Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 14 Наурыз 2019 20:04

«Бірыңғай жиынтық төлем – өзің үшін керек!»

«Бірыңғай жиынтық төлем –  өзің үшін керек!» mezet.kz

Ресми тіркелмей, өз-өзін жұмыспен қамтығандар саны жетерлік елімізде. Әлбетте, табысы көрсетілмегендіктен, зейнетақы мен қосымша салықтары жүйеде жоқ. Тіпті, медициналық сақтандыру қорына да қаржы түспейді. Бұл өз кезегінде уақыты келгенде медициналық көмекті де, тиісті зейнетақысын да ала алмайды деген сөз. Енді шегінерге жер жоқ, себебі, келесі жылдан бастап бұл жүйе нақты іске аса бастайды. Қазір пилоттық жоба ретінде елімізде жүргізілуде. Ол үшін мемлекеттен бірыңғай жиынтық төлем енгізілді. Демек, әрбір өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар айына 1262,5 теңге шотқа салса болғаны. Ол қаражат төртке бөлінеді. Толығырақ, аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Берік Иманбаевпен жүргізілген сұхбатта.

– Құрметті Берік Әділжанұлы, бірыңғай жиынтық төлемнің басымдықтарын атап берсеңіз?

– Әлбетте, бұл кез келген азамат өзін медициналық сақтандыруға, зейнетақы қорын жүйелі толықтырып отыруға және әлеуметтік тәуекелдер жағдайларына әлеуметтік төлемдерді сақтауға мүмкіндік алады. Яки, бұл жүйе 2018 жылғы 26 желтоқсанда Салық кодексіне өзгеріс енгізді. Биыл бірыңғай жиынтық төлемдер (БЖТ) тек пилоттық жоба ретінде жүзеге асуда. Келесі жылдан бастап әрбір өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға міндетті болады. Демек, 2020-дан бастап БЖТ төлемегендер емханаларда ем ала алмайды.

– Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына кімдер кіреді?

– Бірінші – жеке тұлғаларға табыс табу мақсатында қызмет көрсететін азаматтар яғни, фрилансерлер, бала күтушілер, репетиторлар, такси жүргізушілері және тағы басқа. Екінші – жалдамалы қызметкерлер. Үшінші – жеке қосалқы шаруашылықта жұмыс істейтіндер және ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізушілер.

– Жоғарыда әлеуметтік тәуекелдер жағдайларына әлеуметтік төлемдерді сақтауға да белгілі пайыз бөлінетіндігін айтып өттіңіз. Осыған кеңірек тоқталсаңыз?

– Бұл сұрағыңыз өте орынды. Қазір көп адам осыны дұрыс түсінбей жатады. 2015 жылғы 12 маусымдағы №11342 «Әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметті бекіту туралы стандарттың 8-қосымшасында ашық жазылады: «Мынадай әлеуметтік тәуекелдер жағдайларына әлеуметтік төлемдер тағайындау: еңбекке қабілеттілігін жоғалту, асыраушысынан айырылу, жұмысынан айырылу, жүкті болу мен босануға байланысты табысынан айырылу, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылу». Демек, осындай азаматтар кейін өзі жиған қаржысын алуға толық құқығы бар.

– Әрбір өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат айына 1262,5 теңге төлейді. Аталған қаржы төрт бағытқа бөлінетінін айттық. Нақты пайыздық үлесі қалай болмақ? Оқырмандарға түсінікті болсын, тарқатып берсеңіз...

– Әрине, әрбір азаматтың ай сайын аударған қаржысы Алматы облысы бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ филиалына түседі. Ол ақшаның 10 пайызы табыс салығына, 20 пайызы жоғарыда тарқатып айтқан әлеуметтік тәуекелдер жағдайларына әлеуметтік төлемдерге, 30 пайызы зейнетақы қорына және 40 пайызы медициналық сақтандыру қорына аударылады.

– Қазір пилоттық жоба шеңберінде жүргізіліп жатқанын атадыңыз. Ауданымызда өз еркімен бірыңғай жиынтық төлем төлеп жатқандар саны қанша?

– Биыл пилоттық жоба болғандықтан әрбір азаматқа барынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, ауданымызда 300-ге жуық адам БЖТ төлеуде.

– Ендігі басты сұрағымыз, осы санаттағы азаматтар төлемді қалай жүзеге асыра алады?

– Белгіленген соманы төлеу үшін мобильді телефон бірлігінен аударуға, терминалдар арқылы және екінші деңгейлі банктер, «Қазпошта» бөлімшелерінен төлеуге болады. Егер терминалдар арқылы төлеуге бел буса, бірыңғай жиынтық төлем деген тетікті басып, өзінің ЖСН нөмірін енгізсе болғаны.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге алғысымызды білдіреміз.

 

Әңгімелескен

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

Read 80 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама