Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Жұма, 21 Желтоқсан 2018 15:33

Нұрлы таңның тартулары

Нұрлы таңның тартулары mezet.kz

   Тәуелсіздік күні қарсаңында егемен елдің бүлдіршіндері үшін тағы бір балабақша жұмысын бастады Есік қаласында. 300 орынға арналған «Мейірімді періште» бөбекжәй балабақшасының ашылу салтанатына аудан әкімі Бинәлі Ысқақ, аудандық мәслихат хатшысы Бекет Ахметов, аудан әкімінің орынбасары Айбек Бидаев және бөлім басшылары мен қала тұрғындары жиналды.

  «Сонау 1985 жылдары салынған мына ғимарат тоқырау жылдарында қаңырап қалған еді. Ал, бүгін Елбасының сарабдал саясатының арқасында тұралап қалған нысанға жан бітіп, жаңарып, бүлдіршіндеріміздің игілігіне беріліп отыр. Жекеменшік-мемлекеттік әріптестіктің арқасында бүгінгі күні ауданымыздағы балапандарды балабақшамен қамту 98,7 пайызға жетті. «Балапан» бағдарламасын мерзімінен бұрын орындағалы отырмыз», – деген Бинәлі Әбдіқапасұлы алдағы киелі мерекемен де құттықтады тұрғындарды. Құрылыс шығыны 180 млн. теңгені құраған балабақшаның құрылтайшысы Жазира Отарбаеваға, аудан әкімдігіне  ата-аналар алғыстарын білдірді. Өнерпаздар ән шырқап, ақсақалдар балдырғандар мекенінің ашылу лентасын қиды. Артын-ша «Мейірімді періштенің» меңгерушісі Меруерт Скакова қонақтарды заманауи жабдықталған балабақшамен таныстырып, аудан әкімі Б.Ысқақ өнерлі балаларға арнайы сыйлықтарын тарту етті.

  Тәуелсіздігіміздің 27-ші таңы ауданымызға тағы да ауқымды жаңалықтарын алып келді. Бір күнде үш әлеуметтік нысан ашылып, қуаныш еселенді. Түс ауа Ақтоғай ауылында «Орынша» балабақшасы ашылып, ауыл тұрғындарының көңілін бір серпілтті.

   Ақмарал Беркінбаева құрылтайшы болған балабақша ғимараты арнайы осы бағытта салынған. Үш қабатты ғимараттың бірінші және екінші қабаты төрт топқа сай жабдықталса, үшінші қабатында спорт және кішігірім акт залы орналасқан. Сонымен қатар, ағылшын тілі кабинеті де өз алдына.

   Салтанатты ашылуында сөз сөйлеген аудан басшысы Бинәлі Ысқақ аудан бүлдіршіндерін мектепке дейінгі біліммен қамту 98,7 пайызға жеткенін мақтанышпен атады: – Құрметті ақтоғайлықтар, бүгін ауылдарыңызда үлкен қуаныш. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде Ақмарал Мұхамеджанқызының бастамасымен осындай зәулім балабақша ашылып отыр. Бұл болашаққа жасалған үлкен қамқорлық» – деді.

    Кейіннен ауыл ақсақалдарымен бірігіп, балабақ-шаның лентасын қиды Бинәлі Әбдіқапасұлы. Ауыл тұрғындары ақ тілегін ақтарып, қуанышын бөлісіп жатты.

  Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Қаратұрық ауылдық округіне қарасты Ащысай ауылында жаңа амбулатория ашылды. Салтанатты шараға аудан басшысы Бинәлі Әбдіқапасұлы, мәслихат хатшысы Бекет Ахметов және ауыл тұрғындары қатысты.

   Алдымен жұртшылықты еліміздің ұлық мерекесімен құттықтаған аудан әкімі:

– Жыл сайын ауданымыз көркейіп, әрбір ауылға жағдай жасалып жатыр. Әрине бұл – Тәуелсіздігіміздіңі жемісі. Шыны керек, осы сәтті ащысайлықтар асыға күтті. Қуана білгенге құт қонады демекші, бүгін, міне, армандарыңыз орындалып, ауылдарыңызда жаңа медициналық құрылғылармен қамтылған амбулатория ашылып жатыр. Мұндай материалдық база кейбір аудан орталықтарында жоқ. Сонымен қатар, өздеріңізге белгілі қыркүйек айында көрші ауылдағы А.Саттаров атындағы мектебі күрделі жөндеуден өтіп, қайта жаңғырған болатын. Ендігі кезекте, осы ауылдағы Ш.Уәлиханов мектебі тұр. Бұл мәселе де жақын арада оң шешімін табады – дей келе жиылған көпшілікке тағы бір сүйінші хабарды жеткізді аудан басшысы. Айтуынша, Ащысай ауылының ауыз су жүйесін жүргізуге қаржы бөлініп, бүгінде құрылысты жүргізетін мердігер анықталған. Бұйырса, келер жылы көктемде әрбір үйге су кіргізіледі. Шара барысында ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Асыбек Сүлейменов мерекеде теңдессіз сыйлық жасаған аудан басшылығына алғысын жеткізіп, ақ батасын берді.

   Кейіннен, Бинәлі Әбдіқапасұлы ауыл қарттарымен амбулаторияның лентасын қиып, нысанды аралады. Барлығы заманауи үлгіде жасақталған. Кең әрі жарық бөлмелер. Ем-дом қабылдауға арналған күндізгі стационар, автоматтандырылған стаматолог бөлмесі, лабораториялық, физиожабдықтар, кольпоскоп сынды медициналық құрылғылардың барлығы соңғы үлгіде жасалған.

  Айта кетейік, нысан құрылысы ағымдағы жылдың наурыз айында басталған болатын. Құрылысты жүргізген «Альтаир» өндірістік кооперативі. Жалпы ауданы 600 шаршы метрден асатын амбулаторияға бюджеттен 212 млн теңге бөлінген. Қазіргі таңда мұнда 18 адам қызмет етеді.

 

 Ақпаратты дайындағандар  Сардарбек НҰРАДИН.

Алмагүл НҰҒМАН.

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

Read 54 times

Image Gallery

Күнтiзбе

« Қаңтар 2019 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама