Дүйсенбі, 09 Қазан 2017 22:43

Халық сенімі бәрінен де маңызды

Ұлт Жоспары «100 нақты қадамның» 13 бөлігі заңның үстемдігін, адам құқын қорғауды қамтамасыз етеді. Осы тұрғыда бүгінгі таңда азаматтық әкімшілік, сот әдебі Кодекстеріне бірқатар өзгерістер еніп отыр. Мақсат айқын: сот жүйесіне деген халық сеніміне селкеу салмау. Осындай маңызды реформаларды түсіндіру мақсатында Алматы облыстық сотының төрағасы Мейрамбек Таймерденов ауданымызға келіп, активпен кездесті. Жиынды аудан әкімі Бинәлі Ысқақ жүргізіп отырды.

Төле бидің туралығын, Әйтекенің әділдігін көрсететін, түйінінде Қазыбектің қазылығын айтатын бүгінгі судьяларымыз-дың мойнында шындығын айтсақ, адам тағдыры тұр. Ал адам және оның өмірі Ата Заңымыздың алғашқы парағынан орын алған. Демек, «бармақ басты көз қысты» әңгіме бұл салаға жат. Осы тұрғыдан кеңінен әңгіме қозғаған Мейрамбек Таймерденұлы электрондық жүйеде талап-арыз, сотқа шақыру процестері жүргізіліп жатқандығын айрықша атады. Әрі ашықтық – әділдікке бастайтынын кесіп айтты: – Қазір облыстағы 87 сот залының бәрі де бейнебақылаумен қамтылған. Яғни, сот кеңесі аяқталғаннан кейін екі тарап та видеосын алуға толық мүмкіндік бар. Екіншіден, қашықтықтан сот отырысын өткізу, ұялы телефон арқылы түсінік беру секілді тәжірибелерді іске асырып жатырмыз. Бұл да өз кезегінде бірқатар түйткілді жеңілдетуде, – деді. Сонымен қатар сот процесі уақытында бас-талмаса, жауапты судьяға да қатаң шара қолданылатынын ескертті.

Қазақстандағы сот жүйесі 2015 жылдан бастап Халықаралық сот Ассоциациясына мүше болған. Бұл өз кезегінде еліміздегі сот жүйесі әлемдік стандарттарға толық сай жұмыс жасайтындығын көрсетеді. Оған тіпті, Ресейдің өзі әлі кірмеген. Осы төңірегінде кеңінен ой қозғаған төраға аудандағы 13 судьяның жұмысына оң бағасын берді. – Еңбекшіқазақ – халық саны жағынан да, көлемі жағынан да іргелі аудан. Осы жылдың тоғыз айының көрсеткішін барлап қарасам, көңілімнен шығып отыр. 5500 азаматтық іс қаралып, оның 97 пайызына шағым түспеген. Яғни, екі тарап та соттың шешімімен қанағаттанған. Бұл мақтауға тұрарлық жағдай. Екіншіден, облыстағы 29 судьяның 4-еуі әйелдер. Бұл өз кезегінде әйелдер қауымының өз жұмысына асқан ыждаһаттылықпен қарайтынын көрсетеді, – деді.

Актив отырысынан кейін Мейрамбек Таймерденов аудан ардагерлерін жеке сұрақтарымен қабылдады.

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

 

Қаралды 73 рет
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

Жарнама