Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 31 Қаңтар 2019 15:11

Бағдарлама нәтижесі көз алдымызда

Ойық-шұқыр, жарықсыз қалған жолдар, иесіз қалған үй, жұмыссыз сабылған құты қашқан күй... Бәр-бәрі өркениеттен алыс қалған ауылдардың бейнесі. Үздік отыздыққа ұмтылған тұста жетім қозыдай жәутеңдеген шалғай өңірлерді көріп, қайдағы мықтылар қатары деп ойлаймыз кейде осы. Рас-ақ, өркениет өресі шалғайдан көрінбесе, үздіктердің төресі болу – мүмкін бе? Сұраққа жауап берудің өзі артық. Қош делік, алыс ойлайтын өзгеден, елі үшін көз жетпес көкжиекті көздеген көреген Көшбасшымыз 2050 жылға дейін Стратегия құрып, нақты жоспарды қолға ұстатты 2012-де. Стратегия негізінде «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы қабылданды. Оның артықшылығы сол, шалғай ауылдардың шырайын кіргізуге бағытталған. Жолдарын жөндеу, инженерлік-инфрақұрылымдық жүйелерін реттеу, қоқыс алаңдарын, мал өлекселерін тастайтын орындарды талапқа сай жасау, балаларға ойын алаңдарын қою, қысқасы ауылды абаттандыру – бағдарлама мақсаты. Ендеше, мақсат – межесінен көрінуде ме? Алысқа аттандамай, ауданымыздан сұраққа жауап іздейік.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2012 жылы аталмыш бағдарлама аясында ауданда небәрі 3 инфрақұрылымдық жоба 1,8 млн теңгеге жүзеге асқан.  Ал 2017 жылы 219 млн 970 мың теңгеге 18 жоба қаржыландырылды. Оның 14-і елді-мекендердегі су құбырларына ағымдағы жөндеу жүргізуге бағытталған. Екі ауылда мектеп жанынан спорт алаңы салынып, 4 млн 500 мың теңгеге тағы екі ауылда мал өлекселерін тастайтын орындар абаттандырылды. Сонымен 2012-2017 жылдар аралығында ауданымыздың өзінде 151 жоба жүзеге асырылып, 1 млрд теңгенің үстіндегі қаржы тынысы тарылған ауылдарға дем болды.

Отыз бір күн алды ғана тарих қойнауына енген 2018 жылы да бұл бағдарлама қарқынды жүзеге асырылды. 220 млн 119 мың теңгеге 25 ауылдың жолдары әрдеңгейлі жөндеуден өтті.

Жыл басында бекітілген аудандық бюджетке назар аударсақ, аталған бағдарламаны жүргізу үшін биылға 219 млн 388 мың теңге қарастырылған. Бұл қаражат жыл ортасына қарай қосымша толығуы әбден мүмкін. Қазірге 6 ауылдың (Ават, Бижанов, Достық, Қаратұрық, Қ.Ұлтарақов, Шелек) жолдары, 4 ауылдың (Алға, Көктөбе, Өрікті, Рахат) су құбыры ағымдағы жөндеуден өтеді. Түрген және Амангелді ауылдарында спорт алаңы, Бөлек, Жаңашар, Қа-зақстан, Ақтоған, Балтабай  ауылдарында стадиондар  абаттандырылады. Ал 13 млн теңгеге Тескенсу ауылының орталық каналы тазаланады. Сөйтіп, аталмыш бағдарлама ауданымыздағы 18 елді-мекен тұрғындарына қуаныш сыйламақ.

Еске салсақ, өткен жылдың 25 қыркүйегінде өткен үкіметтегі жиында премьер-министр Бақытжан Сағынтаев: – Бағдарлама еліміздің ұтымды аумақтық ұйымын қалыптастыру жолымен  өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін дамыту үшін жағдай жасау, халықтың капиталын экономикалық өсімі жоғары орталықтарға шоғырландыруды көздейді. Бағдарлама аясында халықтың қай  аймақта тұратынына қарамастан, инфрақұрылымды дамыту арқылы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға баса мән берілді – деген еді. Иә, әр макроөңірге арналған инвестициялық басымдықтар, еліміздің аумақтың дамуын жетілдіру, инженерлік инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту, халықты ауыз сумен және су бұру қызметтерімен тиімді және ұтымды қамтамасыз етуді міндет еткен бағдарлама күн өткен сайын елдің алғысын арқалауда.  Сөйтіп, байыпты әзірленген бағдарламаның нәтижесі көз алдымызда көрінуде.    

 Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

Read 90 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама