Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 27 Желтоқсан 2018 11:34

Жаңа күн – жаңа үміт

Жаңа күн – жаңа үміт mezet.kz

  26 желтоқсанда Райымбек батыр атындағы орта мектепте Қазақстан Республикасы Президентінің шыршасы өтті. Аудан әкімі Бинәлі Ысқақ, аудандық мәслихат хатшысы Бекет Ахметов арнайы қатысқан салтанатты шараға аз қамтылған, жетім, жартылай жетім, көпбалалы отбасы балалары, мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндер және оқуда үздік оқушылар қатысты.

  Онда жас бүлдіршіндерге ертегі кейіпкерлерінің көмегімен арнайы жаңа жылдық бағдарламалар ұсынылды. Мерекелік шара барысында ойындар ойнатылып, әндер шырқалды. Ең маңыздысы, Елбасының бейнеқұттықтауын экран арқылы тамашалады жас бүлдіршіндер.

«Қымбатты, балалар! Жаңа жылдық салтанат қазақстандықтардың шаңырағына қуаныш, жылу мен мерекелік көңілкүй әкеледі. Осы күндері ескі жылды шығарып саламыз. Бәріміз үшін ол ерекше болды. Бұл мерекені жаңа жетістіктермен және үлкен таьбыстармен қарсы аламыз. Биыл сендердің жақсы еңбек еткендеріңді білемін, өйткені, бұл шыршаға үздік, ең белсенді және дарынды оқушылар ғана шақырылады. Бәрің де жыл бойы жақсы баға алып, сайыстар мен жарыстарда жеңімпаз болдыңдар. Мен бұған қуаныштымын. Барлық қазақстандық балалардың дені сау, мықты, ақылды және білімқұмар болғанын қалаймын. Мемлекет балалардың оқуына, дамуына және демалуына қолайлы жағдай жасауға тырысады! Осы шырша мен сыйлықтар сендер үшін өмірдегі ең жарқын, ұмытылмас оқиға болады деп үміттенемін. Аңсаған армандарың орындалсын! Жаңа жылдарыңмен, қымбатты балалар!» деді Президент құттықтауында.

  Кейіннен аудан әкімі Бинәлі Ысқақ өзінің жүрекжарды тілегін жас буынға арнады: – Қымбатты, бүлдіршіндер! Бүгін ауданымыздағы 63 мың балабақша бүлдіршіндері, мектеп қабырғасындағы оқушылар арасынан Сіздер Президент шыршасына келіп отырсыздар. Бұл дегеніміз - үлкен қуаныш. Еліміздің ертеңі сіздермен кездесу де мен үшін үлкен бақыт. Себебі, бойында алау, жүрегінде от, көзінде ұшқын бар өздеріңдей жастарды көріп, ертеңімізге үмітпен, зор сеніммен қараймыз. Лайым, жылдан жылға білімдеріңіз толысып, аман-есен жетіңіздер. Бұл үшін Елбасы атағандай, мемлекет тарапынан Сіздерге бар жағдай жасалып келеді. Білім мен спортты, өнерді ұштастырып, еліміздің шынайы патриоттары болыңыздар!, – деді аудан басшысы.

  Құттықтауынан кейін барша бүлдіршіндерге сыйлықтар жиынтығын үлестірді. Мерекелік шырша, мерекелік декорациялар мен кейіпкерлердің көрікті костьюмдары жас буынды ерекше қуанышқа бөледі.

 

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

Read 197 times

Image Gallery

Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама