Бейсенбі, 14 Наурыз 2019 19:37

Парасыз ел – гүлденген ел

Парасыз ел – гүлденген ел mezet.kz

Жақында ауданымызға ҚР мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі қоғаммен байланыс департаментінің директоры Арман Бердалин мен аталған агенттік жанындағы арнайы мониторинг тобының мүшесі Ырза Тұрсынзада келіп, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, қабылдау өткізді.

Аудан әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Құдайбергенов пен партияның аудан филиал төрағасының бірінші орынбасары Қуат Байғоджаев бастаған агенттік өкілдерінің сапары аудандық «Нұр Отан» партиясынан басталды. Партияның қабылдау бөлімінде азаматтарымыздың арыз-шағымдарын тыңдап, кеңестер берді.

Кейіннен, Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінде болып, студенттер мен оқытушылардың өнер туындысын тамашалады, мұражайын аралады. Сондай-ақ, колледж студенттерімен кездесті.

Кездесу барысында Арман Бердалин тағылымды әңгіменің тізгінін ағытып, жастарға ақыл-кеңесін берді:

– «Мен әлі жаспын, студентпін, жемқорлықпен күресетін арнайы органдар бар, менің қатысым қанша?» – деген жаңсақ пікірден аулақ болуымыз керек. Мемлекеттің болашағына балта шабатын парақорлықпен жас-кәрі демей, барлығымыз бір кісідей күресуіміз керек. Ертең Сіздер оқу бітіріп, болашақ маман иесі атанасыздар. Сол сәтте осындай бассыздаққа жол бермей, парақорлыққа тосқауыл болуымыз керек – деген Арман Тілек-тесұлы тәулік бойы жемқорлық фактісі бойынша арыз-шағым қабылдайтын желінің қызмет ететіндігін мәлімдеді. Жиын барысында тәрбие мәселесі де қозғалды. Департамент директорының айтуынша, адамға ең алдымен тәрбие керек. Онан соң ғана сапалы білім қажет. Сонда ғана еліміздің ертеңін жарқын қылар жастарымыз өсіп-өнеді. Сонымен қатар, көпшіліктің сұрауы бойынша бүгінгі қоғамның бейнесін суреттейтін «Жоқ іздеп жүрмін» атты өлеңін оқып, студент жастардың ризашылығына бөленді.

Кездесуде Ырза Тұрсынзада қыз балаларды ұлттық салт-дәстүр мен қолөнерді жаңғыртуға шақырды. Құрғақ сөзбен ғана емес, осы саланы дамытып, жан бітірем деушілерге қол ұшын беріп, өнімдерін тегін жарнама-лауға уәде етті.

Қонақтардың сапары аудандық ауруханада жалғасты. Осыдан 9 жыл бұрын қолданысқа берілген аурухана ғимаратын аралаған Арман Бердалин «Дамумед» мобильді қосымшасын насихаттау қандай деңгейде екендігін анықтап, тұрғындар арасында кеңінен түсіндіру жұмыстары әлі де жүргізілу керектігін атап өтті.

Аурухананың қабылдау бөлімі мен көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасына көңілі толатындығын жеткізіп, мекемеге жөндеу жұмыстары керектігін айтты. Бас дәрігердің орынбасары Дидар Айтжановтың сөзінше, ғимаратқа 10 жыл толмай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмейді. Аурухананың ашылғанына биыл 9 жыл. Келер жылы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге сұраныс берілмек.

Түрген ауылындағы Д.Қонаев атындағы орта мектепке ат басын бұрған қонақтар Дінмұхаммед Ахметұлының туған күніне орай 12 қаңтарда ашылған мектептің мұражайымен танысты. Заманауи үлгіде жасақталған биология кабинетінде оқушылардың «Менің кіші Отаным – Түрген» тақырыбындағы ғылыми жобаларын тыңдады.

Елімізде енді ғана қолға алынған заманауи үлгідегі мұғалімдер бөлмесі мен ұстаздарға арналған тынығу бөлмесінің қызығын осындағы ұлағат иелері көруде. Жаңа компьютерлермен, жоғары жылдамдықты интернет желісімен жабдықталған мұғалім-дер бөлмесі кең әрі жарық. Оған қоса, жанға жайлы тынығу бөлмесі ұстаздарға сапалы білім мен саналы тәрбие беруде шабыт сыйлары сөзсіз. Осының барлығын тамашалаған қонақтар барлық жағдай жасалған білім ордасын тәмамдаған оқушылар міндетті түрде еліміздің дамуына үлкен үлес қосады деген сенімдерін білдірді.

Студенттер, ақ халатты абзал жандар, ұлағатты ұстаздар және оқушылар қауымымен жүздескен агенттік өкілдері «Парасыз ел – гүлденген ел» деген ұран тастап, парасыз Қазақстанның негізін қалауда жұдырықтай жұмылуға шақырды.

Сапар соңы Есік тарихи-өлкетану қорық-мұражайында аяқталды. Қазыналы тарихымыздан сыр шертетін мекемені толықтай аралап, сақ заманының жәдігерлеріне қызығушылық танытқан қонақтар «Алтын адамның» тарихына тереңірек үңіліп, көкейдегі сауалдарына тарихшы-археологтардан тұщымды жауап алды.

Сардарбек НҰРАДИН.

 

Read 129 times

Image Gallery

Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет