Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Жұма, 02 Қараша 2018 09:41

Әлеуметтік мәселе кезек күттірмейді

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 5 қазандағы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы бюджеттік сала қызметкерлерінің жұмысына тың серпін беріп, әлеуметтік-экономикалық өрлеудің жаңа сатысын айқындап берді. Маңызды құжатты халық арасында түсіндіру мақсатында жер-жерде жиналыстар өткізіліп, қазақстандықтар депутаттармен кездесуде. Осы орайда ауданымызға ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева келіп, Шелек өңіріндегі жұртшылықпен жүздесті.

Аудан әкімі Бинәлі Ысқақ, «Нұр Отан» партиясы аудан-дық филиал төрағасының бірінші орынбасары Қуат Бай-ғоджаев бастаған топтың сапары Қаратұрық ауылындағы А.Саттаров атындағы орта мектептен басталды. Күні кеше ғана жарты миллиард теңгеден астам қаржыға күрделі жөндеу көрген оқу ордасының мәжіліс залында өткен жиынды «Нұр Отан» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Қуат Байғоджаев жүргізді. Сөз тізгінін алған Зағипа Яхянқызы әңгімені Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның жеткен жетістіктерінен бастады:

– Білсеңіздер, басқа ешбір мемлекетте еліміздегі секілді түрлі бағдарламалар жоқ. Олар бізге қызығушылықпен қарап, үлгі алады. Елбасы жүргізген сындарлы саясаттың нәтижесінде аз ғана уақыттың ішінде үздік 50 мемлекеттің қатарынан бой көрсеттік. Әлемде 190-нан астам мемлекет болса, бүгінде 36 орынға тұрақтадық. Ендігі меже – үздік отыздық. Осы межені бағындыру мақсатында Мемлекет басшысы түрлі салаларды жекелей дамыту үшін бағдарламалар қабылдап, жыл сайынғы Жолдауында жетістікке жетудің бағыттарын айқындап береді – деген мәжілісмен жақында ғана жарыққа шыққан Жолдауға жіті тоқталды.

Алдымен инвестициялық жобаларға басымдық берді. Айтуынша, шетелдік инвесторларды тарту біз секілді дамушы мемлекеттер үшін өте қолайлы. Олар өздерінің пайдасын ойлап келетіндігі сөзсіз, алайда олар салған зауыт-фабрикалар мен ғимараттар ертең бізге қалады. Оған қоса, жұмыс орындары ашылады әрі тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік. Зағипа Балиеваның сөзінше, елімізде шағын және орта кәсіпкерлік саласына айрықша қамқорлық көрсетуде. Оны Жолдаудан байқауға болады. Жолдауда «Бизнес өз жұмысын жаңадан бастау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан      бастап салықтың негізгі сомасы төленген жағдайда, өсім мен айыппұлды алып тастай отырып, шағын және орта бизнес үшін «салық амнистиясын» жүргізуге кірісуді тапсырамын» – деген еді Президент. Осыны айтқан Зағипа Яхянқызы білім беру саласына тоқталды.

– Ұстаз – әлемдегі ең ұлы мамандық. Өз басым ұлағат иелерін қатты құрметтеймін. Сол секілді қазақ халқы мұғалімдерді құрмет тұтып үйренуі керек. Осы мақсатта мемлекет басшысы «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасын әзірлеп, қабылдауды тапсырды. Бұл құжат ұстаздардың жүктемесін азайтуға, олардың құқығын қор-ғауға мүмкіндік беріп, заңсыз тексерістерден арашалайды – дей келе, төменгі жалақы мөлшері 42 мың теңгеге дейін өсетінін жеткізді. Бұл, әсіресе, балабақша қызметкерлеріне қатысты.

Президенттің келер жылды «Жастар жылы» деп жариялауы да мәжілісменнің назарынан тыс қалмады. Сөзіне сүйенсек, осы күнге дейін мемлекет жастарға барлық жағдай жасауда. Ендігі кезек, ел болашағының тізгінін ұстар азаматтар өздерін көрсетуі керек. «Қазақстан бізге не берді?» демей, «Мен Қазақстанға не беремін?» деген ұстаныммен алға қарай жылжып, жастар жылында өздеріне артылған сенімді ақтай алатындықтарын дәлелдеуі тиіс.

Жиын соңында округке қарасты Ащысай ауылы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп директоры оқу ордасының аянышты күйде тұрғандығын жеткізді. Айтуынша, 1977 жылы салынған ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді. Ал 2014 жылы пайдалануға берілген Достық ауылындағы А.Бертаева атындағы мектептің қабырғалары құлап жатыр. Осыны айтқан директор өз беттерінше сылауға кіріскен, алайда, қабырғаның бүлінген аумағы үлкен болғандықтан шамалары келмейді. Мектеп директорларының өтінішін тыңдаған Зағипа Яхянқызы проб-лемаларды өз назарына алатын болды.

Сапар Байсейіт ауылындағы И.Таиров атындағы орта мектепте жалғасты. Ұйғыр тілінде білім беретін оқу ордасының негізі 1986 жылы қаланған. 1070 балаға арналған мектептің бүгінгі күйі мәз емес. Күрделі жөндеуді қажет етеді. Ғимаратты аралаған мәжілісмен жөндеуден өткізуге күш салатындығын жеткізді. Сонымен қатар, мәжіліс залында тұрғындармен кездесіп, Мемлекет басшысының Жолдауын насихаттады. Жұртшылық көкейдегі сауалдарын қойып, шешімін таппай жүрген түйінді мәселелерін қозғады.

Мектептен шыққан Зағипа Балиева Х.Бижанов ауылындағы жақында ғана мемлекет меншігіне қайтарылған спорт кешенінің ғимаратына ат басын бұрды. Аумағы 1445 шаршы метр болатын кешен 1974 жылы салынған. Тоқырау жылдары жеке меншікке өтіп, кейіннен түрлі бағытта пайдаланылған ғимаратты биыл жергілікті кәсіпкер Руслан Камердинов мемлекетке сыйға тартты. Қазіргі таңда нысанның жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде.

Х.Бижанов ауылындағы М.Мақатаев атындағы орта мектеп ғимараты да жөндеуді талап етеді. Директорының айтуынша, қатты жел соққан күндері жоғарыдағы кірпіштер құлайтын көрінеді. Оның үстіне 1979 жылы пайдалануға берілген мектеп қыста жылымайды. Жағдайға қаныққан Зағипа Яхянқызы алдағы уақытта бұл оқу орнын да жөндеуден өткізуге күш салатындығын айтты.

Келесі болып Қ.Ұлтарақов ауылындағы Масақ орта мекте-біне тоқтаған З.Балиева мектеп ұжымымен және ауыл азаматтарымен жүздесіп, мектептің күрделі жөндеу мәселелерін талқылады. Бұл ретте аудан басшысы Бинәлі Ысқақ нысанды жөндеп қана қоймай, қосымша ғимарат салу керектігін алға тартты. Өйткені, ауыл тұрғындарының саны күннен-күнге өсуде. Осыған орай, келешекте мектеп оқушыларға таршылық етіп, үш ауысым мәселесі туындауы әбден мүмкін. Ғимарат салуға мектеп аумағынан жер телімі де қарастырылған. Бұл жерде жалғыз мектеп емес, ауыз су проблемасы да көтерілді. Аудан әкімінің айтуынша, судың жобалық-сметалық құжаттары жасалып, сараптамадан өткен. Келер жылы қаржы бөлінсе, құбыр жасау жұмыстары   бастал-мақ. Ал қазіргі уақытта осы округке қарасты Нұрлы ауылындағы ауыз су жүйесінің құрылысы жүргізілуде. Мектептерді күр-делі жөндеу мәселесі Шелек ауылында да туындап отыр. Тәуелсіздіктің алғашқы жылы бой көтерген Абай атындағы орта мектеп осы күнге дейін жөндеу көрмеген. 636 оқушы білім алатын мектепте 120 орындық интернат бар.

Ауданды аралап, тұрғындар-мен кездесіп, оқу орындарының жай-күйімен танысқан Зағипа Яхянқызы жоғарыда аталған нысандардың жөндеуден өтуіне күш салатындығын жеткізіп, әлеуметтік мәселе кезек күттірмейтіндігін айтты.

 

Сардарбек НҰРАДИН.

Қаралды 42 рет
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама