Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 14 Наурыз 2019 19:56

Күн тәртібінде – баспана мәселесі

Күн тәртібінде –  баспана мәселесі mezet.kz

Қай заманда болсын баспана мәселесі қоғамның күн тәртібінен түскен емес. Әсіресе, қазіргі уақытта қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтуға мемлекет баса назар аударуда. Осы орайда Елбасы «7-20-25» бағдарламасын қабылдап, бюджеттік сала өкілдеріне түрлі жеңілдіктер қарастыруда. Жақында аталған бағдарламаны түсіндіру мақсатында Т.Молдағалиев атындағы мәдениет үйінде аудандағы бюджеттік сала қызметкерлерімен кездесу өтті.

Шараны жүргізіп отырған аудан әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Құдайбергенов жиылғандарға аталған бағдарламаны жіті түсіндіріп өтті:

– Тиімді бағдарлама аясында берілетін несиенің жылдық үстемақысы жылына небәрі 7 пайызды құрамақ. Бұл – инфляцияның көрсеткіші. Сонымен қатар, баспаналы болғысы келетіндерге несие 25 жылға дейін беріледі. Аты айтып тұрғандай алғашқы жарна үй құнының 20 пайызы ғана. Ал бюджеттік сала қызметкерлеріне бұның 10 пайызын 1 млн теңгеге дейін мемлекет өтеп береді. Бұл қаржы қайтарымсыз және несиеге қосылмайды. Яғни, мемлекеттен берілетін көмек. Осы мақсатқа бүгінгі таңда аудандық мәслихаттың шешімімен 108 млн теңге қарастырылып отыр – деді Нұржан Кеңесұлы. Айта кетейік, 1 млн теңгеге дейін мемлекеттен берілетін көмек тек мұғалім, дәрігер, полиция қызметкері, мемлекеттік қызметкер сынды бюджеттік саланың мамандары мен көп балалы аналарға қатысты.

Бағдарламаның тағы бір тиімділігі, аудан азаматтары аудан көлемінде ғана емес, Талғар, Алматы, керек десеңіз Астана қаласындағы өзіне ұнаған үйді несиеге ала алады.

Осыған ниет білдірген бүгінде ауданымызда 2332 адам бар. Олардың 32-сі құжат өткізген. Алайда, басым көпшілігіне жаңа баспана бұйырмапты. Оның негізгі себебі, бағдарламаға қатысуға ниет білдірушілердің талапқа сәйкес болмауы. Осы тұста баспаналы болу үшін қандай талаптар қойылады деген сұрақ туындауы заңды. Бұл сауалға жиынға қатысқан «Халық» және «Еуразия» банктерінің өкілдері жауап берді. Айтуынша, ең негізгі талап – несие тарихының (кредитный история) дұрыс болуы және оның атында жылжымайтын мүліктің болмауы маңызды. Оған қоса, басқа банктерде несиенің болмауы, болған күннің өзінде банк өкілдері шешу жолдарын қарастырамыз дейді. Сонымен қатар, бұрындары несие алушыларға жалақы 120 мың теңгеден аз болмасын деген шарт қойылса, қазір 100 мың теңгеден жоғары жалақы алсаңыз жеткілікті. Ал оған жетпесе жаныңызға кепіл беруші адамды ала келесіз. Оған да жоғарыдағы талаптар қойылады. Айталық, Сіз 10 млн теңге тұратын баспананы алғыңыз келді, жалақыңыз 70 мың теңге. Кепіл болатын адамның жалақысы 30 мыңнан асса жеткілікті. Ескере кететін жайт, баспана несиесінің мерзімі аяқталмайынша, кепіл адам басқа несие ала алмайды. Сондықтан, бұл орынға жақын адамдарды тартқан жөн.

Банк қызметкерлерінің айтуынша, «Alma village» тұрғын үй кешенінде 58 шаршы метр болатын 2 бөлмелі пәтерді 20 жылға алған адам айына 58 мың теңгеден төлейді. Дәл осы баспананы 10 жылға аламын деушілердің табысы жоғары болуы керек. Айына төлейтін несие көлемі 97 мың теңгеге жуық.

Осы бағытта облыс көлемінде, Қарасай, Талғар аудандарында әртүрлі бағада пәтерлер салынып, құрылысы аяқталуға жақын. Мысалға Құлжа тас жолының бойында, Талғар ауданында орналасқан «Alma village» кешенінде шаршы метрдің бағасы 150 мың теңге. Осы ауданға қарасты «Алма Тау» кешені пәтерлерінің 1 шаршысы 240 мың теңгеге бағалануда. Қарасай ауданындағы «Қарлығаш» кешеніндегі пәтерді шаршы метрінің құны 185 мың теңге. Алматы қаласына жақындаған сайын пәтер бағалары осылай қымбаттай береді. Жиында осыны айтқан тұрғын үй кешендерінің өкілдері өздерінің баспаналарын таныстырып, кез-келген уақытта аралатып көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді. Талғар – Алматы жолының бойында орналасқан «Нурия» тұрғын үй кешенінің қызметкерлері құркүйек айында 180 пәтер пайдалануға берілетіндігін айтты. Оның 100-ден астамы облыс тұрғындары үшін.

«7-20-25» бағдарламасы бойынша облыстағы 7 банк несие береді. Әр банктың талабы әртүрлі болғандықтан, нақты ақпарат алу үшін банк бөлімшесіне барып жолыққан жөн. Айталық, «Еуразиялық» банкте атыңдағы үй апатты жағдайда тұрса, комиссия оны апатты деп таныса ғана, баспаналы бола аласыз. Сонымен қатар, жатақханада тұратын отбасы мүшелерінің де пәтер алуға мүмкіндіктері бар. Ал «Халық» банкінде мұндай жағдай қарастырылмаған.

Жиынға қатысушылар тарапынан тұрғындардың көкейінде жүрген түрлі сұрақтар қойылды. Соның бірі – несие алғысы келетіндердің жас мөлшері туралы. Бағдарлама аясында үйлі болғысы келетіндер зейнет жасына жетпеуі міндетті. Егер Сіздің зейнетке шығуыңызға 10 жыл қалса, сол мерзімге ғана несие беріледі. Сондықтан, бағдарлама жастар қауымына тиімді.

Аудан көлемінен үй алуға мүмкіндік жоқ па деген сұрақтар да туындады. Әрине, бүгінде ауданымызда көппәтерлі тұрғын үйлер салынып жатқан жоқ. Алайда құрылыс жүргізуге 19 орын белгіленген. Шелектің өзінен 3 үйдің орны дайын тұр. Қазір «Алатау» АҚ арқылы «Бедел констракшн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келіссөздер жүргізілуде. Келешекте аудан орталығынан 40 пәтерлі 5 үйдің құрылысы басталмақ.

Жиын соңында жоғарыда аталған және басқа да тұрғын үй кешенін көргісі келетіндер үшін автобус ұйымдастырып, барып көруге болатындығын айтты Нұржан Кеңесұлы. Ол үшін және басқа да сұрақтар бойынша кез-келген адам аудан әкімдігіне жолыға алады.

 Сардарбек НҰРАДИН.

Read 15 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама