Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 14 Наурыз 2019 20:41

Мінсе – көлік, сойса – соғым, сусыны – шөлді қандырған...

Мінсе – көлік, сойса – соғым,  сусыны – шөлді қандырған... mezet.kz

«Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал, жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды». ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында осылай деп атқа міну мәдениетіне ерекше тоқталып өтті. Жалпы, тақымы атқа тиген қазақ әр уақытта арқаланып, әруақтанып, қиялына қанат бітіп шабыттанып, қуат қосып қайраттанатыны тағы бар. Сондықтан мінсе – көлік, сойса – соғымы болатын жылқыны халқымыз төрт түліктің төресі деп ардақтайды. Табиғатына қарай үш топқа бөлген. Бәйгеге қосатын жүйрік жылқыларды тұлпар, арғымақ, сәйгүлік деп әлпештеп, ерекше күтімге алса, ауыр жүк артуға, алыс жолға төзімді жылқыны қазанат деп қадір тұтқан. Ал, еті мен сүті үшін өсіретін қалған жылқыларды жабы атаған. «Бабы келмеген жүйріктің бағы байланады» демекші, қай істе болмасын еңбек пен төзімділік және тынымсыз жұмыс астасқанда ғана белгілі бір нәтиже шығары анық.

Қазақ күресінен спорт шебері, спорт ардагері, атбегі, жетпістің желкенін тартқан Саматов Аманбек Фазылұлы да денсаулығының мықты әрі дене бітімінің қалыпты болуының сырын – атқа жақын болғандығынан дейді. «Ерте жасымнан атқа отыруға құмар болдым. Жылқы малының жанынан шықпай, түр-түрін көріп, баптадым. Спортқа икемдігім де атқа отырғаннан бастау алған болар. Қазақ күресінің қыр-сырын ұғынып, талай мәрте жарыстардың жүлделі орындарынан көрініп, еңбегіме тиесілі марапаттарымды да алдым. Кейіннен қазақ күресінен жаттықтырушы болып, білгенімді жас ұрпаққа үйретуге тырыстым. Аудандағы спорт комитетінде жүргенде атқа отыру, ат баптау мәселелеріне қатты көңіл бөлдік. Бұл бастаманы сол кездегі аудан басшылары да қолдап, біздің аттарымыз жүлделі орындарды қанжығаға байлап отырды. Бір қызығы, сол кездерде біздің аудан көпұлтты, қазақилыққа қатты ден қоймаған тұрғындардан құралған еді ғой. Жарыстарға шығып, бәйге, көкпар сынды ұлттық ойындардан ауданымыз алдыңғы қатардан көрінгенде, өзге аудандар расымен таң қалған-тын. Ұлттық өнердің ошағы сіздерде екен ғой деп, тәжірибемізге тәнті болған. Жалпы, Елбасының өзі қолдап отырған атқа отыру мәдениеті, ат баптау өнері – қай кезде де қолдауға ие болып жүр. Ауданымызда бәйгелері бәрін шаң қаптырып жүрген атбегі жігіттер бар. Негізінен, атқа отырған адам біледі, сезеді – жылқы жүрісінің өзі түрлі дертке ем әрі пайдалы екенін. Ал, қымыздың шипасын бізден бұрын да, кейін де айтып, жазып дәлелдеп қойған. Атқа мінгенде басқа әлемге енгендей боласың. Маңдайыңнан сипаған самалдың өзі ат үстінде отырғанда бар күйбеңді ұмыттырады. Бабаларымыздан жалғасып келе жатқан бұл өнерді бұзбай ұрпаққа аманат ете алуымыз керек», – дейді ауданның құрметті азаматы. Аманбек аға. Бүгінгі таңда зейнеткер болса да ешбір жылқы малына қатысты шаралардан тыс қалмайтын Аманбек Фазылұлы ұлдарының да спорт саласында әрі жылқы малының төңірегінде жүргендерін жеткізді. Немерелерін де солай тәрбиелеп жатыр екен спорт ардагері.  

Р.S. Бөгенбай батыр өзінің Нарқызыл атын 18000 жылқының ішінен таңдап алып, онымен неше жүз рет жау қамалын бұзып, атағы әлемге жайылып, «Қазақтың бас батыры» атанған. Ал, Жәнібек батырдың Көк тұлпарын нағашы атасы Қазыбек би ол амандаса барғанда, жиенін көріп, ерлігі мен серілігіне көңілі толған соң, қалың жылқысын алдынан айдап өткізіп: «Ал, балам, жоңғар шапқыншыларына қарсы соғыста мінуіңе жарайтын ат таңдап ал» деп, Жәнібектің қолына арқан бергенде көркіне көз сүрінердей сүйегі өзге жылқылардан бөлек біткен бір көк дөнен ұстап алған. Кейін сол көк дөнен нағыз тұлпар болған. Жәнібек сол көк тұлпарымен жоңғарға қарсы шешуші шайқастарда ерен ерлік көрсетіп, ханның оң жағынан орын алған. Қазақ халқының ат сыншылары мен атбегілері өте зерек, ерекше көреген болады. Мысалы, Алпамыстың Байшұбары алғашында ешкім көзге ілмеген, қалың жылқы ішінде жүрген қотыр тай болатын. Ал, Қобыланды батырдың Тайбурылын өз ғашығы Құртқа сұлу немере ағасы Сәлімбайдың көк ала биесінің ішінде жүргенде көзі түсіп, оны қолқа салып сұрап алып, құлын кезінен бас-тап баптап, Қобыланды батырға жан серік ат қылып береді. «Ер қанаты – ат» дейтін халқымыз жылқы малына деген ерек құрметін мәңгі жоғалтпақ емес. Қазақ барда атбегілік, ат баптау өнері де өлмек емес.

Алмагүл НҰҒМАН.

 

Read 118 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама