Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Жұма, 02 Қараша 2018 09:43

Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ: Бағдарлама көпке қуаныш сыйламақ

«Тәуекел түбі желқайық, өтесің де кетесің» деуші еді бұрынғылар. Расында, талайдың бас қайғысы боп жүрген баспана мәселесінде тәуекел керек-ақ. «Алма піс, аузыма түс» демей, тынымсыз қарекет еткеннің қолында пәтер кілті болмақ. Бағдарламаға еңбек және кәсіпкерлік қызметінен тұрақты табысы бар және     баспанасы жоқ Қазақстанның кез-келген азаматы қатыса алады. Баға тұрғысынан шек те бар. Айталық, Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалаларында, Алматы облысындағы Қарасай, Іле, Талғарда 25 млн теңгеден аспауы тиіс. Сәйкесінше,  өзге аймақтар үшін 15 млн теңгеге дейін.  «Бұл өз кезегінде үй бағасының шектен тыс шарықтап кетуіне жол бермейді» дейді «Баспана» ипотекалық ұйымының басшысы Қайрат Алтынбеков. Демек, аталмыш бағдарлама ауданымызда қалай жүзеге асады. Толығырақ аудан әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Кеңесұлы Құдайбергеновтың өзінен сұрап білдік.

– Құрметті Нұржан Кеңесұлы, аталған бағдарлама ауданда қалай жүзеге асады?

– Еңбекшіқазақ ауданы көлемі, халық саны жағынан облыста бірінші орында тұрған өңір. Қазірдің өзінде 2400 адам үй алу кезегін күтіп отыр. Бұл цифр әлі де ұлғая түспек. Себебі, миграция мен ішкі өсім бізді қуантады. Сол секілді шешімін табуы тиіс түйткілдер де жетерлік. Оның ішінде баспана мәселесі кезек күттірмейді. Әрбір отбасы үшін өзіне тиесілі жайлы үй, жылы пәтері болғаны мемлекет үшін де маңызды. Сондықтан «7-20-25» бағдарламасы заман туындатқан мәселенің шешімі болмақ. Қазір үй алуға шын ниетті азаматтардың тізімі жасақталу үстінде. Қолымда бар мәлімет бойынша 1767 еңбекшіқазақтықтар жайлы баспанаға жайғасқысы келеді. Енді олар екінші деңгейлі банктер арқылы несиені өтеу мүмкіндіктерін сынауда. Сыннан сүрінбей, банк келісімін алса, нақты үй алушы болып табылады. Соған орай біз инвесторлармен қанша пәтерлі үй салу керектігі турасында келісім жасаймыз.

Түсінуімізше, көп-қабатты үйлерді жеке инвесторлар салады. Ниет еткен кәсіпкерлер бар ма қазір?

– 3 көпқабатты үйлер саламын деп отырған инвес-торлар бар. Ал Есік қаласы бойынша 19 көпқабатты үйдің орны дайын. Бұған да нақты үй алуға дайын азаматтардың тізімі керек. Себебі, қанша пәтерлі үй салу керектігі соған   байланысты шешіледі.

– Жайдарман жаңалық-тан Шелек те құр қалмайтын шығар?

– Жоқ, әрине. Шелектің өзінде қазір 2 көпқабатты үйдің орны дайын. Мұнда да үй алушылардың сұранысы маңызды. Егер Шелектен пәтерлі боламын деушілердің тізімі 50-ден асса, инвесторлар құрылысты бастап кетеді.

– Қазір облыс әкімі пәтер аламын дегендердің бастапқы жарнасының тең жартысын қайтарымды қаражат ретінде төлеуге әзір екенін білеміз. Бұл тек бюджеттік мекемелерге ғана тиесілі ме?

– Бұл бағытқа қазір 2 млрд теңге қарастырылып отыр. Алайда, тек бюджеттік мекеме емес, жас отбасыларды да енгізді. «Жас арман» деген бағдарлама шеңберінде 21-36 жас аралығындағы жас отбасыларға да бастапқы жарнаның жартысын субсидия ретінде қарастырып отыр облыс әкімдігі.

– Жас отбасылар кез келген салада жұмыс істесе де Сіз атаған жеңілдікке ие бола алады ғой?

– Дәл солай. Құрылысшы болсын, жеке кәсіпорындарда жұмысын істесін, ол маңызды емес.

– Қазір пәтердің бір шаршы метрі 160-180 мың теңгеден деп жобаланып отыр. Бұл баға өспейтін шығар?

– Жоқ, Алматы облысында бұл баға  – ол шегі. Одан қымбаттамайды.

– Келер жылға жоспар қалай болмақ?

– Жаңа жылдан кейін Есік қаласында инвесторлар 60 және 40 пәтерлі үйдің құрылысын бастамақ ниетте. Жер мәселесінің құжаттары заңдастырылса, 2019 жылы жүз отбасына баспана берсек деген ниетіміз бар.

– Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет!

Әңгімелескен

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

Сұрақ Сізден – жауап бізден

 

Бағдарлама шеңберінде қазір тұрғындардың басым көпшілігі қоятын сұрақтарды жиып-теріп, жауабын ұсынып отырмыз құрметті оқырман.

Сұрақ: Ресми табыс көзін көрсетпей-ақ, бағдарлама заемын алуға бола ма?

Жауап: Болмайды, себебі өтінім беруші төлеуге қабілетсіз болып саналады.

Сұрақ: Заем алу үшін еңбекақы (табыс) көлемі қанша болуы қажет?

Жауап: Бағдарламада ең төменгі табыс көлемі көрсетілмеген. Өтінім беруші қарызды өтеуге жеткілікті табысты көрсетуі керек. Егер көрсетілген табыс жеткіліксіз болса, қосалқы қарыз алушыны тартуға болады.

Сұрақ: Жақын туыстар, күйеу немесе жұбайы қосалқы қарыз алушы бола ала ма?

Жауап: Бола алады.

Сұрақ: Қосалқы қарыз алушы ретінде баспанасы бар адамды шақыра аламын ба?

Жауап: Қосалқы қарыз алушыға бағдарлама еш талап қоймайды. Барлық талапты «7-20-25» бағдарламасы бойынша ипотека беретін банктер дербес белгілейді.

Сұрақ: Әлі өтелмеген ипотекалық заеммен қатар бағдарламаға қатысуға бола ма?

Жауап: Болмайды.

Сұрақ: Өзге ипотекалық заем бойынша қосалқы қарыз алушы бола аламын ба?

Жауап: Болмайды, себебі қосалқы қарыз алушы негізгі қарыз алушымен бірдей заем бойынша борышкер болып саналады.

Сұрақ: Қанша жасқа дейін бағдарламаға өтінім беруге болады?

Жауап: Бағдарламада жас бойынша шектеулер жоқ.

Сұрақ: Бағдарлама бойынша несие беру кезінде қарыз алушының зейнеткерлік жасына дейінгі мерзімі ескеріле ме?

Жауап: Мұндай жағдай бағдарлама арқылы орнатылмайды. Несие мерзімін қарыз алушы банкпен кеңесу арқылы белгілейді.

Сұрақ: Бағдарламаға мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, мүгедектер мен көпбалалы отбасылар қатыса ала ма? Оларға арналған жеңілдіктер бар ма?

Жауап: Бағдарламаға Қазақстанның барлық азаматтары қатыса алады. Ереже барлығына ортақ, сондықтан ешқандай жеңілдік жоқ.

Сұрақ: Қай мерзімге дейін қарыз алушы меншігінде баспана болмауы керек?

Жауап: Ең бастысы - өтінім беру кезінде тұрғын үй болмауы керек.

Сұрақ: Ерлі-зайыптылардың бірінде баспана болса, бағдарламаға қатысуға бола ма?

Жауап: Болады, баспананың болмауы туралы талап несие алушыға ғана қатысты.

Сұрақ: Ерлі-зайыптылардың ортақ баспанасы болса, заем алуға бола ма?

Жауап: Болмайды.

Сұрақ: Ортақ үлестік меншікте тұрғын үй болса, бағдарлама қатысушысы бола аламын ба?

Жауап: Бола аласыз, себебі меншіктегі үлес жылжымайтын мүліктің жеке нысаны болып табылмайды.

Сұрақ: Меншікте жер учаскесі болса, бағдарламаға қатысуға бола ма?

Жауап: Тұрғын үй құрылысы жоқ жер учаскесі баспана болып саналмайды, осыған байланысты жер учаскесі бар адам бағдарламаға қатыса алады.

Сұрақ: Сатып алу құқығымен баспана жалдау туралы келісім бекітіп қойғандар заем ала ма?

Жауап: Банкке өтінім берген сәтте жалдамалы пәтер қарыз алушының меншігіне өтпеген болса, заем алуға болады.

Сұрақ: Бастапқы жарнаға 20% артық төлем жасауға бола ма?

Жауап: Жоқ, бағдарламада 20% көлеміндегі бастапқы жарна бекітілген және заем алу үшін бір мезгілде төленуі тиіс. Егер бастапқы жарна үшін көп қаражатыңыз болса, үлкен мөлшерде жарна төлеуге мүмкіндік беретін басқа ипотекалық өнімдерді пайдалана аласыз.

 

Қаралды 37 рет
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама