Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Жұма, 02 Қараша 2018 09:47

«Сакралды Қазақстан: Жетісудың киелі жерлері»

Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қоғам-дық сананы заманауи биікке көтеруге септесетін алты жоба ұсынылғаны белгілі. Соның төртіншісі – «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы. Сол бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында Алматы облысының білім басқармасы мемлекеттік мекемесінің «Облыстық білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының» ұйымдастыруымен ауданымызда «Сакралды Қазақстан: Жетісудың киелі жерлері» тақырыбында тұңғыш республикалық форум өтті.

Шараға «Рухани жаңғыру» өңірлік жоба кеңесі, жоғары оқу орындары, тарихи-өлкетану мұражайы, дене тәрбиесі, спорт, алғашқы әскери дайындық және қосымша білім берудің ғылыми-тәжірибелік орталығы-ның қызметкерлері мен еліміздің түпкір-түпкірінен келген ұстаздар қатысты.

Мақсаты –  «Болашаққа бағ-дар: рухани жаңғыру» бағдар-ламасы негізінде білім беру ұйымдарында патриотизмді насихаттау аясында тәжірибе алмасу, өңіраралық ынтымақтастықты нығайту, «Өз жеріңді танып біл» жаңа бастамасы шеңберінде білім беру ұйымдарында мектеп туризмін жаңғырту болды.

Форум «Өз өлкеңді тану – рухани жаңғырудың негізі» атты көрмемен басталып, Алматы облыстық білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының меңгерушісі Алуа Қабдұлованың құттықтау сөзімен ашылды. Алғашқы баяндаманы облыстық білім басқармасы орта білім, оқытудың жаңа технологиясы мен инновация бөлімінің бас маманы Руслан Арсланов оқып, жоба аясында облыста атқарылып жатқан шараларды таныстырды. Мұндағы басты жаңалық – қараша айынан бас-тап «Алматы кітап» баспасынан шығатын 5-7 сынып оқушыларына арналған «Өлкетану» оқулығы екенін атап көрсетті. Пән мектеп бағдарламасына енгізіліп, тарих, география, қазақ әдебиеті, музыка сабақтарымен кіріктіріліп оқытылатын болады.

І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің профессоры Еркін Тоқпанов өз сөзінде Алматы облысының киелі орындары картасының танымдық туризмді дамытудағы алатын орнын баяндай келе:

– Өңірдің киелі орындарын танып-білу жас өркеннің Отансүйгіштігін арттырып, ұлттық құндылықтарды насихаттауға, ішкі туризмді дамытуға ықпал етеді. Ұрпақтардың санасына жат идеологияға төтеп беретін қалқан болады, –  деген тұжырымын айтты. 

Пленарлық отырыс пен секция жұмыстарында 50-ден аса баяндамалар тыңдалып, Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуін құру және еліміздің әрбір азаматына ұлттық бірегейліктің негізі бойынша сапалы білім дарыту, жобаны жүйелі жүзеге асыру, киелі жерлердің мәдени-географиялық белдеуіне сүйене отырып, мәдени туризмді дамыту жолдары талқыланды.

Форумның екінші күні қатысушыларға «Киелі жерлер» жобасы аясында «Алтын адам – Түрген шатқалы» табиғи танымдық саяхаты ұйымдастырылды.

 

Жансая ЫСҚАҚ.

Қаралды 76 рет
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама