Бейсенбі, 07 Наурыз 2019 18:40

Өзгені де ойлаған – адамдықтың белгісі

Өзгені де ойлаған – адамдықтың белгісі mezet.kz

Адам қайғысы – заман қайғысы. Қоғамда орын алып жатқан түрлі келеңсіз жағдаяттар жүрегі барларды елеңдетпей қоймайды. Әсіресе, ана мен балаға қатысты болғанда. Бейбіт күнде аналарымыз жылап, балаларымыз жетіспеушілік пен жоқшылықтың қамытын киюде. Кісіні кейде таршылық, кейде баршылық сынайды дейді. Таршылықпен сыналып жатқан жандарды көргенде көмек беруге ұмтылатын қазақы қалпымыз бен адамгершілігіміз әлі де суалмаған дариядай екеніне куә болдық жақында.

Талдыбұлақ деген ауыл бар тау бөктерінде. Балалары тауға қарап талаптанып, қариялары жер асты қазынасындай. Ауыл болып араларындағы аз қамтылған, көпбалалы отбасыларына қамқорлық көрсетіп, өздерінен артылғанын өзгеге де жұғым болсын деген ниетпен Есікке ат басын бұрған. Олай дейтініміз, Талдыбұлақ орта мектебінің директоры Алима Юнусова бастаған ұжым, ата-аналар, ақсақалдар ұйымдасып, қайырымдылық мақсатында игі бастама көтерді. Қап-қап азық-түлігін көлікке тиеп, өнерпаз оқушыларын мінгестіріп жолға шықты. Меже – Есеновтар патронаттық отбасында тәрбиеленіп жатқан балалар үйі. Отыз шақты балаға пана болып отырған Нұрым Есенов пен Роза Есенова қонақтарды қуана қабылдап, үйлерімен таныстырды. Ұядан ұшқан, бүгіндері отбасылы болып үлгерген балаларымен қоса балапандардың түрлі бағытта жеткен жетістіктерін тілге тиек етіп, марапаттарын, фотосуреттер көрмесін паш етті отанасы. Оқушыларын алып келген бір топ ұстаздар қауымы шағын концерттерін ұсынып, қам көңіл балалармен шаттық шеңберін ойнады. Мектеп директоры Алима Әштайқызы: «Қайырымдылық жасау – адамгершіліктің белгісі. Ал, бөтен болса да өзінікіндей көріп, балаларға қамқорлық көрсету – шексіз құрметке лайық қасиет», – дей келе кең жүректі жандарға алғыс білдіріп, Роза Есеноваға дайындаған кішігірім сыйлықтарын табыстады ұжым атынан.  Талдыбұлақ ауылдық ақсақалдар алқасының төр-ағасы Жүніс Әбутәліп ата балдырғандарға бата беріп, болашақтарының жарқын болуын тіледі.

Алмагүл НҰҒМАН.

Read 142 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет