Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Жұма, 15 Маусым 2018 12:23

«Паулемия»–көгалдандыру көзі, табыс тетігі

«Жасыл ну, жағалай тау, жағалай көл,

Бармысың, көкшіл аймақ, көгорай бел». Немесе «Бұл қала – арман қала, жап-жасыл орман қала» деп әнге қосқан Алматы дүниежүзіндегі 25 ластанған қаланың тізіміне еніп отыр. Оңтүстігіміздегі ірі мегаполис болғандықтан ондағы қарбалас тіршіліктің «қолтаңбасы» екені айтпаса да айғақ. Ендігі қам-қарекет қандай болмақ? Бұл турасында біраз айтарымыз бар.

Әр істе қазақтың айтқаны ақыл ғой шіркін. Ал мұндайда бабаларымыз: «Бір жылдығын ойлаған халық бидай егеді, Жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді» деген ғой. Біздің сөз етпегіміз де осы. Әйткенмен, көгалдандырудың жаңа-ша түрін айтпақпыз.

Жақында аудандық мәслихат депутаты, ауылының шынайы жанашыры Болатжан Нұрбековтың жылыжайында болдық. Замана ағысына қарай тың іске түрен салған Болатжан ағамыз «Паулемия» деген ағаштың ұрығын отырғызып жатқанын айтты. Әдейілеп ат арытып, әр талын үш мың теңгеден Қырғызстаннан алып келген ағаштың екі түрі бар екен. Бірі – өзіміз атаған ауа ластануының алдын алады, екіншісі құрылыс материалдарын, музыкалық аспаптарды әзірлеуге ыңғайлы. Түп атасы еуропалық Павловния мен бірқатар ағаштарды арнайы будандастыру арқылы жаңа түрін тапқан италиялық ғалым – Эмилио Армати. Бүгінде Орта Азияға енді ғана енген ағашты Қазақстаннан алғаш боп «ЭКО ЛЕС КZ» деген ЖШС ашып, жұмысын бастаған да Болатжан ағамыз.

– Қырғызстанда осы ағаштың артықшылықтарын насихаттау мақсатында форум өтті. Соған барған едім. Қызығушылығым артып, бірінші боп 10 гектар жерге көгалдандыруға бағытталған 6000 түп тамырды алып отырғыздым. Шыны керек, басында сенер-сенбесімді білмедім. Өйткені, ұрықтары да тым кіші. Ал ғалымдардың айтуынша, ол жылына төрт-бес метрге дейін өседі. Үш айдың ішінде жылыжайға отырғызған тамырым көзге көрінді. Енді оны ашық алаңға орнықтыруға болады. Қазір осы жұмысты бастадық – дейді Б.Нұрбеков.

Көгалдандыру мақсатындағы бұл ағаштың артықшылығы 1 жылда 2 тоннаға дейін ауаның лас қабығын өзіне қабылдап алады. Әрі жыл сайын 3-4 метрге дейін өссе, 3 жылда тұтас ірі мегаполистерді жасылдандыруға қауқарлы. Тіпті, жапырағының өзі 70 см-ге дейін ұлғаяды. Ал өмір сүру ұзақтығы – 60 жыл.

– Тағы бір ерекшелігі – Паулемия ағашының жапырағының құнарлығы жоңышқаға бергісіз. Оны малдарға азық ретінде пайдалануға да болады, – дейді Болатжан Саймасайұлы.

Екінші бағыт, яғни құрылыс материалдарын, музыкалық аспаптарды әзірлеуге арналған Паулемия ағашын да 2 гектар жерге отырғызбақ. Демек, бастапқыда 1200 түп Масақтың төріне тігілмек. Ал оның артықшылығы өз алдына. Ол турасында кәсіпкер былай дейді: – Бұл ағаш тік өседі. Әр үш жыл сайын 12-15 метрге дейін бой түзейді. Диаметрі 24-30 см. Оны келісім-шарт негізінде әлемдік компаниялар өздері келіп, кесіп алып кетеді. Кейін түбінен қайта көктейді. Кубына 130 доллар қолыңызға санап береді. Бұл ағашқа Сізден керегі тек уақытында суарып отыру.  Былайша айтқанда жалқаудың жұмысы – дейді.

Жылдам өсетін ағаштың жапырағы гүлдейді, тіпті, одан бал алуға болады екен.  Ғалымдардың пайымынша, гүлдеген сәтінде әр гектар ағаштың гүлі 700-1200 кг бал беруге қауқарлы.

Шыны керек, шығын шықпай кіріс кірмейді. Айталық, кәдуілгі қарағайға да күтім керек. Уақытында суарудан бөлек, түрлі жәндіктерден аластатып отыру үшін дәрілейсіз дегендей... Бұл турасында Болатжан аға: – Әрине, әр елдің табиғаты бөлек. Сондықтан оны зерттеп, зерделеу де арнайы ғалымдардың құзырында. Сол себепті жылына әр гектарына 10 мың доллардан шығын шығады. Оның ішіне тиісті мамандардың келуі, ағаштарды дәрілеуі, тамырын тексеруі, қысқасы толық күтімі кіреді – деп ақтарылды.

Осы тұрғыда бұтағынан көбейтуге бола ма деген сұрақ туындайтыны заңдылық. Ал оған Болатжан Саймасайұлы былай жауап берді: – Өзіміз қазақ ағашты дәл солай көбейтетініміз бергілі ғой. Сондықтан ғалымдардан оны да сұрадым. Болады. Бірақ, 15 жыл күтімді қажет етеді. Дәл осы тамыр секілді үш жылда 15 метрге дейін өспейді. Себебі, бұл тамырға арнайы ДНК енгізілген деді. Сондықтан бұтағынан бой көтерту бос әурешілік екен, – дейді.

Болатжан Саймасайұлы алдағы жоба-жоспарымен де бөлісті. – Үш ай толған көгалдандыруға бағытталған ағашты ашық алаңға шығарамын. Ал жаңа келетін 1200 түп бірден ашық алаңға отырғызылады. Кейіннен біздің қысқа қалай шыдайтынын бақылаймыз. Бәрі ойдағыдай болса, келесі жылдан бастап еліміздің түпкір-түпкіріне таратуды қолға алсам ба деп отырмын. Болашақта тек осы ағашты өсіретін көшеттіктерді(питомник) көбейту жоспарым бар.

Түйінінде айтарымыз, бүгінде экологияның ластануы әлемдік проблема. Оны шешу мақсатында қазір еліміздің түпкір-түпкірінде сүмбіл теректер егу қолға алынған. Оның машақаты сол, 15 жыл күтіп-баптайсыз. Ал «Паулемия» – жылдам өседі, экономикалық тұрғыда   табысты, басы артық бас қатыруды да қажет етпейді.

Қайнар ЖҰМАҒОЖА,

аудандық мәслихат депутаты,  «Нұр Отан» фракция мүшесі.

Read 272 times

Күнтiзбе

« Желтоқсан 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жк
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама