Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 27 Желтоқсан 2018 11:39

Жаса мәңгі, азат күн!

Жаса мәңгі, азат күн! mezet.kz

  Тағдыр талайында сан сүріндік, сан құладық, сонда да ақ сәулесін шашқан арманымыздан адаспадық. Көкбөрідей көкке қарай ұмтылдық. Досымызға құшақ аштық, дұшпанымызға қанды қылыш тостық. Сөйтіп, егемендігімізді алдық. Жер асты кенге, жер үсті төлге толған осынау ұланғайыр өлкенің бүгінгі иесі де біз, киесі де біз: Қазақстан дейтін Тәуелсіз мемлекет. Тарих толқынында қылаң берген дамылсыз дауылдың да, құйынды саяси жауынның да өтінде тұрған өр бабаларымызға, Қайраттай ағаларымызға ерлігі үшін, өрлігі үшін мың алғыс. Аудан әкімі Бинәлі Ысқақ, аудандық мәслихат хатшысы Бекет Ахметов, аудан әкімінің орынбасары Айбек Бидаевтың қатысуымен өткен салтанатты жиында алдымен видеоролик көпшілік назарына ұсынылды. Тарихымызды тану мақсатындағы көрсетілімде дербестігіміздің 27 жылындағы тарихи оқиғалар санада жаңғырды. Кейіннен алғашқы құттықтау сөз аудан басшысы Бинәлі Әбдіқапасұлына берілді.

– Азаттықтың анасы – бостандық болса, Тәуелсіздіктің анасы – еркіндік. Сондықтан жер шарын мекендеген барлық халық – азаттықты арман етеді, еркіндікті мақсат тұтады. «Ерге де, елге де тән бір ұлы сезім бар. Ол – арман. Адамның арманы – риясыз өмір болса, халықтың арманы тәуелсіз ғұмыр» - деген ертеден келе жатқан абыз ой бар. Тәуелсіздік – ең алдымен халқымыздың бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн, – дей келе азаттық үшін арпалысқан бабаларымыздың қанымен, аналарымыздың зарымен келген дербестігіміздің қадір-қасиетін ұғынуға үндеді. Осы күнге дейінгі істеріміз бен жарқын жеңістеріміз ғасырға парапар екенін айта отырып, оның басында тұрған Елбасы еңбегіне ерекше тоқталды: – Елбасының сындарлы саясатының арқасында жаңғырудың жаңа көкжиектерін ашып, іргелі процестерді жүйелі түрде жүзеге асыруға арналған еліміздің Үшінші жаңғыруына кірістік, – деді.

  Кейіннен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына күш-жігерін жұмсаған мақтаныштарымыз Т.Исламбакиев, Д.Абдукалыков, Х.Кикимов, М.Ахметов, В.Метельников, А.Тұрғанов, Б.Сабырбаев, Е.Зан-гиров, Р.Сатбаев, С.Нүсіпәлиев, Б.Ұзақов, Қ.Нақысбеков, А.Са-дыров «Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы» атанды. Салтанатты жиында Бинәлі Әбдіқапасұлы мақтаныштарымыздың кеуделеріне төсбелгілерін тақты.

  Бірқатар азаматтар аудан әкімінің Алғыс хатымен, Құрмет грамотасымен марапатталды.

  Иә,Тәуелсіздік бұл – мыңжылдықтардың арман-мұраты. Себебі, түлкі бұлаң тарихтың нешеме бұрылыстарында ел азаттығы үшін талай тарланның тақымындағы тер кеппеді. Ат үстінде өткен ғасырлар көп болды. Осынау бабалар арманын бүгін біз көріп отырмыз. Ендеше, азаттығымыздың алтын тәжі – Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!

 

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

 

Read 193 times

Image Gallery

Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама