Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Сәрсенбі, 27 Ақпан 2019 19:34

Сүрінгенге сүйеу болу – ортақ мақсат!

Сүрінгенге сүйеу болу –  ортақ мақсат! mezet.kz

Кедей бай болсам, бай құдай болсам деп армандаған заман деуші еді бұрынғылар. Бала кезімізде астарлы сөздің байыбына бармай, таңданушы ек. Әлбетте, бала-шағаның қамы деп жарғақ құлағы жастыққа тимеген, алған азғантай теңгесі азық-түліктен артылмай әбігер болған отандасты көргенде от кеудең су сепкендей болары ақиқат. Қымбатшылық бүйірден қысып, әлеуметтік теңсіздік кеудесінен басқанда қан құсуға шақ жүргендер қаншама? Тәуелсіздік таңында үй қожайынына тәуелді болғандар саны шексіз. Тағдыр тауқыметімен таршылық тартып жүргендер саны да шетсіз. Бұл әлі де болса зерделеуді талап етеді. Осы ретте аудан әкімдігінің мәжіліс залында бөлім мекеме басшыларының, округ әкімдерінің қатысуымен кеңейтілген аппарат отырысы өтті. Аудан әкімі Бинәлі Ысқақ жүргізген жиында әлеуметтік әлсіз топтардың жай-күйі сөз болды.

Еліміз бойынша тұрғындар саны жағынан үшінші орынға тұрақтайтын іргелі өңірімізде 8005 көпбалалы отбасылар бар. Оның ішінде әлеуметтік көмекке аса мұқтаж отбасылар саны 239. Осы ретте Бинәлі Әбдіқапасұлы: – Қазіргі біздің басты мақсатымыздың бірі – осы тағдыр тауқыметін тартқан жанұяларға қолдау көрсету. Бұл жұмыс бұрындары да тұрақты жүргізіліп отырған. Енді оны күшейтуіміз қажет. Мәселен, көмекке аса мұқтаж отбасылардың 31-інің үйінде мүгедек балалар бар. Бала қайғысын жұтып жүрген ата-аналардың күнкөрісі де қалай болмақ. Елестетудің өзі оңай емес, – деді. Күн тәртібі бойынша баяндама оқыған аудан әкімінің орынбасары Айбек Бидаевтың мәліметінше, бұл отбасылардың баспанасы да мәз емес. 135-і жалдамалы үйде тұрады, 124 жанұяның тұрғын үйлері апатты жағдайда, ал оның 39-ы шұғыл күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл арнайы жүргізілген сараптама негізінде анықталған. Ал аталған отбасыларға мемлекет тарапынан да айтарлықтай көмектер көрсетіліп отырады екен:

– Аудан бойынша 2019 жылдың 1 қаңтарына орташа табысы кедейлік шегінен төмен болған құрамында 12400 адам бар 2338 отбасына 503 млн 900 мың теңге, осы жылдың 1 ақпанына құрамында 2560 адам бар 506 отбасына 63 млн 500 мың теңге жаңа нысандағы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек төленді. Тұрғын үй құрылысын салу үшін жер телімін алуға ауданда кезекте тұрған 4 және одан да көп балалары бар отбасыларының саны – 591. 2019 жылдың 25 ақпанына Есік қаласы мен ауылдық округтер бойынша көп балалы отбасыларына 4851 әлеуметтік паспорттар толтырылды, яғни аудан бойынша 60,6 пайызды құрады, – дейді А.Бидаев.

Бұл ретте Бинәлі Әбдіқапасұлы әлеуметтік паспорттың маңыздылығын айрықша атап, тез арада 100 пайыз орындалуын талап етті.

– Әлеуметтік төлқұжат – мемлекеттік жәрдем алуға аса мұқтаж тұрғындарымыздың көрінісі, әлеуметіміздің әлеуетінің бет-бейнесі. Бұл жағдай-ларын көзбен көріп, нақты іс-шараларды қабылдауға, барынша қолдау көрсетуге жол ашады. Мәселен, қазір отбасында отағасы жұмыс жоқ деп аяғын көкке көтеріп, бала-шағасына мемлекеттен берілетін әлеуметтік көмекті азық етіп отырғандары да бар.

Ашыққан ана әрбір есікті тоздырып, көмек сұрауға мәжбүр. Бұл дегеніміз не? Ер азаматтың өз жауапкершілігін толық атқармауы. Ал, шығар жанын шүберекке түйіп, күн-түн еңбек етіп, табысын балаларын өсіруге, өндіруге жұмсап, мемлекетке қол жаймай отырған аналарымыз қаншама? Міне, әлеуметтік паспортта осының бәрі ескерілуі тиіс. Олар да мемлекет қолдауын көруі керек. Міне, осындай жағдаяттарға түбегейлі мониторинг жүргізіп, төл-құжатқа енгізіңіздер. Мемле-кеттік, жеке де берілетін көмектер осы әлеуметтік төлқұжаттағы мәліметтер бойынша сараланады. Ал саралау сәтінде комиссия құрамында бірқатар аз қамтылған отбасылардың да мүшелері болсын, – деді.

Осыдан бірер апта бұрын аудан әкімінің қабылдауында бірқатар аз қамтылған әлеу-меттік осал топ мүшелері болған еді. Қабырғасына батқан мәселелерді айтып, көмек сұраған-тын. Бұл турасында Айбек Дүйсембекұлы:

– Сіздің қабылдауыңызда болған көп балалы аналарға, Сіздің берген тапсырмаңыз бойынша осы отбасылардың тұрмыс жағдайы зерделеніп, мектепте оқитын балалары жалпыға білім беру қорынан ыстық тамақпен және киіммен, кеңсе тауарларымен, мектеп формасымен қамтылғандығы анықталды. Өткен аптада балаларға көмек көрсетіліп, жылы киімдер берілді.

Сондай-ақ, Ақши ауылының тұрғыны көп балалы ана Г.Алижанованың отбасына азық-түлік, С.Кульчикованың отбасына 1 тонна көмір, отын және азық-түлік жеткізілді.

Есік қаласының тұрғыны Ж.Қажиеваға жеке кәсіпкерлер демеушілігімен 1 жыл бойы пәтер ақысын төлеуге 360 мың теңгеге көмек көрсетілді және ай сайын азық-түлікпен қамтамасыз ететін болады. Азаматша Г.Букараева Шелек ауылдық округіне тұрғын үй салуға жер телімін алу үшін кезекке тұруға өтініш білдірді. Азаматша М.Ямаева аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы қоғамдық жұмысқа тартылатын болады – деп талдап өтті.

Іргелі өңірімізде 17 мыңға жуық бала көпбалалы отбасында тәрбиеленуде. Олардың бәрі мемлекет қолдауын көруде. Бұл турасында: – 2018 жылы жергілікті бюджет есебінен жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, сәтсіз және аз қамтылған отбасы балаларына жалпыға білім беру қорынан 191 млн теңге бөлінді. Бөлінген қаржыдан 184 млн теңгеге көпбалалы және аз қамтылған отбасындағы 19495 балаға көмек көрсетілді. Оның 1830-ы ыстық тамақпен, 1910-ы киіммен, 391-і тасымалдаумен, 1985-і жазғы сауықтырумен қамтылды. Ал биыл жалпыға білім беру қорына 242 млн теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 21 пайызға жоғары. Осы қордан ағымдағы жылы 30 млн теңге көп балалы және аз қамтылған отбасындағы 4480 бала киіммен, 2272 бала ыстық тамақпен қамтылды. Жазғы сауықтандыруға осы қордан 37 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар, жыл сайын білім мекемелерінде қамқорлық және «Мектепке жол» акциялары өткізіліп тұрады. Ағымдағы жылы осы акциялар аясында 2800 балаға оның ішінде көп балалы отбасы, аз қамтылған отбасындағы 1202 балаға көмек көрсетілді, – деді А.Бидаев.

Айта кетейік, аудан әкімінің тікелей тапсырмасымен аталған санаттағы жанұялардан шыққан балаларды ыстық тамақпен қамту пайызы едәуір өскен. Мәселен, 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап ыстық тамақпен 2272 бала қамтылса, қазір тағы 1048 бала қосылып отыр.

Жиын барысында бірнеше нақты тапсырмалар бере отырып: – Біздің басты мақсаты-мыз – аудандағы әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың санын барынша азайту, әлеуметтік әлсіз топтардың мұң-мұқтажын елеп-екшеп, мемлекет қолдауын көрсету. Сүрінгенге сүйеу, жылағанға жұбаныш болу – деп қорытты ойын Бинәлі Әбдіқапасұлы. 

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

 

Read 92 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама