Бейсенбі, 14 Наурыз 2019 20:09

Ынтымақты үйдің бағы бар

Ынтымақты  үйдің бағы бар mezet.kz

Осылай деген ата-бабамыздың нақылы бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан емес. Еліміздегі 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері «Қазақстан» атты бір шаңырақтың астына жиналып, өзара ынтымақтастықта күн кешуде. Бірлік пен татулықтың арқасында Қазақстан әлемге үлгі көрсетіп, достықтың символына айналды.

Тілі басқа – тілегі бір, жүзі басқа – жүрегі бір қазақстандықтардың достықта күн кешіп жатқанына бір ғасырға жуық уақыт болды. Сталиндік саясаттың құрбаны болған ұлттар сол кезеңде Отандарынан қуғындалып, Қазақстанға жер аударылды. Қақаған аязда, аптап ыстықта қызыл әскер жендеттері айдалаға тастап кеткен адамдарды қазақ халқы өгейсінген жоқ. Қолындағы барымен бөлісіп, баспана беріп, екі қолына бір күрек ұстатты.Танымайтын өзге елде жетімсіретпей, бауырына басқан қазақ халқы оларға көмек қолын созып, қонайжайлығын көрсетті. Нәтижесінде, 1991 жылы ұлтқа, дінге, тілге бөлінбейтін Тәуелсіз Қазақ елінің шаңырағын көтердік. Одан кейінгі тоқырау жылдары, дағдарыс кезеңдері бізді материалдық жағынан жүдетсе де, рухани байлығымызды жоғалтқан емеспіз. Керісінше, қазақстандықтардың қиын шақта бір-біріне демеу бола білетіндігін дәлелдеп, осы күнге бірге жеттік. Бұл турасында Елбасы Н.Назарбаев: «Біз жүз жылға татитын жиырма жылда ортақ жауапкершілік жолын жүріп өттік, биік белестерді бірге бағындыра білдік. Бауыры бүтін бірлігімізбен елдікті еселеп, мызғымас мемлекетімізді бекемдей түстік. Тұрақтылықтың бірегей үлгісін танытып, дамудың қазақстандық жолын айқындадық» – деген еді бір сөзінде. Аталған жетістіктерге жету жолында Қазақстан халқы Ассамблеясының еңбегі зор. Талай этно-мәдени шаралардың ұйытқысы болған Ассамблея әлі күнге өз жұмысын жемісті жалғастыруда.

Қазіргі уақытта, еліміздегі, оның ішінде ауданымыздағы 50-ден астам ұлт пен ұлыс өкілдері бір атаның балаларындай бақытты күн кешуде. Оның бірден бір дәлелі, кез-келген ұлттық және басқа да мерекелерді жатсынбай, бір адамдай атап өтеміз. Күні кеше ғана Түрген шатқалында болған «Масленница» атты қысты шығарып салу мейрамында славяндар ғана емес, қазақ, ұй-ғыр, түрік ұлтының өкілдері де өнер көрсетіп, қызықты ойындармен демалып қайтты. Сонымен қатар, алдымызда келе жатқан түркі халықтарының жаңа жылы – наурыз мерекесі де жалпықазақстандық мейрамға айналды. Бұл күнде қазақ халқы ғана емес, барлық ұлттар өздерінің қазақ үйлерін тігіп, салт-дәстүрді жаңғыртып, нау-рыз көжеден дәм татады. Оған қоса, халқымыз бір-бірінің діни мерекелеріне де құрметпен қарап, тіпті, кейбірі атап өтеді. Мұсылмандардың «Құрбан айтын», христиандардың «Пасха» мерекесін дінге, ұлтқа бө-лінбей, көршілер мен жақын жандар арасында өткізетін күнге жеттік. Әрине, бұл әрбір қазақстандықтың жүрегінде орын алған сыйластық, мызғымас татулық пен адал достықтың жемісі.

«Бөлінгенді бөрі жейді» – деп дана қазақ бекер айтпаса керек. Бүгінде алауыздықтың кесірінен Отаны соғыс алаңына, үйі үйіндіге айналған қаншама мемлекетті күнделікті өмірде бұқаралық ақпарат құралдарынан ес-тіп, көріп жүрміз. Шежірелі тарихымызға үңілсек те, өзара қырқысқан ел ешқашан ұзақ өмір сүрмеген. Бұл – біз үшін үлкен сабақ. Сондықтан, бірлігі жақсының, тірлігі тапшы болмайтынын, достықсыз даму болмайтындығын әр-дайым есте сақтауымыз керек. Елбасының сөзімен айтсақ, бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ.

 

Алия БОДЫБАЕВА,

Райымбек батыр атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы.

Read 137 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет