Жексенбі, 03 Желтоқсан 2017 15:14

«Табиғатты қорғау жұмысы кешенді жүргізілуде»

Табиғат – адамзаттың баға жетпес байлығы. Осы байлықты қорғау жұмыстары Тәуелсіздік алған жылдары-ақ қолға алынды. 1996 жылы Алматы облысында Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі құрылып, тау-тасымыз, суларымыз бен жасыл желегіміз ерекше қорғалатын аймаққа айналды. 21 жылдық тарихы бар ұлттық парктің бүгінде атағы әлемге тарады. Әсіресе, аудан аумағына кіретін Түрген филиалының тұмса табиғаты мен тылсым сырлары шетелдіктерді өзіне ынтықтырып қойды. Қазіргі таңда, қойнауына түрлі аң-құс, сансыз өсімдіктер мен сұлулықты сыйдырған Іле-Алатау МҰТП Түрген филиалының жай-күйі қандай? Күн санап дамыған заман көшіне ілесіп жатыр ма? Осы сұрақтарға жауап алу мақсатында тағайындалғанына ұзақ уақыт болмаса да, осы салаға бүкіл ғұмырын арнап, 35 жыл еңбек етіп, қарапайым орманшыдан басшы дәрежесіне жеткен Түрген филиалының директоры Сәрсенбаев Иманәлі Қасанбайұлымен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Құметті Иманәлі Қасанбайұлы, бүгінгі таңда Іле-Алатау МҰТП Түрген филиалының аумағы қанша гектарды құрайды және оны қанша маман күзетеді?

– Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Түрген  филиалының жер көлемі 74 594 гектар. Оның ішінде 33 202 га орманды, 33 202 га ормансыз жер. Басы Рахат тауларынан басталып, аяғы Таусүгір ауылының жоғарғы жағындағы Шолақ тауынан аяқталады. Іле-Алатау паркі 5 филиалға бөлінсе, біздің Түрген филиалы 3 орманшылыққа бөлінеді. Есік (10 318 га), Түрген (45 736 га) және Маловодное (18 540 га) орманшылықтары.

Филиал аумағы 31 айналымға бөлінген. Олар мемлекеттік инспекторлармен толық қамтамасыз етілген және инспекторлар үлгідегі киіммен, қызметтік атпен, 22 орманшы үйлерімен, құрал-саймандармен толық қамтылған. Сонымен қатар, мамандарымыз трактор, жеңіл және өрт сөндіруші техникаларымен жабдықталған.

Филиалда 100-ге жуық адам жұмыс жасауда. Әр саланың  мамандары  өз жұмыстарын  жақсы меңгерген.

– Орманның жауы – өрт, аң-құстың жауы – браконьерлер. Жыл басынан бері қанша оқыс оқиға болды? Заңсыз аң аулаушылар тіркелді ме?

– Оныңыз рас, күз мезгілі – өрттің белең алуына қолайлы маусым. Себебі, таудағы шөптер сарғайып, қурайлар тез тұтануға бейім келеді. Сондықтан, қазіргі уақытта өрт оқиғасын болдырмау үшін барымызды салудамыз. Филиалда он адамнан тұратын төтенше жағдай тобы бар. Сәуір айының онынан қарашаның онына дейін парктегі төтенше жағдайды күзететін топ күндіз-түні апаттық жағдайға дайын отырады және арнайы құралдармен қамта-масыз етілген. Бізде өрт оқиғасы тіркелген жағдайда, арнайы топпен қатар жедел топ та іске кіріседі. Оған қоса, Ұлттық парктің өзге филиалдарындағы төтенше жағдайға қарсы күрес тобы да жұмылдырылады. Апатты жағдайдың алдын алу мақсатында әрбір орманшылықта екіден бақылау мұнаралары орнатылған. Жаз айларында жұмысқа қосымша тартылатын адамдар мұнаралардан күндіз-түні бақылап отырады. Адам мен техника бара алмайтын аумақтар бізде жеткілікті. Сол себепті, жаз айларындағы аптап ыстықта Алматы қаласындағы авиабазадан тікұшақтар жіберіліп, табиғи парктің аумағын түгел шолып шығады. Биік тауларда өрттің ұшқыны байқалса, өрт сөндірушілерді тікұшақпен жеткізіп тастайды. Тікұшақтың қонуына арналған алты алаң бар филиалда.

Осы күнге дейін әр орманшылықта бір-бірден 3 өрт оқиғасы тіркелді. Нәтижесінде 15 гектарға жуық шөпті жерлер жанып, күлге айналды. Мұның барлығы да демалушы қонақтар өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамағандықтан орын алды. Филиал аумағына кірген әрбір адамға ескертсек те, немқұрайлықтың салдарынан өрт факторлары болып тұрады. Қызметкерлердің жедел әрекетінің арқасында отты тез арада ауыздықтадық.

Өзіңіз білесіз, маусым айынан бастап филиал аумағында аң атуға тыйым салынды. Бұрындары көктем-күз айларында санақ жүргізіліп, аң атуға рұқсат берілетін. Қазір мүлдем рұқсат жоқ. Соның өзін ескермей жүрген «аңшыларымыз» бар. Жыл басынан бері 3 заңсыз аң аулау фактілері тіркелді. Қызметкерлеріміз жедел қолға түсіріп, браконьерлерді ішкі істер басқармасының қызметкерлеріне тапсырды. Қазір іс сотта қаралуда. Айталық, жақын арада филиал аумағында жол талғамайтын көлік тоқтатылып, тексеру барысында жүк салғышынан жабайы қабанның еті тәркіленген. Браконьер полиция қызметкелеріне табысталып, жазасын сот тағайындайтын болады.

– Олармен күрес қалай жүргізілуде?

– Жоғарыда атағанымдай, филиал аумағына кірген әрбір демалушыға өрт қауіпсіздігін және тазалықты сақтау жөнінде ескерту жасаймыз. Сондай-ақ, от жағатын арнайы орындарды белгілеп, тақтайшалар қойдық. Газет беттеріне де хабарландырулар жариялап тұрамыз.

Ал заңсыз аң аулаушылармен күрес мақсатында ішкі істер басқармасымен бірлесе отырып 9 айда 120 рейд жасалды. Тексеру барысында 24 әртүрлі заң бұзушылық анықталды. Оның 8-і заңсыз балық аулағандар болса, 4 хаттама рұқсатсыз парк аумағына кіргендерге толтырылды. Тазалық сақтамаған 12 адамға айыппұл салынды. Аталған фактілер бойын-ша 237 мың теңгеден астам айыппұл өндірілді.

Негізінен көктемде браконьерлер қаптап кетеді. Мамырдан мау-сым айына дейін ма-ралдың мүйізіне қызы-ғушылардың саны артады. Және алғашқы қар түскеннен бас-тап қызметкерлеріміз қырағы жұмыс жасайды. Қазіргі таңда құжаттар рәсімделіп, қызметкерлерімізді қару-жарақпен қамтамасыз етуді көздеп отырмыз.

– «Қызыл кітапқа» енген және сирек кездесетін жан-жануарлар мен өсімдік түрлерін қорғау мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Филиалда «Қызыл кітапқа» енген Қар барысы, Тянь-Шань арқары, Тянь-Шань қоңыр аюы, Түркістан сілеусіні, бүркіт, дала қыраны, тау сусары, қырғауыл, көк құс сынды аң-құстар мекен етеді. Бүгінгі таңда мамандарымыз фотоқақпан арқылы осы аңдар мен құстардың қай жерде мекендейтінін, немен қоректенетіндігін және қалай көбейіп жатқандығын анықтап, Алматыда орналасқан Іле-Алатау МҰТП-нің ғылыми бөліміне өткізуде. Сонымен қатар, тауды мекендеген аңдар басқа жаққа ауып кетпес үшін мамандарымыз қыс мезгілінде жануарлардың жем-шөбін, жалайтын тұздарын дайындап береді. Жабайы қабандарға арнап жаңғақ жинайды. Тау басына қалың қар жауғанда сүтқоректілерге тебіндеп жайылу мүмкін болмайды. Қараша айынан бастап зоология институтымен келісім-шартқа отырдық. Алдағы уақытта жасалған 4 бағыт бойынша «Қызыл кітапқа» енген жануарлардың санын және мекен ететін жерлерін анықтайтын боламыз. Себебі, сирек кездесетін аңдар үнемі бір жерде жүрмейді. Айталық, жаз айларында Көлсайды мекендесе, қыста бізге қарай өтуі мүмкін.

Өсімдіктерге тоқталар болсақ, сирек кездесетін таушымылдық сәлдегүлі, жирен ақбасқұрайы, Островский қызғалдағы, жартас қазтамағы өседі филиал аумағында. Оған қоса, көктемде далада қаптап жататын бәйшешектің өзі қазіргі уақытта «Қызыл кітапқа» енді. Осылардың барлығы ерекше қорғалуда. Дүние жүзі бойынша жойылып бара жатқан алмалардың атасы «Сиверс» алмасын біздің паркте кездестіруге болады. Маловодный орманшылығының Талды (Кузнецовка) сайында 31,9 гектар жерде «Сиверс» алмасы өседі. Жемістің бұл түрі әлем бойынша жойылып кеткен, біздің филиалда және Жоңғар Алатауында ғана кездеседі. Қазірде шетелдік туристерді қызықтырып отырған да осы алма. Сондықтан оның тұқымын жинап, көбейту жұмыстары жүргізілуде.

– Соңғы жылдары мұнда келетін туристердің саны артты ма?

– Әрине, жыл сайын демалушылардың қарасы қалыңдап, әсіресе, демалыс күндері туристер ағылып жатады. Соңғы санақ бойынша филиалымызға табиғатымызды тамашалауға 50 мыңға жуық адам келіпті. Жыл басынан бері 15 млн 500 мың теңгеге толықты бюджетіміз. Былтыр бір жылда туристерден 14 млн 400 мың теңге қаржы түскен болатын.

– Ұлттық табиғи парк аумағында демалушыларға қандай жағдайлар жасалуда? Инфрақұрылым жайында айтып өтсеңіз.

– Туристердің санын көтеру үшін ең алдымен инфрақұрылым мәселесін бірінші орынға қойдық. Осыдан бірер жыл бұрын Батан мен Асы жайлауына бұрылатын жолайрыққа дейінгі жол күрделі жөндеуден өтіп, көпірлер ретке келтірілді. Сонымен қатар, демалушыларға арналған демалыс орындары, ойын алаңдарымен балалар алаңдары жасақталған. Келген туристермен біздің рекреация және туризм мастерлері бірге жүріп, жол бағыттарын көрсетіп, табиғатымызды тамашалатады.

Тендер арқылы жерлерді бірнеше жылға жалға алған кәсіпкерлер сол жерге өздерінің демалыс аймақтарын ашып, қонақтарға ақылы негізде түрлі қызметтер көрсетеді. Және де, қазақтың қазақылығын танытатын жылқы да туристерге жалға беріледі. Соңғы жылдары барлық демалыс аймақтарына қоқыс жәшіктері орнатылып, тазалық мәселесіне көптеп көңіл бөлудеміз.

– Жаз маусымы аяқталды, демек, туристер де саябырлай бастады. Қыс маусымында шаңғы және басқа да спорт түрлері арқылы демалушыларды тарту жоспарда бар ма?

– Қыс мезгілінде де парк аумағына келетіндер көп. Өйткені, таулы аймақтарда шанамен, шаңғымен сырғанаушылардың саны артады. Біз де оларға толыққанды жағдай жасаймыз. Жоталардың қауіпсіз тұсына сырғанақтар жасап, арнайы баллондар жалға береміз. Тіпті, демалыс күндері кәсіпкерлер қонақтарды ыстық шәймен, аспен қатамасыз етеді. Алайда, Шымбұлақ демалыс аймағы секілді инфрақұрылым жасау әзірге мүмкін болмай тұр. Біріншіден оған көп қаржы керек, екіншіден, біздің паркіміз табиғи болғандықтан табиғат байлығын сол күйінше сақтап, келер ұрпаққа табыстауымыз керек. Шетелдіктер де осы табиғи байлығымызға қызығады,

– Болашақтағы жоспарларыңыз-бен бөлісе кетсеңіз.

–  Келешекте  алға  қойған  мақсатта-рымыз көп. Соның бірі, филиалдағы жер-су аттарын қазақшаландыру. Әрбір жота мен әрбір судың тарихи атауын қайтару. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Бола-шаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтқан жаңғырудың бір бағыты осы болмақ. Біздің балалар мен немерелеріміз бұл жердің аты мен тарихына қанық болуы керек. Сондай-ақ, жоғарыда атағанымдай, табиғи апаттар мен заңсыз ағаш кесіп, аң аулайтындармен күресті одан әрі жандандырып, табиғаттың жауларына тосқауыл қоямыз. Туристердің жақсы демалуына да толыққанды жағдай жасаймыз

– уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет.

 

Сардарбек НҰРАДИН.

Қаралды 23 рет
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

Жарнама