Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 08 Қараша 2018 10:20

Тарихи тағылым ордасы

1991 жылы кеңес заманының қызыл империясы құлап, жаңадан құрылған егемен ел болдық.   «Алтын адамның» дүниеге келгеніне сол кезде 41 жыл толғанымен, өз өлкемізде әлі толық насихатталмаған кез.

Осы жіберілген кемшіліктің орнын толтыру мақсатында 1992 жылы  аудандық «Еңбек жалыны», «Пламя труда» газетінің бастамасымен, Қазақстан Республикасының Тарих археология және этнография институтының аға ғылыми қызметкері, «Аталық» шағын кәсіпорынның директоры Бекен Нұрмұханбетовтың жетекшілігімен  «Алтын адам» макетін қойып және қазба жұмыстарынан шыққан жәдігерлермен Есік қаласында көрме ұйымдастырылған. Көрме барысын аптасына екі рет шығатын «Еңбек жалыны» газеті жариялап отырды.  Көрме демалыссыз жұмыс істеп, ұйымдастырушылар алғыс арқалап,  жұрттың ризашылығына бөленді.

1992 жылдың 13 тамызы болашақ Есік мұражайының тарихында ерекше күн болды. Дәл осы күні тозығы жеткен ескі үйде орналасқан көрмеге егеменді қазақ елінің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы  Назарбаев,  АҚШ федералдық қосалқы банкінің президенті Корриген мырза келіп, Алтын адамды басқа да қазба жұмыстарынан шыққан экспонаттарды көріп тамашалайды, археолог Бекен Нұрмұханбетов Алтын адам туралы әңгімелеп береді.

Президент Н.Ә.Назарбаев облыс, аудан басшыларының назарына көрме экспонаттарының сақталу жағдайлары олардың орасан зор маңызы мен баға-сына сәйкес емес екендігіне назар аударады.  Сол жылдардағы  облыс әкімі А.Есімов, Еңбекшіқазақ  ауданы әкімі С.Әбдиев болашақ мұражайды ұйымдас-тыруға жан-жақты көмек берілетінін айтып, Президентке  уәде береді. 

Елбасымыз Жетісу өңіріндегі болашақ мұражайдың тілек кітабының  бірінші бетіне өз ізгі ниетін қалдырып мынандай сөздермен тілек білдірді: «Халқымыздың көне тарихын келер ұрпаққа жеткізуге қызмет істеп жүрген отандастарыма зор рахмет!». Сол кезде археолог Бекен Нұрмұханбетовтың Елбасынан сұрағаны да осы еді. Сол күннен кейін  Есік қаласында мұражайдың ашылуы алты айдың ішінде орындалды.

Аталмыш шарадан кейін Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қолдауымен, Алматы облысы әкімінің шешімімен, 1993 жылдың 24 ақпанында облыстық Есік археологиялық-өлкетану музейін ашу туралы шешім қабылданды. 1993 жылдың шілде айынан музей директоры болып Бағжанов Иманмұхамед Момынұлы тағайындалды. Осы айдан музейдің есепшоты ашылып бағыт-бағдарламасы анықталып, қолдағы бар экспонаттардың тізімі жасалып, тіркеу жұмыстары жүргізілді.

1998 жылы Елбасы «тарих жылы» деп жариялаған тұста музей директоры И.М.Бағжановтың бастамасымен ашық аспан астындағы музей концепциясы жасалып алты ай жазда Есік қорғандарының басында ашық аспан астында көрме ұйымдастырылып, туризмді дамытуға бағытталған біршама жұмыстар атқарылды. Қорған  басына  Есік  өлкетану  музейінің  бас  қор  сақтаушысы  Б.Нұрмұханбетов,  аға  ғылыми  қызметкер  М.Нұрмұханбетов,  лаборант  С.Момын  жұмысын  бастады.

1999 жылы археологиялық экспеди-цияның ғылыми жетекшісі Бекен Нұрмұханбетов қазба жұмыстары кезіндегі табылған жәдігерлерге карап, орта ғасырлар кезеңіне дейін Рахат өңірінде үлкен қоныстың болғанын айтады. Сол жылдары Рахат ауылының тұрғыны Нұрдәулет Алтынбеков Рахатта-ғы  үстірттен  қола балта, кетпен, тас соқа сияқты заттарды  музейге тапсырып, алғашкы коныс қола дәуіріне тән екенін айқындайды б.з.д. Х-ХI ғғ.  Ал кейінгі  қалған өркениеттің іздері орта ғасырларға тән. Археолог Бекен Нұрмұханбетовтың ашқан жаңалығы бойынша Рахаттағы Шығу  қалашығы мемлекеттік маңызы бар  сақ мәдениетінің ескерткіші. Мұн-дай қалашықтар Аркайымда, Сібірде кездеседі.

2004 жылғы қабылданған  «Мәдени мұра» бағдарламасының археологиялық жәдігерлерге арналған бөлімінде Есік қорымдары мен Рахат, Өрікті қала жұрты қамтылған.

2002 жылы жұмысты қызу бастап келе жатқан бар жоғы 51 жасында И.Бағжанов дүниеден озды. Өкінішті дейтін себебіміз, оқуды бітіріп келген тұста Еңбекшіқазақ ауданында бірқатар мәдениет саласында  басшылық қызметтер атқарып, Тәуелсіздік алғаннан кейінгі қиын-қыстау кезеңде, халық күн көре алмай базарға, саудаға кеткен тұста И.М.Бағжанов ұлт болашағын ойлап, ата-баба дәстүрін дәріптеп, кей кездерде өз қаражатын жұмсап, музей ісін дамытты.

2002 жылы жарының бастаған ісін одан әрі дамытуға жолдасы Дыбыскүл Ахметбайқызы аталмыш музейдің директоры болып тағайындалып, 2012 жылға дейін зейнет жасына жеткенше директорлық қызметті абыроймен атқарып шықты. Бүгінгі таңда аға ғылыми қызметкер болып өзінен кейінгі ұрпаққа бар білген тәжірбиесімен бөлісіп келеді.

Д.Ахметбайқызы басшылық еткен тұста, 2009 жылға дейін өз қаражатымен музейдің жыртығын жамап, музей жұмы-сын дамытып, облыстағы алдыңғы қатарлы музейлер санатына қосты. 2009 жылы Елбасының «Жол картасы» бағдарламасы бойынша үкімет тарапынан 50 млн теңге көлемінде қаржы бөлініп реконструкциясы жасалып экспозициясы қойылды. Музей қоры жаңа экспонаттармен толығып, Ә.Марғұлан атындағы археологиялық институтпен іскерлік қарым-қатынас орнатып З.Самашев сынды белді археологтармен ғылыми жұмыстар қолға алынып, белгілі реставратор Қ.Алтынбековпен бірлесіп бірқатар жұмыстар атқарылды.

Осы тұста тағы бір айта кеткім келіп отырғаны Бағжановтар отбасының бір мүшесі И.М.Бағжановтың ұлы Момын Самат. С.Момын лобаранттықтан аға ғылыми қызметкер дәрежесіне дейін көтеріліп археологияның қыр сырын меңгеріп, нағыз ғылым жолына бара жатқан тұста жол апатынан көз жұмды.Саматтың  музей саласын дамытуда өзіндік айырықша орны бар еді.

Бүгінгі таңда музейлік маңызы бар экспонаттар саны мыңнан асады. Негізінен археологиялық қазбалардан және кездейсоқ табылған ежелгі дүние заттары жиналып, келушілер назарына ұсынылған. Музей 4 экспозициялық бөлмеден тұрады.

 Музей ішіндегі  ең бір құнды деген экспонатқа тоқталып өтетін болсақ:  Алтын адамды жерлеу жорасы. Мұндағы көрініс Қазақстан музейлерінде күні бүгінге дейін қойылмаған тұңғыш кешенді көрме деуге болады. Қазіргі уақытта музейдің атқарып жатқан жұмыстары аз емес: ғылыми қызметкерлер «Есік» тарихи-мәдени қорық музейімен бірлесіп, жаз айларында археологиялық экспедицияларға қатынасып, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізеді. 

Халыққа тарихи және рухани білім беру мақсатында әртүрлі тақырыптарда  ғылыми танымдық лекциялар, көшпелі көрмелер ұйымдастырып отырады, реставрация бөлімінің меңгерушісі И.Кожагулова тарихи маңызы бар экспонаттарды қайта қалпына келтіру жұмыстарымен айналысады. Былтырғы жылы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақа-ласы аясында «Туған жерге тағзым», – атты тақырыпта музейдің аға ғылыми қызметкерлері Д.Ахметбайқызы және Д.Айтбаев Көктөбе орта мектебімен бірлесіп оқу жылын үздік аяқтаған оқушыларға облысымыздың 5 музейіне саяхат ұйымдастырды. Биылғы жылы Елордамыз Астананың 20 жылдық және музейдің 25 жылдық мерейтойына  орай бірқатар іс-шаралар жоспарланып атқарылуда.

Есік археологиялық өлкетану му-зейінің негізін қалаушылардың бірі, аға ғылыми қызметкер Дыбыскул Ахметбай-қызы. Музей меңгерушісі Тойжанова Нарима Жолдасбайқызы, Қор сақтаушы Ибраимова Бота Қарғабайқызы, Реставрация меңгерушісі Кожагулова Индира Зухарқызы, ғылыми  қызметкер Исаева Орынкул Ибраимқызы.

«Үздік облыстық маңызы бар мемле-кеттік музей қызметкерлері» номинациясы бойынша үміткер Есік археологиялық-өлкетану мұражайының меңгерушісі Тойжанова Нарима Жолдас-байқызы былай дейді:

«Өзіңді-өзің тану – тарихыңды түгендеуден басталады. Бұл турасында Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек» деген еді.

«Елді ояту үшін – тарихты ояту керек» деп Мырзатай Жолдасбеков айтпақшы, ғасырлар қойнауын тұла бойына тұндырған бұл жәдігерлерді жас буынға таныстыру, рухани жаңғыру мақсатында түрлі көшпелі экскурсиялар ұйымдастыруды басты мақсатым еттім. Көздегеніме жетуде мұражай қызметкерлерімен бірге аудан оқушыла-рын қатыстыра отырып, «Туған өлке», «Рухани жаңғыру» жобасы аясында Қарасай, Жамбыл аудандарына экскурсия ұйымдастырдық. Себебі, «Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел – қайда жүріп, қайда тұрғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туашығына көзі жетпейді». Осы ретте Шелек өлкетану музейі «Шежірелі Шелегім», М.Тынышпаев тарихи өлкетану музейі «Табиғат ғажайыптары», М.Мақатаев мемориалдық музейі «Мұзарт таудың мұзбалағы», «Анаға құрмет» музейі «Ел іші – өнер кеніші», Батыр бабалар мемориалды музейі «Ер қаруы – бес қару» және Санкт-Петербург қаласынан балауыз мүсіндер көшпелі көрмесін ауданымызда ұйымдастырдық. Оны мыңнан астам тұрғындар тамашалады. Бұдан өзге Астанада өткен ЭКСПО көрмесінде және биылғы жылы Өзбекстанда өткен Қазақстанның мәдени күндерінде қойылған экспонаттар құрамында біздің де құндылықтарымыз орын тепті. Қазіргі уақытта бұл жұмысымызды аудан аумағында одан әрі жандандыру мақсатында «Көне ғасыр сыр шертеді» атты көшпелі көрме ұйымдастырудамыз.

Шаяхмет Құсайынұлы,

Қазақстан Журналистер  Одағының мүшесі.

Қаралды 54 рет
Толығырақ бұл категорияда: « Латын әліпбиіне көшу – заман талабы
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама