Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 07 Наурыз 2019 18:57

Тәрбиенің бастауы

Тәрбиенің бастауы mezet.kz

Әлемдегі күллі жақсылық, ізгілік пен мейірім ең алдымен әйел қауымына тән. Барша адамзатқа өмір сыйлайтын Әйел-Ана әрқашан ерекше құрмет пен ықыласқа лайық. Сондықтан да әйелдер мерекесін адамзат баласы аңсап, күтеді.

Әйел жанының сұлулығы мен нәзіктігін аша түсетін осы бір тамаша мерекенің жаңа туған көктем шуағымен сәйкес келуі ерекше мағынаны аңғартады. Себебі, әрбір Әйел-Ана да көктемдей құлпырып, адамзат өмірін сән-салтанатқа толтырып, әлемге жылылық, мейірім, татулық нұрын шашады.

Әйел деген кім? Әйел – біздің аяулы анамыз, ардақты әжеміз, қаракөз қарындасымыз, сүйкімді қызымыз, қамқоршы әпкеміз. Әйел – қолына қару алып, қан майданда от кешкен Әлия мен Мәншүк, айдай әлемді аузына қаратқан Роза мен Бибігүл, желтоқсанның аязында мұзда алау болып жанған Ләззат пен Сабира. Осындай қайсар да батыл, өнерлі де көрікті қыздарымыз бар қазақ халқы үшін 8-наурыз мерекесінің, оған қоса, қыз баланың орны ерекше. Сондықтан, халқымыз ежелден қыз балаға айрықша құрметпен қарап, төрден орын берген. Ару қыздар болашақ елдің анасы болады, елін қорғайтын азаматтарды тәрбиелейді деген пайыммен, қыз баланың тәрбие-тағылымына терең мән берген. Салтымызға сәйкес, Әйел-Ана отбасының ұйытқысы, ондағы сенімнің сақтаушысы, отбасындағы ұрпақ тәрбиесінің, бауырмалдық, адамгершілік құндылықтарының қайнар көзі. Бұл әйел қауымының ұлт тәрбиесіндегі айнымайтын алтын орнын айғақтайды. Сондықтан да, еліміздегі толайым табыстар мен өркенді өзгерістерге бастайтын өрелі істер ең алдымен әрбір қазақстандық отбасындағы ана мейірімінен бастау алады деп сеніммен айта аламыз.

Бүгінгі қоғамда әйел баласы тек қана отбасы, ошақ қасымен ғана шектеліп қоймай, қоғамдық өмірдің барлық салаларында белсенді қызмет атқарып, өздерінің біліктілігімен, тиянақтылығымен кеңінен танылуда. Әйел қауымының қоғамдағы бейбіт тірлік пен берекелі бірліктің, жарқын болашаққа деген сенімнің аса зор ұйытқысына айналуы әйел затына деген құрмет пен сүйіспеншілікті арттыра түседі.

«Ана – бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» – деген ғибратты сөзге сүйенсек, «Тәрбие басы – тал бесік» ананың бала тәрбиесі ғана емес, қоғамды тәрбиелеудегі де рөлі жоғары. Ата-бабамыз әрқашан жесір мен жетімін жебеген, үлкенін сыйлап, кішісіне ізет көрсетіп, мейірім мен қамқорлықты ту еткен. Ал қазіргі кезеңдегі әлеуметтік өткір мәселелердің бірі – тірі жетім балалардың көбеюі. Бүгін қоғамда баласын далаға өз еркімен тастап кететіндердің қатары күннен-күнге артуда.

Ұлы данышпанымыз, хакім Абай «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар, содан қашпақ керек: әуелі надандық, екіншісі – еріншектік, үшіншісі – зұлымдық» – деген екен. Адамның айтуға аузы, көруге көзі қорқатын сұмдық жағдайлардың жиілеуіне белгілі бір адамдар тобын ғана кінәлап, сырттай ғана бақылап отыруға болмайды. Бұл сұмдық қалыпты жағдайға айналмай тұрып алдын алуға әрқайсымыз атсалысуымыз керек.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Еңбекшіқазақ ауданы Аналар кеңесінің төрайымы, «Алматы облысы тәрбие мен адамгершілік білім беру серіктестіктерінің қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы ретінде барлық аналарды, қызғалдақтай қырмызы қыздарды 8-нау-рыз мерекесімен құттықтай отырып, отбасындағы бала тәрбиесімен қатар, қоғамдағы рухани-адамгершілік тәрбиенің құлдырамауы үшін іс-шаралар жүргізуге белсенділікпен, бастамашылдықпен қатысуға шақырамын. Жағдай бұлай жалғаса берсе, ұлт болашағына үлкен қауіп төнетіні сөзсіз. Осы тұста ойыма Сағат Әшімбаевтың «Қоғамдық рухани байлықтың азая бастауын ешбір қазына-байлықпен ал-мастыруға болмайды» – деген сөзі еріксіз еске түседі.

Міне, жер дүниені жасандырып, қыс қаһарын ықтырып, сыланған бойжеткендей ару көктем де келіп жетті. Сіздерді күлімдеген көктеммен бірге келетін тіршіліктің тұтқасы саналатын әйелдер қауымының мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Гүл көктеммен қатар келетін төл мереке қарсаңында барлық аналарға, аяулы әпкелер мен ару қарындастарға әрқашан шуақты көктемдей көңіл-күй тілеймін. Сіздердің жүректеріңіз тек қана жылылық пен мейірімге толы болсын! Сіздерге мол бақыт, мықты денсаулық, әрбір отбасына ырыс пен ынтымақ тілеймін!

Гүлнар ЖОШЫБАЕВА,

Қазақстан халқы Ассамблеясы Еңбекшіқазақ ауданы

Аналар кеңесінің төрайымы.

Read 79 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама