Сейсенбі, 10 Қазан 2017 00:05

Өлеңім - өмірінің айнасы

Жақында №1 Азат орта мектебінде Нобельдің «Алтын медалінің» иегері, ақын, ұлт жанашыры Мұхтар Шахановпен кездесу өтті. «Өлеңім – өмірімнің айнасы» атты әдеби-сазды шараға округ әкімі Ахмет Жолдыбаев, ауданымыздың құрметті азаматы, ақын, жазушы Шаяхмет Құсайынұлы және ауыл ақсақалдары, ұстаздар мен оқушылар қауымы қатысты.

Кездесу мектеп оқушылары әзірлеген концерттік бағдарламамен басталды. Балалар Мұхтар Шахановтың өлеңдерін оқып, сөзіне жазылған әндерді шырқады. «Отырар» өлеңіне көрініс қойып, жиыл-ған көпшіліктің көз алдына сол кездегі Отырар трагедиясын келтірді. Кейіннен, сөз сөйлеген Ахмет Жолдыбаев пен Шаяхмет Құсайынұлы ұлт жанашырына алғысын жеткізді.

Ұлтжандылық, адамгершілік жайында әңгіме тиегін ағытқан Мұхтар Шаханов алдымен тіл мәселесіне тоқталып өтті:

– Осыдан 12-13 жыл бұрын Елбасы Н.Ә.Назарбаев қазақ халқының жартысынан астамы ана тілінде сөйлей алмайтындығын айтқан болатын. Қазір бұл мәселе күрделеніп келеді. Меніңше, 65-70 пайыз қазақтар өз тілімізде оқып-жаза алмайды. Яғни, рухани мүгедек. Кеңес Одағы кезінде Әліби Жангелдин «Қазақ тілінің не керегі бар? Бізге орыс тілі жетеді» – деген ұран тастап, өзінің фамилиясын Степнов деп өзгертіп алды. Кейіннен, отаршылдарға жағынып, мұсылмандықтан христиан дініне ауыс-ты. Ал қазір Әлібек Жангелдиннің атында күні бүгінге дейін бүтін бір аудан, мектептер мен көшелер бар. Осындай пікірмен қазақтан Нұрболат Масанов деген азамат шықты. Осындай азаматтарды Құдай көзі тірісінде-ақ жазалады – деп өзінің тілін менсінбеген адамның келешегі бұлыңғыр болатындығын ескертті. Сонымен қатар, Желтоқсан оқиғасы жайлы әңгіме қозғап, қазіргі жастардың басым көпшілігі осы трагедия жайында білмейтіндігін ашына жеткізді.

Тағылымды әңгімесімен оқушыларды патриот болуға шақырған Мұхтар Шаханов наурыз мерекесінің алғашқы рет қалай тойланғанын да айтып өтті. Сөзіне сүйенсек, Желтоқсанның қанды оқиғасынан кейін қазақ халқының Колбинге деген өкпесі қара қазандай еді. Осы тұсты пайдаланған Мұхтар Шаханов Колбинге тікелей барып, 62 жыл бойы тыйым салынған ұлттық мерекені тойлауға рұқсат сұраған. «Қазақ халқы Желтоқсан оқиғасын әлі күнге ұмытқан жоқ. Бірақ, наурыз мерекесін тойлауға рұқсатыңызды берсеңіз, халықтың сізге деген ойы өзгерер еді» – деген Мұхтар ағаға Колбин бірден келісімін берген. Биылғы бюджеттің қабылданып кеткендігін айтқан ол, наурызды келесі жылдан тойламыз дегенді алға тартқан. Алайда, Мұхтар Шахановтың тікелей араласуымен, кейбір салалардағы игерілмей қалған ақшаларды жинастырып, Алматының М.Горький атындағы орталық саябағында 100 мыңнан астам халықтың жиналуымен наурыз мерекесі тойланған. Ол кезде биліктен, одан қалса қауіпсіздік комитетінің рұқсатынсыз мұндай жиын-дар болмайтын. Осы кедергілерді республиканың бірінші хатшысы арқылы шешіп, 100 мыңдаған адамның басын қосып, республика көлемінде ұлыстың ұлы күнін атап өтуде Мұхтар Шахановтың еңбегі орасан зор. Сол жылы жарты ғасырдан астам уақыт бойы ұлттық мерекесін сағынған қазақ халқы ұлыстың ұлы күнін қыркүйектің ортасына дейін тойлаған.

Түйінінде Тәуелсіздікті, бірлікті бағалау керектігін жеткізген Мұхтар Шаханов шара соңында өзінің оқырмандарына қолтаңба беріп, естелік суретке түсті. Азаттықтар да құрметті қонақты құр қол қайтармай, қазақтың күмбірлеген қара домбырасын сыйға тартты.

Сардарбек НҰРАДИН.

Қаралды 92 рет
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

Жарнама