Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 31 Қаңтар 2019 15:43

Салтымыз сақталып, дәстүріміз дәріптелсе – биіктейміз

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деген еді. Демек, ұлттық-рухани тамырымыздың негізі – отбасынан бастау алады десек қате болмас. Халқымыздың тамыры терең тартқан, тарихымен бірге жалғасып келе жатқан рухани байлықтың бірі де – отбасы құндылықтары. Үлкенін үлгі тұтып, дәстүрін дәріптеген қазақ халқы «Отан – отбасынан басталады» десе, көреген Елбасы: «Отбасы – Қазақстан қоғамының діңгегі, экономикадағы, мәдениеттегі, әлеуметтік саясаттағы барлық жаңа жетістіктерінің негізі» деп қоғам үшін маңыздылығын көрсетіп берді.

Отбасылық құндылықтардың орталығы ол – Ана. Ана рухани құндылықтарды ұрпақ бойына сіңіруші, от басындағы берекені бекемдеуші. Ал, әке сол ұяны сақтаушы, қорғаушы, жарына – тірек, ұрпағына – үлгі болу керек. Осы тұста ана мен әкеден де жоғары ата мен апа статусы бар екенін естен шығармайық. Ана мен әкені бағыттап, ұлттық дәстүрді үйретіп отыратын адамдардың бүгінде: енесі келінін аңдып, сыртынан жамандап бөтенсіткені, аталар көшенің әңгімесі мен көршінің көлігінен басқаны айта алмағаны – ұлттық құндылықтарды құлдыратуда. Кесірінен, қаншама жас отбасылар бір-бірін түсінбей екіге ажырауда. Статистикалық мәліметтер бойынша, Қазақстанда неке құрған әр үш отбасының біреуі ажырасады екен. Мысалы, 2016 жылғы  ресми деректерге қарағанда, қалалық жерлердегі ажырасу деңгейі 40 пайызға жетсе, ауылдық жерлердегі ажырасу деңгейі 27 пайызды құраған. Сондай-ақ, ажырасулардың 40 пайызы алғашқы бес жылда орын алатыны да ойландырады. Ең сорақысы, соңғы бес жылда еліміздегі тіркелген некенің саны азайып, ажырасулардың саны көбейген.  Неге десеңіз, түбімізден, салтымыздан ажырап бара жатқандаймыз. Жас қыздар келін болудың мәнін түсінбесе, кей енелер дәстүрді дәріптемек түгілі, жас жұбайлардың арасына от салуда... Осы тұста ұлт құндылығы жайлы батыр Бауыржан Момышұлынан асып ештеңе айта алмаспыз: «Қай ұлттың болмасын ана тілі, ата дәстүрі, салт-санасы – сол халықтың өзіндік қадір-қасиетін, жан-дүниесін, тұрмыс-тіршілігін көрсететін төс белгілері. Олар – бүкіл бір халықтың өмір жолында ғасырлар бойы мысқалдап жинаған рухани қазынасы, ұрпақтан-ұрпаққа қалдырған ардақ мұрасы. Онсыз қара шаңырағы бар іргелі ел болып, бүтін ұлт болып қалу мүмкін емес. Ана тілі, ата дәстүр өзінен-өзі жалғаспайды немесе біреу сырттан келіп сен үшін көсегеңді көгертіп сақтап та бермейді. Халықтың өз бет-бейнесінен айырылуы не сақтап қалуы – әрбір ұрпақ өкілінің өзінен кейінгі ізбасарларына бабалар аманатын қай сапада жеткізуіне байланысты».

Өз ұлтымызға ғана тән құндылықтарымызды бүгінде біреу білсе, жүзі білмейді. Ауыз толтырып, түсінікті де ұғымды қылып айтар қариялар да шамалы. Құндылықтарымызды біліп, оны білмегенге жеткізу мақсатында батыр баба Бауыржан Момышұлының қолына су құйып, шәйін демдеп, тәлімін тыңдап тереңіне жеткен келіні, жазушы Зейнеп Ахметованың «Күретамыр» кітабының желісі-мен ұмыт қалған салттарымызды қайтадан санамызға сіңіруді жөн санадық. Әсіресе, енелер мен аналар, келіндер мен қыздар үшін, себебі бесік тербетушілер ғой, аса құнды мәліметтер легі болмақ. Солардың алғашқысы – Құрсақ шашу. Мұндай салтты сіздің отбасыңызда орындап па еді? Әлде құлағыңызға алғашқы рет жетіп тұр ма? Қалай болғанда да ендігі жерде біліп, қажет болса орындай жатарсыз.

Ата-ананың басты арманы орындалып, шаңыраққа келін түсті. Сөйтіп, келін түсіп бір тілегіне жеткен тілеуқор ана уақыт өткен сайын келіннің бойындағы, жүріс-тұрыс, әдетін-дегі кішкентай өзгерістің өзін қалт жібермей, оның себебін турасынан сұрамай, қамқорлы-ғын жасай жүріп бақылауға алады. Тек ене ғана емес, абысын-ажын, ауылдағы жанашыр аналар жақсылықтың нышаны қашан байқалар екен деп қадағалап күте бастайды. Күндердің күнінде келіннің асқа тәбеті тартпай, қалтарысқа барып лоқсып жүргенін көрген әйелдердің бірі оның енесіне келіп: «Келініңіздің құрсағы аққа жарыған екен» деп, немесе «Келініңіз ақ алғысты болыпты» деп әдемілеп, астарлап жеткізеді. Қуанышты хабарды алған жөн білетін енелер ризашылығын білдіріп, «Құлақсүйіншісін» беретін болған. Ұрпақ қамын ойлаған көргенді ене арнайы дастархан жайып, ауылдағы әйелдерді «құрсақ шашу», кейде «құрсақ той» деп аталатын дәстүрлі қонаққа шақырады. Шақырылған әйелдер құрқол келмейді, әрқай-сысы өз үйлерінен әртүрлі тағам әкеледі. Ондағы мақсат – келіннің жерік асын табуға жәрдемдесу. Құрсақ шашудың негізгі мәні де, мақсаты да осын-да жатыр. Өйткені, бойына алғаш бала біткен тәжірибесіз келіншек бұрын-соңды өзінде болмаған сезім-түйсіктерді басынан кешеді. Көңілінің неменеге соғып тұрғанын, тәбетінің қандай асқа ауатынын дөп басып айта  алмай, не екенін анық түсінбей аласұрып қиналады. Осы бір аса жауапты кезеңде ақыл-кеңес айтып, жерігін табу-ға көмектесіп мейірім таныту сауабы мол қасиетті іс саналады. Құрсақ тойда жас келін әлгі әйелдер әкелген тағамның бірін сүйсініп жесе, оны әзірлеп әкелген әйел қуанып, мәртебесі асып-ақ қалады екен. Содан келіннің жерігі қанғанша сол дәмді ас иесі жасап беріп қамқор болады.

Барлық игіліктердің бәрі отбасы болып құрылғаннан кейін жалғасады, жүзеге асады. «Бас екеу болмай, мал төртеу болмайды» деген де содан болар. Қазақтың салты мен дәстүрі, ғұрпы мен әдеті – отбасылық құндылықтардың ажырамас бөлігі. Сондықтан, Зейнеп апамыздың кітабының желісі бойынша бұл бастаманы әрі қарай да жалғастыратын боламыз. Күретамырымыздан ажырамай, келешегіміздің қамы үшін атқарылатын, жазылатын дүниелерге Сіздің де атсалысуыңызға болады, құрметті оқырман!

Алмагүл НҰҒМАН. 

Read 48 times

Күнтiзбе

« Ақпан 2019 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28      
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама