Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 04 Қазан 2018 16:51

Мейрамбала БАЙТАНҚЫЗЫ: «Өзі де тыңдай алатын, өзгені де тыңдата алатын педагог болуы шарт»

Мұғалім болу – жүректен. Екінің бірінің сырты мұғалім болғанымен, іші басқа. Білімі болғанымен, балаға жете түсіндірер ілімі жеткіліксіз. Ал, нағыз ұстаз мәңгілік бала санасында жаңғырып тұрар асқақ тұлға. Ол – ғаламның жарық күні, барша адамзаттың екінші анасы. Оның құпиясының кілті – оқушыға деген махаббат пен болашаққа жанашырлық. Ұстаздар мерекесі қарсаңында 41 жылдық еңбек өтілі бар, көпке айта алар өзіндік пікірі бар математика пәнінің майталманы, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, білім саласына сіңірген еңбегі үшін тапсырылған арнайы медальдің иегері, білім «майданының» батыры, қазіргі уақытта Рахат №1 орта мектебінде оқушыларды білім нәрімен сусындатып жүрген Баймолданова Мейрамбала Байтанқызын әңгімеге тартқан едік.

– Құрметті Мейрамбала Байтан-қызы, «Мұғалім ісі сырттай қара-пайым болғанымен, тарихтағы ең ұлы істің бірі» деген ғой К.Ушинский. Ұстаздық жолға қалай түстіңіз? Ең ұлы іске өз еркіңізбен араластыңыз ба?

– Кішкентай кезімнен математи-каға құмар болдым. Себебі, математик мұғаліміміз керемет жан еді. Сол кісінің ықпалы болар, мен де математик ағайымдай мұғалім боламын дедім өзіме. Ұстазым маған көп көмектесті, оқуға түскенде де жәрдемі аз болмады. Арнайы кітаптарды беріп, сол кітаптан есептерді шығаруға үстемелеп тапсырып отыратын. Сөйтіп, математик боламын деп Талдықорған педагогикалық институтының физика-математика ма-мандығына оқуға түстім. Сол жоғарғы оқу орнының алғашқы түлектерінің бірімін. Алғашқы еңбек жолымды Көксу ауданындағы Ленин атындағы орта мектептен бастадым. Басшылығыма ризамын сол кездердегі, неге десеңіз, жұмысқа келе сала жас маман ретінде мені бәрі қолдап-қолпаштауының арқасында мұғалім болуға деген ынтам артты, қызығушылығым жоғарылап, ізденістің жолына түстім.

– Ауданымызға қай уақытта ат басын тіредіңіз?

– 2001 жылдан бері ауданның  мектеп-терінде жұмыс жасап жатырмын. Жыл сайын балаларды ҰБТ-ға дайындайтын мұғалімдердің қатарындамын, он бес жылдай тест орталығында апелляциялық комиссия мүшесімін. 1977 жылдан бері медалистерді шығармаған кезім болмады. Бүгінде Рахат №1 орта мектебінде жоғарғы сынып оқушыларын сынаққа    дайындап жатырмыз.

– Сынақ деп қалдыңыз, тәжірибелі ұстаз ретінде ойыңызды ортаға сал-саңыз. ҰБТ-ның артықшылығы мен кемшілігі? Ұлттық бірыңғай тес-тілеу керек пе?

– Көпшілік қауым дұрыс емес дейді. Мен келіспеймін. Біз кезінде емтихан тапсырғанбыз. Сынақ тапсыру үшін бүкіл кітапты түгел оқуға тура келді. Себебі, бізге сырттан келетін ешқандай ақпарат болған жоқ. Смартфон, ғаламтор дегенді білмедік. Бүкіл кітапты жаттап, соның ішінен бес-ақ сұраққа жауап бердік. Ойлаңызшы, бала қатты шаршайды. Ал, оқымағандары қалып қояды. Ал, енді салыстырып қарасақ, қазіргі ҰБТ сұрақтарының астында бес жауап бар. Яғни, оның дұрыс нұсқасын да, әрине, оқыған бала ғана табады. Ол ойыншық емес. Санасында саңылауы бар бала міндетті түрде дұрыс жауабын табады. Бастысы, есте сақтау қабілеттерінің жоғары дамуы керек. Көзбен көріп те ойында сақтап қалса, дұрыс жауапқа жақындай алады. Қазіргі балаларға емтихан тапсырасың, кітап оқы деп көрші. Оқымайды кітапты. Бүкіл кітаптарды ақтарып оқып отыруға ол баланың денсаулығы да келмейді. Экология, ішіп-жеп жатқан химикаттардың әсері де болар, балалар өте әлсіз. Есте сақтау қабілеттері жоқ. Қазір оқығанын қазір ұмытады. Бүкіл кітаптарды қайтіп есінде сақтап, емтихан тапсырсын. ҰБТ осы тұста ұтып тұр. Заманауи балаларға – заманауи әдістер. Бір жағынан ҰБТ тапсыру керек екен деп,  барлық баланы сүйрей беруге де болмайды. Өз ырқына қалдырған ләзім. Оқығысы келсе тестін тапсырсын, оқығысы келмесе, қолынан келетін істі жасасын. «Торғайды ұстап алып, сен қыран құс боласың деп қанша биікке апарсаң да ол жарылып кетеді. Қыран құс болмайды. Қыран құсты ұстап алып, торға қамап қойсаң, сен торғай боласың деп, ол екі-үш күнде өліп қалмай ма?! Біздің кейбір ата-аналар осыны ескермейді. Баласының торғай, не болмаса қыран құс екенін айыра бермейді. Оны қинап тасқа да апарады, тауға да жетелейді.

– «Егер балалар бірдеңені түсін-бейтін болса, онда оқытушы оларды кінәлауға тиісті емес, оларға түсіндіре алмай отырған өзін кінәлау-ға тиіс» дейді Ыбырай Алтынсарин. Оқушыларға сабақ түсіндіру барысында қандай әдіс-тәсілдерді пайдаланасыз және математикаға балалардың қызығушылығы қандай?

– «Ақыл-ойды тәртіпке келтіретін – математика, сондықтан оны оқу керек» деген М.Ломоносов. Мен өзім сабақ бергелі ешбір оқушыға дауыс көтерген емеспін. Айқаймен, бос сөзбен ешкімді тыңдата алмайсың. Жүрегіне жол сала білсең ғана оқушыға сөзің өтеді. Ниеті жоқ балаға да, титтей болсын керегіне жараса екен деген оймен түсіндіремін әр сабақты. Математикалық есептердің шығарылуын  неғұрлым жеңіл жағынан үйретуге тырысамын. Есеп шығару барысында өзіме қалай жеңіл болса, соны балаларға көрсетемін. Көбіне уақытты аз кетіріп, есепті жылдам шығаратындай тәсілдерді пайдаланамын. Бала ол – жас тал ғой. Қалай ексең, солай өседі. Неге қызықтыра алсаң, сол оған керемет болып қалыптасады. Математикаға да қызығушылықтары әрқалай. Сабақты түсінген бойда талпыныстары артып, әрі қарай білуге құштарлығы артады. Ал, ұстаз түсіндіре алмады ма, онда математика алынбайтын қамал болып, сол қалпында жабулы қазан күйінде қалады.

– «Әрбір елдің келешегі – мекте-біне байланысты» деген екен қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі Мағжан Жұмабаев. Ендеше, келе-шегімізді кемелдендірер мектеп-терімізде неге математика пәнінің мұғалімдері аз, сіздің ойыңызша?

– Иә, барлық игіліктер мен жетістіктер-дің бастауы – мектеп екені шындық. Небір ұлы адамдардың бәрі мектеп партасында отырып сауатын ашып, санасын нұрландырған. Кешегі оқушылар уақыт өте келе жоғары білімдерін алып, мектептерге мұғалім болып оралып жатады. Мектебімізге оқуын бітіріп келген жас мамандарды бақылап отырамын. Байқағаным – көбіне өзімен жұмыс жасамайды. Уақыттарын түнге қимайды. Мен, мысалы, әлі күнге дейін түнгі 2-3-ке дейін есеп шығарамын. Бір күн есеп шығарылмай қалды ма, бәрі құрдымға кетті деген сөз. Ертеңгі күні оқушыны қалай қызықтырасың, егер өзің терең ештеңе білмесең. Мұғалім білмей тұрған соң оқушы оны қайтып тыңдасын?! Жеткізе, тыңдата білмеген жас маман жүрексініп, тіпті сабақ беруге құлшынысы жоғалып кетеді. Содан кейін мұғалім болғаннан гөрі басқа салаға ауысып кеткен оңай жас математиктерімізге. Тағы бір мәселе, баланы жақсы көру керек. Он жылдан кейін біз қандай боламыз деген болашаққа алаңдаушылықпен, жауапкершілікпен беру керек сабақты. Ондай патриоттық сезім аздау болып тұр біздерде. Нағыз педагог болу керек. Жалпы, педагог дегеніміз грек тілінен аударғанда «баланы жетелеуші» деген мағынаны береді екен. Баланы жетелей алмаған ұстаз педагог емес.

– Өзіңіз 41 жыл математиканың жілігін шағып, майын ішкен мамансыз. Бұл сізге қанмен берілген қасиет пе және балаларыңыз сіздің жолыңызды қуды ма?

– Бір апам айтушы еді, «Тұқымымыза мұғалімдер жоқ, сен неменеге кітапты көп оқи бересің? Таста оны, көзің көрмей қалады» деп. Менің математика мұғалімі мамандығын таңдауыма негізгі себепкер – ұстазым, жоғарыда атағандай. Қарапайым шаруа отбасында өсіп-өнген қызбын. Жолдасым Елубай Баймолданов та шаруа адамы. Төрт қызым бар. Төртеуі де жоғары білімді мамандар, бірақ мұғалім емес. Үшеуі есепші болса, біреуі дәрігер. Есесіне, жиен немерем математикаға бейім, арнайы мектепте оқиды.

– Ұлы жолда жүрген әріптесте-ріңізге айтар кеңестеріңіз бен тілек-лебіздеріңіз болса, мархабат...

– Ең алдымен айтарым, оқушы алдында айтқан сөзі жүректен шығуы керек. Өз пәнінің мықтысы болсын. Өзі де тыңдай алатын, өзгені де тыңдата алатын педагог болуы шарт. Болашақ үшін еңбек етіп жатқан соң, шынайы жанашырлықпен сабақ оқытқаны абзал. Бастысы, шыдам-дылық пен денсаулық тілеймін ұстаздарға!

– Мерекеңіз құтты болсын! Ерен еңбегіңіз бен «Ұстаз» деген ұлы атты абыроймен арқалап жүрген тұлғаңыздың алдында басымызды иеміз! Сұхбатыңызға рахмет!

 

Әңгімелескен

Алмагүл НҰҒМАН.

Қаралды 65 рет
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

Жарнама