Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 24 Қаңтар 2019 14:57

Толағай табыстар еселі еңбекпен келеді

Толағай табыстар еселі еңбекпен келеді mezet.kz

Аудан әкімі Бинәлі Ысқақтың жыл сайынғы аудан тұрғындары алдындағы дәстүрлі есептік кездесуі Сөгеті ауылдық округінен бастау алды. Жиын барысында округ әкімдері де өздерінің жыл бойы атқарған жұмыстарын жұртшылық алдына тізіп берді. Жиындарды аудандық мәслихат хатшысы Бекет Ахметов жүргізіп отырды.

Сөгеті 

Алғашқы болып сөз тізгінін алған Бинәлі Әбдіқапасұлы аудан аумағында атқарылған игілікті істерге тоқталып, келер жылғы жоспарларды тізіп берді. Сөзіне сүйенсек, Сөгеті округіне қатысты ең ауқымды жоба – Бұғыты тау-кен комбинаты. Өткен ғасырдың 70 жылдары аталған округке қарасты Бұғыты маңынан табылған вольфрам рудасын игеруді «Жетісу Вольфрамы» ЖШС қолға алды. Комбинаттың құрылыс жұмыстары биыл басталады. Тартылған инвестиция көлемі 95 млрд теңге.

– Мұндай ауқымды жоба аудан экономикасы үшін ғана емес, ауылдарға да зор пайдасын тигізеді. Құрылысы әлі басталмаса да, инвесторлар жақын маңдағы ауылдарға көмек қолын созуға ниет білдіруде. 30 млн теңгеге ауыл жастарына арнап спорт алаңын салуды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта мәдениет үйінің артынан жер телімін қарастырып қойдық – деген аудан әкімі Нұра ауылының негізгі мәселесі – ауыз судың да жақын арада шешілетіндігін алға тартты. Әзірге 10 млн теңгеге су мұнарасы ауыстырылған.

Өткен жылы Сөгеті округінде қолға алынған ірі жобалардың қатарында күн-электр станциялары да бар. Жалпы аумағы 495 гектар болатын электр стан-циясының қуаттылығы 200 мВт. Құрылысы көктемде басталып, жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.

Округ әкімі Еркінбек Даутқұлов:

– Мемлекеттің ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту бағдарламасына сәйкес, соңғы жылдары округімізде көптеген игі істер атқарылды. Көшелерге асфальт төселінуде, мектеп, балабақша, мешітіміз жаңарып, ауылымыз жоғары жылдамдықты интернет жүйесіне қосылды – деп, атқарылып жатқан жұмыстарға жеке-жеке тоқталып өтті.

 

Бартоғай 

Бартоғайдағы кездесуде аудан басшысы әлеуметтік, экономикалық салаларды қамти келе, ауылшаруашылық саласындағы жеткен жетістіктерге тоқталды:

– Ауданымыздағы әрбір ауылда сүт-тауарлы фермасы (МТФ) болуы тиіс. Өздеріңіз білесіздер, кейбір ауыл тұрғындары сүтті дүкеннен сатып алып, ішеді.

Ал ол өнім 100 пайыз табиғи емес, ұнтақтан жасалады. Ал балаларымыз таза табиғи сүт өнімдерін пайдалануы тиіс. Сондықтан, ауылдарымызда сүт-тауарлы фермалары қолға алынуда. Бартоғай округінде де 50 басқа арналған «Эльса» шаруа қожалығы құрылуда. Осылайша, ауыл тұрғындарын сүт және сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп қана қоймай, шаруалар жаз бойы өсірген жүгері, шөп сынды мал азықтарын қиындық-сыз өткізіп отырады – деді Бинәлі Әбдіқапасұлы. Сонымен қатар, аудан әкімі «Туған жер» бағдарламасының осы округте жоғары деңгейде орындалып жатқанын алға тартып, ризашылығын білдірді. Естері-ңізде болса, былтыр жеке меншікке өтіп кеткен спорт кешенінің ғимаратын ауыл кәсіпкері сатып алып, мемлекетке қайтарған болатын. Енді міне, Байсейіт ауылындағы Таиров атындағы орта мектептің спорт залын жөндеп берген жомарт жан жертөледен бокс залын ашқан.

Округ әкімі Талғат Өмірбеков есептік кезеңде атқарыл-ған және осы жылғы жоспарлы жұмыстармен бөлісті. Жарыссөзге шыққан амбулатория қызметкерлері аудан әкіміне денсаулық сақтау саласына көрсетіп жүрген қамқорлығы үшін алғысын жеткізді.

 

Малыбай 

Малыбай орта мектебінің мәжіліс залындағы шара барысында аудан басшысы мен округ әкімі Дамир Қалдыбаев 2018 жылы әр сала бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып, осы жылға жобаланған ауқымды жоспарлармен бөлісті. Есептік баяндамаларды талқылауға шыққан ақсақалдар кеңесінің төрағасы Аянбек Жансерік:

– Аудан басшылығына ризашылығым шексіз, жыл сайынғы айтылған ұсыныс-тілектер орындалып жатыр. Өткен жолы есептік кездесуде мектептің жайын айтып, шағымданған едік. Биыл оқу ордасының ескірген есік-терезелерін жаңартатын болыпты – деген ақсақал Көктерек бөлімшесінің проблемасын қозғады.

Сондай-ақ, малыбайлықтар ауылда емес, Шелек өңірінде эндокринолог дәрігерінің жоқтығын, оған тексерілу үшін Есік қаласына сабылатындығын жеткізді. Бұл сұраққа ауданның бас дәрігері Жамиля Абеуова жауап берді. Сөзіне сүйенсек, ауданымызда 3 эндокринолог дәрігер бар. Оның 2-еуі Есік қаласындағы орталық ауруханада отырса, 1-еуі Бәйдібек би ауылында. Қазіргі уақытта Шелектегі аудандық аурухана күрделі жөндеуден өтуде. Құрылыс жұмыстары аяқталғанға дейін бұл мәселе де оң шешімін таппақ.

 

Масақ 

– Ауданымызда өткен жылы жаңа өндіріс орындары іске қосылды. Соның бірі - Нұрлы ауылындағы «Нұрлы Құс» ЖШС-нің құс фабрикасы. Жобаланған қуаттылығы 2,5 мың тонна құс етін өндіру. Биылдан бастап, 5 мың тонна құс етін өндіруді жоспарлауда. Ол жерде жаңа 120 жұмыс орны ашылды. Екі жылда құс фабрикасына тартылған инвестиция көлемі 1 млрд 800 млн теңге – деп Масақ ауылындағы есептік баяндамасын өндіріс орындарынан бастаған Бинәлі Әбдіқапасұлы құс фабрикасы қаңыраған ауылға жан бітіргендігін айтты. Кеңес үкіметі кезінде сүт-тауарлы фермасы болған ауыл, кейіннен қаңырап бос қалған. Қазір жаңа жұмыс орындары ашылып, инфрақұрылым жүргізіліп, нұрлылықтар ауылға қайта оралуда. Себебі жақында тағы жұмыс орындары ашылды. Ол – ауыл маңындағы жел электр станциялары. Бүгінгі уақытта қуаттылығы 5 МВт болатын «СамрукГринЭнерджи» ЖШС-нің жел бағаналары электр энергиясын өндіруде. «Энергия Семиречья» ЖШС осы маңнан 50 МВт-тық жел электр станцияларын салуды жоспарлап отыр. Осындай қуанышты хабарларды жеткізген аудан басшысы осы жылы Бұғыты тау-кен комбинатының инвесторлары Масақ ауылына спорт алаңын салып беретіндігін жеткізді. Түрлі салалардағы ілгерілеушілікке тоқталған округ әкімі Ертай Нұрмаханов ауылда ерекше бизнестің қолға алынғандығын жеткізді:

– «Бір жылдығын ойлаған халық бидай егеді, жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді» – дегендей, округ көлемінде жерлесіміз, кәсіпкер Болатжан Нұрбеков аумағы 1 гектар болатын жылыжайға  «Паулемия» деген ағашының ұрығын  отырғызды. Бұл ағаштың екі түрі болады. Бірі қаланы көгалдандырып, ластанған ауаны тазартуға пайдаланылса, екіншісімен құрылыс материалдары жасалынады. Бүгінде Орта Азияға енді ғана енген ағашты Қазақстаннан алғаш боп «ЭКО Лес KZ»  деген ЖШС ашып, жұмысын бастаған кәсіпкердің бүгінде кәсібі жандануда – деді Ертай Сұлтанәліұлы. Кездесу соңында, ауыл ақсақалы Рыскелді Жақабаев орталық көше жарықтандырылса, ауыл шетінде инфрақұрылым жасауға бөлінген 56 гектар жерге қаржы қарастырылса деген ұсынысын жеткізді. 

 

Шелек 

Ауылдық әкімдіктің мәжіліс залындағы есептік жиында алғашқы болып баяндамасын оқыған Бинәлі Ысқақ былтырғы жыл шелектіктер үшін табысты болғандығын айтты:

– Өткен жылы ауданымызда, оның ішінде Шелек ауылында ауқымды істер жүзеге асырылды. 2017 жылы Тұңғыш Президент күнінде ауылға тартылған газ құбырына былтыр 500 үй қосылып, көгілдір отынның шапағатын көруде. Сонымен қатар, кәріз құбырлары түгелдей күрделі жөндеуден өтуде. Ауыз су жүйесін күрделі жөндеуден өткізу де жоспарда тұр. Бұл жобаға 1,5 млрд теңге қаржы бөлінбек – деп атқарылған жұмыстарға есеп берді. Сонымен қатар, Шелек пен Май ауылының аралығындағы 237 гектар жерге инфрақұрылым жасалатындығын айтты. Оған қоса, Шелектегі ауданддық аурухананың күрделі жөндеу жұмыстарына бюджеттен 654 млн 800 мың теңге бөлінген. Қазіргі уақытта мердігер компания жұмысты бастап та кеткен. Осы жылдың соңына дейін аяқтауы тиіс. Аудан басшысының айтуынша, бөлінген қаражаттың 250 млн теңгесі жаңа медициналық құрылғылар алуға жұмсалады. Осылайша, заман талабына сай жабдықталған денсаулық сақтау мекемесі Шелек өңіріне, сонымен қатар, көршілес ауданның тұрғындарына қызмет ететін болады. Шелектіктер үшін тағы бір жайдарман жаңалық, осы жылы 60 млн теңгеге ауыл орталығындағы саябақ абаттандырылады. Бұл қаражат Бұғыты тау-кен комбинатының инвесторлары тарапынан бөлінбек. Сондай-ақ, ауылда дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтереді алдағы уақытта. 

Аудан әкімінің есебінен кейін сөз алған округ басшысы Есенғали Есенханов жергілікті қауымдастық өкілдерімен бірлесе, ауылдың гүлденуі жолында атқарылған жұмыстарға тоқталып, осы жылдың жоспарымен бөлісті. Жарыссөзге шыққан Қуат Дүйсебаев, Махаббат Мырзаманова, Қайрат Мұсаханов өздері қызмет етіп жүрген салаларға қамқорлық танытқан аудан басшылығына алғысын білдірді.

 

Қаражота 

Б.Момышұлы атындағы орта мектепте өткен кездесуде аудан басшысы Қаратұрықта алма бақтарын өсіру қолға алынғандығын жеткізді:

– Өздеріңізге белгілі, 2011 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ауданымызға келгенде, бұл өңірдің алма бақтарын өсіруге қолайлы екендігін айтып, осы бағытта жұмыс жасауды тапсырған еді. Осы бағытта, өткен жылдың өзінде 1295 гектар жерге алма бақ отырғызылды. Оның ішінде 568-і интенсивті бақтар. Қаратұрық округінде бұл сала жақсы қолға алынып, ауқымды жұмыстар атқарылуда. Атап айтар болсақ, «Жетісу бақтары» өндірістік кооперативі 2 млрд теңгеге 210 гектар жерге интенсивті алма бақтарын отырғызды. Сонымен қатар, осы округте «Агросад» шаруа қожалығы 38 гектар жерге 200 млн теңгеге интенсивті бақ отырғызды – деді Бинәлі Ысқақ.

Округ әкімі Ерік Рахымбаев та ауылшаруашылық саласындағы, кәсіпкерлік, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік саладағы жетістіктерге тоқталды. Жарыссөзге шыққан Ақтоған ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ержет Дегелекбаев ауылдағы мектеп, балабақша, клуб пен амбулатория мәселесін шешіп беруді сұрады аудан әкімінен.

– Өздеріңіз білесіздер, көршілес жатқан Асы округіне қарасты Жаңашаруа ауылындағы оқушылар осы күнге дейін іргетасы жерге сіңіп кеткен, қамыстан соғылған кішкентай ғимаратта білім алды. Бұл мәселе 2017 жылы шешіліп, 120 орындық жаңа мектеп салынды сол ауылға. Осылайша, ішінде 50 орындық шағын орталығы, зәулім мәжіліс залы мен заманауи спорт залы бар мектеп бірнеше мәселенің түйінін шешті. Ақтоған ауылына амбулатория салуды қарастырып жатырмыз. Ал клуб, балабақша мен мектеп проблемасын жаңа мектеп салу арқылы шешіп береміз – деп жауап берді ақсақалдың сұрағына Бинәлі Ысқақ. Ал әр ауылдағы сүт тауарлы фермасы болу керек деген аудан әкімінің бастамасына қолдау білдірген кәсіпкер Абдрашит Дулятов осы жұмысты қолға алатындығын айтты.

Алты округте өткен кездесулердің соңында аудан әкімі мен округ әкімдерінің есептік баяндамаларына тұрғындар қанағаттанарлық деген баға берді.

 

Сардарбек НҰРАДИН.

Read 82 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама