Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 08 Қараша 2018 11:09

Әжелер әнмен әуелетті

Жарық. Жанды дауыс. Сахналық образ. Көрермен қошеметі. Мұның бәрі аудандық Т.Молдағалиев атындағы мәдениет үйінде өткен әдемі концерттен қалған әсер. Атап айтсақ, «Алтын адам» аналар ансамблінің шығармашылық кешіндегі көңіл-күй көрінісі.

Берекелі күздің керемет күндерін мерекеге айналдырған аяулы аналардан құралған ансамбль концерт барысында халық әндері мен белгілі композиторлардың шығармашылығынан 23 ән орындады. Аналарымыз салған әуезді ән мен өнегелі өнерге сусындаған көрермен гүл шоқтарымен білдірді ниеттерін. Ең алды 82 жасты алқымдаған ансамбль құрамындағы әжелердің бойынан өмірге, өнерге деген құштарлық пен ынтаны көріп ерекше жігерленеді екенсің. «Айжан қыз» биін мың бұрала билеген анаға қарап еріксіз бой түзесең, қасиетті домбырамен залдағылардың құлақ құрышын қандырған анамен мақтанасың. Кеш бойы әжелерді сырнаймен сүйемелдеген ансамбль жетекшісі Нұржамал Ержанқызы: «Негізінен, ауданда әжелер ансамблінің құрылғанына биыл 25 жылдың көлемі болады екен. Осы тұрғыда «Алтын адам» аналар ансамбліне «Халықтық» атағын беру туралы ұсыныс білдірген болатынбыз. Әжелер аптасына екі рет дайындыққа келеді. Қызығушылықтары жоғары. Киімдерін де өз қаражаттарына тіктірді. Мәдениет саласында халық алдына шығып өнер көрсеткен соң, сахналық образға үлкен мән береміз», – дейді.

 

Алмагүл НҰҒМАН.

Қаралды 49 рет
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама