Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 27 Қыркүйек 2018 12:07

Баталы үй ұрпағымен марқаяды

Редакциямызға жолданған Юсуп Қамбаров атаның хатының желісімен демалыс күндері Ават

ауылына ат басын бұрған едік. Мақсатымыз – қарияның жеңімпаз әрі жүлдегер немерелерін

өз көзімізбен көріп, қазыналы отбасының қарекетіне куә болу еді...

Өмір – дария десек, сол дарияның асау толқындарынан қорғайтын, қатерін ескертіп, жол сілтейтін көшбастарлардың болғаны демеу емей немене?! Әсіресе, өмір иірімдерінен адаспай, тура жолдан таймай нәпақасын адалынан тауып, қолындағысын жақындарынан аямай жүретін ата-апаларымыз-дың болғаны қандай жақсы. Самайын ақ шалса да сыр білдірмей, шаңырақ-тың тіре-гі бола білу – екінің бірінің қолынан келетін ерлік емес. Ал, біздің мақаламызға арқау болатын кейіпкеріміз сондай ерлік жасап жүрген батыр ғана емес, сондай-ақ, әлі де қатардағы сарбаз іспеттес. Олай дейтініміз, жасы сексеннен әрі секіріп кетсе де, ордабұзар азаматтың тірлігін тындырып-ақ жүр.

1936 жылы дүниеге келген Қамбаров Юсуп Тохтамұлы бүгінде әулетінің мәуелі бәйтерегі болып отырған жайы бар. 38 жылдан астам уақыт ауданымызда агроном болып жұмыс жасап, бейнеттің зейнетін көріп отыр бүгінде атамыз жары Зора Қамбаровамен бірге. Зора Магамеджанқызы да саналы ғұмырын тұрғындардың денсаулығын түзеуге арнаған 28 жылдық өтілі бар медбике екен. Бірге өмірге үш баланы әкеліп, тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере қызығына малынып отырған қариялар әлі күнге дейін еңбектен бас алмақ емес. Барлық шаруашылықтарын басшылап, мал-жанының күйін күйттеп жүретін Юсуп атаның ауласы күзгі өнімдерге лықа толы. Немерелерінің аузын аққа малып әжелері жүр кемсеңдеп. «Табиғаттың тамаша сыйы – мынадай өнімдерді өзің өсіріп, қолыңмен үзіп жегенге не жетсін, шіркін! Бізде бәрі табиғи. Ешнәрсені дүкеннен алмаймыз десек те болады. Балалардың денсаулығына да пайдалы, ағзаларына күш береді», – дейді Юсуп ата. Бізге жолданған хаттың негізгі кейіпкерлері, яғни атамыздың немерелерінің түрлі жетістіктерінің кілті, демек, осында болғаны ғой. Табиғи таза өнім – саламатты өмірдің кепілі. Дені сау, спортсүйер, өнерсүйер немерелерімен марқайып отыр-ған ата-әже әрдайым қолдауға әзір екендіктерін байқатты.

«Айтахунова Фируза мен Юсуп Дилярам деген немерелерім «Бахар» ансамблінің құрамында би билейді. Елордамыз Астанада өткен «Ақ көгершін» конкурсында бірінші орыннан жарқырап, грамота, медальдарын тағып келді қыздарым. Бішкекте өткен Орта Азиялық фестиваль-байқаудан бас жүлдені қанжығалады ансамбль. Талдықорған қаласында өткен облыстық байқауларда да бірінші орындардан көрініп жүр. Аудан мен облыс көлемінде өтетін мәдени шаралардың біреуінен тысқары қалған емес. Қазақ, ұйғыр, орыс, татар, тәжік билерін нақышына келтіре билейді қыздар ансамбль құрамында. Осы тұста олардың жетекшілері Гүлмира Шәкенқызының еңбегін ерекше атау керек. Тіптен, жаңа жылдық кеште Алматы телеканалынан қыздарымыздың биін тамашалап, марқайған кездеріміз аз болмады», – дейді Юсуп ата мақтанышпен. Ең негізгісі – немерелері қайда барса да аталары шашбауларын көтерісіп бірге жүреді екен. Барлық шығындары мен киім-кешегіне, жол-пұлына өз қаражатымен демеушілік жасауда. «Юсуп Дилярам тек өнерде ғана емес, сонымен қатар, білімде де бағын сынап жүр. Өзі оқу озаты. О.Мұхамадий атындағы орта мектептің 8-ші сынып оқушысы. Математика пәнінен өткен жарыстарға, олимпиадаларға қатысып жүлделі орындарды иеленді», – деген қазыналы қарт ендігі кезекте ұл немерелерінің жетістіктеріне тоқталмаққа жүгінді. «Үш немерем спортпен шұғылданады. Киокушинкай-кан каратэге барады. Рамиль Юсуп қатысқан бір жарым жылдың ішінде жүлделі орындардан көрінеді үнемі. Алматы қалалық «Жауынгер» турнирінде де бірінші орынды иеленді. Ал, Қамбаров Дильмурат болса спортпен екі жыл көлемінде айналасуда. Талдықорған, Қарағанды, Алматы қалаларында өткен турнирлерге қатысып бірінші орынның да, екіншінің де, үшінші жүлделі орынның да дәмін татып үлгерді. Бірде немерем бір жарыстан кейін маған хабарласып тұр. – Ата, кешіріңізші, мен үшінші орын алып қалдым, бірінші орынға ие бола алмадым, – деп жылап жібергені бар. Мен баламның пейіліне ризашылықпен: – Балам, неге жылайсың? Үшінші орынға жету үшін де зор еңбек пен дайындық қажет. Бұл – спорт. Ал, спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді, – деп әрең жұбаттым. Таймыр Тахир дзюдоға қатысады. Алматы қаласында өткен турнирден бірінші орынмен оралды жақында. Сосын, баланың алға қарай жылжуы үшін оған талпыныс керек. Ал, талпынысты ояту үшін де түрлі әдістер бар. Мысалы, менің немерелеріме арнаған фондым бар. Яғни, бірінші орын алып келсе 15 000 теңге, екінші орынға 10 000, үшінші орынға 5000 теңгеден беріп отырамын. Немерелерім сайыстардан қайта салысымен, мейлі түн немесе таң болсын, міндетті түрде бірінші маған келеді жүлделерімен», –  деген Юсуп Қамбарұлы біздің басылымның тұрақты оқырманы екенін тілге тиек етті.  Сонау 1971 жылдан бері үзбей газетке жазылып келе жатқан атамыз бір нөмірді назарынан тыс қалдырмайды екен. Тілшілеріміздің бәрін сырттай білетін қария тіптен кей мақалаларға талдау жасап жіберді сол тұста. Ауданда болып жатқан жаңалықтардан «Еңбекшіқазақ» арқылы хабардар болып отыратын қариялар елдің бүгініне шүкіршілік етіп, болашағына береке мен бірлік, бейбітшілік тілеуден тынар емес. 

«Аталар сөзі – ақылдың көзі» демей ме халық даналығы. Олай болса, ұрпағын ұлағатымен, өнегесімен өрге жетелеген, ақылымен алға тартқан ақсақалдарымыз аман болғай. «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» екенінің дәлелі болып отырған Юсуп ата мен Зора әжей балаларымен мақтанады, немерелерімен шалқаяды. Ұрпағымен марқаяды. 

Алмагүл НҰҒМАН.

Read 99 times

Күнтiзбе

« Желтоқсан 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жк
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама