Күндер бойынша реттелген элементтер: Сәрсенбі, 07 Тамыз 2019

Қазіргі таңда ірі мегаполистерде қоғамдық көлік мәселесі жөнге келтіріліп, жолаушы тасымалына үлкен көңіл бөлінуде. Алып қаланың іргесінде орналасқан ауданымыз үшін де осы мәселеге назар аударып, жолаушы тасымалындағы қызметтің сапасын арттыратын күн жеткен секілді. Осы орайда, аудан аумағындағы түрлі бағыттағы маршруттардың қызмет сапасын арттыру мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда? Тоқтап қалған маршруттар қайта іске қосылады ма? Ескірген аялдамалар мәселесі қашан шешіледі? Тұрғындардың көкейінде жүрген осы сұрақтарды аудандық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Искаков Бейбіт Құлжамбайұлына қойған болатынбыз.

– Бүгінде ауданымыздағы қоғамдық көлік мәселесі бір жүйеге келмей, салдарынан қарапайым халық зардап шегуде. Айталық, Есіктен Алматыға қатынайтын автобус биыл сиреп кетті. Оған не себеп?

– Аудан орталығынан Алматыға жүретін №420 автобустың азаюына бірнеше себеп бар. Біріншіден, жолаушыларға Мегаполистегі «Саяхат» автобекетіне кіру қиындап кетті. Бұл жайтты аталған автобекеттің басшылығымен талқылаған болатынбыз. Сонымен қатар, Райымбек пен Пушкин көшесінің қиылысындағы жеке микроавтобус пен такси жүргізушілері №420 автобустың жолаушыларын алып кетіп, жұмыс жасауға мүмкіндік бермейді. «Шелек–Тұлпар» ЖШС-нің тарапынан жүргізілген тексеріс нәтижесінде автобустар дизель отыны мен жүргізуші, кондуктордың шығынын ақтамайтындығы анықталған. Сондықтан, сыйымдылығы үлкен қоғамдық көліктерді алып тастауға тура келді. Ағымдағы жылдың 15 қаңтарынан бастап орнына шағын автобустар жолаушы тасымалымен айналыса бастады. Бүгінгі таңда №420 бағытта 15 шағын және 2 үлкен автобус жолаушы тасымалымен айналысады. Сондай-ақ, 18 адамдық отандық 4 автобус лизингқа сатып алынды. Жолаушы тасымалындағы қызмет сапасын арттыру мақсатында осындай отандық автокөліктерді сатып алу жоспарлануда. Айта кетерлік жайт, жоғарыда аталған мәселелерге қарамастан, №420 бағыттағы қоғамдық көліктердің бағасы көтерілген емес. Себебі, тұтынушылардың басым көпшілігі – зейнеткерлер мен студенттер.

– Былтырғы жылы Бөлек пен Есік қаласының жоғарғы жағына жолаушыларды тасымалдайтын №2 маршруттық автобусы қайта жаңғырып, қуантып еді. Қазіргі уақытта тасымалдаушылар бірде жүйелі жұмыс істесе, кейде болмай қалады. Бұған кім жауап береді?

– Жасыратыны жоқ, қаладағы заңсыз жолаушы тасымалымен айналысатын такси жүргізушілерінің кесірінен Есіктегі №2 маршрутының тұтынушылары азайып кеткен. Өзіңізге мәлім, орталықтағы бірнеше жерде такси жүргізушілері қаумалап тұрады. Біздің комиссия арнайы тексеруге шыққанда олардың бірін де ұстай алмай қаламыз. Сондықтан, қазіргі таңда аталған бағыттағы маршруттың жұмысын тұрақтандыру мүмкін болмай тұр. Шыны керек, осы мақсатта аудан аумағында атқарылатын жұмыстар шаш етектен. Осы орайда, аудан әкімінің тапсырмасымен өз шығынын ақтамайтын маршрут шығындарының бір бөлігін мемлекет тарапынан субсидиялау көзделуде.

– Аудандағы, аудан орталығындағы аялдамалардың да жайы мәз емес. Қаланың шеті былай тұрсын, орталықтағы автобус аялдамаларының өзі кеңестік кезеңнің естелігі. Жауын-шашын мен боранды күндері жолаушыларға пана бола алмайды. Осыны ескеріп, жаңа аялдамалар жасау жоспарда бар ма?

– Оныңыз рас, аудандағы аялдамалардың басым бөлігі кеңес үкіметі тұсында бой көтеріп, қазіргі таңда ескірген. Жарамсыз күйге түскен осындай аялдамаларды арнайы комиссияның шешімімен жою жұмыстары басталып кетті. Бүгінде аудан орталығындағы орталық аурухана мен қаланың кіре-берісіндегі (Автошкола) аялдама жаңартылды. Алдағы уақытта да кәсіпкерлердің демеушілігімен автобус аялдамалары жаңа типке ауыстырылады.

– Шелек өңірінде де қоғамдық көліктің проблемасы әлі күнге шешілмей тұр. Ауыларалық автобустардың жоқтығынан такси бағасы шарықтап кеткен. Олқылықтың орнын толтыру жоспарда бар ма?

Шелек ауылында орналасқан автобекетте күнделікті №364  Шелек –Алматы және  №201 Шелек – Есік рейстерін жөнелтіп отыратын  диспетчер жұмыс істейді. Күніне 4 рет  Шелек – Алматы  және Алматы – Шелек (бір рет Ащыбұлақ ауылы арқылы өтеді) бағытында 30 орындық автобус және де 18 орындық шағын автобустар  қатынайды. Жол ақысы бір адамға 500 теңге. Осы уақытқа дейін  №364 Шелек – Алматы маршруты күніне  12 рейске   дейін қатынайтын болған. Қазіргі  таңда жеке микроавтобустар мен жеңіл автокөліктердің көп болуына байланысты аталған маршруттарда қатынайтын адам саны 90 пайызға дейін азайған. Салдарынан, №364 бағыттағы машруттардың шығындары көбейіп, рейс саны қысқартылды. Оның үстіне, автобустардың  техникалық жөндеу жұмыстары қомақты қаражатты талап етеді, ал жолаушыларды тасымалдаудан түскен қаржы жол жүру шығындарын да ақтамайды.

Бүгінде аудан әкімдігі аталған мәселелердің шешу жолдарын қарастыруда. Әкімдік тарапынан жоғарыда аталған әлеуметтік мәні бар жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын тасымалдаушылардың шығындарының бір бөлігін бюджет есебінен субсидиялау бойынша арнайы комиссия құрылып, қажетті қаражат көлемі анықталып, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына қаражат бөлу мақсатында бюджеттік өтінім тапсырылды. Қазіргі таңда қаражат қарастырылу үстінде. Бұл өз кезегінде кейбір ауылдарда тоқтап қалған автобус маршруттарын жандандыруға және қазір жұмыс істеп тұрған маршруттарды тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуде, жол ақысын өсірмеуде үлкен септігін тигізетіні анық. Сіз көтеріп отырған мәселе аудан әкімдігінің тұрақты бақылауында болады.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Тілдескен Сардарбек НҰРАДИН.

Published in Мақалалар
Сәрсенбі, 07 Тамыз 2019 14:52

Еселі еңбектер есебі

Жақында №1 Рахат орта мектебінде «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалының ағымдағы жылдың 6 айында атқарылған жұмысының қорытындысы бойынша көшпелі жиналысы өтті. Жиынға облыстық партия филиалы төрағасының орынбасарлары Гүлнәр Тойлыбаева, Серік Нұрқадыров, аудандық партия филиалдарының бірінші орынбасарлары мен консультанттары қатысты.

Жыл сайын аудандарды аралап, қорытынды жиналыс өткізетін партия қызметкерлері биыл ауданымызға ат басын тіреді. Облыс орталығы мен аудандардан келген қонақтар алдымен саяжай маңындағы Есік тарихи-мәдени қорық-музейіне барып, тарихқа саяхат жасады. Музей қызметкерлері қазба жұмыстары нәтижесінде өңірімізден табылған «Алтын адамның» тарихына тереңірек үңіліп, оның сақ ханзадасы екендігін түсіндірді. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған өзге де жәдігерлерге шолу жасап, ежелгі сақтар мекенінен сыр шертті. Қонақтар «Алтын адамды» тауып, өмірінің соңына дейін музейде қызмет еткен Бекен ата Нұрмұханбетовтың өмір жолы және еңбектерімен жақынырақ танысып, жұмыс бөлмесіне бас сұқты. Музей сақтар мен Есік қаласының тарихынан бөлек, ежелгі қазақ халқының әдет-ғұрпы, тыныс-тіршілігін суреттейтін экспонаттармен толыққан. Таңданыспен мұражайды аралған партия қызметкерлері сұрақтарын қойып, естелік суретке түсті.

Сапардың екінші бөлімі Рахат орта мектебінде жалғасын тапты. Биыл ғана мектеп қабырғасында ашылған робототехника кабинетінде болып, оқушылардың жетістіктерімен танысты.

Мектептің мәжіліс залындағы жартыжылдық қорытынды есепте алғашқы сөз алған облыстық партия филиалы төрағасының орынбасары Гүлнәр Қожағұлқызы жыл басынан бері атқарған жұмыстарға есеп беріп, кемшілік жіберген аудандарға ескерту жасады.

         Бүгінгі таңда облыстағы 345 бастауыш партия ұйымында  113 909 партия мүшесі бар. Күннен-күнге жұртшылықтың партияға деген сенімі нығайып, жыл басынан партия қатарына 3 504 адам қабылданған. Баяндама жасаған Серік Нұрқадыров жақында өткен Президент сайлауындағы кемшіліктерді тізіп өтті. Сондай-ақ, шара барысында аудандық партия филиалдары өздеріңің атқарған жұмыстары бойынша есеп берді.

***

Еліміздің басты күші жастар десек, ауданымыздың өзінде 66 мыңға жуық жас буын бар. Өскелең ұрпақтың саяси сауаттылығын арттыру, қоғамдық өмірге белсенді араластыру мақсатында жыл басынан 83 іс-шара өткен. Бұл туралы жуырда «NurOtan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Серік Нұрқадырұлымен жастар кездесуінде айтылды.

Түрген ауылдық округі әкімі аппаратының мәжіліс залында өткен дөңгелек үстел барысында Серік Нұрқадыров жас буынның саяси сауаттылығын арттыруға баса көңіл бөлу керектігін айтты. – Президент сайлауы науқанын ойдағыдай өткіздік. Әйткенмен, бірқатар кедергілерді де көрдік. Ашығын айтқанда, бүгінгі өскелең буынның саясаттан бейхабар екендігі белгілі болды. Оларға жасалып жатқан мемлекет тарапынан қамқорлықтар, ілім-білім іздеушілерге даңғыл жол ашықтығын айту керек. Себебі, қазір білекке емес, білімге сенетін кезең. Осы ретте әлі де  «Жас Отан» ЖҚ жұмыстарыңызды жетілдіру маңызды» – деді.

Сондай-ақ, кездесу барысында жас кәсіпкер Бақытжан Қаби, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының қатысушысы Гүлнәр Ошанова сөз сөйлеп, ой-пікірлерін ортаға салды. Ашық форматта өткен дөңгелек үстел барысында сұрақ-жауапқа да кезек берілді.

 

С.НҰРАДИН.

Қ.ЖҰМАҒОЖА.

Published in Ресми
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет