Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 07 Ақпан 2019 16:33

Шелек орман шаруашылығының директоры Бекболат АЛТАЕВ: «Орман – адамзаттың байлығы»

Шелек орман шаруашылығының  директоры Бекболат АЛТАЕВ: «Орман – адамзаттың байлығы» mezet.kz

Алатау мен Жетісу таулы аймақтарындағы қарағайлы, қайыңды беткейлер, арша мен шыршалы алқаптар, Іле, Балқаш бойындағы тораңғылы, сексеуілді далалар, жайлаудағы бетегелі-жусанды жазықтар тау бұлақтарынан бастау алып, жер бетіне өрнек салған ерке өзендер жер жәннаты – Жетісудың табиғатына ерекше көрік беріп тұр. Сондай-ақ, орман – жер асты суларының деңгейінен реттейді, топырақ эрозиясынан сақтайды. Төрт түлік малдың көктемгі көктеуі, жазғы жайлауы, күзгі күздеуі, қысқы қыстау болған орман қорының жерлері. Осындай сұлулығымен адамды өзіне баурап алатын тұмса табиғат ауданымыздың да сәнін кіргізіп тұрғандай. Есік өңірі Іле-Алатау ұлттық паркімен мақтанса, Шелек өңірінің сұлулығы Шелек орман шаруашылығының аумағына сыйып жатыр. Жақында алып мекемеге арнайы барып, жұмыс барысымен танысып, орман шаруашылығының директоры Бекболат Алтаевпен тілдескен едік.

– Құрметті Бекболат Мұхаметжанұлы, әңгімемізді Шелек орман шаруашылығының құрылу тарихынан бастасақ.

– Өзіміз қызмет етіп отырған мекеменің тарихы тереңде жатыр. Былтыр ғана 70 жылдығымызды атап өткен болатынбыз. Негізінен, Шелек орман шаруашылығы 1948 жылы құрылған. Бірінші рет орман орналастыру жұмыстары 1954 жылы қазақ авиациялық суреттері мен орман орналас-тыру канторының 7-ші орман орналастыру партиясы бойынша жасалған. Кейіннен 1964, 1974, 1984, 1994 жылдары және соңғы орман орналастыру жұмыстары 2016 жылы Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылық министрлігі «Қазақ орман орналастыру кәсіпорнымен» жасалынды. 1956 жылдан бастап Шелек механикаландырылған орман шаруашылығы деп аталған мекеменің атауы осы күнге дейін бірнеше рет ауысты.

– Орман шаруашылығының аумағы қандай?

– Шелек орман шаруа-шылығының орман қоры жерлері «Тянь-Шань» тау сілемдерінің теңіз деңгейінен 1600-3800 метр аралығында және дала жартылай шөлейт жерлерде орналасқан. Бүгінгі күнге «Шелек орман шаруашылығы» КММ орман қоры жерлері 117 мың 462 гектарды құрайды. Оның ішінде жартысына жуығы, яғни, 48 мың 810 гектар жер орманды алқап. Сонымен қатар, мекеме аумағы 4 орманшылыққа бөлінген: Табан-Қарағай орманшылығы (21733 га), Шелек орманшылығы (32526 га), Іле  орманшылығы (50257 га), Жиделі орманшылығы (12946га).

Қорғалатын аумақта елімізге әйгілі «Асы» жайлауы, «Ой-жайлау»,«Табан-Қарағай» бар. Сонымен қатар, тарихи орындар, Шелек өңірінде табиғаты көркем, суы тұнық, мөлдір, жанға сая болатын жерлер мен шипалы сулар орналасқан.

– Аталған аймақтарды қанша адам күзетеді? Жалпы материалдық-техникалық базаңыз қандай?

– Табиғат – мемлекетіміздің, жалпы адамзаттың баға жетпес байлығы. Әсіресе, Жетісу өңірінің табиғаты ерекше қорғалады. Сондықтан, бізде мамандар жеткілікті. Мекемеде барлығы 89 адам қызмет атқарады, орташа орман күзету алаңы 2500 гектарды құрайды. Оның ішінде, 47 маман – орман күтушілері. Өрт сөндіру станциясында 14 адам жұмыс істейді. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан орманшыларға жағдай жасалуда. Жаңа жылдан бастап, орман қорғаушы мамандардың жалақысы 25 пайызға ұлғайды. Оның сыртында орманшылар маусымдық киімдермен, ат, ер-тұрманмен, мотоциклмен, қорапша үйлермен қамтамасыз етіледі.

Соңғы жылдары мекеменің материалдық-техникалық базасы біршама жақсарды. Бүгінгі таңда орманшылықтарға 7 дана автокөлік қызмет бабына пайдалануға бекітіліп берілген. 2 МТЗ тракторы, 2 су тартқыш, 2 өрт сөндіру, 2 патрульдік, 1 ЗИЛ – 131 жүк тасымалдау автокөлігі бар. Сонымен қатар мекеме басшысы, орынбасары, орман қорғау инженері, аңшылық маманы қызметтік автокөліктермен қамтамасыз етілген. Барлығы 16 патрульдік автокөліктер 1 тас-палы ағаш тілетін құрал бар, 46 дана қол радиобайланыс жүйесі жұмыс істейді.

– Орманның жауы – өрт. Тілсіз жауды болдырмау мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда? Өрт оқиғасы тіркелді ме?

– Әрине, бірінші кезекте тұрғындар мен демалушылар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. БАҚ-қа хабарландырулар беріп, орманды өрттен сақтауға барымызды саламыз. Оған қоса, жылда оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізіп, мамандарымыздың дайындықтарын пысықтаймыз.

Орман шаруашылығының аумағы үлкен болғандықтан, әрине, өрт оқиғалары тіркеледі. Алайда, өрт сөндірушілер мен орманшылардың қырағылы-ғының арқасында тілсіз жауды ауыздықтап үлгереміз. Біздің мақсатымыз – орманды өрттен сақтау. Сондықтан, біздің мекеме қызметкерлері орманға қарай жылжыған дала өртімен де алысуға мәжбүр. Алдыңғы жылы, Алғабас және Таусүгір аумақтарында орын алды. Апат салдарынан 600 гектарға жуық алғап күлге айналды. Абырой болғанда, қызыл жалын орманға бірнеше шақырым қалғанда ғана сөндірілді.

– Таулы аймақтарға баратын техникаларыңыз бар ма?

– Қазіргі уақытта таулы мекендегі өртті сөндіретін тікұшақ ұстауға біздің шамамыз жетпейді. Десек те, оқыс оқиға тіркелген жағдайда, Алматы облысы бойынша 2 тікұшақ бар. Арнайы белгіленген орындарға құтқарушылар мен өрт сөндірушілерді тасымалдайды. Сонымен қатар, 2 патрульдеу ұшағы адам аяғы баспаған жерлерді әрдайым бақылауда ұстап отырады. Себебі, өрт темекі тұқылы, от қалдықтарынан бөлек найзағай түскен жерде де шығуы мүмкін.

– Шелек орман шаруашылығының құрамына туристік орындар да кіреді. Өткен жылы осы бағытта қанша табыс таптыңыздар?

– Негізінен орман қорының жерлерін келісім-шарт негізінде жалға беру арқылы пайда табамыз. Қазіргі уақытта 32 орман пайдаланушы бар. Мәдени, сауықтыру және туризм бағытындағы 751 гектар жерді жалға беру арқылы бюджетіміз 665 мың теңгеге толықты. Мал жайылымына берілген 26 мың гектардан астам алқаптан 1 млн 733 мың теңге пайда түсті. Саңырауқұлақ терушілерден де 258 мың теңге алынды. Оған қоса, шөп шабуға, дақылдар өсіруге, омарта, қамыс, ши оруға жерлер бөлініп берілді. Жалпы 2018 жылы түскен қаржы 3 млн 289 мың теңгені құрады.

– Шелек орман шаруашылығы өсімдік пен жануарлар дүниесіне қаншалықты бай?

– Таулы жерлерде негізгі ағаш қоры Шренка шыршасы, «Тянь-Шань» шетені, арша талдар, далалы жерлерде тораңғы, сексеуіл, жиде, тамарикс сияқты ағаштар өседі және өсімдіктердің көптеген түрлерін кездестіруге болады. Сонымен қатар Қазақстанның қызыл кітабына енген Боз жапырақты тораңғы ағашыда Іле өзенінің жағасында жайқалып тұр. Ағаштың бұл түрі бізде және Американың Колорадо штатында ғана өсетін белгілі.Шелек орман қоры алқаптарында Қызыл кітапқа енген біршама аңмен құстар кездеседі. Жайран сілеусін, тау бүркіті, ителгі, лашын және басқа аң-құстар біздің басты назарымызда.

2016 жылғы орман орналастыру жұмыстарының жоспары негізінде 2018 жылы 11,5 гектар жерге 133 мың дана ағаш көшеттері отырғызылды: олар – қарағаш, жәй өрік және жиде.

Бүгінгі таңда мекеменің уақытша тұқымбағында Қырым қарағайы, жәй қарағай, көгілдір шырша, шығыс биотасы, май қарағай, каштан, катальпа, қарағаш, жәй өрік, Сиверс алмасы, бирючина, емен, қызыл долана, Қазақстан терегі, шетен сынды 15 түрлі ағаш көшеттері өсірілуде. Отырғызылған көшеттердің өсу сапасы жақсы, ағаш-бұта тұқымдарын жинау дұрыс жолға қойылған.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет.

 

Сардарбек НҰРАДИН.

Read 115 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама