Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 08 Қараша 2018 10:10

Киелі жерлер кереметі

Көзмоншақ көлі, тұп-тұнық Түргендей белі, қонақжай елі, шыбық ексең тал өскен жері бар Еңбекшіқазақ ауданы туризмді дамытудың қайнары-ақ. Әйткенмен, сан соғудың қажеті жоқ, уақыт ырғағымен бұл сала да дамуға бет алған. Дәлел десеңіз айтайық, осы жылдың тоғыз айының өзінде Есік көлі мен Түрген шатқалын көремін деушілердің саны 75 мыңға жеткен. Сәйкесінше, 63,2 млн теңгеге ақылы қызмет көрсетілген. Бұл туралы аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен, «Елім-ай» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен пресс-турда белгілі болды.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асқан шарада аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Момунжан Исламов, «Еңбек-шіқазақ» газетінің бас редакторы Хайролла Ахметжанов, аталмыш қор төрағасы Жаңаберген Мұхамедов, жазушы, ақын Шаяхмет Құсайынұлы, тарихшы Досым Зікірия және бірнеше БАҚ өкілдері болды.

Мақсат айқын: ауданымыздың киелі жерлерін көпшілікке насихаттау, туризмді дамытуға ықпал ету.

Алдымен журналистер Есік көліне барды. Кеңес үкіметі тұсында туристердің ерекше ықыласына бөленген көзмонша-ғымызға 1963 жылғы қайғылы оқиғадан кейін келушілер саябырлаған. Ауданның тізгінін Алханбек Мәлкеев ұстаған тұста көлге дейін жол салынып, теңіз деңгейінен 1700 метр биіктікте тұрған Іле Алатауының көзмоншағына жан бітті. Бүгінде 9 айдың ішінде табиғат тамашасын 13500 турист көрген. Көл тарихын жан-жақты Хайролла Ахметжанов және Шаяхмет Құсайынұлы әңгімелеп берді тілшілер қауымына.

Қазір көлдің жан жағында арнайы автотұрақ, жалға берілетін шатырлар мен моторлы қайықтар келушілерге жұмыс істеп тұр. Тұмса табиғатты көремін десеңіз, Есік көлі есігін айқара ашып тұр.

Екінші бағыт – Түрген шатқалындағы – Киелі бұлақ. Бірнеше жерасты сүзгіден өтіп, табиғи түзілген тамаша бұлақты бүгінде 31 мың турист тамашалап үлгерген жыл басынан осы күнге дейін. Халық арасында бұл орын «Махаббат бұлағы» деген атаумен белгілі. Аңыз бойынша қос ғашық сол жерде қауышып, жігіті қайтыс болған деседі. Ал қыз күйіктен көзі жасқа толып, бұлаққа айналған деген әпсана бар. Содан болар, бас қосқан ғашықтар сол бұлақтың қасында суын ішіп, серттесіп жататыны. Бұл турасында ардагер ұстаз, «Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгінің» иегері Нұр Малбеков әңгімелеп берді.

Киелі бұлақ басында журналистерге сұхбат берген Жаңаберген Мұхамедов шараның маңыздылығына айрықша тоқталды: – Бүгінгі іс-шара аудан әкімдігінің қолдауымен, «Елім-ай» қоғамдық қорының ұйытқы болуымен ұйымдастырылып отыр. Мұндағы мақсатымыз – Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру арқылы ауданымыздың тамаша көріністерін көпшілікке паш ету. Демек, тамаша табиғатты іздесеңіздер Еңбекшіқазақ ауданына келіңіздер! Қазір біз қоғамдық қор ретінде Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саясатты қолдай отырып, оның жер-жерлерде сапалы орындалуына ықпал етіп келеміз. Бұл әрине, аудан әкімінің қоғамдық қорларға деген риясыз қолдауының нәтижесі. Қазір киелі бұлақ басында тұрмыз. Осында келген азаматтардың тілегі бір: Тәуелсіз еліміз өссін, өркендесін. Ендеше, өркендету жолында жұмылып бірге жұмыс істейік!» – деп ақтарылды.

Түс ауа тілшілер Есіктен бес шақырым қашықтықта тұрған Рахат қала жұртына ат басын тіреді. Таулы бөктерлер шығыстан батысқа қарай созылған ол жерде мұнаралы қамал қабырғалары, орлар анық көрінеді. Орталық бөлікті айнала жасалған орлар маңайында өте ыңғайлы  фортификациялық құрылысқа айналған жасанды баурайлар мен дуалар орын тепкен. Рахат қала жұрты сақ патшаларының қонысы болған және осы жерден «Алтын адамның» сүйегін шығарған деген болжам бар. Есік қорық музейінің қорғау аймағындағы қала тарихы турасында аталмыш мұражайдың ғалым хатшысы Досым Зікірия кеңінен әңгімеледі:

– Рахат қала жұртының аумағы 17 гектар. Қазір зерттеп-зерделеу жұмыстары әлі бітпеді. Қытай археологтарымен бірігіп тек қала жұртының маңын барладық. Қаланың орнын толық зерттеуге 20 жылдай уақыт кетеді. Ал қазіргі қазба жұмыстары нәтижесі бойынша төрт бала қабірі, төрт ересек адам және екі жылқы қабірі табылды. Болжам бойынша бұл өңір хандар ставкасы болуы мүмкін. Екінші жағынан мәдени қабаты бүлінбеген жалғыз орын осы – Рахат қала жұрты, – деді.

Пресс-тур «Есік мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұра-жайын» аралаумен тәмам-далды. Онда елімізді әлемге танытқан Алтын адамның қалай табылғандығы турасында әңгімеленді. Журналистер бірқатар сұрақтар қойып, естелік суретке түсіп, тарқасты.

 

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

Қаралды 44 рет
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама