Бейсенбі, 26 Қазан 2017 22:44

Таутұлғалар – сақ астанасының төрінде

 

Отты жырдың қызыл жолбарысы Жамбыл мен сұлу сөздің сардары Тұманбай ақынға көне Сақтың астанасынан ескерткіш қойылды. Анығын айтсақ, атқамінерлеріміз қос ақынын тұғырына қондырды, сөйтіп алаш жұртының ақ батасын арқалап, руханиятқа басқан қадамды оң қылды. Тірісінде-ақ, «Бір ескерткіш тұрғыздым мен өзіме» деп кестелі сөз, орамды ойымен ұлт жүрегіне тұғыр орнатқан жерлесіміз Тұмағаңның есімі де аудандық мәдениет үйіне берілді. Сонымен не керек, бұл күні әуезді ән көгімізден нұр болып төгілді, жас ақындардың еркін үні өлең болып өрілді. Жастар саябағының кіре-берісінде Жамбыл, аудандық мәдениет үйінің алаңында Тұмаш ақын «тұғырға қонды» дегенді естіген алаш зиялыларын Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Нұрлан Оразалин бастап келсе, Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар ақжарма тілегімен шара шымылдығын түрді. Қос қуаныштың басында тұрған аудан басшысы Бинәлі Ысқақ алыс-жақыннан сүйіншілеп келген атпал азаматтарға қошеметтің биік үлгісін көрсетті.

Жастар саябағының алдында қаумалаған қоғам зиялылары алдымен Жамбыл ескерткішін ашуға беттеді. Алғаш боп сөз алған Жақсылық Мұқашұлы Алматы облысы әкімінің құттықтауын жеткізе келіп: – Жыр дүлдүлі Жамбыл ақынға Елбасының тапсырмасымен былтыр Сербияда ескерткіші бой көтергенін білесіздер. Бұл мемлекет тарапынан ақынға деген зор қошеметтің көрінісі. Ал қазақтың арғы-бергі тарихында жыраулық, ақындық өнердің төрінде тұрған, посткеңестік кезеңде өз биігін бағындырған, халықтың ыстық ықыласында болған Жамбыл ақынға қандай құрмет, қошемет көрсетсек те артық болмас – деді.

Кейіннен 5 метр ескерткіштің бой көтеруіне ықпал еткен Алматы облыстық мәслихатының депутаты Жангелді Осанға, ескерткіш тұғырын  орнатқан аудандық мәслихат депутаты Сейітхан Қырқынбаевқа алғысын жеткізді. «Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған «Туған жер» жобасының тағы бір көрінісі бұл» деді Жақсылық Омар. Иә, «Аспанда ай ортақ, күн ортақ, жақсылық ортақ» деп жырлаған еді мұндайда Жамбыл атамыз. Сөз алған Нұрлан Оразалин: – Қуаныштың үлкен-кішісі болмайды. «Жамбыл менің өз атым, Халық менің шын атым» деп өзіне-өзі баға берген Жәкеңе бұл сөзді айтқызып отырған қандай құдірет десеңізші. Дәлелін бүгін көріп отырмыз, үш ғасыр бойы қазақ халқымен бірге жасап келеді. 19 ғасырдаелмен елді атыстырып, шабыстыру заманында Жәкең Жаратушының тапсырмасын орындау үшін келген секілді көрінеді мен үшін. Себебі, Жәкең болса қазақтың тарих сахнасынан сытылып қалмауы үшін қолына домбыра алды. Анарыстың заманынан бері үш мың жылға жуық тарихы бар еліміздің  санасына сәуле септі. Міне, бүгін Сақ бабамыздың табанының табы қалған қасиетті топырақта Есіл ерлеріміздің бюсттері бой көтерді. Мұның өзі өскендіктің, өркендегендіктің көрінісі, – деп облыс, аудан басшылығына алғысын білдірді. Жамбыл ұрпақтары атынан сөз алған Алматы облысының құрметті азаматы Әскербек Абаев та игі шараның  ұйытқысы болған азаматтарға рахметін айтты.

«Менің пірім Сүйінбай,

Сөз сөйлемен сыйынбай...» деп Жамбыл ақын айтқандай, бүгінде жырдың қызыл жолбасырын пір тұтқан бала Жамбыл да ескерткіш жанынан табылып, отты жырларын көпшілікке тарту етті. «Дана Жамбылдың әруағына бас иіп, бүгін бала Жамбыл өлеңін сіздерге арнап келді» деп бастаған Жамбыл Дүйсенов «Мен жалғаймын» деген өлеңін оқып берді:

Жырдың қызыл жолбарысы атанған,

Бабам сенен қиялымда бата алғам.

Сен данасың, мен баламын –

Жамбылмыз,

Мен тірімін, сен оралмас сапардан.

 

Жыр кемені айдағансың сен дағы,

Жыр кемеге міндім жаңа мен дағы.

Толқын ойлар тулатқанда

шабытты,

Қорға деймін қарт бабамның әруағы.

 

Қара өлеңнің қасиетті пірісің,

Қазақ барда сен өлмейсің, тірісің.

Майдалардың мазағына қалады,

Бағаламай жатса кімдер ұлысын.

 

Бағалысың, биіксің сен ұлысың,

Шың басында шынардайын жыр мүсін.

Мен жалғаймын, бала Жамбыл

 жалғайды,

Қарт Жамбылдың өнердегі үлгісін.

Жамбыл атындағы, Д.Қонаев атындағы, Б.Момышұлы атындағы медальдардың иегері бала Жамбылға көпшілік риясыз қошемет көрсетті. Сонымен құрметті қонақтар бюсттің жанына беттеп, гүл шоқтарын қойып, ескерткішті ашты. Айтып өтейік, Қарақыстық ауы-лына тұрақтаған, Анкараның төріне қойылған Сүйінбай ескерткіштерінің авторы Нұрғалым Исабаевтың туындысы бұл. Автордың айтуынша, бұл жұмысына 6 айға жуық уақыт кеткен. Қоладан құйылған мүсін гранитке бекітіліпті. Ақын образын ашу үшін көнекөздермен тілдесіп, талай түнін ұйқысыз өткізген Нұрғалым Исабаев «Ұстазы мен шәкіртінің ескерткішін жасау менің еншіме бұйырды. Мұның өзі Алланың сыйы деп білемін» деп ағынан жарылды.

Кейіннен құрметті қонақтар Тұманбай Молдағалиев атындағы аудандық мәдениет үйінің алаңына бет бұрды. 76 млн теңгеге айналасы толық абаттандырылған мәдени ошақтың көркі көз сүріндірерлік. 30 орындық, 120 Тянь-Шань шыршалары, 70 жарықшамдар орнатылып, айналасы гүлдермен көмкерілген.  Оған қосымша биіктігі 5 метрге жуық Тұмаш ақынның ескерткіші қойылды. Алтай Бейсеновтың қолынан шыққан бұл туынды да қоладан құйылған. Тірісінде, «300-ге жуық әнге сөз жазыппын» деп өзі айтқандай, қазақ лирикасының қаймақтары Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов сынды композиторлармен етене жұмыс істеді. Нәтижесінде, рухани мұрамыздың негізін қалыптастырып кетті.

«Лыпылдап түскеніммен жылдам

көзге.

Мен жолдас таба алмадым жырдан

өзге...»

деп өзі жырлағандай жүрегінің сөзін жұртына сыйлаған тұма жырдың тұнбасы жерлесімізге қандай мақтау айтсақ та лайық. Құрметті қонақтарымыз бұл тұрғыда төгіліп сөйледі. – Оның даладай дархан, самалдай жұмсақ, тау бұлағындай таза сыршыл өлеңдері күллі оқырмандарын ізгілікке баулыды. Өркениетті ұлт ең алдымен өнерді өрге оздырған ұлы тұлғаларымен, олардың халқына арнаған асыл мұрасымен мақтануға тиіс. Сондықтан Тұманбай ақынның мүсінін туған жерінде асқақтату айтулы шараға айналды. Бұл ескерткіш арқылы алғыр, сезімі шексіз, көңілі жүйрік Тұмағаңның есімі мен шығармаларының өміршеңдігін дәлелдеп тұрғандай, – деп Жақсылық Мұқашұлы ойын білдіріп, игі іс облыс әкімі Амандық Баталовтың тікелей қолдауымен жүзеге асып жатқанын жеткізсе,60-шы жылдары қазақ әдебиетіне өзіндік үнімен үлес қосқан Тұмағаң жайын-да Нұрлан Оразалин де естелік айтып, кесек пікірлерін білдірді. Шөмішбай Сариев «Менің алғашқы кітабымның жарыққа шығуына Тұмаш ақын қолдау білдірген еді. Сондықтан Тұмағаңа, оның ескерткішіне, туған жер, өскен өлкесіне ізетпен басымды иемін» дей келе ойын өлеңмен өрнектеді. М.Әуезов атындағы әдебиет институтының директоры жазушы-журналист Уәлихан Қалижан да ақын ағасы жайлы жарқын естеліктерін жұртпен бөлісті.

«Сен Күлтәй енді менің қасымда бол,

Тұп-тура кездестірді басында жол.

Жығатын жауым мықты әлі менің,

Шығатын тауым биік, расында мол... – деп ақын жырлағандай микрофон алған жан-жары Күлтәй анамыз зор тебіреніспен шара ұйымдастырушыларына алғысын білдірді.

Дәл сол күні қос ақынын қараша халқы төбесіне қалай көтерсе, қара жердің маңдайын да күн өбіп тұрды. Жарты әлемге сөзін жүргізген Сақ бабамыздың астанасы да қос ескерткішпен төрін толтырып, арқа-жарқа болды.

Мақпал даусымен қазақ даласын тербеген Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрғали Нүсіпжанов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сұлушаш Нұрмағамбетова бастаған сахна саңлақтары Тұманбай Молдағалиевтың сөзіне жазылған әндерді шырқады. Ақшаңқай киіз үйлер тігіліп, шара соңы думанға ұласты.

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

Суреттерді түсірген Сардарбек НҰРАДИН.

 

Қаралды 84 рет
Толығырақ бұл категорияда: « Ұлттық мәдениет – рухани болмыс
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

Жарнама