Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 08 Қараша 2018 10:12

Латын әліпбиіне көшу – заман талабы

Қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан мәселенің бірі – латын қарпіне көшу. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін және болашақта барлық саладағы іс-қағаздар мен оқулықтар осы қаріпте жазылуы тиіс екенін қадап айтты. Мемлекет басшысының сөзіне сай тұрғындарға барынша толыққанды ақпарат беріп, латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиін түсіндіру мақсатында ауданымызда «Жаңа әліпби – жаңа дәуір бастауы» атты семинар өтті. Жиынға тіл мамандары, ұстаздар мен білімгерлер қатысты.

– Жаратушы адамзатты бір-бірінен ажыратылып тұру үшін түрлі ұлттар мен ұлыстарға бөлген. Соған сәйкес салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тіл мен дін пайда болған. Қазіргі заманда халықаралық деңгейде мойындалған және БҰҰ-да тіркелген 6 тіл бар. Олар: ағылшын, француз, араб, қытай, орыс және испан тілі. Бүгінгі жаһандану заманында ақпарат алмасу мен жаңа технологияның тілі ағылшыншаға ерекше басымдық беруде. Оның түп төркіні көне грек, латын әліпбиінен бастау алғаны тарихтан белгілі. Біздің еліміз де дамыған мемлекеттер көшінен қалмас үшін, дүниежүзілік ақпарат пен технологияның, білім мен ғылымның кеңістігіне енуі үшін латын әліпбиіне көшуге қадам жасауы заман талабынан туындап отыр, – деп сөз бастаған «Өлке тынысы» ЖШС-ның директоры Мейрам Жанәділов латын қарпінің  маңыздылығы туралы ой өрбітті. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының  бөлім басшысы Туғанай Рахымберлина латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің еліміздің болашаққа жасаған маңызды қадам екендігін, сондықтан да тұрғындармен кездесіп, пікірін білу, ақпаратпен бөлісуді парыз тұтқандықтан басқосуды жиналыс түрінде емес, пікір алмасу алаңы болатындығын атап көрсетті. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылы-ми қызметкерлері арнайы дайындаған баяндаламарын оқып, тұрғындарға барынша толыққанды ақпарат берді. Арайлым Шормақова қазақ әліпбиінің жазба тарихына тоқталып, латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы туралы ақпарат берсе, Дана Пашан жаңа әліпби бойынша орын алатын емле ережелерін түсіндірді. Шара барысында жиналған қауым көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап алып, ұсыныстарымен бөлісті. Лекторлар аталған мәселелерді ескеріп, емле ережесін құру барысында жетекші ғалымдарға ойларын жеткізетінін айтты.

Түйіндей келе,«Елдікі бүгін үшін, менікі ертең үшін» деп А.Байтұрсынұлы айтқандай, елімізде болып жатқан өзгерістер – болашақ қамы. Ғасыр көшеді, адам озады. Ал, тіл – мәңгілік. Ана тіліміз бізге ғасырлар қақтығысынан бар байлығы мен қазынасын сақтай отырып жетті. Ендігі жерде сол құндылығымыздың шашауын шығармай, жас ұрппаққа табыс-тау біздің абыройлы міндетіміз.

Жансая ЫСҚАҚ

Қаралды 41 рет
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама