Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 31 Қаңтар 2019 15:40

«12 тиынға байыдық»

Ұлт жоспарын жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты қадамда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев индустрияландыру және экономикалық өсім бойынша Үкіметке бірнеше тапсырма берген болатын. Оның ішінде, 50, 51, 52 қадамда Электр энергиясының мәселесі көтеріліп, осы саланы бір жүйеге келтіру тапсырылған еді. Өткен жылдың аяғында Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік кеңесінің отырысында да халықтың қалтасына әсер еткен электр қуатына төленетін тарифтердің жайы сөз болып, Елбасы кейбір мекеме басшыларына сөгіс жариялады.

Аталған отырыста мәлім болғандай бүгінде еліміздегі жылу, электр, газ таратушы және тасымалдаушы мекемелер өнімдерінің бағасын себепсіз қымбаттатқан. Бұл олқылықтарды өткен жылы прокуратура анықтаған болатын. Бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың сөзіне сүйенсек, тұрғындар осы уақытқа дейін монополистерге 29 млрд теңге артығымен төлем жасаған. Оған қоса, мемлекет жыл сайын монополистерге жаңа қондырғылар мен құрылғылар алу үшін миллиардтаған субсидия бөліп отырған. Ал аталған қаржы мақсатына жұмсалмай, қаржыны мекемелер банкке депозитке салып, пайда таппақшы болған.

Энергетика министрлігінің айтуынша, Үкімет 2009-2015 жылдар арасында монополистерге тарифті 2 есеге қымбаттатуға рұқсат берген. Осы уақыт аралығында олар өздерінің ескі қондырғыларын жаңалап, материалдық-техникалық базасын қайта жаңғырту керек болған. Алайда, монополистер түскен 1 трлн теңгеге қондырғылардың 40 пайызын ғана жаңғыртқан. Тарифті көтеру 2015 жылмен тоқтамай, электр энергиясы 3 есе бағамен сатылып келген. Осылайша, Бас прокуратура 3 жылда тұрғындардан 29 млрд теңге артық төлем жиналғандығын әшкере қылды.

Монополистерге ойына келгенін жасауға мүмкіндік берген Үкіметке Нұрсұлтан Әбіш-ұлы тарифті көтермес бұрын халықтың қалтасы оны көтере алатындығын анықтауды тапсырды. Сонымен қатар, өткен жылдың соңына дейін тарифтердің бағасын арзандатуды шегелеп берген болатын энергетика министрлігіне.

Президенттің тапсырмасынан кейін жаңа жыл қарсаңында Үкімет отырысы өтті Елордада. Жиын барысында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысында берілген тапсырмалардың орындалғанын айтып, өңірлер-дегі тариф бағасының қанша пайызға төмендетілгенін жеткізді. Сөзіне сүйенсек, халық үшін электр энергиясына арналған баға Жамбыл облысында 3,6 және Қызылорда облысында 4 пайызға арзандатылған. Ал басқа өңірлерде халық үшін бөлшек бағаны болжамдық төмендету жаңа жылдан бастап 1,7-ден 23 пайызға дейінгі аралықты құрайды екен. Жалпы халықтың электрмен жабдықтау саласындағы қызметтер үшін қаражат 14,5 пайызға үнемде-леді.

Осыны естіп, бөркін аспанға атқан қарапайым халықтың қуанышы жаңа жылдан кейін су сепкендей басылды. Жақында ғана аудан тұрғындарының үйіне арзандатылған жаңа тарифпен электр энергиясының түбіртектері келді. Байқасақ, айтарлықтай төмендеген баға жоқ. Айталық, бірінші деңгейдегі тариф бұрындары 16,65 теңге болса, қазір бақандай 12 тиынға арзандап, 16,53 теңгені құраған. Демек, тариф 0,72 пайызға төмендетілген. Ал екінші теңгейлі тариф 2,8 пайызға арзандаған, яғни, 62 тиын. Сол секілді, үшінші деңгейлі тариф те 77 тиынға арзандаған. Бұл да 2,8 пайыз. Ал енді есептеңіз, бүгінгі таңда электр пешімен жылынатын үйлерді қоспағанда, әрбір үйде кемінде 3-4 тұрмыстық техника үздіксіз жұмыс істеп тұр. Орташа есеппен әр отбасы айына 250 кВт электр энергиясын тұтынса, бұрындары бірінші деңгейлі тарифпен 4162 теңге төлейтін. Қазір 0,72 пайыздық жеңілдікпен 4132 теңгенің электр энергиясын тұтынады. Демек, бүтін бір отбасы айына 30 теңгені үнемдейді. Қымбатшылық жайлаған заманда бұл ақшаға жарты бөлке нан сатып алудың өзі мүмкін емес.

Ал Есік қаласының төменгі жағында орналасқан саяжай тұрғындарына төмендетілген тарифтен келіп-кетер пайда жоқ. Себебі, саяжайлықтар өз төрағаларының бекіткен тарифімен төлейді. Мысалға, 6-шақырымдағы «Трудовик» саяжайында электр энергиясының құны 1 кВт-қа 23 теңге. Ал одан төмен 4-шақырымда 29, «Самал» саяжайында 28 теңгені құрайды.

Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Нұрсұлтан Назарбаев шенеуніктерге: «Халыққа сылтау айтып, ақталғандарың емес, нақты жұмыстың нәтижесі керек. Оларға тарифтердің арзандатылғаны қажет» – деп шүйліккен болатын. Осыдан кейін бағаның арзандайтынына сенімді болған тұрғындардың жаңа тарифке көңілі толмайды. Оны инстаграм парақшасында жасалған сауалнамада Есік қаласының тұрғындары айтқан болатын. Бірі «12 тиынға байып қалдық» деп мысқылдаса, енді бірі «Президенттің тапсырмасын атүсті орындаған шенеуніктерді» айыптаған еді.

Мемлекет басшысы Ұлт жоспары – 100 нақты қадамның 51-қадамында «Өңірлік энерге-тикалық компанияларды ірілен-діру» керектігі айтылған еді. Нәтижесінде, бұл энергиямен қамтамасыз етудің сенімділігін арттырып, өңірлерге электр энергиясының шығынын төмендетіп, тұтынушылар үшін энергия ақысын азайту керек болған. Осы мақсатта аудан әкімдігі көптеген инвесторлармен келіссөздер жүргізіп, ауданымызда электр энергиясын өндіруді арттыруды қолға алған. Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда өңірімізде қуаттылығы 4,5 МВт болатын «Нұрлы ВЭС», «СамрукГринЭнерджи» (5 МВт) жел электр станциялары, сағатына 1,7 МВт электр қуатын өндіретін «Түрген ГЭС» пен Есік қаласында «Энергия Әлемі» су электр станциясы (5,3 МВт) жұмыс істеп тұр. Бөлім басшысы Нұрболат Серғалидың айтуынша, аталған электр станциялары бағаны арзандатуға септігін тигізбейді, тек қуаттылығы аз аймақтарды қамтамасыз етеді. Ал ауданымызға қажетті электр энергиясының көлемі 28-30 МВт-ты құрайды. Қазіргі уақытта Сөгеті округінде «КЗА Констракшн» ЖШС қуаттылығы 200 МВт болатын ауқымды күн электр станциясының құрылысын бастамақшы. Сонымен қатар, сағатына 59 МВт электр қуатын өндіретін бірнеше жел электр мұнаралары тұрғызылады. Бұл 2025 жылға дейін жүзеге асырылатын жоба. Сол уақытта ғана ауданымызда электр энергиясының бағасы айтарлықтай арзандауы мүмкін.

Сардарбек НҰРАДИН.

Read 89 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама