Бейсенбі, 17 Қаңтар 2019 17:51

Тектінің тұқымы

Тектінің тұқымы mezet.kz

Бұл күнде жасымыз жарты ғасырдан асып, алдымыз келін түсіріп, қыз ұзатып немерелі болып, ата-апа атанған достарымды кездестіргенде бала күнгі бал қылықтарым еске түседі. Біздің ауылда алдымыздағы аға буындардың үлгісі болар 6,7 класқа келгенде, жастары қатар құрдастар  он шақты, тіпті одан да көп балалар бірігіп, достық құратын дәстүрге айналған үрдіс бар еді. Шамасы 1982 жылдың көктем айы болса керек, 7 сыныпта оқимыз. Үзіліс кезі болатын, кластас достармен мектеп ауласында жүргенмін. кенет «В» сыныбында оқитын  аласа бойлы өзі бұзықтау Мақсат Мұсабеков келіп амандасты да, – кешке сағат 7-де  «Диірменнің» артына кел, жолығатын шаруа бар, өзің ғана – деді. Келсем, 10-15-тей әр кластан өзім қатарлы жігіттер жиналыпты. Ортада сөйлеп тұрған орта бойлы, тығыршықтай денелі жігіттің әңгімесін естуге алға ұмтылдым. Айтылып жатқан сөзінің түйіні. Бәріміз құрдаспыз, ауылдаспыз, бірігіп дос болсақ дегенді айтты. Ортаға «А» класында оқитын біздің көшеде тұратын Серік Боқаев бастаған  Аманжол Ибрагимов, Бекмұханбет Көркембаев, Ұлан Қайыпов т.б «Б» класының оқушылары Жұлдыз Тұяқов, Айболат Қабылбеков, Нұржан Малаев, Еркін Топашов сияқты азаматтарының сөзін қоштап, «В» класынан Бауыржан Мырзабеков, Әкімғазы Шорабаев, Мақсат Мусабеков, Ергелді Өмірәлиев, Бағдат  Қабылбеков, Нұрлан Түтімбаев секілді азаматтар бірігіп дос болып бір-бірімізге адал әрі жанашыр болайық деп мәнді де мағыналы сөздерін айтты.

Дегенмен, жалпы біздің Абай атындағы орта мектебі бойынша төрт сынып бар,  әрбірінде 10,15-тей ұл бала, бірақ «Г» класынан менен басқа ер бала жоқ болғасын, елдің соңында құрдастардың кәделі сөздерін қолдайтынымды,  өкінішке қарай,  менен басқа да жігіттерді қоссаңдар болмай ма деген едім, Мақсат Мусабеков елден бұрын әзілдей сөйлеп, сенен басқа класыңда «атаман» жоқ, қаласаң бізбен дос бол деп кесіп айтты. Сол күннен бастап қысқаша  «РАМАНС» деп ат қойып, бәріміз адал да ажырамас дос болдық.

Менің жаңағы тығыршықтай денелі жігіт дегенім  «Б» класында оқитын, мектепте  түрлі спорттық жарыстарға  қатысып, белдескенді жығатын, күрескер, белсенді әрі беделді  оқушылардың қатарындағы Бақберген Ұспанбеков еді, яғни сол күннен бастап, Бақбергенмен жақын дос болдым.

Бақберген Жұмақанұлы 1985 жылы 10 сыныпты жоғары деңгейде бітіріп, әскер қатарынан кейін 1989 жылы Әл-Фараби атындағы  ҚазҰУ-дің  құқықтану  факультетіне оқуға  түсіп, үздік тәмамдады. Өзіне сенімді еңбегінің, адал, ақжарқын азаматтықтың арқасында  22 жылдан аса  Еңбекшіқазақ ауданының орталығы Есік қаласында прокурордың аға көмекшісі, кіші әділет кеңесшісі болып қызмет атқарды.Өмір  ағысымен, табиғат заңдылығына сүйене отырып, Бәкең  өзімен қатарлас оқыған Қасен қызы Шырынмен қосылып отбасын құрды. Шырын ханым да жоғары білімді Алматы Сәулет-Құрылыс институтын тәмамдаған. Бақбергенмен Шырын  өмірдің түрлі қыспақтарына мойымай, бір-біріне деген шынайы махаббаттың арқасында 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірді.

Бақберген мырза  асқан сабырлық-пен ойланып  сөйлейтін, баяғының билері сияқты тура әрі әділ шешім шығаруға тырысатын. Мемлекеттік қызметте жүргенде алдына келген істің тек әділ шешімін шығаруға, түрлі бұрмалауға және ағайын-туыс, таныс-тамыр дегендерді ысырып қойып, заман талабына сай жемқорлық дегенді маңына жолатпаған нағыз адал азамат екендігін қызмет барысында дәлелдеді. Сол үшін Бақберген ауданның, облыстың әкімдігінің арнайы мақтау қағаздарымен марапатталған. Ата-бабалардың  «НЕГІЗІ ЖАРЫҒАН, ТЕКТІНІҢ ТҰҚЫМЫ» деген мағыналы да киелі сөзді осы ардақты досым Бақбергенге арнасам артық болмас. Әкесі Жұмақан ақсақал да ел-жұртына сыйлы, ауыл ақсақалдарының ардақтысы, зергер, ағаштан түйін түйген шебер болған деп ауылдастары да ауыз толтырып айтады. Демек, «Әкеге қарап ұл өсер» деген сөзді осы Бақберген досым да дәлелдеді.

Қызмет бабына сүйеніп шіренбей, қайта қарапайымдылықпен дүйім жұртқа танымал болған Бақберген ағымдағы жылы ердің жасы елуге толып отыр. Балғын балалық шақты еске ала отырып, барлық достар атынан ардақты досымыз Бақбергенді  еңселі елуің құтты болсын, отбасы бала-шағаң аман болып, халқыңа қалаулы азамат ретінде биіктерге өрлей бергін деген тілек айтып, мына шағын шумақты арнаймын.

 

Талпынып көшіне еріп замананың,

Бақытыңды барыңмен бағаладың.

Еңселі елу жасқа келген кезде,

Шаршамай жасыл бақты аралағын.

 

Ойлар толып тағатсыз санаңа мың,

Жайқалсын жасыл желек жаңа бағың.

Көрер күнің алдыңда ұзақ болып,

Аман болсын отбасы, балаларың!

 

Серік Көшкімбаев,

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің аға оқытушысы, «Микробиолог».

Read 200 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет