Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Сәрсенбі, 20 Наурыз 2019 16:47

Нұрымның «Наурыз» жайындағы танымы

Нұрымның «Наурыз» жайындағы танымы https://www.google.com/imgres?imgurl=https%3A%2F%2Fwww.zharar.com%2Fuploads%2Fposts%2F2015-12%2F1451152561_qp0pj3ri8py.jpg&imgrefurl=https%3A%2F%2Fwww.zharar.com%2Fkz%2Ftilek%2F388-tilek_apa.html&docid=CSkGOn6QRVc11M&tbnid=o-Xi4gpdCNZCjM%3A&vet=10ahUKEwi2

Қар астынан қылтиып шыққан бәйшешек Нұрымның көз қуанышына айналды. Күніне он мәрте аулаға шығып, қайта кіруінің де басты себебі сол үміт гүлі. Қар бораған қаһарлы қыстың бір кешінде әкесі Нұрымға «Егер, бәйшешек көрсең, демек көктемнің келгені. Күннің жылып, жердің қар құрсауынан босанғаны деп ұғарсың. Ал, күн жылына салысымен ауылдағы атаң мен әжеңе барамыз», – дегені бар еді. Сол сөздер санасында жаңғырған бес жасар бүлдіршін достарының бірін де бәйшешекке жуытпай, қорғаштап жүр. Себебі, әкесі жұмыс бабымен кеткен алыс сапарынан оралып, гүлдің өсіп шыққанына куә болуы керек... 

Қаланың сырт жағындағы шағын ауданда тұратын жас отбасының жалғыз ұлы Нұрым кішкентайынан ата-әжесінің қасында өсіп, ертегілерін тыңдап ес жиып келе жатқан соң, ауылға қарай аңсары ауып тұрады. Үйреншікті әдет бойынша көктем мен жазды қариялардың қасында өткізетіні бар еді. Міне, тағы да сол уақыттың таяп қалғанына ерекше мәз. Анасынан сұрап еді, әкесі сенбіде келіп, жексенбіде бұларды ауылға апармақшы көрінеді. Сырттан иттің үргені естіліп еді, Нұрым елең етіп, есікке ұмтылды.

...Жол жағасы әлі қардан тазара қоймаған екен. Десе де тоң астынан қылтиған бәйшешектер менмұндалайды. Біраз жол жүргеннен кейін Нұрым әдетінше, ұйқыға батты. Оянса, қасында кемсеңдеп, маңдайынан иіскелеген әжесі. Мұның көзін жыпылықтатып ашып жатқанын байқай салысымен «Әй, атасы, балаң тұрды, келсеңші енді тездетіп» деп қарияны асықтырғаны. Атасы әжесі емес, мұның керіле жатқанына мәз болып асты-үстіне түсіп еркелете қоймайды. Тік тұрып, қол беріп амандық жасасқаннан кейін ғана жұмсарып, жадырап салатыны бар. Өзі қаталдау, суық жүзді жан.  Нұрым атасының сұлбасы көріне сала жатқан жерінен қалай ұшып тұрғанын байқамай да қалды.  «Атааааауууу» деп еркелеп құшағына кіріп кеткен немересінің балалық қылығына мейірленді ме, әлде әбден сағынып қалды ма, атасы бұл жолы баласын бірден тәртіпке емес, ыстық құшағына шақырды. Хош, амандық-саулық сұрасып болып, дастархан жайылып, ет қазанға түсті...

Екі-үш күн емін-еркін әбден ойынын қандырған Нұрым енді ескі әдетінше бір уақыт әжесінің тізесіне жатып алып ертегі тыңдауға ден қоятын. Күндіз шәй басында атасының «Ееее, Ұлыстың ұлы күні де таяп қалды, Самарқанның көк тасы жібіп, Жер-Ананың жанданатын уағы ғой, шіркін» дегенін естіген еді. Енді, сол естігенін әжесінен сұрастырып, тәптіштеп анықтауға кірісті.

– Әже-ау, Ұлыстың ұлы күні қай күн? «Самарқанның көк тасы» деген не? Ол неге жібиді?, – деді сұраулы жүзбен.

– Еее, құлыным, Ұлыстың ұлы күні дегеніміз – Наурыз мерекесі ғой. «Самарқанның көк тасы жібиді» деп айтуының да өз себептері бар. Самарқан деген әйгілі Ақсақ Темір өмір сүріп, билік құрған шаһар. Сол жерде Ақсақ Темірдің тағы бар. Бұл күні қаһарлы ханның ашуы, қаһары жібиді, егер біреу өлімге кесілген болса, оны өлімнен аман алып қалатын, райынан қайтатын күн бұл, қарағым. Және бір жағынан жер аяғы кеңіген шақта Наурыз келеді емес пе?! Ол дегенің, Ай мен Күн теңеліп, тіршілік қайта оянды деп, барша халықтың Ұлыстың ұлы күнін тойлайтын шақ. Осы күні қар ғана емес, «Самарқанның көк тасы ериді» деген ұғым бар. Тағы бір білгенімді саған айтайын, орта ғасырларда өмір сүрген көрнекті ғұлама Ұлықбектің Самарқан маңындағы обсерваториясында аспан денелерін белгілеген тастар болған деседі. Күн мен Түннің теңескен шағында жаңағы тастарға күн сәулесі түсіп, тас ериді екен. Ал, күн мен түннің теңесетін шағы – Ұлыстың ұлы күні – Наурыз, балам.

–  Ал, егер, дәл осы күні қар жауып кетсе ше?! Міне, қызық болар еді, ия, – деп жымың қақты Нұрым әжесін сұрақтан сүріндірем деп.

– Әй, балам-ай, деп езу тартқан әжесі: – Наурыз мерекесінде қар жауса, ол жылдың – берекелі, ырысты, құтты болатынын аңғартқан. Ұлыстың ұлы күні жауған қарға түскен құмалақ батып кетсе, көктемнің ерте келерін, батпай, бетінде жатса, көктемнің қырық күн кеш келетінін білдіреді.   Ал, Наурызда жауған ақ ұлпа қарды әдетте арудың сұлулығына, адалдығы мен пәктігіне де балаған, батырым менің! Сен де ержетесің, атаң мен әжеңе Наурызда жауған қардай аққұба жүзді, ибалы келін әкелесің, бұйырса!

Қызараңдап, отырған орнында тыпыршып кеткен Нұрым:

– Әже, неге біз көктем келді, Наурызға таза болып кірейік деп бәрін тазалауға кірісеміз осы?, – деді тағы да.

– Ақылдым менің! Халықта «Бұлақ көрсең, көзін аш!» дейді. Талабыңа нұр жаусын сенің! Бар білгенімді саған айтайын бүгін, – деп мейірленген қарт ана сұрақ қоюдан жалықпайтын немересін бір иіскеп алып, қайта жалғады әңгімесін. – Наурыздың алғашқы күндерінің бірінде қазақ халқының нанымы бойынша жердің бетінде ерекше бір гуіл жүреді дейді. Білетін адамдар мұны жұмақтан шыққан қойлар бірінші болып сезеді, оларды баққан қойшы да байқайды деген. Мұндай күні бүкіл табиғат, жан-жануарлар, адамдар жандана түседі. Бұл күні шаш алуға, тырнақ алуға болмайды, әйтпесе сал болып қаласың деген ырым да бар. Айналадағы жан иесінің бәрі «әзден» кейін ғана ерекше күш-қуатқа ие болады. Сондықтан да халықта: «Әз болмай, мәз болма» деген ұғым қалыптасқан. Күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады екен. Міне, осы уақыт нағыз мамыражай, жайлы болып саналған. Қазақ халқы ерекше қасиетті халық қой. Наурызға қарсы үй ішін, қора-қопсысын, ауыл-аймақты тазалаған. Өздерін де ретке келтіріп, шашын алып, жаңа киім киген. Онымен қатар, рух тазалығына да мән беріп, қарызын өтеп, жасаған күнәлары үшін кешірім тілеп, тәубесіне келетін болған. Көптен көріспей, араласпай кеткен ағайындар бұл күндері бір-біріне барып, кешірімдерін алып, риза қылуға тырысқан, айналайын. Қылышын сүйреткен қыста елді мекендердің, адамдардың арасында едәуір алшақтық қалыптасады. Бірі-біріне боран кездері жолдың болмауынан тіпті байланыс үзіледі. Ағайын-бауырлардың, көрші-көлемдердің бір дастархан басында бас қосулары азаяды. Тек қана көктем айы Наурыз келген кезде ғана байланыс қайта жанданып, жолдар ашылып, адамдар бірі-бірімен қайта бас қосу үшін жан амандығын білу мақсатында, бір-біріне көрісу, қауышу үшін елді мекендерді аралаған. Оның бастауы әрине ағайын-туыстардан басталып, ел-жермен қауышуға ұласады. Бұл көрісу салты деп аталады. Көрісу ең алдымен жанның амандығын  білдіреді, балапаным. Меймандарын күтіп, өздері де қонаққа бару үшін тазаланады. Тазалық бар жерде – денсаулық, жақсылық бар. Қызыр ата да риза болып, бақ дарытады.

– Қызыр ата..... Қызыр ата деген кім? Ол қалай бақ дарытады, әжеее?

– Өркенің өскір-ау! Халықтың наным-сенімінде Қызыр – көзін аппақ қасы жапқан қарт адам болса керек. Қызыр атаны Бақ жетелеп жүреді екен дейді. Ұлыс тойының таным көзімен атыру үшін Қызыр ата түн  ортасы ауа, дала кезеді. Жолай өзі сияқты ұлыс таңына ынтық жанды кезіктірсе, қасын көтеріп назарын салатын көрінеді. Қызыр атаның назары түскен адамның басына Бақ қонбақ...Қазақтағы «Қызыр дарымай, Бақ қонбайды» деген ұғым да содан болар.

– Көже, әже, Сіз «Наурыз көже» пісірмедіңіз ғой әлі. Ммм, өзінің дәмі тіл үйіреді, – деп тамсанып отырған немересіне әжесі біле жүрсін деп:

– Балам, Наурызда күн ұзарып, түн қысқарады ғой, білесің, айттым. Міне, сол сәтті халықта «ұзын сары» келді деген. Ұзын сары дегеніміз – ұзын, ұзақ дегенді білдірсе, «сары» деп тұрғанымыз әрине күн жөнінде болып отыр. Яғни, «ұзын сары» күннің ұзақтығын меңзейді. «Ұзын сары» келер шақта  адам ағзасы дайын болғаны абзал. Ол наурыздан басталып жаз аяқталған кезеңге дейін созылады. Міне, осы кезеңде Наурыздың басты тағамы «Наурыз көже»  дайындалады. Көженің құрамына көп жағдайда дәнді дақылдар мен ет, сүт өнімдері қосылады. Және ол құрам 7 астан аспауы орынды. 7 дәмнің болуы наурыз көженің өзінің ерекшелігі. Бір жағынан 7 саны қасиетті сан десек, екінші жағынан 7 дәм адам ағзасының 7 мүшесіне  тән дәрумендерді дарытады. Екінші жағынан «ұзын сары» күннің ұзақтығы негізінде өмірдің ұзақтығын да меңзейді. Наурыз көженің құрамында сүт өнімдерінің болуы – ол жақсылық. Наурызда «Ақ мол болсын!» деген тілектер айтылып жатады ғой. Бұл тілек әрі қарай тілеуге ұласып, «Ақ мол болсын» деген ниет «Қымыз мұрындық», «Саумалық» ырым-жоралғыларды қалыптастырған халқымызда. Қымыз мұрындық дәстүрі бойынша бие байланып, қымыз сауылады. Сауылған қымыздан тек ағайын-бауырлар ғана емес, көрші-қолаң, алыс-жақындары да дәм татқаны абзал. Себебі, ақты тығып ішу – араздықтың бастамасы, балам.

Сұрағың таусылды ма, қарағым, бар болғыр! Ендеше, әжеңнің «Наурыз көже» дайындауы керек, – деп кемсеңдеген абзал ана қалғып кеткен немересінің үстін қымтап, сыртқа қарай күбірлеп шығып кетті.

Алмагүл НҰҒМАН.

Read 87 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама