Сейсенбі, 10 Қыркүйек 2019 14:22

Энергияны үнемдеу – әлемдік мәселе

Физика заңдылығы бойынша белгілі бір жұмыстың істелуі үшін оған жұмсалатын соған сай энергия болуы керек екені бұлжымыс заңдылық. Ал физиканың заңдылығы табиғаттың заңы екенін ескерсек, адам баласының өмір сүріп, тіршілік жасауы үшін де энергияның маңызы зор. Десе де, энергия ешқашан өзінен өзі пайда болмайтыны тағы шындық. Сондықтан мәңгі жұмыс істейтін құрылғы жасау да мүмкін емес шаруа. Бірақ энергияның сақталу заңына орай жұмсалған энергия із-түзсіз жоғалып та кетпейді. Тек басқа энергияға өзгеріп қана отырады (Мысалы, механикалық энергияның электр энергиясына айналуы). Осыдан келіп энергияны дұрыс пайдалана білу үшін де адамдардың көп ізденуіне тура келді. Адам баласы жаралғалы бері қажетті энергияны табиғаттан алып, соның арқасында өсіп-өніп, жер бетіндегі талай кереметті жаратқаны рас. Дегенмен мәдениеті биік белеске көтеріліп, өркениетті қоғам құруына байланысты энергияны өздері өндіретін деңгейге жетті. Яғни, табиғаттағы бар энергияны келесі бір энергияның түріне айналдырудың жолын үйренді. Бірақ ғылым мен техника дамыған сайын адамзаттың энергияны тұтыну көрсеткіші де жоғарылай берді. Сонымен бірге, энергия көзі болып табылатын шикізаттардың қоры азайып, экологиялық пробемалар күн өткен сайын күрделене түсті. Енді адамдар энергияны аз жұмсаудың әрі экологияға қауіпсіз болуының жолдарын қарастыруына тура келді. Бұл ғаламдық маңызы бар жағдайға айналып, ақыр соңында қазіргі заман ғалымдарының ең алдымен шешуі тиіс мәселесі болып отыр. Бұл адамзат тарихы ары қарай жалғасуы үшін қажет. Егер шешімін таппаса адамзат баласының ғасырлар бойы жасаған өркениеті желге ұшып, жер бетіндегі тіршіліктің жойылып кетуі ғажап емес. Қазақстан Республиксы да әлемнің бір бөлшегі ретінде осы үрдістен шет қала алмасы анық. Сондықтан энергияны үнемдеудің жолдарын қазақ елі де қапысыз меңгеруі тиіс. Осыған орай, «Энергияны үнемдеу – 2020» бағдарламасы қабылданып, энергияны экологияға қауіп төндірмейтін жолмен үнемдеп пайдаланудың ұлттық жоспары жасалған болатын.

Ежелгі заманда-ақ «Әлемнің жеті кереметін» жасаған адамзат баласының математикалық білімін ертеден қалыптастырғанын байқаймыз. Дегенмен осы алып құрылыстарды салуда жұмсалған энергия көздері бірдей еді. Олар ауыр заттарды көтеруге рычагтарды пайдаланғанымен, оны қозғалысқа келтіруге адам мен жануарлардың күші жұмсалатын. Жылынуға, металдарды балқытуға, тамақ пісіруге керекті жылу энергиясын алу үшін отын немесе көмір қолданса, судың не желдің күшімен диірмен тартатын. Әйтеуір жұмыс істеуге пайдаланылатын энергия көздері шектеулі болды. Бірақ машиналасу дәуірінен кейін энергияға сұраныс күрт өсіп, соның әсерінде мұнай, газ, электр секілді көптеген энергия көздері ашылды. Кейіндеп энергия алудың басқа да жолдары қолданысқа енді.

Ғалымдардың айтуынша адамзат ХХ ғасырға дейінгі 60 мың жыл бойы жұмсаған энергия көздерімен салыстырғанда  бүгінге дейін одан он есе көп мөлшерде дәстүрлі энергия ресурстарын пайдаланып қойған. Уақыт өткен сайын жұмсалатын энергия көлемі артып,  тұтынушылар жылдан жылға өсіп келеді. Олардың үлесіне 2030 жылы мұнай сұранысының 80%-ы тән болса, оны тұтынудың мөлшері 2/3 есе өсетіні анықталып отыр. Көмірсутек қорларын барлау және оларды өндірудің тиімді әдістері бар болғанымен мұнай мен газды толығымен алмастыра алатын жаңа энергия көзі әлі табылған жоқ. Энергия ресурстарының шектеулі факторын қалпына келтіріп отыратын техникалық прогресс қазірде өз рөлін жеткілікті деңгейде сәулелендіре алуға мүмкіндігі болмай отыр. Мұның нəтижесі əлемде энергия дағдарысын тудырып, ал ол дағдарыс уақытша немесе өтпелі сипатта емес, ресурстардың сиреуіне, қазба байлықтардың бағасының өсуіне байланысты жүйеленген құрылымдық сипатқа ие болды. Онымен қоса, дəстүрлі энергетика көздері атмосфераға шығатын зиянды газдардың 80%-ын иеленіп, нәтижесінде пайда болған «парниктік» эффект ғаламшардағы климаттың өзгеруіне әсер етуде. Бірақ қаншалықты зиянды әсерлері байқалғанымен көмірсутек қорлары әліде энергетика тұтынысының біраз бөлігін қамтамасыз ете бермек. Егер алдағы кезеңде қолданылатын деңгей сақталатын болса, көмір қоры 250 жылға, мұнай 40 жылға, ал табиғи газ 65 жылға жетеді деп болжануда. Деседе 2020 жылдардан кейін мұнай мен газға деген тапшылық болуы әбден мүмкін. Сондықтан, мұнай мен табиғи газ және көмірге деген сұраныс күн сайын арта түспек және оларды жеткізу аралығы артып, тасымал құны да жоғарылай берері сөзсіз.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 29 қаңтардағы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауымен және Қазақстан Республикасының үдемелi индустриялық-инновациялық дамуы жөнiндегi 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламамен экономиканың тұрақты және теңгерімді өсуі бойынша жаңа міндеттер қойылды. Энергия үнемдеу саласында ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығын 2015 жылға қарай кемінде 10%-ға және 2020 жылға қарай кемінде 25 %-ға төмендету міндеттері қойылған. Сондай-ақ,  2013 жылғы 23 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасы Үкіметіне 2013-2015 жылдар аралығында ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығын жыл сайын 10 пайызға төмендету арқылы электр энергиясын тұтынуды үнемдеуді тапсырды.

Осылайша елімізде ғана емес бүкіл әлем бойынша іске асып жатқан энергия үнемдеу науқаны дамып келеді. Мұндағы басты бағыт тек дәстүрлі энергия көздерін үнемдеу ғана емс, сонымен қатар, оның орнын басатын балама энергия көздерін ашу болып табылады.

Әлбетте, энергия – біздің өмір сүруіміздің кепілі. Ал энергияға жауапкершілікпен қарау өз өмірімізге жауапкершілікпен қарағанмен бірдей. Осыған байланысты Елбасы Н.Ә.Назабаев: «Ең алдымен, біз жақында энергияны үнемдеу өмір салтына көшеміз. Сондықтан, компаниялар мен кәсіпорындардың басшылары мен еліміздің барлық азаматтары осы тенденцияны ескеріп, энергияны  үнемдеу жолдарын ойластыру керек. Энергияны үнемдеудің  нәтижесі әлемдік деңгейде энергияның жұмсалуын төмендету мен  оның дамуы мен тұрақтылығына алып келеді», – деген болатын. Мамандардың айтуынша біздің елімізде энергия ресурстарын пайдалану тиімділігі бүгінгі күні 30 пайыздан аспайды, яғни, тұтынылатын энергияның үштен екісін ысыраппен пайдаланып отырмыз.

Энергияны үнемдеу проблемасы – суды үнемдеумен тығыз байланысты, өйткені суды тұтынуды азайту түпкілікті өнім – таза суды алу және оны тұтынушыға жеткізуге қажетті энергия ресурстарын азайтуға әкеледі.

Суды үнемдеуді тұрмыста қолданбас бұрын оны тиімді есептеуді жолға қою қажет. Суды үнемдеудің ең тиімді тәсілі крандардың ақаусыздығы. Өйткені сіріңке талынан сәл қалың су ағыны арқылы тәулігіне 300 литрге дейін су ағуы мүмкін. Егер осылай бір ай бойы жалғасса қанша судың шығын боларын ойлап көрдіңіз бе?! Қарапайым ереже ретінде душ қабылдау арқылы сіз ванна қабылдаумен салыстырғанда суды тұтынуды екі есеге азайта аласыз. Душ қабылдау кезінде судың тұрақты ағыны міндетті емес. Кір жуу машинасында мүмкіндігінше суды берудің қажетті деңгейін белгілей отырып пайдаланыңыз. Ыдыстарды жуу кезінде кранды үнемі ашық қалдырмаңыз. Толықтай ашық краннан сіз ойлағаннан көп су ағатынын есте ұстаңыз, яғни минутына – 15 литр. Бұл жағдайда тек қалтаңызды ғана емес, осы ысырап болып жатқан судың  обалын да ескеріңіз. Өйткені аталарымыз «судың да сұрауы бар» деп тегін айтпағаны ақиқат.

Электр энергиясын үнемдеу туралы аз айтылып жүрген жоқ. Дегенмен кейбіреулер оған мән бермейді. Себебі «ақшасын төлесек болды емес пе?» деп ойлайды. Алайда электр энергиясын үнемдеу қоршаған ортаның ластануын азайтады. Біздің елімізде электр энергиясы жылу электр және су электр станциялары арқылы өндіріледі. Жылу электр станциясы жұмыс істеу үшін отын жағылады. Ол ауаны ластайды. Біз ол ауа-мен тыныс аламыз. Өкінішке орай, біздің елімізде экологиялық білім кенже қалып келеді. Үкімет көптеген іс-шара жүргізсе де, адамдар электр энергиясын үнемдеуге әдеттенбей келеді.

Қорыта келгенде, энергияны үнемді пайдалану сіздің ішкі мәдениетіңіз бен санаңыздың биіктігін көрсететін қасиет. Сіз энергияны үнемдеу арқылы өз ақшаңызбен қатар ел экономикасының да артуына үлес қосасыз. Әрі өзіңіздің адамгершілігіңіз бен тиянақтылығыңызды әйгілейсіз. Кез келген дінде де ысырапшылдыққа жол беруге қарсы екенін жақсы білетін шығарсыз. Демек үнемшіл болу сараңдықтың емес, адамдықтың белгісі екенін ұмытпаңыз.

Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ.

Read 25 times

Күнтiзбе

« Қыркүйек 2019 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет