат Әшімов аудандағы ардагерлердің шаңырақтарына арнайы барып құттықтады. Мерекелік сый-лықтарын табыстап, ақ тілегін жеткізген қонақтарға ризашы-лығын білдірген ардагерлер майдандағы күндерін еске алып, бейбіт күнге шүкіршілік етті.

Айта кетейік, осыдан 74 жыл бұрын қан майданға ауданымыздан 5000-нан астам азамат аттанса, бүгінде олардың 7-еуі ғана арамызда қалды. 1413 тыл еңбеккерлері бар. Әрдайым аудан басшыларының назарында жүретін әрбір ардагерге Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында 500 мың теңгеден табысталды.

 

Сардарбек НҰРАДИН.

 

Published in Тарих
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама