Жұма, 21 Шілде 2017 09:34

Қазақ қолөнері көрме аясында

Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесіне Жетісу өңірінің шеберлері қатысып, «Шығыс базары» этноауылында «Қазақтың қолөнері – төл өнері» көрмесін өткізіп жатыр. Жетісу өңірінде гобелен, зергерлік өнер, керамика, кесте тігу, киіз басу, ағаш, металл, тері, сүйек сынды материалдармен жұмыс істеу жан-жақты дамып келеді. Келуші қонақтар жоғарыда аталған дүниелердің жасалу барысын да тамашалай алады.
Бұл өнер салаларымен айналысып жүрген шеберлердің еркін шығармашылық ізденіс, көркем идеяларды жүзеге асыру мақсатында шынайы шексіз мүмкіншіліктер жинағанын көреміз. ЭКСПО-ның басты мақсаты – «Болашақ энергиясы» тұжырымдамасын талқылау болса, шеберлер көрмесінің мақсаты – Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық өнерін әлемге таныстыру болып табылады.
Тәуелсіз жас мемлекетіміз үшін ЭКСПО-2017 көрмесін өткізудің маңызы өте зор демекпін. Себебі, бұл көрме – мемлекетіміздің мығымдығын, еліміздің еңселілігін, ежелгі тарихымызды, өнерімізді, дәстүрімізді және халқымыздың қонақжайлығын, айналып келгенде ұлттың ұлылығын көрсететін тұс. Алдағы уақытта ЭКСПО-2017 еліміздің мерейін көкке көтеріп, тарихта қаларына сеніміміз кәміл.

Ағила Әзиева.


Cуретте: «Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейінің» басшысы Дәулет Дәркембайұлы ҚР мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлына қолөнер жәдігерлерін көрсетуде.

Қаралды 133 рет
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

Жарнама