Күндер бойынша реттелген элементтер: Бейсенбі, 23 Мамыр 2019

Жақында облыстық ҚХА төрағасы, облыс әкімі Амандық Баталовтың жетекшілігімен Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру мен дамудың негізі – әлеуметтік бірлік» тақырыбындағы ХХV сессиясы өтті. Шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚХА меңгерушісі Жансейіт Түйме-баев, татарлардың бүкіләлемдік конгресінің өкілдері, еліміздің әр қиырындағы татар-баш-құрт этно-мәдени бірлестіктерінің мүшелері, облыстық ҚХА құрамындағы түрлі этностық бірлестіктер өкілдері қатысты. Ауданымыздан да делегаттар болды.

І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайының холында аудандар мен қалалардың Ассамблея желісі бойынша дайындалған көрмесі ұсынылды. Артынша, облыстық ҚХА сессиясын ашқан Амандық Баталов өңірде тапсырмаларды орындау мақсатында көпбалалы және аз қамтылған отбасыларын қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Сессияның күн тәртібімен таныстырған облыс әкімі, облыстық ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбайға сөз берді. Ғ.Тұрсынбай облыстық ҚХА атқарған жұмыстар туралы баяндама жасады. Қазақстан халқы Ассамблеясының Тұңғыш Президент – Елбасы, ҚХА төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалығымен өткен XXVII сессиясына қатысқаны туралы, сол сессияда берілген тапсырмалардың орындалуы туралы облыстық ҚХА төрағасының орынбасары, «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Апсалим Идигов баяндады. Өз кезегінде жарыссөзге қатысушылар бейбітшілікті сақтау, бірлік пен келісімді нығайту маңыздылығына ерекше тоқталды. Жарыссөз аяқталған соң Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары - ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚХА меңгерушісі Жансейіт Түймебаев облыстық ҚХА белсенділерінің жемісті жұмыстарын атап өтіп: «Биылғы жылдың қаңтар-сәуір айларында Алматы облысында барлық көрсеткіштер бойынша өсімге қол жеткізілді. Бұл облыстық ҚХА жұмысына қолайлы жағдай туғызып отыр. Өңірдегі Қоғамдық келісім кеңестері мен Аналар кеңестерінің оң тәжірибелері бүкіл рес-публика бойынша таратылды. Облыстық ҚХА мүшелерінің «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға белсенді қатысқанын да атап өткім келеді», – деді. Кейіннен, ҚХА жұмысының бұдан былайғы бағыттарына тоқалып өтті. Ассамблеяның басым бағыты және басты міндеті – Елбасы саясатын жалғастыра отырып, ұлттық бірлікті, бейбітшілік пен келісімді нығайту екенін айтты. Сесиия жұмысын қортындылаған Амандық Баталов облыстық Ассамблея хатшылығының, Достық үйінің, облыстық ішкі саясат, тілдерді дамыту, білім, ауыл шаруашылығы, жастар саясаты мәселелері, дін істер жөніндегі басқармалардың алдына бірқатар міндеттер қойды. Облыстық ҚХА-ның 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасын жүзеге асыру жұмыстарын күшейту, «Мәміле – ситуативті қазақ тілі» жобасы бойынша түрлі этнос өкілдеріне мемлекеттік тілді үйрету курстарын ұйымдастыру, сол сияқты жастардың барлық санатын қолдау мен әлеуметтік лифтінің кең платформасын құру бағытындағы «Жаңғыру жолы» қозғалысының Жол картасын жүзеге асыруды жалғастыру тапсырылды.

Облыстық ҚХА-ның белсенді мүшелері марапатталып, оларға Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс хаты, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты тапсырылды.

 

Н.Надыров,

Еңбекшіқазақ аудандық мәслихаттың

 VI шақырылым депутаты,

аудандық күрд этно-мәдени бірлестігінің төрағасы.

Published in Саясат
Бейсенбі, 23 Мамыр 2019 09:56

Жауапты науқанға дайындық

Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасы Бақыт Жексембиевтің төрағалығымен аудан әкімдігінің мәжіліс залында 2019 жылдың 9 маусымына тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізуге байланысты оқыту семинары өтті. Жиынға учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшылары қатысты.

Семинар барысында арнайы әзірленген дауыс беру күні учаскелік комиссиялардың жұмысы туралы оқыту бейнеролигі көрсетілді. Аудандық аумақтық сайлау комиссия төрағасының орынбасары С. Абросимова сайлау қорытындысы бойынша хаттамаларды дұрыс рәсімдеуді үйретті. Комиссия мүшесі Ш.Бөлтаева қаржылық құжаттардың сауатты толтырылуын түсіндірді. Сайлау өткізуге арналған бөлмелердің дайындығын пысықтап, керек құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгендігін тексерді.

Жиын соңында аудандық аумақтық сайлау комиссиясының тарапынан қажетті оқыту құралдары мен құжаттар таратылды.

Өз тілшіміз

Published in Ресми

Осы аптада Түрген ауылындағы Д.Қонаев атындағы орта мектептің мәжіліс залында аралас жекпе-жектен 3 дүркін әлем чемпионы, Еуразияның 2 дүркін чемпионы, Әлем Кубогінің иегері, бүгінгі жастардың кумиріне айналған Ардақ Назаровпен кездесу өтті. Соңғы уақытта жастар тәрбиесімен айналысып, оларға бағыт-бағдар көрсетіп жүрген чемпионмен кездесуге алыс-жақын ауылдардың жастарымен қатар, округ әкімі Бота Елеусізова, мектеп директоры Римма Ахметова қатысты.

Д.Қонаев сынды біртуар ұлдың қасиетті шаңырағына келген Ардақ Құттықожаұлы асыл азамат жайлы сөз қозғап өтті:

– Қазақтың Бауыржан Момышұлы деген батыры бар. Талай рет ажалмен бетпе-бет келсе де еш мойымай, жау қоршауын бұзып шыққан атамыз өте сыншыл адам болыпты. Бірде Бауыржан атамыз жатқан аурухана қызметкерлері шарқ ұрып, мекемені тазалап, кіре-берістен оның жатқан бөлмесіне дейін қызыл кілем төсейді. Басшылардан біреу келетінін сезген батыр кім келсе де бір сынап алайын деп ойлап жатады. Күткеніндей, жанында бірнеше адам бар Дінмұхаммед Қонаев келіп, Баукеңнің халін сұрапты. Аман-саулықтан кейін «Дінмұхаммед Ахметұлы, осы сіз қай елден боласыз?» - деген батырдың сұрағына Димекең еш мүдірместен өзі шыққан тегін айта жөнеледі. Сонда Бауыржан атамыз: «Е, түбі белгісіз рудан екенсің ғой» - деп әзілдейді. Оны сезе қойған Димекең қарқылдап күліп: «Айтқаныңыз дұрыс болды ғой, Бауке. Мен бұрын білмеппін, сұраған адамдарға тура солай айта жүрермін» - дейді. Әңгіме арасында Баукең бірінші хатшымен бірге келген бір-екі лауазымды адамды сөзбен түртіп, ренжітіп алады. Осы сәтте өзінің қағытпа әзіліне ашуланбай, әзілмен жауап берген Димаш атамызға қарап, есімі тарихта алтын әріппен жазылатынын айтып кеткен Бауыржан атамыздың айтқаны келді. Осындай мектепте білім алып отырған сендер сабақта әрдайым озат болуларың керек – деген Ардақ Назаров сөзін балалақ шақтағы естеліктерімен жалғады. Айтуынша, бала күнінен қара күш иесі болған. Өзінің туып-өскен жері Райымбек ауданында (бұрынғы Нарынқол) картоп өсіретін. Күзгі терім кезінде бір қап картопты қиналмастан жүк көлігіне лақтырып тастайтын болған.  «Мектепте де «Менің атым Қожадағы» Қожа болдым» – деп еске алады. Бұзықтық жасамаса да, үнемі энергиясы тасып, бір нәрсені бүлдіріп алатын. Сол үшін талай рет ұстаздарынан ұрыс естіген. Баласының қабілетін сезген анасы Ардақты 4 сыныпта грек-рим күресіне береді.

Бала күнінен Алматыға әр барғанын санап, алып қалада тұруды армандаған бала Ардақ 8 сыныпта арманына жетеді. Алматыға келіп, колледжге оқуға түседі.

– Біз отбасымызда 6 ағайындымыз. 1 қыз 5 ұл. Ең үлкені мен болғандықтан оқуымды жалғастырып, жоғарғы оқу орнына түсуге мүмкіндік болмады. Артымнан ерген бауырларымды оқыту басты мақсатым болды. Күндіз-түні қара жұмыс істедім, вокзалда жүк тасыдым, цемент түсірдім. Арасында жаттығуымды да ұмытқан жоқпын. Күнде ұйықтар алдында «Немен айналысамын? Не істеймін? Қалай ақша табамын?» деп ойлап жатамын. Ол кез көше мен базарларды әлімжеттік жайлаған, «рекеттердің» заманы еді. Алайда, әке-шешем берген тәрбие, олардың артқан үміті мені жаман жолдан аулақ ұстады. Талай қазақтың мықты жігіттері сол жолға түсіп, арам ақшаның соңынан кетті. Осылайша, Асхат деген досымның ықпалымен 1999 жылдың мамыр айында спортқа бет бұрып, күнімнің жартысын жаттығуға арнадым. 2002 жылы джиу-джитсудан Қазақстан чемпионы атандым. Осы уақыттан бастап өмірімді толықтай спортқа арнап, жекпе-жекпен (ММА) айналыстым. Кейіннен, Еуропа, Азия, Еуразия чемпионы болдым. Сонда бапкерім «Сен әлем чемпионы боласың» – дегенде алдыма үлкен мақсат қойдым. Үздіксіз жаттығу мен төккен тердің арқасында ең алғаш 2005 жылы, 25 жасымда әлем чемпионы атандым – деген Ардақ Құттықожаұлы жиылған жастарға кез-келген істі бастағанда алға мақсат қою керектігін айтты. Және сол мақсатқа жету жолында мойымай, үздіксіз еңбек етутиіс.

Өзінің өмір жолынан сыр шерткен чемпион адамгершілік жайында да сөз қозғады. Жастарды білімді болуға, спортпен айналысуға шақырды. Айтуынша, адам қандай жетістікке жетіп, биікке шықса да адамгершіліктен аттамауы керек. Күшің тасып, әлсіздерге әлімжеттік көрсеткенше, рингке шығып, еліңнің атын шығар. Күніңді босқа өткізбей, бос уақытыңды білімге, спортқа арна. Ең бастысы, саған жарық дүние сыйлап, тәрбие берген, осы күнге жеткізіп, бар жақсыны алдыңа тосқан ата-ананы әрдайым құрметтеу керек. Олардың әр айтқан сөзін мүлтіксіз орындап, қадірлеу – әр баланың міндеті, парызы. Осыны айтқан Ардақ Назаров жиылған жастарға бүгіннен бастап түзелуді, өтірік айтпай, ұрлық жасамай, адал жүруді тапсырды.

– Көзі тірісінде жүрегі қазақ деп соққан алаш көсемі Әлихан Бөкейхан «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» – деген екен. Осы сөз менің де өмірлік ұстанымыма айналды – деген чемпион әр қазақтың кеудесінде осы сөз жаңғырып тұру керектігін айтты.

Жиын соңында Бота Елеусізова жастардың сұрауын жерге қалдырмай, кездесуге келген Ардақ Назаровақа, шараны ұйымдастырған Жанас Құттыбиовқа алғысын жеткізді.

Сардарбек НҰРАДИН.

Published in Мақалалар

Кезінде Мұстафа Ататүрік айтқан екен: «Біз бәріміз парламент депутаты бола аламыз, министр бола аламыз, тіпті республика президенті де бола аламыз. Бірақ ешқайсымыз өнер адамы бола алмаймыз» деп. Әлбетте, Жаратқаннан берілген риясыз құдірет тек өнер иесіне тән. Сондықтан талант тарландарын алақанға сап аялау – ел еркелеріне жасалған зор қошемет болмақ. Осы орайда жуырда мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай облыс әкімі Амандық Баталов өнер саласы майталмандарының еңбектерін еледі. Ел алдында құрмет-қошеметке бөледі. Арасында біздің де мақтаныштарымыз бар.

Ашылғанына он жылға жуықтаған Ұста Дәркембай атындағы қолөнер мұражайы бүгінде қазақ руханиятының қолтаңбасына айналып келеді. Бабалар өнерін балаға мұра еткен, бар ғұмырын қолөнерге арнаған Дәркембай Шоқпарұлының өмірі мен туындыларын паш ету арқылы әлемге қазақ атын шығарып жүрген мекеме облыс бойынша «Үздік облыстық мәдениет мекемесі» номинациясын жеңіп алды. Облыс әкімі Амандық Баталов мекеме басшысы Дәулет Шоқпаровқа Лада автокөлігінің кілтін салтанатты жағдайда табыстады. Кейіннен мінберге көтеріліп, ойын білдірген Дәулет Дәркембайұлы:

– Мен атадан балаға мирас болған ұста Дәркембай атындағы мұражайда ашылған күннен істеп келемін. Бүгін сол еңбегіміз еленіп, марапатталудамын. Толқу үстінде тұрғанымды жасырмаймын. Елбасымыз өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ұлттық сананы жаңғыртуды міндет етті. Осы орайда ұлттық мұрамызды зерделеу, насихаттау, оны ұрпаққа мұра ету жолында тынбай еңбек етіп келемін. Себебі, менің атам да, әкем де, өзім де, ендігі толқын балаларым да ұсталық, зергерлік өнерді меңгерді.

Құрметті, Амандық Ғаббасұлы, шебер де, өнер де қолдаусыз қанат жаймайды. Бүгін біз осынау риясыз қолдауды сезініп отырмыз. Осы орайда әріптестерімнің атынан сіздің қамқорлығыңыз үшін шынайы алғысымызды айтамын, – деді.

Сол  секілді  Есік археологиялық-өлкетану мұражайы «Үздік музей» номинациясын жеңіп алды. Марапатты облыс басшысы аталмыш мекеме директоры Нарима Тойжановаға табыстады. Ал Ават мәдениет үйінің қызметкері Долкунжан Розахунов «Үздік мәдениет қызметкері» деп танылды. Номинанттарға арнайы дипломмен қоса 100 мың теңге сертификаттар тапсырылды. Ал кітапханашы Галина Свининникова Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт  министрінің Алғыс хатын алды.

Қазақ өнерінің абыройын асқақтатып, мәдени құндылықтарына қолтаңбасын қалдырып жүрген жеңімпаздарымызды жетістіктерімен құттықтаймыз!

«Еңбекшіқазақ».

Published in Өнер
Бейсенбі, 23 Мамыр 2019 09:41

Бар жақсылық – кәсіпкерлерге

Жақында Алматы облысының өңірлік даму орталығының ұйымдастыруымен кәсіпкерлерді қолдау мақсатында инвестициялық форум өтті. Жиынға облыстық өңірлік даму орталығының маманы Алишер Акашов, «Ауылшаруашылықты қаржылай қолдау қоры» АҚ Алматы филиалының өкілі Қанат Омаров, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұрболат Серғали, ауылшаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Мәншүк Ташкенбай, жұмыспен қамту орталығының директоры Берік Иманбаев қатысып, кәсіпкерлер мен кәсібін жаңа бастаған азаматтарға ауданның инвестициялық мүмкіндіктерін айтып, түрлі кеңестер берді.

Алғашқы болып сөз алған Алишер Акашов Алматы облысының өңірлік даму орталығы кәсіпкерлерге қандай қолдау көрсететіндігі жөнінде мағлұматтар берді. Аталған мекеме кәсіпкерлікті тікелей қаржыландырмайды, алайда, субсидия мен несиелеу, тегін гранттарды жеңіп алуға қол ұшын береді.

– Өздеріңіз білесіздер бүгінде елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға барлық бағыттар бойынша жағдай жасалған. Егер сіз кәсіпкерлікпен айналысып, ауылдан шалғай орналасқан өндіріс орныңызға су, электр немесе газ құбыры тартылмаса, бұл олқылықтың орнын толтыруға мемлекет көмектеседі. Ол үшін құжаттарыңызды түгендеп, жобалық-сметалық құжаттарды өз қаржыңызға жасатасыз. Қалғанын мемлекет тиесілі мекеме арқылы құбыр немесе электр желісін тартып береді. Сонымен қатар, өзіңіздің мекемеңізге шетелден жаңа қондырғылар алып, оны үйрету үшін шетелдік мамандар шақырсаңыз, оқу қаржысының 40 пайызына дейін мемлекет төлеп береді. Оған қоса, жаңа қондырғылар сатып алуға мемлекет субсидия бөледі. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының белгілі бөлігін де мемлекет қаржыландырады – деген Алишер Серікұлы күзге қарай қайтарымсыз грант бойын-ша конкурс өтетіндігін хабарлады. Оған бизнес оқуын бітіргендігі жөніндегі сертификаты бар кез-келген азамат қатыса алады. Қатысушы инновациялық жоба ұсынып, өзінің бизнес жос-парын қорғауы тиіс. Жеңімпазға мемлекет тарапынан 3 млн теңгеге дейін қайтарымсыз гранттар беріледі.

Ауылшаруашылығы саласы бойынша субсидияны қалай алу керектігін түсіндірген Мәншүк Ташкенбай қазір барлығы электронды фоматқа ауысқандығын хабарлады. Электронды кілт арқылы «МинАгро» порталына кіріп, кез-келген қызметтің түрін алуға болады. Қанат Омаров та ауданымыз мал өсіруге тиімді аймақ екендігін жеткізіп, мал өнімдері субсидияланатындығын айтты.

Жиылған азаматтар толғандырған мәселелері бойынша сұрақтарын қойды. Әсіресе, мал сатып алу жөнінде түсінбеушіліктер туындауда. Айтуынша, малды тек тіркелген жеке кәсіпкерден алуға тиіс. Олай болмаған жағдайда, мемлекет субсидия бөлмейді. Бұл сауалға Қанат Омаров нақты жауап берді:

– Малды кез-келген жерден және адамнан сатып алуға болады. Тек құжаттары бар екендігіне көз жеткізу керек. Сатушыдан қолхат алып, малдарды өзіңізге тіркейсіз. Мұнда ешқандай проблема жоқ – деді. Жиын барысында басқа да сұрақтарын қойып, мамандардан кеңес алды.

 

С.НҰРАДИН

Published in Мақалалар
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет