Бейсенбі, 15 Ақпан 2018 09:18

Тауық жылы табысты болды

«Заманына қарай адамы» – деген сөз бекер айтылмаса керек. Сәт сайын құбылған түлкі заманды өзінің сарабдал саясатымен тазы боп шалған Елбасы Н.Ә.Назарбаев Тәуелсіз Қазақстанның дамуына сара жол салды. Оны күнделікті өмірден көріп, біліп жүрміз. Өткен жылдың өзінде қаншама халықаралық маңызы бар шаралар іске асырылып, елдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші артты. Тауық жылы ауданымыз үшін де табысты болды. Бұл туралы Есік қаласындағы Т.Молдағалиев атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен аудан әкімінің қорытынды есебінде айтылды. Былтырғы жылдың жетістіктерін саралап, осы жылғы жоспарларды айқындаған шараға облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов, әкім орынбасарлары, мәслихат депутаттары, басқарма, бөлім, мекеме басшылары, округ әкімдері, ҮЕҰ, қоғамдық кеңес мүшелері мен кәсіпкерлер, аудан тұрғындары қатысты. Жиынды мәслихат хатшысы Бекет Ахметов жүргізіп отырды.

Келген қонақтар алдымен жетекші өндірістік кәсіпорындардың ұйымдастырған көрмесін тамашалады. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша сөз сөйлеген аудан әкімі Бинәлі Ысқақ 2017 жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен 2018 жылға міндеттері туралы есептік баяндамасын оқыды (баяндаманың толық нұсқасы газеттің 1,2-беттерде). Баяндаманы талқылауға шыққан ҚР Парламент Мәжілісінің ІІ шақырылым депутаты болған, облыстың, ауданның құрметті азаматы Өмірғали Кенжебеков ел үшін еңбек етіп жүргендерге ризашылығын білдірді:

– Қасиетті ауданымыз талай батырлар мен ақындардың мекені болған. Алысқа бармай-ақ, күні бүгінге дейін бізде қаншама Кеңес Одағының батырлары, Даңқ орденінің бірнеше мәрте иегерлері өмір сүрді. Қазірдің өзінде 80-ге жуық елді-мекеніміздегі тұрғындардың саны 300 мыңнан асып-жығылады. Ал осыншама халыққа жағдай жасап, басқару екінің бірінің қолынан келе бермейтін дүние, – дей келе атқарылған істерге қанағаттанарлық деген бағасын берді. Көкпек жеріндегі жел электр станцасының құрылысын жүргізіп отырған «КЗА Констракшн» ЖШС-нің қоғаммен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Данияр Өсер мен аудандағы фермерлер одағының төрайымы Бақытгүл Елшібаева өздерінің қызмет атқарып отырған салаларына тоқталып, жұмыс жүргізу барысында туындаған мәселелерді шешуге әрдайым қолұшын созып отырған аудан әкімдігіне алғыстарын жеткізді. Сондай-ақ, бір жылғы атқарылған ісіне қанағаттанарлық деген баға беруді ұсынды.

Жиын барысында залда орнатылған микрофон арқылы тұрғындар аудан басшысына сауалдарын қойды. Абылай хан атындағы орта мектеп ғимаратының бүгінгі жай-күйіне алаңдаушылық білдірген Есік қаласының тұрғыны мектепті күрделі жөндеуден өткізіп беруді өтінді. Бұл жайында аудан әкімі:

– Бүгінде аудандағы 86 мектептің 19-ы күрделі жөндеуді қажет етеді. Оның ішінде Абылай хан атындағы орта мектеп бар. Оқу орнындағы 3 ауысым мәселесін өткен жылы шештік. Сондай-ақ, былтыр облысқа сұраныс жіберіліп, жобалық-сметалық құжаттарына қаражат бөлінді. Алдағы уақытта жөндеуден өткізетін боламыз – деп нақты жауабын берді. Тескенсу округіне қарасты Көлді ауылы тұрғындарының атынан сауал жолдаған Шаттықгүл Сансызбаева ауылдағы мәдениет үйіне көңіл бөліп, жөндеу жұмыстарын жүргізуді сұрады. Бинәлі Әбдіқапасұлының айтуынша, бұл мәселе де әкімдіктің назарында. Ғимарат мемлекет меншігіне алынған, штат бірлігі де дұрыс жолға қойылған. Ендігі кезекте, тиісті мекемеге күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттарға қаржы бөлу жөнінде сұраныс жіберілген. Есік қаласындағы мектептерге қатынап оқитын саяжайлықтардың мәселесі өткен жылы шешілген болатын. Есік қаласының төменгі жағына 600 орындық мектеп салынып, саяжайлықтардың төбесі көкке жетті. Алайда, күре жолдың бойында орналасқан мектепке балалардың барып-келуі қауіп туғызуда. Ары-бері жүйткіген көліктерден балаларды қорғау мақсатында екі бірдей бағдаршам орнатылған болатын. Бірақ, аспалы көпір қойылмай, ата-аналар жанын шүберекке түйіп отырады. Осыны жеткізген Гүлзира Мәлікқызы саяжайлық оқушылардың осы проблемасын шешіп беруді өтінді. Аудан басшысының сөзіне сүйенсек, мәселе шешімін тауып үлгерген:

– Біз үшін балаларымыздың сапалы білім алуы мен олардың қауіпсіздігі бірінші орында. Сондықтан, облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен ақша бөлініп, сметалық құжаттары әзірленді. Қаржы бөлінсе, бір емес, күре жолдың бойына екі аспалы көпір салынатын болады – деп, тұрғындарды қуантып тастады. Соңғы болып кәсіпкерлік саласындағы бірнеше проблемамен бөліскен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы аудандық филиалының директоры Ренат Мамырбековке Бинәлі Әбдіқапасұлы мәселелерді шешуді өзінің бақылауына алатындығын жеткізді.

Есептік кездесуде облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Шылбынұлы былтырғы атқарылған жұмыстарға шолу жасап өтті:

– Өткен жылы есептік кездесулерде көтерілген мәселелер мен ұсыныстар толықтай назарға алынып, оң шешімін тапқан. Тек, Саймасай ауылындағы А.Байтұрсынов атындағы орта мектепті күрделі жөндеуден өткізу туралы ұсыныс биылға қалдырылды. Қазір, құжаттары түгел дайындалды, жөндеу жұмыстары жақын арада басталуы тиіс деді. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауы 2018 жылғы жұмыстың басты бағыты болатындығын айтып өтті. Бұл мақсатта облыста алға қойған міндеттерді кезең-кезеңімен шешу үшін нақты жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар, биылғы жылы облыстың ірі кәсіпорындарында жаңғырту және цифрландыру жүргізіліп, инвестициялық жобалар ұсынған инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетілетін болады. Облыста атқарылар жұмыстардың негізгілеріне тоқталған Жеңіс Шылбынұлы бір жыл бойы ауданымызда жүргізілген жұмыстарға көңілі толатындығын жеткізіп, алдағы уақытта әкімдік жұмысына табыс тіледі. Жиын соңында көпшілік аудан әкімінің есептік кезеңде атқарылған жұмыстарына қанағаттанарлық деген ұсынысын бірауыздан мақұлдады. ?



Сардарбек НҰРАДИН.

 

Қаралды 185 рет
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

Жарнама