Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 14 Наурыз 2019 19:32

Құшағы гүлге, көңілі нұрға толды аналардың

Құшағы гүлге, көңілі  нұрға толды аналардың mezet.kz

Көңілдерге көктем шуағындай сезім мен нұр құйып, аналар мен әжелердің, әпке-қарындастарымыздың төл мерекесі де келіп жетті. Көктемнің шырайлы күндерімен қатар келген әлемдегі бар тіршіліктің тұтқасын ұстап тұрған әйелдер мен қыз-келіншектердің мерекесі аудан аумағында кең көлемде аталып өтті. Мерейлі күнде аудан әкімі Бинәлі Ысқақ Т.Молдағалиев атындағы аудандық мәдениет үйінде ақ жаулықты аналар мен қыз-келіншектердің басын қосып, мерекелерімен құттықтады.

Бұл күнгі мерекелік көңіл-күй мәдениет ошағының сыртынан сезіліп тұрды. Жүздері бал-бұл жайнап, ерекше құлпырған нәзік жандылар ғимаратқа аяқ басқаннан-ақ сері жігіттер гүл шоқтарын ұсынып, ақ тілектерін жеткізіп жатты. Мерекелік концерттің шымылдығы аналар туралы әуезді әнмен түрілді. Кейіннен Бинәлі Әбдіқапасұлы әйелдер қауымын төл мерекемен құттықтады:

– Шығыста «Ана бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген керемет сөз бар. Қай халықта болмасын әйел есімімен асқақ арман мен нәзік сезім байланысты. Осы тұста, тарих беттерін кері парақтап, ғасырдан-ғасырға жеткен, аты аңызға айналған, қалың жұрттың жүрегінде жат-талған, заманының Тұмар мен Зарина іспеттес ұлы ханшайым-дарымыздың, қасиеті ұрпақтан-ұрпаққа дарыған  Ұмай, Домалақ, Бопай аналарымыздың, адал махабаттың мәңгі үлгісіне айналған Айша бибі, Қыз Жiбек, Баян Сұлу, Еңлік секілді аруларымыздың, шығыстың жұлдыздары Әлия мен Мәншүк сияқты батыр қыздарымыздың өнегесінен тағылым алып, осындай асылдың сынығы болған жаңа дәуірдегі  Қазақстанның дамыған мемлекеттермен терезесі тең болып, гүлденуіне елеулі үлес қосып, қызметтің бел ортасында жүріп, мәселе шешуде салмақты ой мен жауапкершілік жүгін қоса арқалайтын аналарымызды, апа-қарындастарымызды біз ерекше мақтан етеміз – дей келе алтын құрсақты аналарға мемлекет тарапынан жағдай жасалатындығын жеткізді.

– Елбасымыз Н.Назарбаев бір сөзінде «Алтын құрсақ ананың амандығы мен баланың жарқын күлкісі – біздің басты байлығымыз.

Ана мен бала тағдыры мемлекет қамқорлығынан бір сәтте тыс қалған емес...» деген сөзіне сүйене отырып, мемлекет тарапынан бала мен ананың, әйелдің өз отбасындағы әлеуметтік ахуалына әрдайым ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл тұста, елімізде қабылданған әр саяси құжаттың мазмұны әлеуметтік тұрғыдан Сіздерге  деген шынайы құрмет пен қамқорлықтың басты назарда екендігімен дәлелденеді. Күні кеше ғана өткізілген «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде қоғамдағы отбасының, оның ішінде көпбалалы отбасылардың рөлі туралы айтылды. Бұл тұста, отбасылардың әл-ауқатын көтеру мақсатында 2019 жылдың 1 шілдесінен бас-тап, атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінен 70 пайызға дейін көтеру, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға, қамқоршыларға төленетін жәрдемақы көлемін 30 пайызға көтеруге, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша да тиісті көмек көрсетілуі туралы тапсырмалар берілді.

Жиылған нәзік жандыларға жағымды жаңалықты жеткізген аудан басшысы мемлекеттік және бюджеттік салада ұзақ жылдар қызмет кеткен, сондай-ақ, әр ауылдан келген көпбалалы аналарға Алғыс хаты мен сый-сияпаттарын табыстап, гүл шоқтарын ұсынды. Мейрам аудандық мәдениет үйінің дайындаған концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. Осылайша, құшағы гүлге, көңілі нұрға толып, мерекеде бір марқайып қалған аналар қауымы аудан басшылығына алғысын жеткізіп, аудан өнерпаздарының өнерін тамашалады.

 С.НҰРАДИН.

Read 21 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама