Жексенбі, 22 Қазан 2017 18:45

Үстем болсын мерейің ...

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Еліміздің ертеңі, бүгінгі жас ұрпақтың тағдыры ұстаз қолында» деп текке айтпаса керек. Білім – ұрпақ тағдыры, ал сол ұрпақ тағдыры – ұстаз қолында. Мектеп ұстаздары – оқушы мен үлкен өмірді байланыстыратын алтын көпір.Сондықтан болар әр ұстаз өз еңбегінің жемісін көру үшін бар ғұмырын шәкіртіне арнап, жаңа заман талабына сай білім беруде ізденіс үстінде жүріп аянбай еңбек етеді. Осы орайда, шәкірт жүрегіне жол тауып өзінің біліктілігімен танылған ұстаз жайлы сыр шерткенді жөн көрдім.

Еркінбеков Темірлан Сүгірәліұлы 1954 жылы 11 шілдеде  Алматы облысы Кеген ауданы, Тасашы ауылында дүниеге келген. 1980 жылы Абай атындағы педагогикалық институттың тарих факультетін бітіріп, өзінің еңбек жолын Шелек ауданындағы «Таусүгір» орта мектебінде директордың тәрбие жөніндегі орынбасары қызметінен бастады. Осы жылдар ішінде ол еңбекқорлығының арқасында өзін жан-жақты көрсете білді. Соның нәтижесінде 1985 жылы Жамбыл атындағы орта мектепке директор болып келді. Осы жылдар ішінде  өзін білікті басшы, өнегелі ұстаз ретінде танытып, үлкенге іні, кішіге аға бола  білді.

Шәкірттеріне шабыт сыйлап, өз өмірін білім беру саласына арнаған, отыз жыл бір білім ордасын басқарған білікті ұстаз, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі Темірлан Сүгірәліұлының есімін құрметпен атауға лайық. Өзінің қырық жылға жуық ғұмырын білім беру саласына  арнаған ұстаздың есімі көпке танымал.

«Қыран түлегіне қайыспас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмас талап сыйлайды» – дегендей, жас ұрпақ тәрбиесіне сүбелі үлес қосып, өзі еңбек еткен білім ордасынан мыңдаған шәкірттерін қанатын қатайтып ұшырған  ұстаз. Шәкірттерге  өз елінің тарихын танытып қана қоймай, оны сүйіп, қорғауға баулуда оның өзіндік әдіс-тәсілдері бар. Сондықтан болар, мектеп бітірушілер де  ҰБТ-да тарих пәнін көптеп таңдады.

Бүгінде  ол еңбек еткен білім ордасынан ұшып шыққан шәкірттер өмірдің әр саласында түрлі қызметтер атқарып, өз еңбектерімен елге танылып жүр. Атап айтар болсақ,  Назгүл Ақжолова медицина саласында қызмет атқарып, аспирантураны қорғап ғылымға ден қойған. Назым Байғожаева, Арай Қуатбекова шетелдерде білімдерін жетілдіруде. Ал Мақсат Ыдырыс  ұстаз жолын қуып,  мектепте  басшы қызметін атқарып жүрсе, Сәбит Бектеген, Аян Ыдырыс, Жұлдыз Белғожаева, Жәнібек Құдабеков сынды шәкірттері өз ауылының гүлденуіне үлестерін қосуда.

Темірлан  Сүгірәліұлы бүгінде жары Гүлзейнеп екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген ардақты әке. Ұлын ұяға қондырып, қызын қияға ұшырып немере қуанышын көріп отырған қадірлі ата. Халқымызда  «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген дана сөз бар. Темірлан мен Гүлзейнептің ұл-қыздары да  ата-ана жолын қуған ұстаздар. Өзінің осындай ерен еңбегімен танылған ұстаз бүгінде зейнеткерлік жасқа жетіп, құрметті еңбек демалысына шығып отыр. ардагер ұстазға алда немере мен шөбере қызығына бөленіп зейнетіңіздің жемісін жеңіз дегіміз келеді.

 

Күлзия ТЕМІРБЕКОВА,

Жамбыл атындағы орта

мектеп қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Қаралды 75 рет
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

Жарнама