Жұма, 15 Маусым 2018 12:41

«Тұрғындар денсаулығын нығайту – басты міндет»

«Медицина – саулықты сақтау, науқасты кеселден айықтыру үшін адам тәнін зерттейтін ғылым». Ибн Синаның бұл тұжырымы бүгінгі медицина ғылымының бас-ты ұстанымы болып отыр. Неге десеңіз, Томас Карлейльше «Дені сау адам – табиғаттың ең қымбат жемісі». Келіспеске болмас. Тән ауырса – жан азады емес пе? Осы тұрғыда ауданымызда тұрғындар денсаулығына баса мән берілуде. Жалпы, аудан бойынша 109 емдеу мекемесі есігін емделушілерге айқара ашып, оның ішінде 402 дәрігер, 2562 орта буынды, 450 кіші буынды медицина қызметкерлері халыққа медициналық көмектерін көрсетуде. Медицина қызметкерлері күні қарсаңында аудандағы денсаулық сақтау саласына аз-кем   саяхаттауды жөн көрдік. Ендеше, аудандық орталық аурухана директорының орынбасары Айтжанов Дидар Аққайұлымен болған  сұхбатымызға куә болыңыздар...

–  Құрметті Дидар Аққайұлы, жалпы қай сала болмасын дамуы үшін қаржылай қамтылуы қажет. Сіздің ше?

–  Иә, күнделікті дамып жатқан медицинаның артынан жету үшін қаржы мәселесі аса маңызды. Ауданымыздың денсаулық сақтау саласын жалпы қаржыландыру  2017 жылы  4427,4 млн. теңгені құрады. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 1,3 % көбейгендігін көрсетеді (2016 жылы 4370,5 млн. теңгені  құраған). Әлбетте, бұл кемелдене жұмыс істеуге серпін береді.

–  Ауданымыз аумағы, тұрғындары жағынан ең үлкен аудандардың қатарында. Ауруханаларымыз жеткілікті ме?

– Ауданымызда халыққа барлығы 109 емдеу мекемесі медициналық көмек көрсетеді. Оның ішінде 295 орындық орталық аудандық аурухана, Есік қаласының 110 төсектік перзентханасы бар сонымен қатар. 30 төсектік Бәйдібек би ауылдық ауруханасы мен 180 төсектік Шелек аудандық ауруханасы да тұрғындарға күндіз-түні қызмет көрсетуде. 30 төсектік Шелек ауылдық туберкулез ауруханасы, 50 орындық Шелек ауылының сәбилер үйі,  39 ауылдық амбулатория, 13 ФАП,  25 МП және 29 жекеменшік медициналық мекеме бар бүгінгі таңда.

–   Жақсы, ал дәрігерлер толық па?

–  Дәрігерлермен қамтамасыз етілуі 10 мың адамға шаққанда көрсеткіш 17,0 құрап 0,6% көбейді, облыс көрсеткіші – 19,2  ал, орта буын қызметкерлерімен қамтамасыз етілу көрсеткіші – 51,8 құрап, 2016 жылмен салыстырғанда  ол да 0,6% көбейді. Облыс көрсеткіші – 66,0. Дәрігерлердің 196-сында немесе 40% білім санаттары бар, осы 491 дәрігердің 48 немесе 9% зейнеткерлер. Медициналық қызметкерлердің халыққа жоғары дәрежеде қызмет көрсетуі – жіті бақылауда ұсталады.

–   Ақ халатына адал, антына берік, тынбай еңбек етіп тұрғындар ықыласына бөленіп отырған абзал жандарды атап өтсеңіз ендеше...

–  Иә, көп жылдық тәжірибе мен төзімі ұштасқан абзал жандарымыз жоқ емес. Олардың барлығын атасақ, газет беті жетпей де қалар. Дегенмен, мереке қарсаңында «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме, бірнешеуін атап та өтейін.

Олар: Болат Балақойшиев, Зинаида Лукьянченко, Тынымбике Тулеубаева, Шайзинда Талдыбаев, Геннадий Попченко, Чингиз Бахалов, Татьяна Рогальская.

– «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген 2017 жылғы индикаторлар: өмір сүру ұзақтығы, жалпы өлім көрсеткіші, 1 жасқа дейін нәресте өлімі көрсеткіші, ана өлімі көрсеткіші, қатерлі ісік ауруынан өлім көрсеткіші, жарақаттан және уланудан өлім көрсеткіші қандай деңгейде?

– Бағдарламада көрсетілген индикаторлар толығымен орындалды деп айтуға болады. Өткен 2017 жылы аудан бойынша әлеуметтік маңызы бар аурулардың азайғаны байқалды. 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын орындау барысында демографияға тікелей ықпал ететін аурулардан өлімді азайту мақсатында облыста бекітілген жол картасына сай аудандық орталық ауруханада нейроинсульттік орталығы және травматология бөлімі 20 төсек орыннан 40-қа ұлғайып, травматолог, невропатолог және компьютерлік томографияда жұмыс жасайтын рентгенолог дәрігерлеріне  тәулік бойы  кезекшілік енгізілді. 2016 жылмен салыстырғанда 2017 жылы жүрек қан тамыр ауруларынан өлім көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 118,5-тен 108,6-ға немесе 8,3% азайды. Тек өкініштісі, жарақаттан және уланудан өлім көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 2016 жылы 59,1-ден 2017 жылы 60,3-ке немесе 2% көбейгенін көрсетіп отыр.

–  Емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасына тоқталсаңыз...

– Емдеу мекемелерінің материалдық техникалық базасын жаңарту мақсатында  2017  жылдың екінші жартысында Алға және Алмалы ауылдарында  2 амбулаторияның құрылысы аяқталып, іске қосылды. Жалпы құны облыстық бюджеттен – 228,0 млн. теңгені құрады.

–  Амбулаторлық дең-гейде кепілдік берілген тегін медициналық көмек көрсетіліп жатқан болар...

– Тегін медициналық көмек шеңберінде ауруларға аудан                   бойынша  жергілікті бюджеттен 374,9 мың теңге, ал республикалық бюджеттен 126,9 мың теңге бөлініп, 26 339 науқас тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді.

– Ана мен бала денсаулығының жақсы болуы – дені сау ұрпақтың өсіп-өнуінің кепілі, яғни болашағымыздың жарқындығы емес пе?! Осы тұрғыда қандай шаралар қолданылуда?

– Ауданымызда, жалпы әйелдер саны – 151 022. Алайда, оның ішінде түрлі себептермен бала тууға қарсы көрсетілімдері бар әйелдер де жоқ емес.  Жүктілерді тіркеу регистрі жүргізіледі, 2017 жылы жүктілік бойынша есепке алынған әйелдер – 4 382, ерте есепке тұрғандар - 91%, 12 аптаға дейін терапевтпен қаралғандары - 100% құрайды. Регистрден акушерлік және экстрагенитальды патологиясы бар қауіп топтағы әйелдер қатаң бақыланады. 2017 жылы жалпы босанған әйелдер саны – 4 867. Ең маңыздысы – Ана өліміне жол берілген жоқ.

–  Алдағы жоба-жоспарларыңызбен әңгімемізді қорытсақ...

– Барлығын қамтитын көпбейінді БМСК қамтамасыз ету, оның құрамында мультидисциплинарлы команда құрып адам баласы туылғаннан өлгенге дейін медициналық мекемеде науқастың бақылануын қамтамасыз ету, қоғамдық денсаулық сақтауды одан әрі нығайтып, ана мен бала өлімін төмендету әрі әлеуметтік маңызы бар аурулардан сырқаттанушылық пен өлім-жітімді азайту – басты міндет. Сонымен қатар, амбулаториялық хирургия мен неонатальдық  хирургияны  дамыту, сондай-ақ жалпы тәжірибелі дәрігер қызметін  одан әрі дамытуды жүйелесек деген ниетіміз бар.

–       Сұхбатыңызға рахмет. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын!

Сұхбаттасқан

Алмагүл НҰҒМАН.

 

Қаралды 64 рет
Толығырақ бұл категорияда: « Орманымыз сенімді қолда
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

Жарнама