Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 07 Наурыз 2019 17:55

Баспаналы болудың таптырмас жолы

Баспаналы болудың  таптырмас жолы https://www.google.com/url?sa=i&source=images&cd=&cad=rja&uact=8&ved=2ahUKEwjP6NCOgPDgAhUO0qYKHdWtA3sQjRx6BAgBEAU&url=https%3A%2F%2Fwww.zakon.kz%2F4943172-7-20-25-v-almatinskoy-oblasti-aktivno.html&psig=AOvVaw0-qEl9RJxt42Dg9LzYNsNz&ust=1552047070955755

«Мен өркендеген Қазақстан – ең алдымен мемлекеті өзін қорғап, қолдайтынын, қамқорлық жасайтынын сезінетін, тиісінше елін жан жүрегімен сүйетін, өздеріне сенімді адамдар деп санаймын. Сол себепті, біз бүгін жаңа, ауқымды әлеуметтік жобаларға жол ашамыз. Біз соңғы жылдары қазақстандықтардың баспана алу мүмкіндіктерін кеңейту үшін көп нәрсе жасадық. 2017 жылы 11,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл рекордтық көрсеткіш. Дегенмен, оның өзі жеткіліксіз, әлі күнге дейін көптеген отбасы баспанасыз жүр. Бұл – айрықша әлеуметтік маңызы бар мәселе. Жұмыс істейтін әрбір адам несиеге пәтер сатып алып, оны отбасылық бюджетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай болуы үшін арзан ресурстар ұсынатын тетіктер қажет. Сондықтан мен «7-20-25» бағдарламасын ұсынамын». Дәл осы Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуі күйі қашқандардың көңілін бір серпілтті. Тағы бір сөзінде Мемлекет басшысы: «Жайлылық дегеніміз – ең алдымен, тұрғын үйдің қолжетімділігі, ауланың әдемілігі мен қауіпсіздігі. Сондықтан тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыратын жаңа ауқымдағы «7-20-25» бағдарламасы қолға алынды. Әкімдерге жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау мәселесін пысықтауды тапсырамын» дегені де есімізде. Расында, жайлы баспана – жайлы өмір сүру кепілі. Әйткенмен, жайлы өмірге жете алмай жүргендер қаншама. Енді аталмыш бағдарлама аясында пәтерге қолжетімділік ұлғая түспек. Аталмыш бағдарлама шеңберінде пәтер алуға ниеттілер саны  да ауданымыз бойынша артып, 2332 адамға жетті. Енді оларға өз еркімен ауданымыздан бөлек Талғар ауданы Қарабұлақ ауылынан (Құлжа тас жолының бойында, Алматы қаласына 18 шақырым), Қарасай ауданындағы «Қарлығаш» тұрғын үй кешенінен, Алматы қаласындағы жаңа салынған бірқатар кешендерден пәтер алуға мүмкіндіктер туғызылған.

Баршаға ортақ яки, бюджеттік сала, мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер,  шаруа қожалық иелері де баспана алуға мүмкіндігі бар бұл бағдарламаның артықшылықтары неде? Әлбетте айтамыз, бірінші, жылына небәрі 7 пайыздық үстемақы. Бұл жерде қосымша комиссиялар төленбейді. Ал қазір нарықтағы жағдайды ескерсек, кез келген банкте ақшаны қолма-қол аламын десеңіз, банк қызметі үшін қосымша үстемақы талап   етіледі. Аталған бағдарламада мұның бәрі 7 пайыздың ішінде. Бұл жылдық инфляцияның ғана көрсеткіші.   

Екінші, алғашқы жарна сатып алатын пәтер соммасының 20 пайызы. Мұндай жеңілдіктер ешқандай бағдарламаларда қарастырылмаған.                       

Оған қосымша қазір Алматы облысының бюджеттік мекемелерінде жұмыс істейтін азаматтарға, көпбалалы аналарға, көпбалалы отбасыларға облыс әкімі алғашқы жарнаның жартысын қайтарымды    пайызсыз қаражат есебінде өтеп беруге әзір. Үшінші, пәтер алуда таңдау еркіндігіңіз бар. Яки, Алматы қаласынан, Талғар, Іле, Қарасай аудандарынан тіпті, Астана қаласынан пәтер аламын десеңіз – ерік өзіңізде.

Ал қойылатын басты талап, тұрақты жалақы және үй алуға бағытталған ипотекалық, екінші деңгейлі банктерде несиеңіздің болмауы. Ең бастысы, жеке басыңызда үй жоқ болуы тиіс.

Қолда бар мәлімет бойынша қазіргі таңда Талғар ауданы Қарабұлақ ауылындағы 28 пәтерлік «Alma village» тұрғын үй кешенінде әр шаршы метрі 150 мың теңгеден сатылуда. Сол секілді осы ауданға қарасты «Алма Тау» кешенінде шаршы метрі 240 мың теңгеден  пәтерлер қожайынын күтуде. Қаскелеңдегі «Қарлығаш» кешенінде де шаршы метрі 185 мың теңгеден. Алдағы уақытта аталмыш бағдарлама аясында көптеген тұрғын үйлер салынбақ. Оны әрбір үйсіз жүрген қазақстандық алуға құқылы. Сол секілді «Central», «Avenue Art», «Resimence», «Gagarin Park», «Atameken», «Element Orion», «Центральный» және «Хан тенгри» тұрғын үй кешендерінде де пәтерлер аталмыш бағдарламамен берілуде.

Бүгінде ауданымызда 210 адам пәтер алуға ниеттеніп, құжаттарын толық өткізген. Қазір екінші деңгейлі банктер арқылы несие төлеу мүмкіндіктері қарастырылуда. Аудан әкімдігі тарапынан аталған азаматтарды дайын тұрғын үй кешендерін аралатып, көрсету шаралары іске асты. Нақты төрт адам бағдарлама қызығын көріп, Алматыдан үйлі болды.

Әлбетте,  ауданымыз бойынша көппәтерлі үй салуға 19 орын әзір тұр. Шелектің өзінен 3 үйдің орны дайын. Қазір «Алатау» АҚ арқылы «Бедел констракшн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келіссөздер жүргізілуде. Оң шешім тапса, Есіктен әрбірі 40 пәтерлік 5 үйдің құрылысы басталмақ. Сөйтіп, 200 отбасының үйінде қоныстой тойланбақ. Демек, «7-20-25» арқылы баспаналы боламын десеңіз, құжаттарыңызды заңдастырып, жауапты бөлімге жолығыңыз, ағайын! Қосымша мәліметтерді 7-20-11 нөмірінен біле аласыздар! Бастысы, қаржы жинап, қарекет қылу.

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

Read 66 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама